11 ҚЫРКҮЙЕК, 2024
ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
2024 жылдың тамызында жеті Киелі кітап аудармасы жарық көрді
Ибинда тілі
2024 жылдың 2 тамызында Ангола филиал комитетінің мүшесі Карлуш Ортелан бауырлас “Мәсіхшілердің грек жазбалары. Жаңа дүние аудармасының” және Мұсаның 1-жазбасы, Рут, Естер, Жүніс кітаптарының ибинда тілінде жарық көргенін хабарлады. Бұл хабарландыру 2024 жылы Кабиндада (Ангола) өткен “Ізгі хабарды жариялаңдар!” деп аталатын аймақтық конгрестің бірінші күні жасалды. Бағдарламаға бас-аяғы 953 адам қатысты. “Мәсіхшілердің грек жазбалары. Жаңа дүние аудармасының” бір-бір данасы келгендердің бәріне үлестірілді. Мәсіхшілердің грек жазбалары мен Еврей жазбаларының аталмыш кітаптарын jw.org сайтынан және JW Library қосымшасынан бірден жүктеп алуға болатыны да айтылды.
Анголада ибинда тілінде сөйлейтін 716 000-нан астам адам тұрады. Біздің аударма ибинда тіліндегі ең алғашқы Киелі кітап аудармасы болып отыр. Елдегі ибинда тілінде сөйлейтін 13 қауым мен бір топта қызмет ететін 335 бауырлас енді Құдай Сөзін өз тілдерінде оқи алатындарына қуаныштан төбелері көкке жетті.
Зимбабве ым тілі
Зимбабве филиал комитетінің мүшесі Энерджи Матанда бауырлас 2024 жылдың 9 тамызында “Мәсіхшілердің грек жазбалары. Жаңа дүние аудармасының” зимбабве ым тілінде жарық көргенін хабарлады. Бұл хабарландыру 2024 жылы Харареде (Зимбабве) өткен “Ізгі хабарды жариялаңдар!” деп аталатын аймақтық конгресте жасалды. Конгреске бас-аяғы 405 адам қатысты. Жарық көрген Киелі кітап аудармасының электронды нұсқасын jw.org сайтынан және ым тіліндегі JW Library қосымшасынан бірден жүктеп алуға болатыны айтылды.
Матай кітабы Зимбабве ым тілінде 2021 жылы жарық көрді. Содан бері Мәсіхшілердің грек жазбаларының қалған кітаптары бірте-бірте жарық көрді. Статистикаға сай, Зимбабве елінде ым тілінде сөйлейтін 11 қауым мен 11 топта қызмет ететін 377 бауырласты қоса алғанда, зимбабве ым тілінде бір миллионға жуық адам сөйлейді.
Болгар тілі
2024 жылдың 11 тамызында Басқарушы кеңестің мүшесі Марк Сандерсон бауырлас София қаласында (Болгария) өткен “Ізгі хабарды жариялаңдар!” деген арнайы конгрестің соңғы баяндамасында “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасының” болгар тіліндегі нұсқасы өңделіп жатқанын және Матай, Лұқа, Марқа кітаптарының жарық көргенін хабарлады. Конгреске бас-аяғы 5418 адам қатысты. Аталмыш үш кітапты jw.org сайтынан және JW Library қосымшасынан бірден жүктеп алуға болатыны айтылды.
“Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасы” алғаш рет болгар тілінде 2009 жылы жарық көрді. Бүгінде Болгарияда 3000-ға жуық бауырлас 57 қауымда қызмет етеді.
Аджа тілі
2024 жылдың 16 тамызында Батыс Африка филиал комитетінің мүшесі Буа Сильвен бауырлас Джакотомеде (Бенин) өткен “Ізгі хабарды жариялаңдар!” деген аймақтық конгресте Матай мен Марқа кітаптарының аджа тілінде жарық көргенін хабарлады. Хабарландыруды конгреске келген 631 адам естіді. Хабарландыру айтылған баяндаманы Абомей-Калавидегі (Бенин) Конгресс сарайына жиналған 435 адам бейнебайланыс арқылы тыңдады. Аталмыш екі кітапты jw.org сайтынан және JW Library қосымшасынан бірден жүктеп алуға болатыны айтылды.
Бенин мен Тогода 1,2 миллионнан аса адам аджа тілінде сөйлейді. Аджа тілінде Мәсіхшілердің грек жазбаларының тағы екі аудармасы бар. Бірақ оларға қол жеткізу қиын және көп оқырмандар үшін оның тілі күрделі болып келеді. Бұған қоса, екі аудармада да Құдайдың Ехоба деген есімі алынып тасталған. Бүгінде Бенинде аджа тілінде сөйлейтін 25 қауым мен бір топта және Тогода 12 қауым мен екі топта 1300-ге жуық бауырлас қызмет етеді. Барлығы да Құдай есімі өз орындарына қойылған анық та түсінікті аударманы алып, көзайым болды.
Киньяруанда тілі
2024 жылдың 16 тамызында Басқарушы кеңестің мүшесі Джеффри Уиндер бауырлас киньяруанда тілінде “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасы” жарық көргенін хабарлады. Джеффри бауырлас бұл хабарландыруды Кигалиде (Руанда) 2024 жылы өткен “Ізгі хабарды жариялаңдар!” деп аталатын аймақтық конгрестің бірінші күні айтты. Келгендердің жалпы саны 9908 болды. Конгресс бағдарламасын тағы екі жерден 1141 адам тыңдады. Конгреске келген барлық адамға Киелі кітаптың бір-бір данасынан үлестірілді. Киньяруанда тілінде өңделген “Жаңа дүние аудармасының” электронды нұсқасын және оның аудиожазбасын jw.org сайтынан және JW Library қосымшасынан бірден жүктеп алуға болатыны айтылды.
Руандада киньяруанда тілінде сөйлейтін 13 миллионнан аса адам тұрады. Киньяруанда тілі Конго Демократиялық Республикасы, Танзания, Уганда сияқты басқа да елдерде қолданылады. “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасының” киньяруанда тіліндегі толық нұсқасы 2010 жылы алғаш жарық көрді. Бүгінде Руандада киньяруанда тілінде сөйлейтін 634 қауымда 35 500-ден аса бауырлас қызмет етеді.
Синхала тілі
2024 жылдың 16 тамызында Басқарушы кеңестің мүшесі Дейвид Сплэйн бауырлас Коломбода (Шри-Ланка) өткен “Ізгі хабарды жариялаңдар!” деген аймақтық конгрестің бірінші күніне келген 4273 адамға “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасының” синхала тілінде жарық көргенін хабарлады. Бағдарламаға Чилау қаласындағы (Шри-Ланка) аймақтық конгреске келген 1045 адам бейнебайланыс арқылы қосылды. Келгендердің барлығына синхала тіліндегі “Жаңа дүние аудармасы” үлестірілді. Бұл басылымды jw.org сайтынан және JW Library қосымшасынан бірден жүктеп алуға болатыны айтылды.
Ехоба куәгерлері Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді синхала тіліне 75 жылдан аса уақыт бұрын аудара бастады. Бүгінде Шри-Ланкада синхала тілінде сөйлейтін 15 миллионнан аса адам тұрады. Оның ішінде 62 қауымда қызмет ететін синхала тілінде сөйлейтін 4808 бауырлас бар.
Уоллис тілі
2024 жылдың 30 тамызында Жаңа Каледония филиал комитетінің мүшесі Мартен Декусю “Ізгі хабарды жариялаңдар!” деген аймақтық конгресте “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасының” уоллис тілінде толық нұсқасы шыққанын хабарлады. Конгресс Нумеа қаласы (Жаңа Каледония) мен Уоллис және Футуна аралдарының Малаэ ауылында өтті. Бұл екі жер бір-біріне бейнебайланыс арқылы қосылды. “Жаңа дүние аудармасы” конгреске келген барлық 317 адамға үлестірілді. Киелі кітапты jw.org сайтынан және JW Library қосымшасынан бірден жүктеп алуға болатыны хабарланды.
“Мәсіхшілердің грек жазбалары. Жаңа дүние аудармасы” уоллис тілінде 2018 жылы жарық көрген еді. Жаңа Каледония елі мен Уоллис және Футуна аралдарында бүгінде 35 000-нан аса адам уоллис тілінде сөйлейді. Екі қауымда қызмет ететін 153 бауырлас енді “Жаңа дүние аудармасының” толық нұсқасын қызметте қолдана алатындарына қуанышты.