Мазмұнға өту

26 МАМЫР, 2017
РЕСЕЙ

Ресейде даниялық Ехоба куәгері түрмеге қамалды

Ресейде даниялық Ехоба куәгері түрмеге қамалды

2017 жылдың 20 сәуірінде Ресей Федерациясының Жоғарғы соты Ехоба куәгерлеріне қарсы шығарған шешімнің салдарынан даниялық азамат түрмеге қамалды. Бұл жағдай 2017 жылдың 25 мамырында орын алды. Полиция қызметкерлері Куәгерлер діни іс-шаралар өткізіп жатқан жерге баса көктеп кіріп, Дания азаматымен қоса бірнеше Ресей азаматын қамауға алды.

Деннис Кристенсен

Орел қаласындағы (жоғарыда суреті көрсетілген) діни іс-шара өткізіліп жатқан жерге кем дегенде 15 қарулы полиция қызметкері мен Федералды қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) қызметкерлері кіріп келіп, тексеріс жүргізген. Олар кездесуге келгендердің жеке куәлік қағазының көшірмелерін алып, электронды құрылғыларын тәркілеген. Бұған қоса, ФСБ қызметкерлері даниялық Деннис Кристенсен есімді Ехоба куәгерін қамауға алған. Осы оқиғадан көп ұзамай полиция қызметкерлері қаланың әр жеріндегі Ехоба куәгерлері тұратын төрт үйге тінту жүргізген.

Деннис Кристенсен ФСБ-ның қамауында түні бойы отырды. Ал бүгін Орел қаласының Советтік аймақтық соты ФСБ-ның өтінішін қабыл алып, ФСБ қылмыстық тергеу ісін аяқтағанша, Деннис Кристенсенді қамауда ұстауға қатысты шешім қабылдады. Деннис Кристенсен — Ресейдің Жоғары сотының шешімінен кейін Ехоба куәгерлеріне қарсы көрсетілген іс-шаралардан жапа шеккен алғашқы шетелдік азамат. Егер ол айыпты деп табылса, түрмеге ұзақ уақытқа қамалуы мүмкін.

Бұл жағдай үкімет басшыларының және басқалардың тарапынан Ехоба куәгерлеріне көрсетілген 40-тан аса қоқан-лоқы әрекетінің бірі болып табылады. Мұндай әрекеттер Ресей Федерациясының Жоғарғы соты Ехоба куәгерлерін экстремистер деп айыптап, Ресейдегі Куәгерлердің орталығын және бүкіл елдегі 395 жергілікті діни ұйымдарын жапқаннан кейін орын алуда.

Діни іс-шаралар жүргізілген үйге тағылық әрекеттер жасалды.

20 сәуірде Жоғарғы сот шешім шығарғаннан кейін небәрі бірнеше сағат өткенде, бір топ адам Ехоба куәгерлері қолданып келген Санкт-Петербургтегі үлкен ғибадат орнына тағылық әрекеттер (вандализм) жасады. Тіпті сол жердегі ғибадат ететін адамдарды қорқытып-үркітті. Мұндай тағылық әрекеттер Ресейдің Калининград, Мәскеу, Пенза, Ростов, Санкт-Петербург, Екатеринбург, Воронеж және Красноярск облыстарында да ғибадат орындары мен Куәгерлердің үйлерінде жасалған. 2017 жылдың 24 мамырында Коми Республикасының Жешарт ауылында Ехоба куәгерлерінің кездесулері өткен үй өртеліп, қатты бүлінген. Полиция қызметкерлерінің тінту жасауымен және тағылық әрекеттермен қоса, жеке Ехоба куәгерлеріне жәбір көрсетілді, оқу не жұмыс орындарында қорқытып-үркітті, ал кейбірі тіпті жұмысынан да айырылды.

Куәгерлердің дүниежүзілік бас басқармасының өкілі Давид Симонян былай дейді: “Дүниенің әр бұрышындағы Ехоба куәгерлері Ресейдегі бір сенімдегі бауырластары үшін әсіресе қазір қатты уайымдайды. Бұл көңіл түсіретін жағдайлар Ресейдің Жоғарғы сотының бізге қарсы шығарған әділетсіз шешімінің салдарынан болып жатқаны анық. Біз 2017 жылдың 19 мамырында осы шешімге келіспейтінімізді білдіріп, ресми түрде өтініш бердік. Бұл Ресей үкіметіне Ехоба куәгерлеріне қарсы жасалып жатқан негізсіз әрі әділетсіз әрекеттеріне тоқтау салуға тағы бір мүмкіндік береді. Сонымен қатар біз Деннис Кристенсен бауырласымыздың әділетсіз түрмеге жабылғанына қатысты сотқа шағым бердік”. (Нью-Йорктан)

Бұқаралық ақпарат құралдарына арналған байланыс:

Дүниежүзі бойынша: Давид Симонян, Қоғамдық ақпарат бюросы, +1-845-524-3000