Мазмұнға өту

Сол жақта: Қазақстан Республикасының Әскери соты. Ортада: 2023 жылдың қараша айында және 2024 жылдың сәуір айында шыққан сот шешімдерінің көшірмесі

31 МАМЫР, 2024
ҚАЗАҚСТАН

Қазақстандағы Әскери сот моральдық ұстаным бойынша әскерге барудан бас тартуға қатысты тарихи шешім қабылдады

Қазақстандағы Әскери сот моральдық ұстаным бойынша әскерге барудан бас тартуға қатысты тарихи шешім қабылдады

2024 жылдың 23 мамырында Қазақстанда діни ұстаным бойынша әскерге барудан бас тартуға қатысты тарихи сот шешімі шықты. Бұл шешім 20 жастағы Даниил Смальдің ісіне қатысты шығарылды. Сот бұл істі “ерекше іс” деп қарастырды.

Даниил шамамен бір жыл бұрын, яғни 2023 жылдың 17 мамырында, әскери комиссариатқа шақырылады. Ол өзінің діни ұстанымын комиссариаттағы қызметкерлерге құрметпен түсіндіреді. Сондай-ақ оларға діни сенімі бойынша әскерден босатылуға рұқсат беретін құжатын көрсетеді. Бірақ, соған қарамастан, әскери комиссариат Даниилдің босатылуын мақұлдамай, оны тізімге алады. Келесі күні олар Даниилді күштеп пойызбен әскери бөлімге алып кетеді. Бұл әскери бөлім Даниилдің туған жері Рудный қаласынан 2000 километрдей алыс орналасқан. Осы қиын уақытта ол бейтараптығынан таймады: әскери ант бермеді, әскери киім кимеді және әскери жаттығуларға қатыспады. Бұл мәселені шешу үшін ол бірнеше рет шағымданады, бірақ одан түк шықпаған соң, сотқа жүгінеді. Сөйтіп, үш айға созылған сот отырысы болады.

Даниил Смаль бауырлас Алматы гарнизонының әскери сотының алдында тұр (қараша, 2023 жыл)

Содан, 2023 жылдың 9 қарашасында Алматы гарнизонының әскери соты Даниилдің әскерге әкетілуін заңға қайшы деп табады. Сот шешімінде былай делінеді: “[Даниил] діни ұстаным бойынша әскерге бара алмайтынын анық етіп түсіндіргеніне қарамастан, оның міндетті әскери қызметке шақырылуы оның діни ұстаным бойынша әскерге барудан бас тарту құқығын бұзады әрі ар-ождан және діни сенім бостандығын қорғау туралы заңға қайшы”. Сондай-ақ сот Даниилді алты ай бойы отырған әскери бөлімнен босатуды талап етті.

Сот шешімі шыққан соң көп ұзамай, әскери орган апелляциялық шағым береді. Алайда 2024 жылдың 16 сәуірінде Қазақстан Республикасының Әскери соты, яғни елдегі жоғарғы әскери сот, төменгі соттың шешімін өз күшінде қалдырады. 2024 жылдың 23 мамырында күшіне енген осы тарихи сот шешімі Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына және Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделген. Сот былай деп анық айтты: “Үкіметтің ешбір жағдайда адамды өз ар-ожданына қарсы әрекет етуге мәжбүрлеуге еш құқы жоқ”.

Бұл діни сенімі бойынша әскерден бас тарту құқығын анық мойындаған Қазақстандағы алғашқы сот шешімі болды. Қазақстандағы Ехоба Куәгерлерінің өкілі Гладышев Лев мырза: “Сот Даниилдің моральдық ұстаным бойынша әскерге барудан бас тарту құқығын анық мойындағанына біз өте ризамыз. Бұл сот шешімі алдағы уақытта Қазақстан мен Орта Азиядағы адам құқықтарын сақтауға, оларды қорғауға прецедент болады” (Тімөтеге 1-хат 2:1, 2).