Мазмұнға өту

Мыңыншы Патшалық сарайы

Мыңыншы Патшалық сарайы

2013 жылдың тамыз айында Филиппиндегі мыңыншы Патшалық сарайының соғылып бітуі жергілікті Ехоба куәгерлері үшін елеулі оқиға болды. Көптеген басқа елдердегідей, Филиппинде де Ехоба куәгерлерінің қауымдарының өз Патшалық сарайларын өздері соғуға қаражаттары я болмаса осы салада тәжірибелері жетіспейтін. Кейбір Ехоба куәгерлері жылдар бойы жиналыстарын үй ішінде не бамбуктан соғылған лашықтарда өткізіп келді.

Ехоба куәгерлерінің саны Филиппинде де, басқа да елдерде көбейген сайын, Патшалық сарайларын соғу қажеттілігі де арта түседі. Сол себепті 1999 жылы Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі ресурстары шектеулі елдерде Патшалық сарайларын соғу бағдарламасын дайындады. Осы бағдарлама бойынша жергілікті Куәгерлер құрылысқа қолдарынан келгенше қолдау көрсетеді, ал жетіспейтін қаражат өзге елдердегі Ехоба куәгерлерінің садақаларынан қосылады. Қауымдарға Патшалық сарайларын соғуға көмектесетін білікті құрылысшылар топтары бар. 2001 жылдың қараша айында аталмыш халықаралық бағдарлама Филиппин елінде бастау алды.

Филиппиндегі мыңыншы Патшалық сарайы Марилаода (Булакан провинциясы) соғылған еді. Сол жердегі қауымға баратын Илуминадо есімді Ехоба куәгері былай дейді: “Мен арамыздағы ыстық бауырластықты сезіндім. Еркек-әйел демей, жас-кәрі демей бәрі де асарға келді. Шыжып тұрған күннің астында иық тіресе еңбек еттік. Күні бойы тер төгіп, кешкісін қатты шаршасақ та, тізе қосып атқарған еңбегіміздің жемісін көргенде, қатты қуандық”.

Жұмысты ерікті түрде ынты-шынтысымен атқарғандарды көріп, Куәгер емес адамдар қатты таңғалды. Құрылысқа қиыршық тас пен құм тасыған жүргізуші былай дейді: “Сендер құжынаған құмырсқадай көпсіңдер! Әркім өзінше үлес қосуда. Мұндайды бірінші рет көріп тұрмын”.

Жаңадан салынған Патшалық сарайы

Ерікті көмекшілер ғимараттың қаңқасын тұрғызғаннан бастап, құрылысты бір жарым айдай уақыт ішінде бітіріп тастады. Құрылысты аяқтаған соң, қауымдағылар маңызды істі атқаруды, яғни Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды жариялауды, жалғастырды (Матай 24:14).

Жаңадан салынған Патшалық сарайына баратын Элен есімді Ехоба куәгері былай деп бөліседі: “Бұрынғы Патшалық сарайына жиналғанымызда ине шаншар жер қалмайтын. Көбімізге сыртта отыруға тура келуші еді. Жаңа Патшалық сарайымыз әдемі әрі өте ыңғайлы. Осының арқасында қауым жиналысында берілетін нұсқаулардың пайдасын көріп, жігерімізге жігер қосылады”.