Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Туған бауырларыммен неге тату болуым керек?

Туған бауырларыммен неге тату болуым керек?

 “Жақсы көремін, бірақ кейде ашуыма тиеді”

Туған бауырлар бір-бірі жайында: “Оны жақсы көремін, бірақ кейде ашуыма тиеді”,— деп жатады. Олар бір-бірін қанша жақсы көргенмен, кейде бастары бір қазанға сыймай қалады. “Кейде інім менің ығырымды шығарып жібереді. Ол мені қалай ашуландыру керектігін жақсы біледі!”— дейді 18 жасар Хелена.

Кейбір келіспеушіліктерді ұрысып-таласпай-ақ өзара шешіп алуға болады. Мысалы:

  • Бір бөлмеде тұратын екі бауыр сыйыса алмай, ұрысып қалады. Не істеуге болады? Кішірейіп, бір-біріңе жол беруді үйреніңдер. Лұқа 6:31-дегі кеңесті қолданыңдар.

  • Апалы-сіңлілі бір-бірінің киімін сұрамай киіп кетеді. Не істеуге болады? Осыны ортаға салып, ақылға қонымды шектеулер орнатып алыңдар. Тімөтеге 2-хат 2:24-тегі кеңесті қолданыңдар.

Кейбір жағдайда туған бауырлар арасында бұдан да үлкен қиындықтар туындап, мұның салдары жаман болуы мүмкін. Мұны Киелі кітаптағы екі мысалдан көрсең болады.

  • Мәриям мен Харонның інілері Мұсаға қызғанышпен қарағанының арты жаман болды. Бұл туралы Мұсаның 4-жазбасы 12:1—15 тармақтардан оқып шық. Сосын: “Қалай туған бауырыма қызғанышпен қараудан аулақ бола аламын?”— деп ойланып көр.

  • Қабылдың ашуланғаны сонша — інісі Әбілді өлтіруге дейін барды. Бұл жайлы Мұсаның 1-жазбасы 4:1—12 тармақтардан оқып шық. Сосын: “Бауырыма ашуланып шыға келмеуім үшін не істесем болады?”— деп ойланып көр.

 Тату болуға екі себеп

Бауырларыңмен тіл табысу қанша қиын болмасын, бұлай етуге, кем дегенде, екі себеп бар.

  1. Бұл — есейгендіктің белгісі. Алекс есімді бір жас жігіт былай дейді: “Бұрын екі қарындасыма қит етсе ызалана беруші едім. Ал қазір өз-өзімді ұстап, оларға мейіріммен қараймын. Мұны есейгендік деп ойлаймын”.

    Киелі кітапта былай делінген: “Ашуға баяу әр нәрсенің парқын айырады, Шыдамсыз ақымақтығын паш етеді” (Нақыл сөздер 14:29).

  2. Бұл — болашаққа жақсы дайындық. Туған бауырларыңның кемшіліктерін көтере алмасаң, ертеңгі күні жарыңның, әріптесіңнің, бастығыңның не араласуға тура келетін басқа да адамдардың кем-кетігін қалай көтермексің?

    Өмірдің шындығы. Болашақта адамдармен жақсы қатынаста болуың қазірден бастап өзгелермен жақсылап сөйлесіп, тіл табыса білуіңе байланысты. Ал мұны үйренудің ең жақсы жолы — отбасында.

    Киелі кітапта былай делінген: “Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар” (Римдіктерге 12:18).

Бауырыңмен араңда туындайтын келіспеушіліктерді шешу үшін көмек қажет пе? Онда төмендегі “Құрдастарың не дейді?” деген қоршауды оқып шық, кейін “Бауырларыңмен тіл табыс” деген жұмыс парағын толтыр.