Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Екіжүзді өмір сүруді қалай қойсам болады?

Екіжүзді өмір сүруді қалай қойсам болады?

 Кейде Құдайдың кейбір қызметшілері Киелі кітап нормаларын ұстануға кеткен уақыты мен салған күші соған тұра ма деп ойлап жатады (Зәбүр 73:2, 3). Олар тіпті Ехобаның заңдарына қайшы келетін істерді жасап көріп, мұнысын басқалардан жасыруға тырысады.

 Бұл мақала осы тайғақ жолға аяқ басып, бірақ одан қайтқысы келетін жандарға жақсы көмектеседі.

Осы мақалада

 Екіжүзді өмір қандай болады?

 Екіжүзді өмір кешу деген Ехобаға қызмет етпейтін құрдастарыңмен жүргенде бұрыс нәрселерді істеуден тартынбайсың, ал бір сенімдегілермен жүргенде Ехобаға қызмет еткің келетіндей сыңай танытасың. Осылайша сен екі бөлек адамның өмірін кешіп, әрбірінде бетпердемен жүзіңді жасырғандай боласың.

 “Екіжүзді өмір кешсең, екі жақта да әйтеуір бірдеңені жасырасың, ешкім сенің шынайы болмысыңды сол күйі біле алмайды. Сөйтіп, бәрін алдағандай боласың” (Эрин).

 Мынаны білгенсің бе: Ехобаға ұнамайтын істерді жалғыз қалғанда істейтін болсаң, бұл да екіжүзді өмір кешуге жатады.

 “Мен 14 жасымда интернеттен әдепсіз бейнелерді көре бастадым. Ал басқалардың жанында порнографияны жақтырмайтындай болатынмын, бірақ шын мәнінде бұл олай емес еді” (Нолан).

 Киелі кітапта былай делінген: “Ешкім екі қожайынға бірдей құл бола алмайды. Олай еткен күнде біреуін жек көріп, екіншісін жақсы көреді, немесе біріне адал болып, екіншісіне немкетті қарайды” (Матай 6:24).

 Екіжүзді өмір кешсем, жаман адам болғаным ба?

 Міндетті түрде емес. Кейбір адамдар Киелі кітап нормаларынан бас тартуды шешкен. Бірақ сенің жағдайыңда бұл солай ма? Жоқ, әлде саған мына жайттар әсер етіп жатыр ма:

  •   Сен құрдастарыңа ұқсамағаның үшін қысылатын шығарсың.

  •   Қауымдағыларға қарағанда құрдастарыңмен уақыт өткізген қызығырақ болар.

  •   Құдайдың барлық талаптарын ұстануға күшім де, мүмкіндігім де шамалы деп ойлайтын шығарсың.

 “Екіжүзді өмір кешетін кейбір жастар қай жерде болса да, әйтеуір өздерін қабылдайтын орта іздейді. Құдайдың талаптарын ұстанбайтын адамдар әдетте олардың көкірегінен итермейді, сондықтан да бұл ортада олар өздерін жайлы сезінеді” (Дэвид).

 Әрине, аталған бұл себептердің ешбірі екіжүзді өмір кешуді ақтамайды. Сөйтсе де, жақсы адамдардың өздері қалай қақпанға түсіп қалуы мүмкін екенін түсінуге көмектеседі. Сен де осы қақпанға түсіп қалсаң, не істеуіңе болады?

 Екіжүзді өмір кешуді қалай қойсам болады?

  1.  1. Бір тоқтап, қалай өмір сүріп жатқаның жайлы ойлан: Шынымен де осындай адам болғым келе ме? Әрі қарай жалғастыра берсем, бұл неге әкеп соқтырады?

     Киелі кітапта былай делінген: “ Парасатты қатерді көрер, Аңғал тіке жүріп, жапа шегер” (Нақыл сөздер 27:12).

  2.  2. Шыншыл бол. Жағдайыңды ата-анаңа не Ехобаның заңын құрметтейтін рухани толысқан досыңа айтып көр. Олар өздерінен көмек сұрағаныңды, дұрыс жолға бет алғаныңды көріп, риза болар.

    Екіжүзді өмірдің терең орына түсіп қалсаң, өзгелерді көмекке шақыр

     “Басқаларға ашылып сөйлегенім өмірімде жасаған ең қиын нәрсе болды. Бірақ осылай жасаған соң, мойнымнан ауыр жүк түскендей болды” (Нолан).

     Киелі кітапта былай делінген: “Күнәларын жасырған өркендемес, Ал мойындап, оларды тастаған рақым көрер” (Нақыл сөздер 28:13).

  3.  3. Салдарына дайын бол. Ата-анаңнан және қауымдағылардан бірдеңені жасырып келген болсаң, енді олардың саған сенім артуы қиын болады. Сондықтан да ата-анаң не қауым ақсақалдары кей нәрселерге шектеу қоюы мүмкін. Түзетуді қабылдап, енді бұдан былай “барлық жағдайда адал жүріп-тұруды” мақсат ет (Еврейлерге 13:18).

     Киелі кітапта былай делінген: “Кеңесті тыңда, түзетуді қабылда, Сонда дана боларсың алдағы уақытта” (Нақыл сөздер 19:20).

  4.  4. Құдайдың сені жақсы көретініне сенімді бол. Ехоба бізді жақсы көреді, сондықтан жасаған барлық іс-әрекетіміз оның назарында. Егер екіжүзді өмір кешетін болсаң, бұл оның жанына батады. Ол сені алған бағытыңнан қайтарғысы келеді, өйткені “қамыңды ойлайды” (Петірдің 1-хаты 5:7).

     Киелі кітапта былай делінген: “Себебі Ехоба өзіне бар жүрегімен берілгендерді қолдау үшін, бүкіл жер бетін мұқият бақылап отыр” (Шежірелер 2-жазба 16:9).