ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ
Жыныстық жетілу кезеңінен қалай сүрінбей өтсем болады?
“Жыныстық жетілу кезеңі қыздарда ауыр өтеді... Онымен байланысты барлық өзгерістер көңіліңе жақпай, мазаңды алады!” (Сәбина).
“Мен бірде қуансам, артынша көңіл-күйім түсіп кететін. Білмеймін, бұл ұлдар үшін қалыпты нәрсе ме, әлде мен ғана сондай болдым ба?” (Бауыржан).
Жыныстық жетілу кезеңі ойлы-қырлы әткеншекке (американские горки) ұқсауы мүмкін, яғни бір жағынан қызықты болса, бір жағынан қорқынышты көрінеді. Осы кезеңнен қалай сүрінбей өтуге болады?
Жыныстық жетілу деген не?
Бір сөзбен айтқанда, жыныстық жетілу кезеңінде жасөспірім физикалық және эмоциялық жағынан тез жетіліп, ересектік өмірге аяқ басады. Осы кезеңде ағзада болатын физикалық және гормондық өзгерістер сені ұрпақ жалғастыруға дайындайды.
Әрине, бұл ата-ана болуға дайынсың дегенді білдірмейді. Десе де мұндай өзгерістер балалық шақтан шыққаныңның бірден-бір белгісі болып табылады. Бұл кезең бір жағынан алдағы өміріңді тебірене күтуге себепші болса, екінші жағынан еңсеңді басып, мазаңды алуы мүмкін.
Тест. Жыныстық жетілу қай жастан басталады деп ойлайсың?
8
9
10
11
12
13
14
15
16
Жауабы: Жыныстық жетілу осында көрсетілген кез келген жаста басталуы мүмкін.
Демек, егер сен жасөспірім шақтың бел ортасына келіп, жыныстық жетілу кезеңіне әлі аяқ баспасаң, я болмаса жасың онға жетпей осы кезеңді өткеріп жатсаң, уайымға тым берілме. Жетілу кезеңінің басталатын өз уағы бар және сен бұған еш әсер ете алмайсың.
Физикалық өзгерістер
Жыныстық жетілу кезеңінде көзге қатты түсетін бір өзгеріс — бойдың тез өсе бастауы. Дене мүшелерінің бір қарқынмен өсіп-жетілмейтіні біраз ыңғайсыздық тудыруы мүмкін. Сондықтан қимылдарың ебедейсіз болып көрінсе, бұған еш таңғалма. Уақыт өте келе бәрі өздігінен реттелетініне сенімді бол.
Жыныстық жетілу кезеңінде болатын кейбір физикалық өзгерістер.
Ұл балада болатын өзгерістер:
Жыныс мүшелерінің жетілуі
Қолтық пен қасағаның түктенуі, бетке сақал-мұрттың шыға бастауы
Дауыстың өзгеруі
Күтпеген кездері аталық жыныс мүшесінің қатаюы және шәуеттің бөлінуі
Қыз балада болатын өзгерістер:
Көкіректің өсіп, жетілуі
Қолтық пен қасағаның түктенуі
Етеккірдің басталуы
Ұлдарда да, қыздарда да болатын өзгерістер:
Тер мен бактерия араласқандықтан, денеден жағымсыз иістің шығуы
Кеңес: Жиі-жиі жуынып, дезодорант пен антиперспирант қолдану арқылы жағымсыз иісті қадағалауға болады.
Май бездерінде жиналған бактерияның кесірінен пайда болатын безеу (акне)
Кеңес: Безеуді қадағалау оңай емес, десе де бетті жиі жуып тұрудың және теріні тазартатын косметикалық заттарды қолданудың көмегі зор болуы мүмкін.
Психологиялық өзгерістер
Физикалық өзгерістерге себепші болатын гормондардың белсенді әрекеті эмоциялық күйіңе айтарлықтай әсер етеді. Көңіл-күйің алай-түлей болып, жиі өзгеріп тұратын шығар.
“Бір күні жылап, ертесіне түк болмағандай жүресің. Бірде ашулансаң, артынша бөлмеңе кіріп алып, ешкімді көргің келмейді” (Сәбина).
Сондай-ақ басқалар өздерін жіті бақылап, сынайтындай көрінгендіктен, көп жасөспірімдер өздерін ыңғайсыз сезініп, қатты мазаланады. Ал сырт келбеттің айтарлықтай өзгеруі жағдайды қиындата түседі.
“Мен өсіп-жетіле бастағанымда, үлкен киімдерді киіп алып, әдейі бүкірейіп жүретінмін. Жетіліп жатқанымды түсінсем де, өзімді ыңғайсыз сезініп, қатты ұялатынмын. Бұл маған жат болып көрінді” (Алма).
Ең үлкен эмоциялық өзгерістердің бірі қарсы жынысты адамға деген көзқарасыңның түбегейлі өзгеруімен байланысты болар.
“Енді маған ұл балалардың бәрі бірдей бұзық емес сияқты. Кейбіреулері тіпті тартымды көрінеді. Біреуге ғашық болуда тұрған ештеңе жоқ екен. Қыздардың арасында “кім кімді жақсы көреді” деген әңгіме көп айтылатын болды” (Ботагөз).
Жыныстық жетілу кезеңінде кейбір жастар өз жынысының адамдарын ұнатып жатады. Сенде де осындай сезімдер туса, бірден “мен гомосексуалист екенмін” деп ой түйме. Көп жағдайда мұндай сезім уақыт өте келе басылады.
“Мен өзімді басқа ұлдармен көп салыстыратынмын, содан оларға деген ғашықтық сезімім ояна бастады. Бірақ ержеткенде қыздарды ұнататын болдым. Енді өзім сияқты жігіттерге деген сезімім өткен өмірімнің бір бөлігі ғана болып қалды” (Әнуар).
Не істеуіңе болады?
Оң көзқарас сақтауға тырыс. Шындығына келгенде, физикалық және эмоциялық жағынан өсіп-жетілуің үшін бұл кезеңнен қалайда өтуің қажет. Дәуіт пайғамбардың “мен таңғаларлықтай керемет жаратылғанмын” деген сөздері өзгерістерге оң көзқарас сақтауға көмектеседі (Зәбүр 139:14).
Өзіңді басқалармен салыстырма, сондай-ақ сырт келбетіңе тым көп назар аудара берме. Киелі кітапта “Пенде адамның сырт келбетіне қарайды, ал Ехоба жүрегіне қарайды” деген сөздер жазылған (Самуилдің 1-жазбасы 16:7).
Тынығу мен дене шынықтыруға уақыт бөл. Жеткілікті ұйықтағаның ашуға, стресс пен күйзеліске берілмеуге көмектеседі.
Өзің жайлы жағымсыз ойға берілме. Айналаңдағы адамдар сені шынымен де соншалықты сынай ма? Тіпті басқалар сенің өсіп-жетілуіңе қатысты өз байқағандарын айтса да, жағдайға біржақты қарамауға тырыс. Киелі кітапта: “Адамдардың әрбір сөзіне мән бере берме”,— деген жақсы кеңес жазылған (Уағыздаушы 7:21).
Ұстамды болып, жыныстық құштарлығыңды тізгіндеуді үйрен. Киелі жазбаларда: “Азғындықтан аулақ болыңдар! ...Азғындық жасайтын адам өз денесіне қарсы күнә істейді”,— делінген (Қорынттықтарға 1-хат 6:18).
Ата-анаңның бірімен я басқа сенімді ересек адаммен сөйлес. Басында өзіңді ыңғайсыз сезінетін шығарсың. Бірақ олардың көмегі зор болатынын білгенде, бұған еш өкінбейтінің анық (Нақыл сөздер 17:17).
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні. Жыныстық жетілу кезеңінің өз қиындықтары бар. Десе де бұл уақыт саған өсіп-жетілуіңе керемет мүмкіндік береді. Сенің тәнің ғана емес, ой-санаң, эмоциялық және рухани күйің де жетіліп, толыса түседі (Самуилдің 1-жазбасы 2:26).