Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Жыныстық зорлыққа қатысты нені білуім керек? (2-бөлім). Жан жарасынан сауығу

Жыныстық зорлыққа қатысты нені білуім керек? (2-бөлім). Жан жарасынан сауығу

 Өзін кінәлі сезінуден қалай арылуға болады?

Жыныстық зорлықтың құрбаны болғандардың көбісі қысылып, қатты ұялады. Олар тіпті болған жайт үшін өздерін кінәлі санауы мүмкін. Мысалы, 19 жасар Карен есімді қыз 6—13 жасқа дейін жыныстық зорлық көрген. Ол былай дейді: “Мен үшін ең қиыны өз-өзімді кінәлау сезімімен күресу еді. Мен әлі күнге дейін “Бұған соншама уақыт бойы қалай ғана жол бердім екен?” деп өзімді жегідей жей беремін”.

Сен де өзіңді осылай сезініп жүрсең, төмендегі жайттар жайлы ойланып көр.

  • Кішкентай балалар жыныстық қатынаста болуға физикалық жағынан да, эмоциялық жағынан да дайын емес. Олар жыныстық қатынаста болудың не екенін түсінбейді, сондықтан мұндай әрекетке өз еріктерімен баруы мүмкін емес. Демек, жыныстық зорлыққа ұшырағанына бала кінәлі болмайды.

  • Балалар үлкендерге сенгіш келеді және залым адамдардың пиғылдарына иланып қалады. Сондықтан ондай адамдарың оңай олжасына айналады. Бір кітапта: “Азғыратын адамдар өте қу болып келеді, сондықтан балалар олардың зымиян айла-амалдарын аңғармай қалады”,— делінген (“The Right to Innocence”).

  • Балалардың жыныстық зорлыққа ұшырау кезінде жыныстық құмарлықтары оянуы мүмкін. Егер сенің жағдайында да осындай болған болса, өзіңді кінәлама. Себебі біреу денеңді сипалағанда, ағза еріксіз түрде осындай реакция береді. Бұл мұндай қатынасқа өз еркіңмен барғаныңды және болған жайтқа кінәлі екеніңді білдірмейді.

Кеңес: Жыныстық зорлық көргенде қанша жаста болған болсаң, сол жастағы қандай да бір кішкентай бала жайлы ойланып көрші. Өзіңнен: “Мұндай жастағы баланы жыныстық зорлыққа ұшырағаны үшін жауапты деуге бола ма?”— деп сұра.

Карен бала бағушы болып жұмыс істегенде, осы жайлы ой жүгірткен. Ол қараған үш баланың бірі алты жаста болатын. Карен де жыныстық зорлыққа алғаш ұшырағанда дәл осы жаста еді. Ол былай дейді: “Мен осындай жастағы баланың қаншалықты оңай алданып қалатынын көрдім. Бұл өзімнің де осы жаста қаншалықты аңғал болғанымды түсінуге көмектесті”.

Айғақ: Болған жайтқа зорлық жасаған кісі кінәлі. Киелі кітапта: “Зұлым адамға зұлымдығының қарымтасы беріледі”,—делінген (Езекиел 18:20).

 Көмек іздеудің маңыздылығы

Жыныстық зорлыққа ұшырағаныңды сенім арта алатын ересек адамға айтқаның көмек болады. Киелі кітапта: “Нағыз дос әрқашан жақсы көрер, Ол — бауырың қиын шақта арқа сүйер”,— делінген (Нақыл сөздер 17:17).

Жараның бетін тырнай бермес үшін, болған жайтты ешкімге айтпағаным дұрыс деп ойларсың. Осылайша өзіңе қандай да бір мағынада қорғаныс қабырғасын тұрғызғандай болатын шығарсың. Алайда мұндай “қабырға” сені ауыр сезімдерден қорғағанымен, өзгелердің саған қол ұшын беруіне тосқауыл да қояды.

“Қабырға” сені ауыр сезімдерден қорғағанымен, өзгелердің саған қол ұшын беруіне тосқауыл да қояды

Мысалы, Жанет есімді жас қыз басынан өткерген жайтты ашылып айтқанның арқасында үлкен жеңілдік сезінгенін айтып, былай дейді: “Мен кішкентай кезімде өзім жақсы білетін әрі сенім артатын адамның тарапынан жыныстық зорлыққа ұшырадым. Болған жайтты жылдар бойы ішімде сақтап келдім. Бірақ бір күні бәрін анама айтып бердім. Сонда иығымнан ауыр жүк түскендей болып, жеңілдеп қалдым”.

Кейбір адамдардың болған жайт туралы неге ашылып айтқысы келмейтініне Жанет түсінікпен қарайды. Ол былай дейді: “Жыныстық зорлық көргенің жайлы айту оңай емес. Бірақ бәрін іште сақтаудың салдары бұдан да сорақы болатынын өз өмірімнен түсіндім. Өткенді еске алсам, болған жайтты ертерек айтып бергенім әлдеқайда жақсы болар еді деп ойлаймын”.

 “Сауығатын уақыт” келді

Жыныстық зорлыққа ұшырағанның кесірінен өзің жайлы жаман ойларға беріліп кетуің мүмкін. Мысалы, жаралы жүрегің ешқашан айықпайтындай, өзіңді түкке тұрғысыз не басқалардың жыныстық құмарлықтарын қанағаттандыру үшін ғана жаралғандай сезінуің мүмкін. Бірақ енді мұндай бұрыс ойлардан арылып, “сауығатын уақытың” келді (Уағыздаушы 3:3). Бұл орайда саған не көмектесе алады?

Киелі кітапты зерттеу. Киелі кітапта Құдайдың ойлары жазылған. Олар кез келген “бекіністерді талқандауға” құдіретті, бұған өзімізге деген бұрыс көзқарас та кіреді (Қорынттықтарға 2-хат 10:4, 5). Осы орайда келесі жазба орындарын оқып, ой-жүгірткенің зор көмек болады: Ишая 41:10; Еремия 31:3; Малахи 3:16, 17; Лұқа 12:6, 7; Жоханның 1-хаты 3:19, 20.

Дұға. Өзіңді түкке тұрғысыз не кінәлі сезініп, еңсең түсіп кетсе, дұға етіп, “бар ауыртпалығыңды Ехобаға арт” (Зәбүр 55:22). Жалғыз емес екеніңді ұмытпа!

Қауымдағы ақсақалдар. Бұл мәсіхші ер адамдар “желден қорғайтын сая, жаңбырлы дауылдан бассауғалайтын пана сияқты” (Ишая 32:2). Олар өзің жайлы дұрыс көзқараста болуыңа, сондай-ақ аяққа тұрып кетуіңе көмектеседі.

Жақсы орта. Киелі кітап принциптеріне сай өмір сүретін ер және әйел бауырластардың жүріс-тұрысын бақыла. Олардың бір-біріне қалай қарайтынына мән бер. Содан уақыт өте сен барлық адамдардың пиғылы жаман емес екенін және жақсы көретін адамдарына қатыгездік жасамайтынына көзің жетеді.

Таня есімді жас қыз осылай етуге тырысып бағады. Оны өте кішкентай кезінен бастап бірнеше ер адам жыныстық құмарлықтарын қанағаттандыру үшін қолданған. “Мен өзім жақсы көретін ер адамдардың тарапынан қорлық көрдім”,— дейді ол. Бірақ уақыт өте өмірде шынайы сүйіспеншілік таныта алатын ер адамдардың барына оның көзі жетеді. Қалайша?

Таня Киелі кітап принциптеріне сай жүріп-тұратын ерлі-зайыптылармен араласудың нәтижесінде көзқарасын өзгертті. Ол былай дейді: “Мен күйеуінің әрекеттеріне қарап, барлық ер адамдардың қатыгез емес екенін түсіндім. Күйеуі әйелін аялайтын және бұл Құдайдың о бастағы еркіне сай еді” (Ефестіктерге 5:28, 29) a.

a Созылмалы жан күйзелісінен қиналып жүрсең, тамақ ішу не ұйқы режимің бұзылса, денеңді жарақаттауға бейімділігің болса, тәуелділік тудыратын нәрселерге үйір болсаң не өз-өзіңе қол жұмсауды ойлай берсең, арнайы мамандардан көмек іздегенің жөн.