ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ
Көңіл күйімді қалай қадағаласам болады?
“Бір күні өзімді сондай бақытты сезінемін, ал ертеңіне бұл сезімім су сепкендей басылып, бақыттың ізі де қалмайды. Кешегі түймедей болып тұрған нәрсе, бүгін түйедей болып шыға келеді” (Карисса).
Көңіл күйің осылай құбылып тұрғанда, өзіңді ойлы-қырлы жолмен келе жатқандай сезінетін шығарсың a. Егер солай болса, бұл мақала саған арналған!
Көңіл күй неге құбылады?
Көңіл күйдің бірде түсіп, бірде көтерілуі — жыныстық жетілу кезеңінде жиі болатын құбылыс. Тіпті бұл кезеңнен аман-есен өттім деген күнде де, кейде көңіл күйіңнің еш себепсіз аяқ астынан өзгеріп кеткенін көріп, таңғалатын шығарсың.
Көңіл күйіңнің алай-дүлей болатыны үшін қапалансаң, мынаны ұмытпа: жетіліп келе жатқан жасөспірімнің бойында гормондық өзгерістер болатындықтан және өз-өзіне деген сенімділік жетіспегендіктен, сезімдердің құбылуы кәдімгі жайт. Бірақ көңілің түспесін, өз-өзіңді түсініп, эмоцияларыңды қадағалау қолыңнан келеді.
Өмір шындығы. Эмоцияларыңды қадағалауды қазірден үйренгенің дұрыс, өйткені бұл саған ересек кезіңде кезігетін өмірдің түрлі жағдайларында қажет болады.
Тиімді үш кеңес
Сезіміңді айт. Киелі кітапта: “Нағыз дос әрқашан жақсы көрер, ол — бауырың қиын шақта арқа сүйер”,— делінген (Нақыл сөздер 17:17).
“Отбасымызға жақын болып кеткен бір досымыз бар. Мен оны әпкемдей көремін. Ол мені әрдайым тыңдауға дайын, сондықтан оған ішімдегіні жасырмай айта аламын. Көзқарасымның дұрыс екенін көрсе, ол мені мақтайды. Ал қателескен кезімде, жұмсақтықпен түзетеді” (Иоланда).
Кеңес: Тек құрдастарыңмен ғана емес, ата-анаңмен не басқа сенімді үлкен адаммен сөйлес. Өйткені құрдастарың да сен сияқты көңіл күй құбылып тұратын кезеңнен өтіп жатыр.
Сезіміңді жаз. Киелі кітапта Әйүптің қатты құлазыған кезде айтқан сөздері жазылған. Ол: “Тілімнің тиегін ағытамын, ашына сөйлеп, назымды айтамын!”— деген (Әйүп 10:1). Ішіңдегі сезімдеріңді ақтарудың тағы бір тиімді жолы — қағазға түсіру.
“Мен дәптерімді үнемі өзіммен бірге алып жүремін. Көңілімді түсіретін жағдай болып қалса, бірден сол жайлы жазамын. Сезімдерімді жазып жүру — мен үшін нағыз шипа” (Илияна).
Кеңес: Бойыңды қандай сезім билеп жатқанын, мұндай сезімге не себеп болғанын және онымен қалай күресетініңді жазу үшін бір дәптер арнап қой. Осы мақаланың жұмыс парағы осы орайда саған жақсы көмек болады.
Дұға ет. Киелі кітапта: “Бар ауыртпалығыңды Ехобаға арт, ол сені демейді. Әділ жанның құлауына ол ешқашан жол бермейді”,— делінген (Зәбүр 55:22).
“Жабырқай бастасам, Ехобаға қайта-қайта дұға етемін. Жүрегімді оған ақтарып салсам, кәдімгідей жеңілдеп қаламын” (Жасмин).
Кеңес: Қанша мазасыз күй кешіп жатсаң да, жүрегіңді ризашылыққа толтыратын үш нәрсе туралы ойлан. Ехобаға дұға етіп көмек сұрағанда, көріп жатқан баталарың үшін рақмет айтуды ұмытпа.
a Бұл мақалада жастар жиі кезігіп тұратын көңіл күйдің құбылуы жайында айтылады. Биполярлы бұзылысқа не депрессияның басқа түріне шалдыққан болсаң, “Депрессиямен қалай күресе аламын?” деген мақаланы оқып көр.