Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Сабақ үлгерімім нашар болса, не істеймін?

Сабақ үлгерімім нашар болса, не істеймін?

“Менің кейбір сыныптастарым сабаққа оқулықсыз келеді, мұғалім сөйлеп жатқанда, құлаққаппен әуен тыңдап отырады. Сөйте тұра, нашар баға алғандарына наразы болады! Сондай-ақ мен сияқты оқушылар бар. Біздер өліп-тіріліп оқып, қанша тырыссақ та, бақылау жұмысынан нашар баға алып жатамыз. Шынымды айтсам, неге бұлай болатынын түсінбеймін. Апта бойы, түннің бір уағына дейін дайындалып, кейін жаман баға алған ауыр тиеді екен” (Йоланда).

Саған да Йоланданың сезімі таныс па? Расында да, бір рет, тіпті қайта-қайта жаман баға алу көңіліңді қатты түсіреді.

Осындай сәтсіздіктерден кейін кейбір оқушылар жақсы оқуға деген ықыластарын жоғалтып алады. Кейбірі тіпті мектепке бармай кетеді. Сен де осылай еткің келетін шығар, бірақ бұл жағдайдан шығудың басқа бір жолы бар. Қазір бағаларыңды жақсартуға көмектесетін бес қадамға назар аударайық.

 Не істесең болады?

  • Ешқандай пәнді жібермей, бәріне қатыс. Бұлай істеу керектігін бәрі де біледі ғой деп ойларсың, бірақ бұған бейжай қарама. Өйткені көп пәнді жіберіп алатын болсаң, бағаларың расымен де төмендеп кетеді.

    “Мен оқыған мектепте кейбіреулерді қандай баға алып жатқандары еш қызықтырмайтын. Олар көбінесе сабақтан көп қалатын оқушылар еді. Бұлай еткендері оларға кері әсерін тигізбей қоймады” (Мэтью).

    Киелі кітап принципі: “Адам не ексе, соны орады” (Ғалаттықтарға 6:7).

  • Әр сабақта мұқият бол. Сабаққа келгеніңнің өзі жақсы, бірақ келгеннен кейін оның бар пайдасын көруге тырыс. Қажет тұстарын дәптеріңе түртіп отыр. Мұғалімнің айтып жатқандарын мұқият тыңда. Түсінбеген жерлерің болса, рұқсат сұрап, сұрақтар қой.

    “Мен сабақта көп сұрақтар қоямын. Егер мұғалім біздің ұқпай жатқанымызды байқаса, сабақты жақсырақ түсіндіреді екен” (Оливиа).

    Киелі кітап принципі: “Қалай тыңдайтындарыңа назар аударыңдар!” (Лұқа 8:18).

  • Қулыққа барма. Мектепте қулық жасаудың жолдары көп. Мысалы, басқа біреуден көшіру. Бұл шыншылдыққа жатпайды, әрі сен үшін еш пайдасы да жоқ.

    “Бақылау жұмысында бір нәрсені түсінбей жатсаң, жауаптарын басқалардан көшіре салма. Бұлай қулыққа барудан сен еш пайда таппайсың. Өйткені қиындықты өз бетіңше шешуді үйренудің орнына, сен үшін басқалардың шешіп бергеніне жаман үйреніп қаласың” (Джонатан).

    Киелі кітап принципі: “Әркім өз іс-әрекетін тексерсін, сонда... өз істеріне қуанады” (Ғалаттықтарға 6:4).

  • Бірінші кезекте үй тапсырмасын орында. Мүмкін болса басқа жұмыстардан бұрын үй тапсырмасын орындап ал, әсіресе ойын-сауықтан бұрын a. Алдымен үй тапсырмасын орындап алсаң, қалған уақытың көңілді өтеді!

    “Мен ең алдымен үй жұмысын орындап алатын болдым. Осының арқасында бағаларым жақсарды. Мектептен келгенде, мызғып алғым не әуен тыңдағым келіп тұратын. Бірақ алдымен үй жұмысын орындап, содан кейін ғана демалатын болдым” (Кельвин).

    Киелі кітап принципі: “Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіңдер” (Філіпіліктерге 1:10).

  • Басқалардың көмегіне жүгін. Көмек сұраудан еш қысылма. Ата-анаңмен кеңес. Мұғаліміңнен бағаларыңды жақсартуға көмектесуін өтін. Кей жағдайларда репетитордың көмегі қажет болар.

    “Бірден мұғалімге жолық. Одан сабақты түсінуге, үлгеріміңді жақсартуға көмек сұра. Ол сенің жақсаруға деген талпынысыңа риза болып, өз көмегін ұсынар” (Дейвид).

    Киелі кітап принципі: “Кеңесші көп болса, [жоспар] жүзеге асады” (Нақыл сөздер 15:22).

Бағаларыңды жақсарту аспапта ойнауды үйренумен бірдей. Бұл оңай емес, бірақ берер жемісі соған тұрарлық.

a Оқу үлгерімін жақсартуға қатысты кеңестерді “Жастардың сауалдары. Үй тапсырмасын қалай үлгерсем болады?” деген мақаладан таба аласың.