Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Неге кешірім сұраған дұрыс?

Неге кешірім сұраған дұрыс?

Мына жағдайларда не істеген жөн?

  1. Сабақта мұғалімің саған тәртіпсіздік жасағаның үшін ұрысты делік.

    Мұғалімің тым артық кеткендей көрінсе де, кешірім сұрайсың ба?

  2. Досың туралы жағымсыз нәрсе айтқаныңды ол біліп қойды делік.

    Досың жайында айтқаныңды орынды деп есептесең де, одан кешірім сұрайсың ба?

  3. Әкең екеуің ренжісіп қалып, сен оған сөз қайтардың делік.

    Бұған әкең кінәлі деп ойласаң да, одан кешірім сұрайсың ба?

Бұл үш жағдайда да кешірім сұрағаның дұрыс болады. Алайда сен “мен соншалықты кінәлі емеспін ғой, неге кешірім сұрауым керек?” деп ойлайтын шығарсың.

 Неге кешірім сұраған дұрыс?

  • Кешірім сұрау — есейгендіктің белгісі. Істегеніңді не айтқан сөзіңді мойныңмен көтерсең, ересек адам болғаныңда қажет болатын қасиеттерді дамытасың.

    “Адамнан кешірім сұрауға және оны тыңдауға кішіпейілділік пен шыдамдылық қажет” (Рейчел).

  • Кешірім сұрау екі жақты татуластырады. “Кешірші мені” дейтін адам өзін ақтап, өзгені даттауға емес, ең алдымен татулыққа ұмтылатынын көрсетеді.

    “Менің еш кінәм жоқ деп ойласаң да, татуласуды басты мақсат еткенің дұрыс. “Кешірші мені” деп айту түк те емес, бірақ бұл сөздер достарды қайта қоса алады” (Мириям).

  • Кешірім сұрасаң, жеңілдеп қаласың. Біреуді сөзіңмен не әрекетіңмен ренжітіп қойсаң, артынан қатты жаның қиналады. Ал кешірім сұрасаң, үстіңнен ауыр жүк түскендей болады a.

    “Анама я әкеме қатты-қатты сөйлеген кездерім болды. Одан соң өзімді жаман сезінетінмін, бірақ кешірім сұрауға батпайтынмын. Ал кешірім сұрағанымда, жеңілдеп қалатынмын, өйткені отбасымда қайтадан татулық орнайтын” (Ния).

    Өкпе-реніш сақтау зілдей ауыр тасты арқалап жүрумен бірдей. Ал кешірім сұрасаң, сол тастан арыласың.

Кешірім сұрау күш салуды талап етеді. Дөрекі сөйлегені үшін анасынан көп рет кешірім сұраған Дина деген қыздың мысалын алайықшы. Ол былай дейді: “Маған “кешірші” деп айту өте қиын. Тамағыма бірдеңе тұрып қалғандай болады да, аузымнан бірде-бір сөз шықпай қояды”.

 Қалай кешірім сұраған дұрыс?

  • Мүмкін болса, жүзбе-жүз кешірім сұра. Адамнан жүзбе-жүз кешірім сұрасаң, ол шын өкініп тұрғаныңа көз жеткізе алады. Ал хабарламалар жазып жіберудің мұндай күші жоқ. Тіпті мұңлы көңіл күйді білдіретін смайликтермен жазсаң да, өкініп тұрғаның жасанды көрінуі мүмкін.

    Кеңес: Адамнан жүзбе-жүз кешірім сұрай алмасаң, оған телефон шалсаң не хат жазсаң болады. Қай жолды таңдасаң да, не айтып, не жазатыныңды жақсылап дайындап ал.

    Киелі кітаптың кеңесі: “Әділ өз жауабын ойлап берер” (Нақыл сөздер 15:28).

  • Бірден кешірім сұра. Кешірім сұрамай уақыт созған сайын, мәселе де ауырлай береді. Ренжіткен адамыңмен қарым-қатынастарың да шиеленісе түседі.

    Кеңес: Алдыңа мақсат қой. Мысалы, “бүгіннен қалдырмай кешірім сұраймын” деген мақсат қойсаң болады. Бұның нақты бір уақытын белгіле де, сол шешіміңнен айныма.

    Киелі кітаптың кеңесі: “Мәселеңді тезірек шеш” (Матай 5:25).

  • Шын жүректен кешірім сұра. “Ренжіп қалдың ба, кешірші” деу кешірім сұрауға жатпайды! “Жіберген қателігіңді толық мойындасаң, адам әдетте сені құрметтейтін болады”,— дейді Жанел есімді жас қыз.

    Кеңес: Кешірім сұрағанда, шарт қойма. Мысалы: “Сен алдымен өз қателігің үшін кешірім сұра, сонда мен де кешірім сұраймын”,— деуден аулақ бол.

    Киелі кітаптың кеңесі: “Өзара тату болуға... ықпал ететіннің бәрін істейік” (Римдіктерге 14:19).

a Егер біреудің затын жоғалтып я бұзып алсаң, онда кешірім сұрап қана қоймай, орнын толтырып бергенің дұрыс болар.