ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ
Сөйлесе білу өнерін игере аласың
Бұл мақалада
Жүзбе-жүз тілдесу
Көптің ойынша, адаммен дидарласып сөйлескеннен гөрі хабарлама арқылы сөйлескен әлдеқайда жеңіл.
“Адаммен жүзбе-жүз тілдесу қиын. Өйткені айтқан сөзіңді я өшіре алмайсың, я қайтара алмайсың” (Анна).
“Біреуге хабарлама жазу — алдын ала жазылып қойған эфир сияқты, ал көзбе-көз әңгімелесу — тікелей эфир сияқты. Сондықтан біреумен сөйлесіп жатқанда: “Тек артық сөйлеп қойма”,— деп өз-өзімді тыйып отырамын” (Джин).
Қанша қиын болса да, күндердің күнінде саған әңгіме жүргізуді меңгеру керек. Мысалы, біреумен дос болғың келсе, жұмысқа тұрғанда я болмаса біреумен кездесе бастағанда, тек хабарлама арқылы сөйлесіп отырмайсың ғой.
Бұл қорқынышты көрінгенімен, сөйлесу дағдысын игеруге болады. Тіпті ұяң адамдар да мұны меңгеріп алған.
“Бәріміз кейде артық сөйлеп, артынан ыңғайсызданып жатамыз. Сондықтан өзіңе тым қатал болма” (Нил).
Әңгіме бастау
Сұрақ қой. Адамға не қызық болуы мүмкін? Ойланып, әңгімені сол тақырыпта бастап көр. Мысалы:
“Қанша ағайындысыңдар?”
“Не жұмыс істейсің?”
Жалпы сұрақтан жалқы сұраққа өту үшін осы адаммен ортақ нәрселерің бар ма — сол жайлы ойланып көр. Мысалы, екеуің бір мектепте оқып я бір жерде жұмыс істейтін шығарсыңдар. Сол жайында сұрасаң болады.
“Алдымен, сұрақтарың өзіңе қызық болу керек. Сонда басқа адамның ойы да саған қызық болады” (Марица).
Ескерту. Сұрақтарды үсті-үстіне төпелеп қойма. Сондай-ақ ыңғайсыздандыратын сұрақтар қоймаған дұрыс. “Сен неден қатты қорқасың?” немесе “сен неге үнемі көк киімдер киесің?” сыңайлы сұрақтар адамды тығырыққа тірейді. Ал екінші сұрақ тіптен сынап жатқандай әсер қалдырады.
Тергеуші сияқты көрініп қалмас үшін, өз сұрағыңа өзің де жауап бер. Бір сөзбен айтқанда, екеуара әңгіме болсын, сұхбат емес.
Киелі кітаптың ақыл-кеңесі: “Адамның ой-ниеті терең құдықтағы судай, Қырағы жан оны тартып шығарар” (Нақыл сөздер 20:5).
Жақсы тыңдарман бол. Жақсы сөйлеушінің емес, жақсы тыңдаушының әңгімесі міндетті түрде жалғасады.
“Мен адам жайлы әйтеуір бір нәрсе біліп шығуым керек деген ой миымда тұрады. Сондықтан оның айтқандарын есте сақтаймын. Сосын келесі кездескенде не сұрасам екен деп ойланып жүремін” (Тамара).
Ескерту. Әрі қарай не айтамын деп уайымдама. Мұқият тыңда, сонда сөзін іліп әкетіп, әңгімені жалғастыра аласың.
Киелі кітаптың ақыл-кеңесі: “Әркім тыңдауға жүйрік, сөйлеуге... баяу болсын” (Жақып 1:19).
Көңілің шын болсын. Адам сені қызықтырса, онымен әңгімелесу көңіліңе жағады.
“Адам сенің тарапыңнан шын қызығушылық сезсе, әңгіме нәрленіп, әрленіп кетеді. Тіпті арасында әңгімелерің тоқтап қалса да, ол байқалмай қалады” (Мари).
Ескерту. Ыңғайсыздық туғызатын артық сұрақ қойма. Киімнің әдемілігін айтуға болады, бірақ бағасын сұрау артық болады.
Киелі кітаптың ақыл-кеңесі: “Тек өз мүдделеріңді емес, басқалардың да мүддесін ойлаңдар” (Філіпіліктерге 2:4).
Әңгімені қалай бітірген дұрыс? “Көргеніме қуаныштымын”, “тамаша күн тілеймін” деген сияқты жылы лебізбен аяқтаған дұрыс. Сонда келесі жолы сол адаммен кездескенде, әңгімелерің тез-ақ жарасып кетеді”, — дейді жас жігіт Джордан.