Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Шомылдыру рәсімінен өткен соң не істеуім керек? (1-бөлім). Жақсы әдеттеріңнен айныма

Шомылдыру рәсімінен өткен соң не істеуім керек? (1-бөлім). Жақсы әдеттеріңнен айныма

 Үй, көлік секілді қымбат мүліктерің болса, оларды жақсы күйде ұстай білуің қажет. Құдаймен достығың жайлы да осылай деуге болады. Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін осы қымбат достықты қалай сақтай аласың?

Бұл мақалада

 Құдай Сөзін зерттей бер

 Киелі кітап не дейді? “Әрбір игі істе жемісті болсаңдар екен, сондай-ақ Құдай жайлы тура білімдерің тереңдей түссе екен дейміз” (Қолостықтарға 1:10).

 Мағынасы не? Шомылдыру рәсімінен кейін де саған Киелі кітапты оқып, оқығаның жайлы ой жүгірте беру керек (Зәбүр 25:4; 119:97).

 Қандай жағдай болуы мүмкін? Кейде Киелі кітапты оқып-зерттеуге көңіл күйің де, ықыласың да болмауы мүмкін. Сондайда “мен зерттеуге жоқпын” деген ой келетін шығар.

 Не істесең болады? Киелі кітаптағы өзіңе қызықты тақырыптарды зертте. Жеке зерттеудің өзіңе ыңғайлы кестесін жасап ал, сонда ол сен үшін ауыр жүк болмайды. Сенің мақсатың Ехобаға және оның Сөзіне деген сүйіспеншілігіңді өсіру болсын. Осындай мақсатпен зерттесең, бұл пайдалы әрі қызықты болмақ (Зәбүр 16:11).

 Кеңес. Киелі кітапты ештеңе алаңдатпайтын тыныш жерде оқы.

 Көмек қажет пе?

 Ехобаға дұға етуді тоқтатпа

 Киелі кітап не дейді? “Еш нәрсені уайымдамаңдар, барлық өтініштеріңді дұға етіп, жалбарынып, ризашылықпен Құдайға білдіріңдер” (Філіпіліктерге 4:6).

 Мағынасы не? Құдаймен тілдесу екі жақты болады. Киелі кітапты оқығанда, ол саған сөйлеп, оны тыңдайсың. Ал дұға еткеніңде сен оған сөйлейсің. Дұғаңда саған не қажет соны сұрай аласың. Алып жатқан баталарың үшін рақмет айтуды да ұмытпаған жөн.

 Қандай жағдай болуы мүмкін? Кейде дұғаларың біркелкі, мәнсіз болып кеткендей болады. Тіпті “Ехоба мені ести ме, өзі? Ол мені естігісі де келмейтін шығар” деп күмәндана бастауың мүмкін (Зәбүр 10:1).

 Не істесең болады? Күні бойына “не туралы дұға етсем екен” деп ойланып жүрсең болады. Егер дәл қазір асықпай, ұзағырақ дұға етуге жағдайың болмай жатса, дұғада айтқың келетіндерді ойыңда сақтап қал да, кейінірек айт. Тек өзіңе керек нәрселер туралы емес, басқалар үшін де дұға ет (Філіпіліктерге 2:4).

 Кеңес. Дұғаларың бірдей, мәнсіз боп көрінсе, бұл жайында да Ехобаға айт. Ол сені мазалайтын нәрселердің бәрін, соның ішінде дұғаң туралы уайымыңды да естігісі келеді (Жоханның 1-хаты 5:14).

 Көмек қажет пе?

 Сенімің жайлы айта бер

 Киелі кітап не дейді? “Өзіңе және беріп жатқан тәліміңе әрдайым ден қой... сонда өзіңді де, тыңдаушыларыңды да құтқарасың” (Тімөтеге 1-хат 4:16).

 Мағынасы не? Басқаларға сенім-нанымдарың жайлы айтқанда, өзіңнің сеніміңді нығайтасың. Нәтижесінде, өзіңнің де, сені тыңдағандардың да өмірін сақтап қалуың мүмкін.

 Қандай жағдай болуы мүмкін? Кейде өзгелерге сенімің жайлы айтқың келмеуі мүмкін. Тіпті уағыздаудан қорқатын да шығарсың, әсіресе мектепте.

 Не істесең болады? Қорқыныш сияқты жағымсыз сезімдердің іс-әрекетіңе әсер етуіне жол берме. Елші Пауыл: “Өз еркіме қарсы істесем де, ол [яғни ізгі хабарды жариялау] бәрібір жүктелген міндетім болып қала береді”,— деген (Қорынттықтарға 1-хат 9:16, 17).

 Кеңес. Ата-анаң рұқсат етсе, сені уағыздауға жақсы үйрете алатын бір үлгілі бауырласпен достас (Нақыл сөздер 27:17).

 Көмек қажет пе?

 Қауым кездесулерін қалдырма

 Киелі кітап не дейді? “Сүйіспеншілікке және игі істерге талпындыру үшін, бір-бірімізге көңіл бөлейік... жиналыстарға бармай қалуды әдетке айналдырмайық” (Еврейлерге 10:24, 25).

 Мағынасы не? Кездесулеріміздің басты мақсаты — Ехобаға ғибадат ету. Десе де бұған қоса тағы екі пайдасы бар. Біріншісі, қауымдағы бауырластар саған жігер береді. Екіншісі, кездесуге келіп, атсалысқанда, сен оларды жігерлендіресің (Римдіктерге 1:11, 12).

 Қандай жағдай болуы мүмкін? Кейде жиналыста отырғанда, санаң сан-саққа кетіп, маңызды ойларды жіберіп алуың мүмкін. Я болмаса “қауым кездесуіне бір жолы бармай-ақ қояйын” деген ойлар келуі мүмкін. Тіпті үй жұмысын орындау сияқты істерің бастан асқандықтан, кездесулерге мүлдем барғың келмеуі мүмкін.

 Не істесең болады? Әрине, сабақты тастауға болмайды. Бірақ қауым кездесулері де өте маңызды. Оған жүйелі түрде барып, көп пайдасын көруді мақсат етіп қой. Қолыңды көтеріп жауап беруге тырыс. Кездесуден соң, кем дегенде, бір адамды түсініктемесі үшін не тапсырмасын жақсы орындағаны үшін мақта.

 Кеңес. Кездесулерге алдын ала дайындал. JW Library® қосымшасын жүктеп ал да, “Кездесулер” деген жерден сол аптада не талқыланатынын көр.

 Көмек қажет пе?