Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Шомылдыру рәсімінен өткен соң не істеуім керек? (2-бөлім). Мінсіздіктен таймай жүр

Шомылдыру рәсімінен өткен соң не істеуім керек? (2-бөлім). Мінсіздіктен таймай жүр

 Киелі кітапта: “Ехоба мінсіздіктен таймай жүретіндерді ешбір игіліктен құралақан қалдырмайды”,— делінген (Зәбүр 84:11). “Мінсіздіктен таймай жүру” дегенді қалай түсінсе болады? Бұл — Ехобаға бағышталған кезіңде берген уәдеңде тұру (Уағыздаушы 5:4, 5). Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де қалай мінсіздік сақтай аласың?

Бұл мақалада

 Қиындықтарға төзе біл

 Киелі кітап не дейді? “Біз Құдай Патшалығына талай азап шегу арқылы кіруіміз керек” (Елшілердің істері 14:22).

 Мағынасы не? Жасыратыны жоқ, мәсіхшілердің бәрі өмірде қиындық көреді. Олардың кейбірі, мысалы келеке-мазақ, қарсылық сияқтылар Құдайдың қызметшісі болғанымыз үшін туындайды. Ал ақша, ауру секілді қиындықтармен жұрттың бәрі кезігеді.

 Қандай жағдай болуы мүмкін? Өмір болған соң, жағдай үнемі өзгеріп тұрады. Кейде жақсы жаққа емес. Киелі кітапта қиыншылық бәрінің — Ехобаға қызмет ететіндердің де, етпейтіндердің де басына түсетіні айтылған (Уағыздаушы 9:11).

 Не істесең болады? Қиындықтар болмай тұрмайтынын білгендіктен, оларға алдын ала дайындалсаң болады. Қиындықтарға сеніміңді нығайтудың және Ехобаға көбірек арқа сүйеп үйренудің мүмкіндігі деп қара (Жақып 1:2, 3). Уақыт өте келе, елші Пауылдың сөзіне сен де қосыла аласың. Ол: “Маған күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламын”,— деп айтқан (Філіпіліктерге 4:13).

 БОЛҒАН ОҚИҒА. “Мен шомылдыру рәсімінен өткен соң көп ұзамай ағаларым шындықтан кетіп қалды. Одан қалса, ата-анам ауырып қалды. Кейін өзім де ауырдым. Әрине, еңсемді түсіріп, оп-оңай беріле салуыма болар еді. Бірақ мен Ехобаға бағышталып, оған қызмет ету өмірімде ең маңыздысы болатынын уәде еттім ғой. Дәл осы уәде маған барлық қиындыққа төтеп беруге көмектесті” (Карен).

 Кеңес. Жүсіп туралы көбірек біл. Оның өмірі жайлы Мұсаның 1-жазбасы 37, 39—41 дейінгі тараулардан оқи аласың. Сосын былай деп ойланып көр: Жүсіп күтпеген жерден қандай қиындықтарға кезікті? Оларды қалай жеңді? Ехоба оған қалай көмек берді?

 Көмек қажет пе?

 Азғыруға қарсы тұра бер

 Киелі кітап не дейді? “Әрбір адам өз құмарлығына елігіп, торға түскендіктен сыналады” (Жақып 1:14).

 Мағынасы не? Бәрімізде кейде жаман қалаулар оянып тұрады. Оларды қадағаламасақ, жаман істер жасап қоюымыз мүмкін.

 Қандай жағдай болуы мүмкін? Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де “тән құмарлықтарымыз” жоқ болып кетпейді (Петірдің 2-хаты 2:18). Тіпті некеге тұрмай жатып жыныстық қатынасқа баруға азғырылуың мүмкін.

 Не істесең болады? Азғыруға кезікпей тұрып-ақ не істейтініңді шешіп ал. Қалауларыңа дұрыс емес шешімдер қабылдауыңа жол берме. Исаның “ешкім екі қожайынға құл бола алмайды” деген сөзін есте ұста (Матай 6:24). Қожайының кім болатынын өзің шешесің. Ол Ехоба болсын. Жаман қалаулар қанша күшті болмасын, олардың жетегінде кету-кетпеуді өзің шешесің (Ғалаттықтарға 5:16).

 Кеңес. Өзіңнің мықты және әлсіз жақтарыңды біліп ал. Саған жақсаруға көмектесетін достарды таңда. Жаман істерге азғыратын адамдардан, жерлерден, жағдайлардан қашық жүр (Зәбүр 26:4, 5).

 Көмек қажет пе?

 Ынта-ықыласыңды жалындата бер

 Киелі кітап не дейді? “Соңына дейін... әрқайсысыңның дәл осындай ынта-жігер танытқандарыңды қалаймыз. Сонда жалқау болмайсыңдар” (Еврейлерге 6:11, 12).

 Мағынасы не? Адам істеп жатқан ісіне көңіл қоймаса, қызығушылығы тез жоғалып, оны тастай салады.

 Қандай жағдай болуы мүмкін? Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін қуанышың қойныңа сыймай, ынта-жігерің жалындап тұрған шығар. Ехобаға деген сүйіспеншілігің де асып-тасып тұрды. Бірақ уақыт өте Ехобаны барлық жағдайда тыңдау оңай емес екенін байқауың мүмкін. Содан көңілің түсіп, ынта-ықыласыңды сөндіріп алуың ықтимал (Ғалаттықтарға 5:7).

 Не істеуге болады? Кейде істегің келмесе де, дұрыс нәрсені істей бер (Қорынттықтарға 1-хат 9:27). Ехобаға жақындай түс: ол туралы көбірек біл және дұғада жиі сөйлесіп тұр. Сондай-ақ Ехобаға қызмет етуді жақсы көретіндермен достаса бер.

 Кеңес. Есіңнен шығарма: Ехоба сені жанындай жақсы көреді әрі саған қол ұшын беруге әзір. Егер қызмет етуге деген ынта-ықыласың уақытша басылып қалса, Ехоба бұған ренжімейді. Ешқашан олай ойлама. Киелі кітапта: “Ол шаршағанға күш сыйлайды, Әлсірегенге мол қуат дарытады”,— делінген (Ишая 40:29). Ол саған құлшынысыңды қайта жандандыруға көмектеседі, тек күш сала бер!

 Көмек қажет пе?

 Түйін. Егер мінсіздіктен таймай жүрсең, Ехобаны қатты риза қыласың (Нақыл сөздер 27:11). Оның жағына шығуды шешкенің үшін ол сені мақтан тұтады. Ол саған Шайтанның шабуылдарына қарсы тұруға керекті нәрсенің бәрін береді.