Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Шомылдыру рәсімінен өтуім керек пе? (3-бөлім). Мені не тоқтатып жатыр?

Шомылдыру рәсімінен өтуім керек пе? (3-бөлім). Мені не тоқтатып жатыр?

 Өміріңді Ехобаға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өту жайлы ойлағанда, жүрегің дүрсілдеп кете ме? Солай болса, осы мақаладағы ойлар саған қорқынышыңды жеңуге пайдалы болады.

Бұл мақалада

 Шомылдыру рәсімінен кейін ауыр күнә жасап қойсам ше?

 Уайымға себеп. Бәлкім, біреудің жаман іске барып, қауымнан шығарылғанын білетін шығарсың (Қорынттықтарға 1-хат 5:11—13). Сондықтан “мен де солай істеп қойсам ше?” деп уайымдайтын боларсың.

 “Шомылдыру рәсімінен өту жайлы ойлағанда қорқып кететінмін. Ертеңгі күні күнә жасап қойып, ата-анамды ұятқа қалдырып жүрмеймін бе деп уайымдайтынмын” (Ребекка).

 Киелі кітап не дейді? “Зұлым адам жолынан қайтсын... Мейірімді Құдайымыз Ехобаға қайта бет бұрсын. Себебі ол жомарттықпен кешіреді” (Ишая 55:7).

 Ойланып көр. Күнәсіна өкінбейтіндердің қауымнан шығарылатыны рас. Бірақ олар шын жүректен өкініп, түзелуге тырысса, Ехоба мейірін түсіріп, кешіреді (Зәбүр 103:13, 14; Қорынттықтарға 2-хат 7:11).

 Оның үстіне, бір нәрсені ұмытпа: кемелсіз болсаң да, Құдайдың көмегімен азғыруларға қарсы тұра аласың (Қорынттықтарға 1-хат 10:13). Негізі, қалай әрекет ету керектігін түбінде кім шешеді: өзің бе, әлде басқалар ма?

 “Мен шомылдыру рәсімінен кейін ауыр күнә жасап қоямын деп қорқа беретінмін. Бірақ ойланып қарасам, шомылдыру рәсімінен өтпей жүргенімнің өзі үлкен қателік болады екен. Сонда “ертең не болады” деп қорқу бүгін шешім қабылдауыма кедергі жасайтынын түсіндім” (Карин).

 Түйін: Көптеген Ехоба куәгерлері секілді сен де күнәдан қаша аласың. Бәрі өзіңе байланысты! (Філіпіліктерге 2:12).

 Көмек қажет пе? “Азғыруларға қалай қарсы тұра аламын?” (ор.) деген мақаланы қара.

 Шомылдыру рәсімінен кейінгі жауапкершіліктерден қорықсам ше?

 Уайымға себеп. Бәлкім, Ехобаға көбірек қызмет ету үшін отбасынан және достарынан алысқа кеткен жастарды білерсің. Сондықтан жұрт менен де соны күтеді деп мазаланатын боларсың.

 “Шомылдыру рәсімінен кейін Ехобаға қызмет етудің көптеген жолдары ашылатыны шын. Бірақ кейбіреулер бұған дайын емес не жағдайы келмейді” (Мари).

 Киелі кітап не дейді? “Әркім өз іс-әрекетін тексерсін, сонда өзін басқалармен салыстырмай, өз істеріне қуанады” (Ғалаттықтарға 6:4).

 Ойланып көр. Өзіңді өзгелермен салыстырма. Сенің ұраның Марқа 12:30-дағы сөз болсын: “Құдайың Ехобаны бар жүрегіңмен... сүй”.

 Байқасаң, сен Ехобаға басқаның емес, өзіңнің бар жүрегіңмен қызмет етуің керек. Ехобаны шын жақсы көрсең, оған өзіңдегі ең жақсыны беріп қызмет етудің жолын табасың.

 “Шомылдыру рәсімі өте жауапты қадам болғанмен, өміріңді қиындатпайды. Жақсы адамдармен аралассаң, олар саған осы жолда жүруге көмектеседі. Егер жауапкершіліктерге бірте-бірте ұмтылатын болсаң, өзіңді әлдеқайда бақытты сезінесің. Ал шомылдыру рәсімінен өтпей жүре берсең, бұдан ұтпайсың, тек ұтыласың” (Джулия).

 Ойланып көр. Ехобаның саған танытып жатқан сүйіспеншілігіне алғысыңды арттыр. Бұл саған оған ең жақсыңды беруге қозғау салады (Жоханның 1-хаты 4:19).

 Көмек қажет пе? “Жауапты адаммын ба?” (ор.) деген мақаланы қара.

 Ехобаға қызмет етуге өзімді лайықсыз санасам ше?

 Уайымға себеп. Ехоба — Әлемнің Әміршісі. Пенделер онымен салыстырғанда құмның бір түйіріндей ғана. Сондықтан “менің бар-жоғым Ехобаға бәрібір шығар” деп ойлайтын шығарсың.

 “Ата-анам — Ехоба куәгері. Содан болар, Ехобамен достығымды олардан “мұра етіп” алдым, сондықтан Ехоба маған жеке көңіл бөлмейтін шығар деген ойлар мазалай бастады” (Натали).

 Киелі кітап не дейді? “Мені жіберген Әкем жақындатып тартса ғана, адам маған келе алады” (Жохан 6:44).

 Ойланып көр. Шомылдыру рәсімі туралы ойлап жүргеніңнің өзі Ехоба сенімен одан сайын жақын дос болғысы келетінін көрсетеді. Оның шақыруын қабыл алғың келе ме?

 Мынаны да ұмытпа: Ехобаға жақындау үшін не істеу керектігін сен я басқа біреу емес, ол шешеді. Оның Сөзінде егер Құдайға жақындасаң, ол да саған жақындайтыны айтылған (Жақып 4:8).

 “Ехобаны білгенің және ол сені өзіне жақындатқанының өзі — ол сені жақсы көретінінің айғағы. Сондықтан санаңа Ехобаға қызмет етуге лайықсызбын деген ойлар келсе, бұған сенбе, Ехоба олай ойламайды. Ал ол ешқашан қателеспейді” (Селина).

 Түйін: Киелі кітаптағы шомылдыру рәсімінен өтуге қойылатын талаптарға сай келсең, демек, Ехобаға қызмет етуге жарамдысың. Есіңде ұста: ол қызмет етуімізге әбден лайық! (Аян 4:11).

 Көмек қажет пе? “Не үшін дұға айту қажет?” деген мақаланы қара.