ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | НЕКЕ
Ішімдікке салынудың отбасына зияны
Жарыңыз сіздің ішімдік ішу әдетіңіз алаңдатып жүргенін айтты ма? Айтқан болса, төменде мән беруіңізге тұратын кейбір ойлар жазылған.
Бұл мақалада
Ішімдікке салыну отбасын ойран етер
Ішімдікке салыну жүрек аурулары, бауыр циррозы, қатерлі ісік секілді сан қилы ауруларға шалдықтыруы мүмкін. Бірақ оның әлегі денсаулықпен шектелсе мейлі ғой. Ол отбасының да берекесін қашырады, атап айтқанда, үйдегі зорлық-зомбылық, қаржы мәселесі, жарының көзіне шөп салу, ажырасу сияқты қиындықтар тудырады.
Ішімдіктің шегін білмесе не болатыны Құдай Сөзінде былай сипатталған: “Түбінде ол жыландай шағып алар, Сұржыландай уын шашар” (Нақыл сөздер 23:32). Сізде ішімдікке тәуелділік бар-жоғын қалай білсеңіз болады?
Сізде ішімдікке тәуелділік бар ма?
Келесі сұрақтардың көмегімен тәуелділіктің белгілерін анықтай аласыз:
Ішкенде өз-өзіңізді тоқтата алмай қаласыз ба?
Келесі шөлмекке қашан жетер екенмін деп ойлап жүресіз бе?
Ішімдік өміріңізде, соның ішінде некеңізде, қиындықтар туындатып жатса да, іше бересіз бе?
Ішуді қоюға тырысқанда, бейжай күй кешіп, мазаңыз қаша ма?
Қанша ішетініңізге қатысты жарыңызбен араңызда ұрыс-керіс болып тұра ма?
Бұрынғыға қарағанда көп іше алатын болғансыз ба?
Ұрланып ішесіз бе немесе үйде, жұмыста ішімдікті тығып ұстайсыз ба?
Осы сұрақтардың біреуіне не бірнешеуіне “иә” деп жауап берсеңіз, онда ішімдікке тәуелділігіңіз болуы әбден мүмкін. Бәлкім, сіз маскүнемдік, не алкоголизм дертіне шалдыққан шығарсыз.
Мойындамауға бейімсіз бе?
Жарыңыз сіздің ішу әдетіңізге қатысты уайымын айтқан ба? Сол кезде өзіңізді ондай проблемаңыз жоқтай көрсетуге я сылтау айтып, ақталуға тырыстыңыз ба? Бәлкім, ішіп жүргеніңізге басқаларды, соның ішінде жарыңызды, кінәлап, мынадай сөздер айтқан шығарсыз:
“Маған жақсырақ қарағаныңда, ішпес едім”.
“Менікіндей бастығың болса, сен де ішер едің”.
“Менен де көп ішетіндер бар ғой”.
Егер осындай сөздер айтатын болсаңыз, отбасыңыздың береке-бақытынан гөрі ішкілікке деген құмарлығыңызды жоғары қойып кетпейсіз бе? Сіз үшін қайсысы маңызды болу керек?
Киелі кітап кеңесі. “Үйленген адам әйеліне ұнауға тырысады” (Қорынттықтарға 1-хат 7:33).
Не істесеңіз болады?
Жарыңыздың уайымына жеңіл-желпі қарамаңыз. Ішкеніңізді жұбайыңыз тіпті шектен тыс уайымдап жатса да, неге бәрібір біршама өзгерістер жасап көрмеске? Ал егер ешқандай өзгерістер жасамай алмасаңыз, яғни жарыңыздың уайымын елемей, ішуді жалғастыра берсеңіз, осының өзі ішімдіктің сіз үшін проблемаға айналғанының белгісі болуы мүмкін.
Киелі кітап кеңесі. “Әркім өзінің емес, өзгенің игілігін ойласын” (Қорынттықтарға 1-хат 10:24).
Біліп алыңыз. Жауын жеңу үшін сарбаз оның соғыс тәсілдерін білуі керек. Сіздің де жағдайыңыз дәл осыған ұқсас: ішімдік деген жаудың бетін қайтару үшін, маскүнемдік дерті мен адамдар оның құрығына қалай ілініп қалатыны жайында біліп алуыңыз қажет. Бұл ғана емес, ішімдікке тәуелділікті еңсеруге және алдағы уақытта қайтадан ішіп кетпеуге көмектесетін тиімді тәсілдерді де біліп алғаныңыз жөн.
Киелі кітап принципі. “Жандарыңмен айқасып жатқан тән қалауының жетегінде болмаңдар” (Петірдің 1-хаты 2:11).
Көмекке жүгініңіз. Бүгінде маскүнемдікпен күресуге бағытталған емдеу-сауықтыру орталықтары, ауруханалар секілді медициналық қызметтер көп. Сондай-ақ ақыл-парасаты толысқан досыңыздан ащы суға тәуелді болуыңызға түрткі болуы мүмкін қандай да бір жайттарды анықтауыңызға көмектесуін сұрасаңыз болады. Ал егер қайтадан ішімдікке бой ұрғалы жатқаныңызды сезсеңіз, осы досыңыздың көмегіне жүгініңіз.
Киелі кітап кеңесі. “Нағыз дос әрқашан жақсы көрер, Ол — бауырың қиын шақта арқа сүйер” (Нақыл сөздер 17:17).
Ішімдікке салыну — күрмеуі қиын мәселе. Ол жай ғана қысқа мақаланы оқып шыға салғаннан немесе “бұдан былай аз ішуге тырысамын” деп айта салғаннан шешіле салмайды. Алайда бұл мәселеге қалай қарайтыныңыз денсаулығыңызға ғана емес, ақ некеңізге де әсер ететінін ұмытпағайсыз.
Көбірек білгіңіз келсе. Кейбіреулер маскүнемдікті қалай жеңгені туралы төмендегі мақалалардан оқып көрсеңіз болады:
“Енді мен өзім үшін ұялмаймын”
“Мен қатыгез мінезімді жуасыттым” (ор).
Сондай-ақ “Өз өмірімнен өзім жерідім” деген видеоны қараңыз