Мазмұнға өту

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | НЕКЕ

Үйленбей үй болу дұрыс па, бұрыс па?

Үйленбей үй болу дұрыс па, бұрыс па?

 Көп жұптар бүгінде заңды тіркелімсіз бірге тұрып жатыр. Кейбіреулер осылайша бір-бірін алдын ала танып алғысы келеді, мінезі жарасып жатса, некесі берік болады деп ойлайды. Үйленбей үй болу дұрыс па, бұрыс па?

Бұл мақалада

 Киелі кітапта не айтылған?

  •   Киелі кітапта некеден тыс жыныстық қатынас айыпталады. Мысалы, онда мынадай ескерту жазылған: “Азғындықтан аулақ болыңдар” (Салоникалықтарға 1-хат 4:3; Қорынттықтарға 1-хат 6:18). Тіпті үйленуге ниеттеніп, бірге тұрып жатқан қыз-жігіттің арасындағы жыныстық қатынас та азғындыққа жатады a. Негізінде, Киелі кітап бекіткен ережелер жұптарды некеден тыс жүктіліктен және үйленбей бірге тұрудың басқа да ащы салдарынан қорғайды.

  •   Неке — Құдайдан келген қасиетті одақ. Некеге бастау бергенде Құдай былай деген: “Еркек әке-шешесін қалдырып, әйеліне қатты жабысады, сөйтіп, екеуі біртұтас болады” (Мұсаның 1-жазбасы 2:24 сілт.). Екі адам некеде бір-біріне адал болуды, бір болуды серт еткенде ғана отбасылары берік те баянды болады.

 Бірге тұру сізді некеге дайындай ма?

 Біреулер солай ойлайды. Қыз бен жігіт үй шаруаларын бірге істесе және күнделікті өмірдегі бір-бірінің мінезін көрсе, некеде оның көп пайдасы тиеді деген ойда. Алайда бақытты некенің сыры — бір-біріне адал болуда.

 Қуанышта да, қайғыда да бір-бірінен ажырамауды жұп қалай үйренсе болады? Екеуі де бір-біріне өте адал болып, кез келген қиындықты бірге көтергенде, қарым-қатынастары нығаяды. Ал азаматтық некедегілер қарым-қатынастарын мәңгі деп ойламайды, жараспасақ, екі жаққа кете саламыз деген оймен бірге тұрады.

 Ойтүйін. Некесіз бірге тұрып жатқандар шын мәнінде өздерін некеге емес, кетуге дайындайтын сыңайлы.

 Киелі кітап кеңесі: “Адам не ексе, соны орады” (Ғалаттықтарға 6:7).

 Бірге тұру қаражатыңызды үнемдей ме?

 Біреулер солай ойлайды. “Пью” зерттеу орталығының жүргізген сауалнамасына сай, АҚШ-та 10 ересектің 4-еуі қаражатты үнемдеу үшін бірге тұрады екен. Алайда біраз уақыт бірге тұрып көрген соң, олардың көбі некеге тұруға дайын емес екенін айтты, оның себебі — әлі де сол қаражаттың жетіспеушілігі.

 Заңды некесіз бірге тұрудың басқа да салдары болуы мүмкін, әсіресе әйелдер үшін. Мысалы, қарым-қатынас аяқталған соң, әдетте ортақ баланы бағып-қағып асырайтын — әйелдер қауымы.

 Ойтүйін. Үйленбей тұрып бірге тұрудың артықшылықтары бар сияқты көрінуі мүмкін, алайда оның кемшіліктері одан да асып түседі.

 Киелі кітап кеңесі: “Мен Құдайларың Ехобамын. Мен сендерге пайдалыны үйретемін” (Ишая 48:17).

 Бірге тұру дұрыс адам таңдауға көмектесе ме?

 Біреулер солай ойлайды. Алайда бір кітапта айтылғандай, “некесіз бірге тұрып жатқандар жиі мынаны түсінбей жатады: бірге тұратындардың айырылысуы өте қиын” (“Fighting for Your Marriage”). Неге? Кейде бірге тұрып жатқан қыз-жігіт еш жараспайтындарын түсініп жатады. Алайда екеуінің асырап жатқан ортақ жануары, жалға алып жатқан ортақ үйлері немесе әйелдің аяғы ауыр болуы мүмкін. Сондықтан, зерттеушілердің айтуынша, “бірге тұрып үйреніп қалғандықтан және дұрыс шешім қабылдай алмағандықтан, олар айырылыса алмай, бақытсыз болып жатады” b. Бір сөзбен айтқанда, “баяғыда-ақ айырылысып кететін қыз бен жігіт түбінде үйленіп тынады, өйткені олардың бұдан басқа амалы қалмайды” (“Fighting for Your Marriage”).

 Ойтүйін. Бірге тұру дұрыс шешім қабылдауға көмектесе алмайды. Қайта, керісінше, нашар қарым-қатынасты үзуді қиындатады.

 Киелі кітап кеңесі: “Парасатты қатерді көріп, бас сауғалар, Аңғал алға жүріп, жапа шегер” (Нақыл сөздер 22:3).

 Қалай істеген дұрыс?

 Үйленбей жатып бірге тұрудың ащы салдарын татпай-ақ, сәтті некеге, баянды некеге қол жеткізуге болады. Ол үшін Құдай Сөзінде жазылған талаптарды ұстаныңыз. Бірге тұрмай-ақ адамды танып-білуге болады. Ол үшін жеткілікті уақыт арнаңыз. Болашақ жарыңызбен құндылықтарыңыз бен нанымдарыңыз жарассын, бұл жыныстық құштарлықтан әлдеқайда маңызды.

 Құдай Сөзі Киелі кітапта некені ғұмырлы да бақытты ететін керемет ақыл-кеңестер бар c. Солардың арқасында сіз...

 Осы тақырыптағы мақалалар jw.org сайтында “Неке және отбасы” деген бөлімде жарияланған.

 Киелі кітап кеңесі: “Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған, әрі тәлім беруге... тиімді” (Тімөтеге 2-хат 3:16).

aСүйіп тұрса, некеге дейін көңіл қосса бола ма?” (ор.) деген мақаланы қараңыз.

b “Family Relations” журналында жарық көрген “Sliding Versus Deciding: Inertia and the Premarital Cohabitation Effect” деген мақаладан алынды (авторлары: Скотт М. Стенли, Галена Клин Родз, Ховард Дж. Марквэн).

c Кейбір мәдениетте ата-аналар өз балаларына жар таңдап береді. Киелі кітаптағы кеңестер ата-аналарға адамның қандай қасиеттеріне қарау керектігін үйретеді.