Жан деген не?
Киелі кітаптың жауабы
Киелі кітапта еврейдің “нефеш”, ал гректің “психе” деген сөзі “жан” деп аударылған. “Нефеш” сөзбе-сөз “тыныс алатын тіршілік” дегенді білдірсе, “психе” сөзі “тірі біреу” дегенді білдіреді a. Демек, “жан” — адам, жануар сияқты тіршілік иесінің өзі. Бұл өлген соң денеден бөлініп шығып, одан әрі өмір сүре беретін іштегі бір нәрсені білдірмейді. Қазір адамның жаны оның өзін білдіретінін дәлелдейтін Киелі кітап тармақтарын көрейік.
Ехоба Құдай алғашқы адамды жаратқанда, Киелі кітапта айтылғандай, ол “тірі жан болып шыға келді” (Мұсаның 1-жазбасы 2:7, “Жаңа өмір” баспасы). Құдай Адам атаны жаратқанда, оған жан берілген жоқ, адамның өзі тірі жан болып шықты.
Киелі кітапта жанның жұмыс істей алатыны, қарны ашып, тамақ жей алатыны айтылған (Мұсаның 3-жазбасы 7:20; 23:30; Мұсаның 5-жазбасы 12:20). Бұларды адамның ішінде өмір сүретін қандай да бір нәрсе емес, адамның өзі істейді.
Жан өлмейді деген ұғым дұрыс па?
Жоқ, жан өледі. Киелі кітапта мұны растайтын жазба орындары көп. Солардың кейбірі мыналар:
“Күнә жасаған жан өледі” (Езекиел 18:4, 20).
Ежелгі Исраилде ауыр күнә жасаған жанның “көзі құртылуға” тиіс еді (Мұсаның 2-жазбасы 12:15, 19; Мұсаның 3-жазбасы 7:20, 21, 27; 19:8). Ондай адам, басқаша айтқанда, “өлтірілуге тиіс” болған (Мұсаның 2-жазбасы 31:14).
Келесі жазба орындарында Киелі кітаптың көптеген аудармаларында “өлген адамның мәйіті”, “өлік”, “мүрде” деген сөздер қолданылған. Бірақ ол тармақтарда еврей тіліндегі түпнұсқада “нефеш“, яғни “жан” сөзі тұр (Мұсаның 3-жазбасы 21:11; Мұсаның 4-жазбасы 6:6).
“Жан” деген “өмірді” де білдіреді
Киелі кітапта “жан” сөзі “өмір” сөзінің синонимі ретінде де қолданылады. Мысалы, Әйүп 33:22-де еврейдің “жан” (“нефеш”) сөзі “өмір” мағынасында қолданылған. Сондай-ақ Киелі кітапта адамның жанына, яғни өміріне, қатер төнуі не одан айырылуы мүмкін екені айтылған (Мұсаның 2-жазбасы 4:19; Жақып 5:20).
“Жан” деген сөздің “өмір” мағынасында қолданылғаны бізге Киелі кітапта “жан тапсырды” не “жаны шығып бара жатыр” деген сөздерді дұрыс түсінуге көмектеседі (Мұсаның 1-жазбасы 35:18 “Жаңа дүние аудармасы”, “Таурат” аудармасы). Бұл бейнелі мағынадағы тіркестер адамның өмірі үзілгенін, яғни қайтыс болғанын білдіреді. Кейбір аудармаларда Мұсаның 1-жазбасы 35:18-дегі сөз тіркесі “соңғы демін шығарды” деп тәржімеленген (“Жаңа өмір” баспасы).
Жан өлмейді деген ілім қайдан пайда болған?
Христиан ағымдары бұл ілімді Киелі кітаптан емес, ежелгі грек философиясынан алған. “Британ энциклопедиясында” былай делінген: “Киелі кітаптағы жан туралы айтылғандар оны тыныс алу процесімен байланыстырады, әрі көзге көрінбейтін жан мен ет пен сүйектен тұратын дене екі бөлек деп ажыратпайды. Жан мен дене екі бөлек дейтін христиан ілімі ежелгі гректерден келіп шыққан”.
Құдай Тағала өз ілімдерін адамдардың пәлсапасымен (мысалы, жан өлмейді деген ілім) араластырғанды мүлдем құп көрмейді. Сондықтан Киелі кітап: “Байқаңдар, біреу сендерді адамдардың дәстүріне негізделген пәлсапасымен әрі бос, алдамшы ойларымен... торға түсіріп алмасын”,— деген ескерту жазылған (Қолостықтарға 2:8).