Мазмұнға өту

Киелі кітап өз-өзіне қайшы ма?

Киелі кітап өз-өзіне қайшы ма?

Киелі кітаптың жауабы

 Жоқ. Киелі кітапта жазылғандар бір-бірімен толық сәйкес келеді. Оның ішіндегі кейбір үзінділер бір-біріне қайшы көрінетіндей болғанмен, оларды төмендегі принциптерді ескеріп оқитын болса, бәрі анықтала түседі.

  1.   Мәнмәтінді (контекст) ескеріңіз. Кез келген автордың сөзін толық мәтіннен “жұлып” алып оқитын болса, ол өз-өзіне қайшы келіп жатқандай түйілуі әбден мүмкін.

  2.   Жазған адамдар әртүрлі қырына назар аударуы мүмкін екенін есепке алыңыз. Бір оқиғаға куә болғандар сол оқиғаны дәл сипаттағанымен, оны әртүрлі сөзбен және әртүрлі нәрсеге назар аударып жеткізуі мүмкін.

  3.   Тарихи деректер мен сол замандағы салт-дәстүрлерді ескеріңіз.

  4.   Қандай да бір сөз тура мағынада айтылған ба, әлде ауыспалы мағынада ма — соны анықтаңыз.

  5.   Қандай да бір істі біреу жасады деп айтылғанмен, оны тікелей өзі жасамаған болуы мүмкін екенін есте ұстаңыз a.

  6.   Киелі кітаптың тура аудармасын қолданыңыз.

  7.   Қандай да бір діни жалған ілімдер мен түсініктерді Киелі кітаппен сәйкестендіруге тырыспаңыз.

 Төменде осы принциптер Киелі кітаптың өз-өзіне қайшы көрінетіндей жерлерін дұрыс түсінуге қалай көмектесетініне бірнеше мысал келтірілген.

1-принцип. Мәнмәтінді ескеріңіз

Құдай жетінші күні тыныға бастаған болса, Исаның “Әкем еңбек етуді доғарған жоқ” деген сөзін қалай түсінуге болады? Мұсаның 1-жазбасында: “[Құдай] жетінші күні бүкіл жарату ісінен тынықты”,— делінген. Осы сөздердің мәнмәтінін ескерсек, бұл жерде Құдайдың тек Жер мен ондағының бәрін жарату ісі туралы айтылып тұрғанын көреміз (Мұсаның 1-жазбасы 2:2—4). Исаның “Әкем еңбек етуді доғарған жоқ” деген сөзі бұған қайшы келмейді, себебі ол Құдайдың басқа істері жайында айтқан (Жохан 5:17). Құдайдың бұл істеріне киелі рухтың жетелеуімен Киелі кітапты жаздырғаны, адамдардың қамын ойлап, бағыт-бағдар бергені жатады (Зәбүр 20:6; 105:5; Петірдің 2-хаты 1:21).

2, 3-принцип. Оқиғаны жазған адамдар оның әртүрлі қырына назар аударғанын және тарихи деректерді есепке алыңыз

Иса пайғамбар зағип кісіні қай жерде сауықтырған? Лұқа жазған кітапта Иса зағип кісіні “Иерихонға жақындап қалғанда” сауықтырғаны айтылса, Матайдың кітабында Иса екі зағипты “Иерихоннан шығып бара жатқанда” сауықтырғаны жазылған (Лұқа 18:35—43; Матай 20:29—34). Екі жазушы оқиғаның әртүрлі қырына назар аударғандықтан, олар бір-біріне қайшы келмей, қайта, толықтырып тұр. Мысалы, зағип кісілердің санын алсақ, Матай екеу деп нақтырақ айтқан болса, ал Лұқа Иса тікелей сөйлескен адамға көбірек назар аударған. Ал енді осы оқиғаның қай жерде болғанына тоқталайық. Археологтар Исаның заманында Иерихонның екі қаладан тұрғанын анықтаған. Ескі қаласы римдіктер салған жаңа қаладан бір жарым шақырымдай жерде орналасқан. Шамасы, Иса бұл кереметін осы екі қаланың арасында тұрғанда жасаған болар.

4-принцип. Кейбір сөздер тура не ауыспалы мағынада айтылуы мүмкін екенін ескеріңіз

Жер жойылып кете ме? Уағыздаушы 1:4-те: “Жер мәңгілік тұрады”,— делінген. Бұл сөздер Киелі кітаптың “жердің өзі де, ондағы бүкіл жаратылыс пен адам қолымен істелгеннің бәрі де өртеніп жоқ болады” деген сөздеріне қайшы келетіндей көрінеді (Петірдің 2-хаты 3:10, “Жаңа өмір” баспасы). Алайда Киелі кітапта “жер” сөзі кейде тура мағынада Жер шарына қатысты қолданылса, кейде ауыспалы мағынада жерді мекендейтін адамдарға қатысты қолданылады (Мұсаның 1-жазбасы 1:1; 11:1). Сондықтан Петірдің 2-хаты 3:10-дағы “жердің” жойылуы Жер шарымыздың өртеніп жоқ болуын емес, “құдайсыздардың жойылуын” білдіреді (Петірдің 2-хаты 3:7).

5-принцип. Қандай да бір істі біреу тікелей өзі жасамаған болса да, сол жасады деп айтылуы мүмкін екенін есте ұстаңыз

Қапарнаум қаласында Исаға кім келді? Матай 8:5, 6-да Рим әскерінің жүзбасы Исаға өзі келіп, құлын сауықтырып беруін сұрағаны айтылған. Лұқа 7:3-те болса жүзбасы яһуди ақсақалдарын жіберді делінген. Бір қарағанда, бұл тармақтар бір-біріне қайшы келетіндей көрінгенмен, өтініш жүзбасынікі болған, бірақ ол яһуди ақсақалдарын жіберген.

6-принцип. Киелі кітаптың тура аудармасын қолданыңыз

Барлық адамдар күнә жасай ма? Киелі кітапта Адам атадан барлық адамға күнә өткені айтылған (Римдіктерге 5:12). Бірақ кейбір аудармаларда жақсы адам “күнә жасамайды” делінген (Жоханның 1-хаты 3:6, “Таурат” аудармасы). Сондықтан Киелі кітапта жазылғандар бір-біріне қайшы келетіндей түйілуі мүмкін. Алайда түпнұсқа жазылған грек тілінде “күнә жасау” деген етістік осы шақта тұр, әрі ол біраз уақытқа созылған іс-қимылды білдіреді. Ендеше, бойымыздағы біз қашып құтыла алмайтын Адам атадан берілген күнә мен Құдай заңдарын әдейі бұзып, күнә жасай беру — екі бөлек нәрсе. Сол себептен кейбір аудармаларда Жоханның 1-хаты 3:6-дағы сөздер “күнә жасай беруін қояды”, “күнә жасай бермейді” деп дәлірек аударылған (“Жаңа дүние аудармасы”, “Жаңа өмір” баспасы).

7-принцип. Жалған ілімдерді Киелі кітаппен сәйкестендіруге тырыспаңыз

Иса Құдайға тең бе, әлде Құдайдан төмен бе? Исаның “Әкем екеуміз бірміз” деген сөзі, бір қарағанда, оның “Әкем менен ұлы” деген сөзіне сәйкес келмейтіндей көрінуі мүмкін (Жохан 10:30 сілт.; 14:28). Бұл тармақтарды дұрыс түсіну үшін, оларды Үштік іліміне сәйкестендіруге тырыспай, Киелі кітаптың өзі Ехоба мен Иса жайлы не дейтінін ізденген жөн. Жазбалардан Ехоба Құдай Исаның Әкесі ғана емес, оның ғибадат еткен Құдайы екені де анық көрінеді (Матай 4:10; Марқа 15:34; Жохан 17:3; 20:17; Қорынттықтарға 2-хат 1:3). Сондықтан Иса Құдайға тең емес.

 Иса пайғамбар “Әкем екеуміз бірміз” дегенде, мәнмәтіннен көрініп тұрғандай, Әкесі Ехоба Құдаймен екеуінің ой-мақсаттары бір екенін айтқысы келген. Әрі қарай ол: “Әкем менімен, мен Әкеммен бірліктемін”,— деген (Жохан 10:38). Иса өзінің шәкірттерімен де ой-мақсаты бір екенін көрсетіп: “Біз сияқты бір болсын деп, мен оларды өзің мені бөлеген даңққа бөледім. Мен олармен, ал сен менімен бірліктесің”,— деген (Жохан 17:22 сілт., 23).

a Мысалы, “Британ энциклопедиясында” Тәж-Махал туралы мақалада: “Тәж-Махалды Моғол императоры Шаһ-Жахан салды”,— деп жазылған. Бірақ ол бұл кесенені өз қолымен салды деген сөз емес. Себебі мақалада Тәж-Махалдың құрылысына “20 000-нан көп жұмысшы жұмылдырылғаны” айтылған.