Киелі кітапта таңдау еркіндігі жайында не айтылған? Құдай адамның тағдырын маңдайына жазып қойған ба?
Киелі кітаптың жауабы
Алла Тағала тағдырымызды маңдайымызға жазып қоймаған. Ол бізге таңдау еркіндігін берген. Сондықтан қандай шешім қабылдайтынымыз өз ықтиярымызда. Бұған қатысты Киелі кітаптың не дейтінін көрейік:
Құдай адамдарды өзіне ұқсас етіп жаратқан (Мұсаның 1-жазбасы 1:26). Бұл дегеніміз — көбінесе ырықсыз сезіммен (инстинкт) әрекет ететін жануарлар сияқты емес, біз сүйіспеншілік, әділдік сияқты Жаратушымызға тән қасиеттерді таныта аламыз. Жаратушымыз таңдау мен қалау Иесі болғандықтан, бізді де осылай жаратқан.
Көп жағдайда болашағымыз өз қолымызда. Құдай Сөзі бізді: “Ұзақ ғұмыр кешу үшін, өмірді таңдаңдар”,— деп шақырады. Бұл үшін “Құдайдың айтқандарына құлақ асып”, өсиеттерін орындауды қалауымыз керек (Мұсаның 5-жазбасы 30:19, 20). Бізде таңдау еркі болмаса, Құдайдың бұл шақыруының мәні болар ма еді? Бұл тіпті қатыгездік болмас па еді?! Алла Тағала айтқанын істеуге ешкімді мәжбүрлемейді. Бұл оның мына жылы сөздерінен байқалады: “Өсиеттеріме ден қойсаңдар ғой, шіркін! Сендердегі тыныштық өзендей, әділдіктерің теңіз толқындарындай болар еді” (Ишая 48:18).
Біздің өмірде табысты, сәтті болу-болмауымыз тағдырға байланбаған. Сәттілікке қол жеткізгіміз келсе, өзіміз аянбай күш салуымыз керек. Осыған қатысты Киелі кітапта: “Қандай істі қолға алсаң да, оны барыңды салып істе”,— деп жазылған (Уағыздаушы 9:10). Тағы былай делінген: “Ынталының жоспарлары табысқа жетелер” (Нақыл сөздер 21:5).
Таңдау еркі — Жаратушымыздың бізге тарту еткен ғажап сыйы. Осының арқасында Құдайды өз ықтиярымызбен, “бар жүрегімізбен” жақсы көре аламыз (Матай 22:37).
Бәрі бір Алланың қолында емес пе?
Алланың құдіреті шексіз екені хақ, Киелі кітап та мұны растайды (Әйүп 37:23; Ишая 40:26). Бірақ ол бұл күш-құдіретін әр адамның тағдырын жазып қою үшін қолданбайды, өйткені олардың таңдау еркін сыйлайды. Әйтсе де бүгінде таңдау еркін теріс пайдаланып, өзгелерге жамандық жасайтындар көп. Бірақ Құдай оларға күшін бірден көрсетпей, сабыр сақтауды жөн көріп отыр. Мысалы, ол ежелде де солай еткен. Өзіне қарсы шыққан бір халыққа Құдай былай деген: “Мен ұзақ уақыт бойы... үндеместен сабыр сақтадым” (Ишая 42:14). Алайда ол мәңгілік бұлай шыдап отыра бермейді (Зәбүр 37:10, 11).