Мазмұнға өту

Құдайдың қанша аты бар?

Құдайдың қанша аты бар?

Киелі кітаптың жауабы

 Құдайдың өзіне лайық бір ғана есім бар. Еврейше ол יהוה деп жазылады, ал қазақ тілінде “Ехоба” деп дыбысталады a. Құдай өзінің Ишая деген пайғамбары арқылы: “Мен Ехобамын. Бұл — менің есімім”,— деген (Ишая 42:8). Ехоба деген есім Киелі кітаптың көне қолжазбаларында шамамен 7000 рет қолданылады. Онда бұл есім “Құдай”, “Жаратқан Ие” сияқты лауазымдар мен кісі аттарының қай-қайсысынан да жиі кездеседі b.

Ехобаның басқа да аттары бар ма?

 Киелі кітапта Құдайдың бір ғана есімі аталғанымен, оның көптеген лауазымдары да қолданылады. Төменде келтірілген лауазымдар Ехобаның болмысын түрлі қырынан көрсетеді.

Лауазым

Киелі кітаптағы тармақтар

Мағынасы

Аллаһ

 

Араб тіліндегі “Аллаһ” деген сөз — “Құдай” дегенді білдіретін лауазым ғана. Киелі кітаптың кейбір аудармаларында “Аллаһ” сөзі “Құдай” деген лауазымның орнына қолданылады.

Альфа және Омега

Аян 1:8; 21:6; 22:13

“Алғашқы мен соңғы”, “басы және аяғы” дегенді білдіреді. Бұл лауазым Ехобаға дейін ешқандай Құдай болмағанына және одан кейін де болмайтынына нұсқайды (Ишая 43:10). Альфа және Омега — грек әліпбиіндегі бірінші және соңғы әріптер.

Әке

Матай 6:9

Өмір беруші.

Әлемнің Әміршісі

Мұсаның 1-жазбасы 15:2

Бүкіләлемдік билігі бар.

Әскербасы Ехоба

Ишая 1:9; Римдіктерге 9:29

Сансыз көп періштені бастап алып жүреді.

Бағушы

Зәбүр 23:1

Өзіне құлшылық ететін адамдардың қамын жасайды.

Бақытты Құдай

Тімөтеге 1-хат 1:11

Оған қуаныш пен бақыт тән (Зәбүр 104:31).

Дұғаларды тыңдаушы

Зәбүр 65:2

Өзіне сеніммен айтылған дұғалардың бәрін тыңдайды.

Ежелден бар Тәңір Ие

Даниял 7:9, 13, 22

Оның бастамасы болмаған. Ол ешкім де, еш нәрсе де пайда болмай тұрып бар болған (Зәбүр 90:2).

Ең Киелі Құдай

Нақыл сөздер 9:10

Жаратылыстардың барлығынан әлдеқайда киелі (құлықтылық жағынан кіршіксіз таза).

Жартас

Зәбүр 18:2, 46

Қауіпсіз пана және құтқарушы.

Ие

Зәбүр 135:5

Қожайын.

Кім болғым келсе, сол боламын

Мұсаның 2-жазбасы 3:14

Өз мақсатына жету үшін кім болу қажет болса, сол болады. Бұл лауазым Мұсаның 2-жазбасы 3:15-те келтірілген Құдай есімінің мағынасын түсінуге көмектеседі.

Құдай

Мұсаның 1-жазбасы 1:1

Саналы жаратылыстар құлшылық ететін құдіретті Тұлға. Еврей тіліндегі көпше түрдегі “Элохим” сөзі Ехобаның ұлылығына, дәрежесі мен салтанатына нұсқайды.

Құдай Тағала

Зәбүр 47:2; Даниял 7:18, 27

Ең жоғары дәрежелі тұлға.

Құдайлардың Құдайы

Мұсаның 5-жазбасы 10:17

Ол кейбіреулер табынатын “түкке тұрғысыз құдайлардан” әлдеқайда жоғары тұр (Ишая 2:8).

Құдіреті шексіз Құдай

Мұсаның 1-жазбасы 17:1

Шексіз құдіретке ие. Бұл лауазым Киелі кітаптың түпнұсқасында жеті рет кездеседі.

Құмырашы

Ишая 64:8

Құмырашының балшықпен не істеймін десе де өз еркі. Сол сияқты Құдай да жекелеген адамдар мен халықтарға әмір жүргізуге құқылы (Римдіктерге 9:20, 21).

Құн өтеуші

Ишая 41:14

Иса Мәсіхтің төлем құрбандығы арқылы адамзаттың құнын өтеп, күнә мен өлімнен құтқарып қалды (Жохан 3:16).

Құтқарушы

Ишая 45:21

Қауіп-қатерден және жойылудан аман сақтайды.

Мәңгіліктің патшасы

Аян 15:3

Оның билігі бұған дейін болған, бола да береді.

Өзіне қалтқысыз берілуді талап ететін Құдай

Мұсаның 2-жазбасы 34:14

Ол өзінен басқа тәңірлердің болуына төзбейді.

Ұлы Жаратушы

Зәбүр 149:2; Ишая 40:28

Барлық нәрсені жаратқан (Аян 4:11).

Ұлы Тәлімгер

Ишая 30:20, 21

Пайдалыны үйретіп, бағыт-бағдар береді (Ишая 48:17, 18).

Еврей жазбаларындағы жерлердің атаулары

 Киелі кітапта кездесетін кейбір жер атауларының құрамында Құдайдың есімі бар. Бірақ олар Құдайдың лауазымдарына жатпайды.

Жер атауы

Киелі кітаптағы тармақтар

Мағынасы

Ехоба-Ире

Мұсаның 1-жазбасы 22:13, 14

“Ехоба қажетіңді береді”.

Ехоба-нисси

Мұсаның 2-жазбасы 17:15

“Ехоба менің белгі бағанам”. Оның халқы қанатының астынан қорғаныш пен көмек таба алады (Мұсаның 2-жазбасы 17:13—16).

Ехоба-Шалом

Билер 6:23, 24

“Ехоба — татулық”.

Құдайдың есімін білу және қолдану неге маңызды?

  •   Құдай адамдарды өзінің Ехоба деген есімін білсе екен дейді. Сол себептен де ол Киелі кітапта мыңдаған рет өзінің есімін жаздыртқан (Малахи 1:11).

  •   Иса Мәсіх Құдайдың есімінің маңыздылығына көп рет назар аударған. Мысалы, ол Ехоба Құдайға: “Сенің есімің киелі тұтылсын!”— деп дұға еткен (Матай 6:9; Жохан 17:6).

  •   Құдайдың есімін білу және қолдану — Құдаймен дос болу үшін жасалатын алғашқы қадам (Зәбүр 9:10; Малахи 3:16). Құдаймен дос болған адамдар мына уәденің орындалуын көреді: “Ол мені жақсы көргендіктен, мен оны құтқарамын. Есімімді білгендіктен, оны қорғайтын боламын” (Зәбүр 91:14).

  •   Киелі кітапта былай деп жазылған: “Көптеген “құдайлар” мен “иелер” бар, сол сияқты көкте де, жерде де “құдай” деп аталатындар бар” (Қорынттықтарға 1-хат 8:5, 6). Бірақ онда жалғыз шынайы Құдай Ехоба деген есіммен ажыратылады (Зәбүр 83:18).

a Еврей тілінің кей мамандары Құдайдың есімі “Яхве” деп дыбысталатынын айтады.

b “Ях” деген Құдай есімінің қысқа түрі Киелі кітапта 50 рет кездеседі: 26 рет жеке өзі, ал 24 рет “Аллилуйя” (мағынасы “Яхты мадақтаңдар”) сөзінің құрамында (Аян 19:1).