Құдайға қалай жақындай аламыз?
Киелі кітаптың жауабы
Кез келген адам Алла Тағаланы тани алады. Ол үшін Алла Тағала жайлы білім алу керек және оған ұнау үшін нақты әрекеттер жасау керек. Сонда Құдай бізге жақындайды (Жақып 4:8). Құдай Сөзінде ол “әрқайсысымыздан алыс емес” екені нық айтылған (Елшілердің істері 17:27).
Құдайды тану жолдары
Киелі жазбаларды оқыңыз
Киелі жазбалардың айтары: “Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған” (Тімөтеге 2-хат 3:16).
Мәні: Киелі жазбалардың, яғни Киелі кітаптың авторы — Құдайдың өзі. Бірақ ол өз ойын адамдарға жаздырды. Осы бір ерекше кітапта Алла Тағаланың адамдардан не күтетіні жазылған. Сондай-ақ өзінің де қандай екенін айтып кеткен. Мысалы, Алла Тағала адамдарды сүйеді, әділ әрі рақымды (Мұсаның 2-жазбасы 34:6; Мұсаның 5-жазбасы 32:4).
Былай істеп көріңіз: Киелі жазбаларды күн сайын оқыңыз (Ешуа 1:8). Оқып болған соң өзіңізге: “Мен Құдай жайлы не білдім?”— деген сұрақ қойыңыз (Зәбүр 77:12).
Мысалы, Еремия 29:11-ді оқып, мына сұрақтарға жауап беріп көріңіз: “Құдай маған тыныштықты тілей ме, әлде апат жіберуді ойлай ма? Құдай мені жазалағысы келе ме? Әлде жарқын болашақ сыйлағысы келе ме?”
Табиғатты тамашалаңыз
Киелі жазбалардың айтары: “[Құдайдың] көзге көрінбейтін қасиеттері... дүние жаратылғаннан бері айқын. Бұларды оның жаратылыстарынан көріп, түсінуге болады” (Римдіктерге 1:20).
Мәні: Құдайдың жаратылыстарына қарап, ол жайында көп нәрсе білуге болады. Мысалы, суретшінің картинасына қарап, ал инженердің ойлап тапқан машинасына қарап олар жайында біраз мағлұматты білуге болады. Сол сияқты адам миының күрделілігі мен қабілеттілігіне қарап, Құдайдың қаншалықты дана екенін байқауға болады. Ал күн энергиясы мен жұлдыздарға қарап, Құдайдың қаншалықты құдіретті екенін түсінуге болады (Зәбүр 104:24; Ишая 40:26).
Былай істеп көріңіз: Арнайы уақыт бөліп, табиғатқа көз тастаңыз, жаратылыстар жайында білуге тырысыңыз. Сосын: “Мына таңғажайып жаратылыстан мен Құдай жайлы не біле аламын?”— деп ойланып көріңіз a. Әрине, табиғаттың Жаратушы жайында айтары көп, бірақ айта алмайтын тұстары да бар. Сол үшін Құдай адамдарға Киелі кітапты сыйлады.
Құдайды атымен атаңыз
Киелі жазбалардың айтары: “Есімімді білгендіктен, оны қорғайтын боламын. Ол мені шақырады, ал мен жауап қатамын” (Зәбүр 91:14, 15).
Мәні: Алла Тағаланың дара есімі бар, оның аты — Ехоба. Есімін білетін және есіміне құрметпен қарайтын адамдарға Құдай ерекше назар аударады b (Зәбүр 83:18; Малахи 3:16). Ол бізге есімін ашып, өзін бізге таныстырды. Ол: “Мен Ехобамын. Бұл — менің есімім”,— деген (Ишая 42:8).
Былай істеп көріңіз: Құдайға тіл қатқанда, оның Ехоба деген есімін атаңыз.
Құдайға дұға қылыңыз
Киелі жазбалардың айтары: “Ехоба өзін шақыратындардың бәрінің қасында” (Зәбүр 145:18).
Мәні: Ехобаға сеніммен дұға қылатын адамға ол жақын болады. Дұға — ғибадаттың бір бөлігі, сол арқылы біз Құдайды терең құрметтейтінімізді көрсете аламыз.
Былай істеп көріңіз: Жиі-жиі Құдайға дұға қылыңыз (Салоникалықтарға 1-хат 5:17). Дұғада қандай олар мен сезімдер сізді мазалап тұрғанын айтыңыз (Зәбүр 62:8) c.
Сеніміңізді берік етіңіз
Киелі жазбалардың айтары: “Сенім болмаса, Құдайға ұнау мүмкін емес” (Еврейлерге 11:6).
Мәні: Құдайға жақындау үшін бізде оған деген сенім болу керек. Алайда Құдайдың бар екеніне ғана сену жеткіліксіз. Киелі кітапта біз Құдай өз уәделерін орындайтынына, заң-талаптарының дұрыс екеніне сенімді болуымыз керектігі жазылған. Өмірде де екі адам бір-біріне сенім артпаса, дос бола алмайды.
Былай істеп көріңіз: Шынайы сенім білім арқылы келеді (Римдіктерге 10:17). Сондықтан Киелі жазбалардан білім алу үшін оны зерттеңіз. Сонда Құдайға және оның кеңестеріне сенуге болатынына көзіңіз жетеді. Ехоба куәгерлері сізге Киелі кітапты оқып-зерттеуге қуана көмектесе алады d.
Құдайды тыңдаңыз
Киелі жазбалардың айтары: “Құдайды сүю дегеніміз — оның өсиеттерін орындау” (Жоханның 1-хаты 5:3).
Мәні: Құдайдың өсиеттерін барынша орындауға тырысатын адамдарға Құдай жақын жүреді. Өйткені Құдай адамның бұл әрекетін сүйіспеншілік деп қарастырады.
Былай істеп көріңіз: Киелі жазбаларды оқып зерттегенде, Құдайға не ұнайтынын, не ұнамайтынын түсінуге тырысыңыз. Және өзіңізге ара-тұра: “Құдайдың көңілінен шығу үшін мен қандай өзгеріс жасауым керек?”— деген сұрақты қойып отырыңыз (Салоникалықтарға 1-хат 4:1).
Құдайдың ізгілігін байқаңыз
Киелі жазбалардың айтары: “Жаратқанның ізгілігіне көз жеткізіңдер” (Зәбүр 33:9, “Жаңа өмір” баспасы).
Мәні: Жаратушы оның қаншалықты ізгі екеніне жеке сіздің көз жеткізгеніңізді қалайды. Сіз Құдайдың қамқорын, сізді жақсы көретінін сезінгенде оған жақындағыңыз келіп кетеді.
Былай істеп көріңіз: Киелі жазбаларды оқыған кезде ондағы кеңестерді орындап, олардың қаншалықты пайдалы екенін байқап көріңіз (Ишая 48:17, 18). Сондай-ақ Құдайдың қамқорын көрген адамдардың өмірі жайлы оқысаңыз болады. Олар Құдайдың көмегімен қиындақтарын қалай жеңгенін, өздерінің және отбасыларының өмірін қалай жақсы жаққа өзгерткенін және қалай шынайы бақыт тапқанын білесіз e.
Құдайға қатысты қате ұғымдар
Қате ұғым: Құдай шексіз құдіретті, тым асқақ болғандықтан онымен дос болу мүмкін емес.
Шындық: Күллі ғаламда Алла Тағалаға тең келер ешкім жоқ болса да, ол өзімен дос болуға шақырады. Онымен дос болған көптеген ер адамдар мен әйел адамдар туралы Киелі жазбалардан оқып білуге болады (Елшілердің істері 13:22; Жақып 2:23).
Қате ұғым: Алланы түгелімен тану мүмкін емес, өйткені ол — адам ақылы жетпейтін құпия.
Шындық: Құдай жайлы кейбір нәрселерді түсіну бізге оңай емес. Мысалы, Құдай көзге көрінбейді, оның тұрпаты жоқ дегенді ұғу қиын. Сөйтсе де біз Алла Тағаланы танып біле аламыз. Тіпті Киелі жазбалардың өзінде мәңгілік өмірге ие болғымыз келсе, Алла Тағаланы танып-білуіміз керек деп жазылған (Жохан 17:3). Киелі жазбалар өте түсінікті, қарапайым тілмен жазылған. Сондықтан Киелі жазбаларды оқығанда Жаратушымыздың сипаты мен қасиеттерін біле аламыз, оның адамзат пен жерге байланысты ой-ниетін біле аламыз және ереже-талаптарымен таныс бола аламыз (Ишая 45:18, 19; Тімөтеге 1-хат 2:4). Басында айтып кеткеніміздей, Құдай өз есімін құпия сақтамай, адамдарға оны паш етті (Зәбүр 83:18). Сондықтан біз Құдайды танып-біліп, онымен тіпті дос бола аламыз (Жақып 4:8).
a Құдайдың даналығы табиғатта қалай көрініс тапқанын “Жаратылыс ғажайыптары” айдарындағы мақалалар мен бейнероликтерден біле аласыз.
b Көпшіліктің ойынша, Ехоба деген есім “Ол болғызады” дегенді білдіреді. Құдай өз есімін бізге ашып: “Мен өз қалауымды, ниет-мақсатымды болдырамын. Сөзім ешқашан жерде қалмайды”,— дегендей болды.
c “Дұға қайткенде қабыл болмақ?” деген мақаланы қараңыз.
d Толығырақ білгіңіз келсе, “Киелі кітап зерттеу сабағы қалай өтеді?” деген бейнероликті көріңіз.
e “Киелі кітап адам өмірін өзгертеді” айдарындағы мақалаларды көріңіз.