Үміт берер не бар?
Киелі кітаптың жауабы
Алла Тағала бәрімізге “жарқын болашақ пен үміт a сыйлағысы” келеді, бұл туралы оның Сөзі Киелі кітапта жазылған (Еремия 29:11). Оның бізге Киелі кітапты бергенінің бір себебі — біз “Жазбалардан алған жұбанышымыз арқылы үмітке ие бола аламыз” (Римдіктерге 15:4). Киелі кітаптағы дана кеңестердің арқасында бұлт арасынан күн сәулесін көре аламыз, өйткені қиындықтарымызға батып кетпей, оларды шешуді үйренеміз. Сонымен қатар Киелі кітап бізге болашаққа үкілі үміт сыйлайды. Осы ойларға тоқталайық.
Бұл бетте
Киелі кітап жақсылыққа үміттенуге қалай көмектеседі?
Киелі кітапта өмірімізді жақсартуға көмектесетін ақыл-кеңестер бар. Солардың арқасында біз түңіліп кетпей, жақсылыққа үміттене аламыз. Қазір кейбірін қарастырып көрейік.
Киелі кітапта өмірлік даналық бар. Бір кісі Құдайдың Сөзі жайлы былай деген екен: “Сенің сөзің — шырағдан, Аяғыма жарығын, жүрер жолыма нұрын шашады” (Зәбүр 119:105). Жарығы өте күшті қолшам екі нәрсе істей алады: тура алдымызда жатқан нәрселерді көрсетіп береді және алдағы жолды көрсетеді. Сол сияқты, Киелі кітап та бізге екі нәрсе бере алады. Біріншіден, ол күнде алдымыздан шыға келетін қиындықтарды дұрыс шешуге көмектеседі. Киелі кітапта жазылғандар бізге күш дарытып, “жүрегімізді қуантады” (Зәбүр 19:7, 8). Екіншіден, Құдайдың болашаққа қатысты қалауын түсінуге көмектеседі. Оның адамзатқа және жерге байланысты керемет ой-ниеті бар. Осыны білгеннің өзі көңілімізді қош етіп, таусылмас шаттық сыйлайды.
Басқалардың көмегін қабылдаңыз. Қандай да бір түйіннің шешімін таппай, шарасыз күй кешкенде, ешкімді көргіңіз келмей, туыстарыңыз бен достарыңыздан безіп кеткіңіз келетін шығар. Киелі кітапта бұлай істеген жарамайды деп айтылған, өйткені адам ақымақтық жасап қоюы мүмкін (Нақыл сөздер 18:1). Ал қасыңызда жанашыр жақындарыңыз болса, олар сізге бәрін ақылға салуға көмектесер. Олар сізге жақсы кеңестер беріп, не істеу керектігін де айтар (Нақыл сөздер 11:14). Тым болмағанда, олар сізді жұбатып, көңіліңізді көтеріп тастайды. Сонда өз қиындығыңызды шешуге күшіңіз болады (Нақыл сөздер 12:25).
Құдайға дұға қылыңыз. Киелі кітапта: “Бар ауыртпалығыңды Ехобаға арт, Ол сені демейді. Әділ жанның құлауына ол ешқашан жол бермейді”,— деп жазылған b (Зәбүр 55:22). Киелі кітапта Ехоба “үмітіміздің бастауы” деп тегіннен-тегін аталмаған (Римдіктерге 15:13). Сіз оған дұғада “бар уайымыңызды” айтыңыз, ол сіздің қамыңызды міндетті түрде ойлайды (Петірдің 1-хаты 5:7). Киелі кітапта ол жайлы: “Сендерді нығайтып, күшейтеді, негіздеріңді берік етеді”,— делінген (Петірдің 1-хаты 5:10).
Қиындықтар үмітті күшейтеді. Киелі кітапта мынадай уәде бар: “[Құдайға] құлақ салатындар қауіпсіз өмір кешеді, Ешбір пәледен қорықпай, алаңсыз жүреді” (Нақыл сөздер 1:33). Австралияда тұратын Маргаританың үйін дауыл қиратып кеткен еді. Ол бар дүниесінен айырылды. Бұған түңілудің орнына ол мынаны көңіліне түйіп алды: дүние-мүлік деген бүгін бар, ертең жоқ. Сондықтан ол өмірде шынымен құны бар нәрселерді бағалау керектігін түсінді. Бұл — оның отбасы, достары, Құдаймен достығы және Киелі кітаптан тапқан үміті (Зәбүр 37:34; Жақып 4:8).
Киелі кітапта адамзат үшін қандай үміт бар?
Киелі кітапта бүкіл адамзат пен Жер шарын нұрлы болашақ күтіп тұр деп айтылған. Мұндай болашақтың ауылы алыс емес. Бүгінде адамзаттың басына түскен қиындықтарға қарап, ақырзаманның “соңғы күндерінде” өмір сүріп жатқанымызды түсінеміз (Тімөтеге 2-хат 3:1—5). Жақында Құдай бәрін өз қолына алып, әділетсіздік пен жаманшылықты, қайғы-қасіретті жоқ қылады. Мұны ол “Құдай Патшалығы” деп аталатын бүкіләлемдік үкімет арқылы істейді (Даниял 2:44; Аян 11:15). Бұрын Иса пайғамбар жерде болғанда осы көктегі үкімет жайлы Құдайға былай деп дұға еткен: “Сенің Патшалығың келсін! Сенің еркің... жер бетінде орындалсын” (Матай 6:9, 10).
Құдай адамзатқа не тілейтіні Киелі кітапта анық айтылған. Құдайдың үкіметі шешетін кейбір қиындықтар:
Аштық болмайды. “Жер өз өнімін береді” (Зәбүр 67:6).
Ауру болмайды. “Ешкім: “Мен науқаспын”,— демейтін болады” (Ишая 33:24).
Өлім болмайды. “Құдай олардың көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Бұрынғы жайттар құрып жоқ болды” (Аян 21:3, 4).
a Үміт деген — қалаған нәрсеңе жетемін деп сену. Сондай-ақ үміт біз тағатсыздана аңсап күткен нәрсе болуы мүмкін.
b Ехоба — Киелі кітапқа сай, Құдайдың адамзатқа ашқан есімі (Зәбүр 83:18).