Сіз білгенсіз бе?
Киелі кітап жазылған заманда шиыршық қағаз қалай жасалған және қалай қолданылған?
Лұқа жазған Ізгі хабарда Иса Ишая пайғамбардың жазбасы жазылған шиыршықты ашып, одан оқып бергені және қайта орап қойғаны айтылған. Ал Жохан өзінің Ізгі хабарының соңында Исаның жасаған барлық кереметтерін шиыршығына сыйғыза алмағанын айтқан (Лұқа 4:16—20; Жохан 20:30; 21:25).
Шиыршықтар қалай жасалған? Тері, пергамент (жарғақ) немесе папирус сияқты материалдардан жасалған парақтар бір-бірімен желімделіп тұтастырылатын. Сосын жазуы бар бетін ішке қаратып, шиыршық қағазды таяққа орайтын. Жазулар шиыршықтың ені бойымен қысқа-қысқа бағаналар ретінде түсетін. Егер шиыршық ұзын-сонар болса, екі шетінде екі таяқ болатын. Олардың көмегімен оқырман керекті жазба орнын таппайынша, шиыршықты бір қолымен ашып, екінші қолымен орап отыратын.
Бір Киелі кітап сөздігінде айтылғандай, “шиыршық қағаздың артықшылығы, бір ұзын орамға [жиі 10 метрге дейін жететін] тұтастай бір кітапты сыйғызып, оны көп орын алмайтындай етіп орап қоюға болатын”. Мысалы, Лұқа жазған Ізгі хабардың шиыршығы шамамен 9,5 метр болар еді. Кейбір кезде шиыршықтың жиектерін қырқатын да, кеуек таспен (пемза) тегістеп, бояйтын.
Мәсіхшілердің грек жазбаларындағы “жоғарғы діни қызметкерлер” деп кімдерді айтқан болуы мүмкін?
Исраил халқында діни қызмет ендірілгеннен бастап, бас діни қызметкер ретінде бір ғана адам қызмет ететін. Ол өмірінің соңына дейін осы істі атқару керек болған (Мұсаның 4-жазбасы 35:25). Ең бірінші бас діни қызметкер Харон болған. Кейіннен бұл мәртебе әкеден тұңғыш ұлына көшіп отырған (Мұсаның 2-жазбасы 29:9). Харонның еркек кіндікті ұрпақтарының көбісі діни қызметкер болғанмен, кейбірі ғана бас діни қызметкер міндетін атқарған.
Исраил халқы өзге елдердің қол астында болғанда, исраилдік емес билеушілер яһудилердің бас діни қызметкерлерін тағайындау мен орнынан алып тастауды өз қолына алды. Десе де бас діни қызметкерлер таңдаулы әулеттерден, көбінесе Харонның ұрпақтарынан тағайындалған көрінеді. “Жоғарғы діни қызметкер” деп діни қызметкерлердің басты мүшелерін атаса керек. “Жоғарғы діни қызметкерлер” деп діни қызметкерлердің 24 тобының басшыларын, бас діни қызметкерлер әулеттерінің беделді мүшелерін және Аннас сияқты бұрын бас діни қызметкер болғандарды айтқан болса керек (Шежірелер 1-жазба 24:1—19; Матай 2:4; Марқа 8:31; Елшілердің істері 4:6).