Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | АДАЛДЫҚ — АРДЫҢ ІСІ

Өтірік өрге баспайды

Өтірік өрге баспайды

“Жиі үлкен қиындықтарды кішігірім ғана өтірікпен шешуге болады” (Саманта, Оңтүстік Африка).

Сіз осы сөздермен келісесіз бе? Бәріміз де кішігірім өтірікпен шешіп кетуге болатын қиын жағдайларға кезігіп жатамыз. Сондай кездерде қалай әрекет ететінімізден біз үшін ненің маңызды екені көрінеді. Мысалы, егер жұрт алдындағы абыройымызды ғана ойлайтын болсақ, қажет болған кезде өтірікке жүгінуден тайынбаймыз. Алайда шындықтың беті ашылғанда, өтіріктің ащы зардабын тартуымыз мүмкін. Келесі жайттарды қарастырып көрейік.

ӨТІРІК СЕНІМНЕН АЙЫРАДЫ

Сенім — адамдар арасындағы жақсы қарым-қатынастың негізі. Бір-біріне сенетін адамдар өзара қауіптенбей, толықтай арқа сүйейді. Бірақ мұндай сенім өздігінен пайда болмайды. Бұл үшін адамдар ашық әңгімелесуге көп уақыт жұмсауы керек және бір-бірінің қамын ойлайтындарын дәлелдеуі қажет. Алайда “бір құмалақ бір қарын майды шірітеді” демекші, бір ғана өтіріктің кесірінен адамдардың сенімінен айырылуымыз мүмкін. Ал оған қайтадан ие болу қиынның қиыны.

Досым деп жүрген адамыңыздың алдап кеткен кезі болған ба? Сонда өзіңізді қалай сезіндіңіз? Жаныңыз жараланғаны сөзсіз. Өтіріктің кесірінен арадағы сенім жоғалып, достық үзіледі.

ӨТІРІКТЕН ӨТІРІК ТУАДЫ

Калифорния университетіндегі экономика профессоры Роберт Иннес “өтірік айту — жұқпалы” деп айтады. Бұл қылықты вирусқа теңеуге болады. Өтірікші адаммен неғұрлым көп аралассаң, соғұрлым “ауруын жұқтыру” қаупі де көбейеді.

Өтіріктің шырмауына түсіп қалмау үшін не істей аласыз? Бұл үшін Киелі кітаптағы ақыл-кеңестерге жүгінгеніңіз жөн. Олардың кейбірін келесі мақаладан білесіз.