Басқалармен жақсы қызметтесесіз бе?
“ОНЫҢ қасында шебер жұмысшы болдым... Алдында әрдайым шаттанып жүрдім” (Нақ. с. 8:30). Бұл сөздер көкте сан ғасырлар бойы Әкесімен бірге жұмыс істеген Иса жайында. Құдаймен қызметтескені оны қандай сезімге бөлегенін байқадыңыз ба? Ол “әрдайым шаттанып жүрген”.
Иса көкте Әкесінен үйренгеннің арқасында жерге келгенде басқалармен жақсы қызметтесті. Қазір оның үлгісін қарастыра отырып, үш принципке назар аударамыз. Бұл принциптер бізге өзгелермен жұмыла әрі жақсы қызметтес болуға көмектеседі.
1-ПРИНЦИП: “БІР-БІРІҢЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІҢДЕР”
Өзгелермен жақсы қызметтесетін адам кішіпейіл болады. Ол әріптестерін бағалайды және өзіне назар аудартуға тырыспайды. Иса кішіпейіл болуды Әкесінен үйренген. Ехоба “Жаратушы” деген атқа өзі ғана лайық болса да, Исаның да маңызды рөл атқарғанына назар аударған. Бұны оның: “Өзімізге ұқсас етіп адам жаратайық”,— деген сөздерінен байқаймыз (Мұс. 1-ж. 1:26). Ехобаның осы сөздері мен кішіпейілділігін Иса бағалағаны сөзсіз (Зәб. 18:35).
Иса да жерде жүрген кезінде Ехоба сияқты кішіпейіл болған. Адамдар істеген жақсылықтары үшін оны мақтағанда, ол мадаққа тек Құдай ғана лайық екенін айтып отырған (Мар. 10:17, 18; Жох. 7:15, 16). Шәкірттері Исаның жанында өздерін еркін әрі жайлы сезінген. Иса оларға құл деп емес, достарым деп қараған (Жох. 15:15). Тіпті аяқтарын жуып, кішіпейілділікке үйреткен (Жох. 13:5, 12—14). Біз де өзімізбен қызметтес бауырластарды бағаласақ және олардың мүдделерін өзіміздікінен жоғары қойсақ, Исаға еліктейміз. Мақтау-марапатқа кім ие болатынын ойламай, бір-бірімізге құрмет көрсетсек, еңбегіміз әлдеқайда жемісті болады (Рим. 12:10).
Кішіпейіл адам “кеңесші көп болса, [жоспар] жүзеге асатынын” түсінеді (Нақ. с. 15:22). Тәжірибелі, қабілетті болсақ та, білмейтін нәрсеміз көп екенін мойындауымыз керек. Тіпті Иса да кейбір нәрсені білмейтінін айтқан (Мат. 24:36). Ол кемелді болса да, кемелсіз шәкірттерінің ойларын сұрап отырған (Мат. 16:13—16). Исамен қызметтескен адам өзін өте жайлы сезінгенінде күмән жоқ! Біз де басқалармен қызметтескенде, осал жақтарымызды мойындасақ және өзгелерге үлес қосуға мүмкіндік берсек, арамызда бірлік болады. Сондай-ақ “жоспарымыз жүзеге асады”.
Әсіресе ақсақалдар өзара қызметтескенде Исаның кішіпейілділігіне еліктегендері маңызды. Олар киелі рухтың ақсақалдар кеңесінде кез келген ақсақалға әсер ете алатынын ұмытпаулары керек. Сондықтан олар әрқайсысы өз ойын еркін айта алатындай жағдай жасаса, онда бүкіл қауымға пайдалы болатын шешім қабылдай алады.
2-ПРИНЦИП: “ИЛІККІШ ЕКЕНДЕРІҢДІ ЖҰРТТЫҢ БӘРІ КӨРЕТІН БОЛСЫН”
Өзгелермен жақсы қызметтесетін адам иліккіш болады. Иса көктегі Әкесінің көп жағдайда иліккіштік танытқанын көрген. Мысалы, адамдар өлімге лайық болса да, оларды құтқару үшін Ехоба төлем берді (Жох. 3:16).
Иса да орынды жағдайларда иліккіш болған. Мысалы, ол Исраил халқына жіберілген болса да, бірде финикиялық әйелге көмектескен (Мат. 15:22—28). Шәкірттерімен өзара қарым-қатынасында да ол иліккіш болған. Жақын досы Петір одан жұрт алдында бас тартқанда, Иса оны кешірді. Тіпті кейінірек оған үлкен істерді сеніп тапсырды (Лұқа 22:32; Жох. 21:17; Ел. іс. 2:14; 8:14—17; 10:44, 45). Исаның үлгісінен түсінетініміз: біздің иліккіш екеніміз жұрттың бәріне әрекеттерімізден көрінуі керек (Філіп. 4:5 сілт.).
Иліккіш адам әртүрлі адамдармен де қызметтесіп, оларға бейімделе алады. Иса да хабарына құлақ асқан түрлі адамдарға бейімделген. Жаулары қызғанып, ол жайында: “Өзі салықшылар мен күнәкарлардың досы екен”,— деген (Мат. 11:19). Біз де әртүрлі адамдармен Иса сияқты қызметтесеміз бе? Луис деген ер бауырлас аудандық бақылаушы болғанда және Бетелде қызмет еткенде, түрлі ортадан шыққан бауырластармен араласқан. Ол былай дейді: “Мен түрлі адамдармен қызметтескенде, пішіндері әртүрлі тастардан қабырға тұрғызып жатқандай болатынмын. Оларды бір-біріне қалау үшін күш салу керектігі рас, бірақ қабырғаны түзу қылып шығаруға болады. Бауырластармен бірлесе атқарған еңбегіміз жемісті болу үшін, мен де иліккіш болуға көп күш салдым”.
Жақсы қызметтесетін адам “білгеніммен бөліссем, өз ықпалымнан айырылып қаламын” деп қорықпайды
Жергілікті қауымда қандай істерде қызметтестік рухын танытсақ болады? Мысалы, уағыздайтын тобымызбен қызмет еткенде. Біздің топтағы жариялаушылардың отбасылық жауапкершіліктері немесе жастары әртүрлі шығар. Олар қызметтен көбірек қуаныш алулары үшін, солардың жылдамдығына және таңдаған қызмет түріне бейімделе аласыз ба?
3-ПРИНЦИП: “БӨЛІСУГЕ ДАЯР БОЛЫҢЫЗ”
Басқалармен жақсы қызметтесетін адам “бөлісуге даяр” (Тім. 1-х. 6:18). Иса Әкесімен қызметтескенде, оның атқарып жатқан ісін жасырмай, ашық жасайтынын байқаса керек. Ехоба “аспанды дайындағанда”, Иса “сонда болып”, одан үйренген (Нақ. с. 8:27). Кейін ол “Әкесінен естігендерінің бәрін” шәкірттеріне де қуана үйреткен (Жох. 15:15). Біз де бауырластармен білімімізбен және тәжірибемізбен бөлісуге асық болуымыз керек. Біз “басқалар да білуі керек немесе оларға пайдалы болатын мәліметті айта берсем, кейін өз билігімнен, орнымнан айырылып қаламын ғой” деп ойламаймыз. Қайта, білгенімізбен бөлісіп, оларға көмектесуге қуаныштымыз.
Қызметтес бауырластарымызға жігерлі сөздер айтып отыру да маңызды. Біреу еңбегімізді байқап, шын жүректен алғыс білдіріп жатса, өте риза болып қаламыз, солай емес пе?! Иса да шәкірттерінің жақсы істерін байқап, мақтап отырған (Матай 25:19—23; Лұқа 10:17—20 салыстырыңыз). Ол тіпті шәкірттерінің өзінікінен де “зор істер жасайтынын” айтқан (Жох. 14:12). Өлер алдындағы түні ол адал елшілерін: “Қиындыққа ұшыраған кездерімде менімен бірге болған сендерсіңдер”,— деп мақтаған (Лұқа 22:28). Бұл сөздер бойларына қанат бітіріп, одан да көп жақсылық істеуге талпындырғаны сөзсіз! Біз де уақыт бөліп, қызметтес бауырластарымызды мақтап отырсақ, қуаныштары артып, ал еңбектері өнімдірек бола түседі.
СІЗ ЖАҚСЫ ҚЫЗМЕТТЕС БОЛА АЛАСЫЗ!
Кайод деген ер бауырлас былай дейді: “Жақсы қызметтесу үшін кемелді болудың қажеті жоқ. Бірақ айналамызға шуақ шашып, ауыр жұмысты өзгелер үшін жеңілдете аламыз”. Сіз осындай қызметкерсіз бе? Бұны білу үшін мәсіхші әріптестеріңіздің ойларын сұрап көрсеңіз болады. Олар өздерін сіздің қасыңызда Исамен қызметтескен шәкірттер сияқты сезінсе, сіз де Пауыл сияқты былай айта аласыз: “Қуанышты болуларың үшін өздеріңмен қызметтесіп жүрміз” (Қор. 2-х. 1:24).