Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

49-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Мұсаның 3-жазбасы өзгеге қалай қарауымыз керектігін үйретеді

Мұсаның 3-жазбасы өзгеге қалай қарауымыз керектігін үйретеді

“Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй” (МҰС. 3-Ж. 19:18).

109-ӘН “Бір-біріңді барынша жақсы көріңдер”

АҢДАТПА *

1, 2. Алдыңғы мақала не жайында болды және осы мақалада не туралы білеміз?

 АЛДЫҢҒЫ мақалада Мұсаның 3-жазбасы 19-тарауға негізделген кейбір тиімді кеңестерге тоқталған едік. Мысалы, 3-тармақта Ехоба исраилдіктерге ата-аналарын құрметтеуді бұйырған болатын. Бұдан біз ата-анамызға материалдық, эмоциялық және рухани жағынан қамқорлық көрсетуге сабақ алдық. Дәл сол тармақта Ехоба халыққа Демалыс күнін ұстануды да айтқан еді. Бүгінде біз Демалыс күнін ұстанбасақ та, сол заңнан ғибадатымызбен байланысты істерге жүйелі түрде уақыт бөлуіміз керектігін білдік. Осылай етсек, Мұсаның 3-жазбасы 19:2 мен Петірдің 1-хаты 1:15-те айтылғандай, киелі болуға ұмтыламыз.

2 Бұл мақалада біз Мұсаның 3-жазбасы 19-тараудағы басқа да тармақтарды қарастырамыз. Нақты айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жандарға мейірімді болуды, іскерлік мәселеде адал болуды және өзгелерге сүйіспеншілік танытуды үйренеміз. Өйткені біз де Ехоба сияқты киелі болғымыз келеді.

МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА МЕЙІРІМДІ БОЛУ

Мұсаның 3-жазбасы 19:14 бізді құлағы естімейтіндер мен зағиптарға қалай қарауға талпындырады? (3—5 абзацтарды қараңыз) *

3, 4. Мұсаның 3-жазбасы 19:14-ке сай, Құдайдың халқы құлағы естімейтіндер мен зағиптарға қалай қарау керек болған?

3 Мұсаның 3-жазбасы 19:14 оқыңыз. Ехоба исраилдіктерден мүмкіндігі шектеулі жандарға мейірімді болуды талап еткен. Мысалы, ол: “Керең адамды қарғамаңдар”,— деген. Біреуді қарғау оған қоқан-лоқы көрсетуді немесе ол туралы жаман сөздер айтуды білдірген. Адамның құлағы естімейтінін және өзін қорғай алмайтынын пайдаланып, осылай қорлау не деген сорақылық!

4 Құдай өзінің қызметшілеріне 14-тармақта тағы былай деген: “Зағиптың алдына сүрінетін нәрсе тастамаңдар”. Мүмкіндігі шектеулі адамдар жайлы бір еңбекте былай делінген: “Ежелде Таяу Шығыста адамдар оларға әлімжеттік жасап, жәбірлейтін болған”. Сол заманда кейбір тасжүрек адамдар зағип кісіге қиянат жасау үшін немесе күлкі қылу үшін, алдына сүрінетін нәрсе қойса керек. Бұл неткен қатыгездік! 14-тармақтағы заңды беруімен Ехоба халқына жарымжан адамдарға жанашыр болуды үйреткен.

5. Кемістігі бар адамдарға біз қалай жанашырлық таныта аламыз?

5 Иса қандай да бір кемістігі бар адамдарға жанашырлық көрсеткен. Жақияға айтып жіберген сөздерінде ол: “Зағиптар көріп, ақсақтар жүріп, алапестер тазарып, саңыраулар естіп, өлгендер қайта тіріліп... жатыр”,— деген еді. Исаның осы кереметтерінің нәтижесінде “барша халық Құдайды дәріптеді” (Лұқа 7:20—22; 18:43). Бүгінде де мәсіхшілер Исаның жанашырлығын үлгі етуге асық. Олар мүмкіндігі шектеулі жандарға мейірімділік пен шыдамдылық танытады. Әрине, бізде Исанікіндей сауықтыратын күш жоқ. Бірақ біз тура мағынадағы және рухани мағынадағы зағиптарға ізгі хабарды жеткізу мәртебесіне иеміз. Біз адамдардың он екі мүшесі сау әрі рухани денсаулықтары мықты болатын жұмақ жайында қуана-қуана айтамыз (Лұқа 4:18). Осы ізгі хабардың арқасында қазірдің өзінде көп адам Құдайды дәріптеп жатыр.

ІСКЕРЛІК МӘСЕЛЕДЕ АДАЛ БОЛУ

6. Мұсаның 3-жазбасының 19-тарауы Он заңның мәнін қалай аша түседі?

6 Мұсаның 3-жазбасы 19-тараудан Он заңды жақсырақ түсінеміз. Мысалы, сегізінші заңда жай ғана: “Ұрлық жасама”,— делінген (Мұс. 2-ж. 20:15). Бұл заңды білетін адам “біреудің затын алмасам болды ғой” деп, ал өзі басқа жолдармен ұрлық жасап жүрген болуы мүмкін.

7. Саудагер сегізінші заңды қалай бұзып жүрген болуы мүмкін?

7 Мысалы, саудагер “мен біреудің затын алып, ұрлық жасап жүрген жоқпын” деп ойлайтын шығар. Бірақ ол жұмысын адал жасай ма? Мұсаның 3-жазбасы 19:35, 36-да Ехоба былай деген: “Ұзындықты, салмақты, көлемді өлшегенде, алдамаңдар. Таразыларың, кіртастарың, сусымалы және сұйық зат өлшеуіштерің тура болсын”. Демек, тұтынушыларды алдап, таразыдан жеу ұрлықпен тең болған. Бұны Мұсаның 3-жазбасы 19-тараудағы өзге тармақтардан жақсырақ түсінеміз.

Мұсаның 3-жазбасы 19:11—13 тармақтарға сай, бизнесі бар мәсіхші не туралы ойланғаны жөн? (8—10 абзацтарды қараңыз) *

8. Яһудилерге сегізінші заңның астарын түсінуге Мұсаның 3-жазбасы 19:11—13 тармақтар қалай көмектескен және біз бұдан қандай сабақ аламыз?

8 Мұсаның 3-жазбасы 19:11—13 оқыңыз. Мұсаның 3-жазбасы 19:11 “ұрлық жасамаңдар” деген сөздермен басталады. Ал 13-тармақтағы “алаяқтық жасамаңдар” деген сөздерден ұрлыққа іскерлік мәселедегі қулықтар да жататынын түсінеміз. Демек, яһудилер Мұсаның 3-жазбасы 19:11, 13-тармақтардың арқасында сегізінші заңдағы “ұрлық жасамаңдар” деген бұйрықтың астарында не жатқанын білген. Ехобаның арамдық пен ұрлыққа қатысты көзқарасына біз де ден қойсақ болады. Бұл үшін Мұсаның 3-жазбасы 19:11—13 тармақтарға ой жүгіртіп: “Бұл сөздердің маған қандай қатысы бар? Іскерлік мәселелер мен жұмысымда қай жағынан түзелсем болады?”— деп ойланайық.

9. Мұсаның 3-жазбасы 19:13-тегі заң жұмысшыларды қай жағынан қорғаған?

9 Бизнесі бар мәсіхші тағы бір салада адал болуы керек. Мұсаның 3-жазбасы 19:13-тің екінші жартысында: “Жалданған жұмысшының еңбекақысын таңертеңге дейін қалдырмай беріңдер”,— делінген. Кезінде жері бар исраилдік жалданған жұмысшыларға ақыларын әр күннің соңында беруі керек болған. Ал бермесе, жұмысшының отбасы сол күні аш қалар еді. “Өйткені ол мұқтаждық көріп, күні соған қарап отыр ғой”,— деді Ехоба (Мұс. 5-ж. 24:14, 15; Мат. 20:8).

10. Мұсаның 3-жазбасы 19:13-тен қандай сабақ аламыз?

10 Бүгінде көп жұмысшылар еңбекақыларын күнде емес, айына бір не екі рет алады. Кейбір бастықтар жұмысшыларының өзге жұмыс таппайтынын, тек сол жұмысқа тәуелді екенін пайдаланып, еңбектерінің ақысын жеп, дұрыс төлемейді. Былайша айтқанда, олар “жалданған жұмысшының еңбекақысын таңертеңге дейін қалдырмай беріңдер” деген сөздерге қайшы әрекет етеді (Мұс. 3-ж. 19:13). Алайда бұл заңның астарындағы принцип бүгінде де күшін жоғалтқан жоқ. Қандай да бір бизнесі бар мәсіхші осы принципке ден қойғаны жөн. Қазір Мұсаның 3-жазбасы 19-тараудан тағы қандай сабақ алатынымызды көрейік.

ӨЗГЕ АДАМДЫ ӨЗІМІЗДІ СҮЙГЕНДЕЙ СҮЮ

11, 12. Иса Мұсаның 3-жазбасы 19:17, 18-дегі сөздерді келтіргенде, не нәрсеге назар аударды?

11 Құдай өзінің қызметшілеріне басқа адамдарға жамандық жасамауды ескертеді. Бірақ Мұсаның 3-жазбасы 19:17, 18-ден (оқыңыз) көрінетіндей, ол бізден бұдан да көп нәрсені күтеді. Ехоба: “Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй”,— деген. Құдайға ұнамды болғысы келетін мәсіхшілердің барлығы осылай етуге міндетті.

12 Құдайдың Мұсаның 3-жазбасы 19:18-дегі талабын орындау қаншалықты маңызды екенін Иса да айтып кеткен. Бірде бір парызшыл одан: “Мұса Заңындағы ең басты заң қайсысы?”— деп сұрайды. Сонда Иса: “Ехоба Құдайыңды бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй! Бірінші әрі ең басты заң — осы”,— деп жауап береді. Сосын ол Мұсаның 3-жазбасы 19:18-дегі сөздерді келтіріп былай дейді: “Екіншісі де соған ұқсайды: “Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй” (Мат. 22:35—40). Өзге адамға сүйіспеншілік көрсетудің жолдары өте көп. Ендеше, қайтадан Мұсаның 3-жазбасы 19-тарауға оралып, соның кейбір жолдарын көрейік.

13. Қалайша Жүсіптің оқиғасы Мұсаның 3-жазбасы 19:18-ді жақсырақ түсінуге көмектеседі?

13 Өзгені сүйетінімізді көрсетудің бір жолы Мұсаның 3-жазбасы 19:18-де жазылған. Онда: “Ешкім.. өш алмасын, кек те сақтамасын”,— делінген. Көбіміз сыныптасына, әріптесіне, туысына не жақын адамына жылдар бойы кек сақтаған адамдарды білетін шығармыз. Мысалы, Жүсіптің он бауыры оны жек көріп кетіп, ақырында өштерін алды (Мұс. 1-ж. 37:2—8, 25—28). Бірақ Жүсіп кекке кек қайтарудан аулақ болды. Тіпті зор билікке ие болып, оларды жазалайтын мүмкіндігі болса да, бұлай етпеді. Мұсаның 3-жазбасы 19:18 оның заманынан кейін жазылса да, Жүсіп сол кеңесті қолданып, бауырларына кек сақтамай, қайта мейіріммен қарады (Мұс. 1-ж. 50:19—21).

14. Мұсаның 3-жазбасы 19:18-дің астарындағы принциптер әлі де өз күшінде екенін қайдан білеміз?

14 Кек те сақтамай, өш те алмай, керісінше бауырларын кешірген Жүсіп Құдайға ұнамды болғысы келетіндер үшін керемет үлгі! Иса да үлгілі дұғасында бізді өзімізге қарсы күнә жасағандарды кешіруге талпындырған (Мат. 6:9, 12). Сондай-ақ елші Пауыл: “Сүйікті бауырластар, өздерің үшін кек алмаңдар”,— деген (Рим. 12:19). Ол бауырластарына: “Әлдекімнің біреуге ренжуге себебі болса да, өзара төзімді болып, бір-біріңді кеңпейілмен кешіріңдер”,— деп кеңес берген (Қол. 3:13). Ехобаның осы принциптері әлі де өзгерген жоқ. Мұсаның 3-жазбасы 19:18-дегі заңның астарындағы принциптер бүгінде де өз күшінде.

Жараны шұқылай бермесек, ол тез жазылады. Сол сияқты бізді ренжіткен жайттарды ойлай бермей, оларды артта қалдыруға тырысқанымыз жөн (15-абзацты қараңыз) *

15. Реніш сақтамай, кешірудің маңызды екенін қандай мысалдан көреміз?

15 Мына мысалға назар аударайықшы: сезімі жараланған адамды жарақат алған адаммен салыстыруға болады. Жарақат кішкентай немесе үлкен болуы мүмкін. Мысалы, кейде хатқалтаны ашып жатып саусағымызды қағазға кесіп аламыз. Сол кезде қолымыз қатты ауырғанмен, бір-екі күн өте оны ұмытып та кетеміз. Сол сияқты досымыздың ойланбай айтқан сөзі не бір ісі көңілімізге тиетін шығар, бірақ біз оны кешіріп, болған жайтты тез-ақ ұмытып кетеміз. Ал жарақатымыз терең болған жағдайда дәрігер оны тігіп, дәкемен таңып қояды. Осындай кезде жарамызды ашып, шұқылай берсек, оны одан бетер асқындырып жібереміз. Біреу жанымызды қатты жаралағанда да осындай жағдай орын алуы мүмкін. Біз жанымыз қалай жараланғанын, көңілімізге тиген нәрсені қайта-қайта ойлай берсек, өз-өзімізге зияндық жасаймыз. Сондықтан іште реніш сақтамай, Мұсаның 3-жазбасы 19:18-дегі кеңеске құлақ асқанымыз қаншалықты маңызды!

16. Мұсаның 3-жазбасы 19:33, 34-те айтылғандай, исраилдіктер жатжерліктерге қалай қараған және біз бұдан қандай сабақ аламыз?

16 Ехоба исраилдіктерден өзге адамды сүюді талап еткенде, тек өз ұлтының адамдарын ғана емес, араларында тұрып жатқан жатжерліктерді де жақсы көруді айтқан. Бұл жайында Мұсаның 3-жазбасы 19:33, 34-тен (оқыңыз) білеміз. Құдайдың халқы жатжерліктерге “өз адамдарындай” қарап, “өздерін сүйгендей сүю” керек болған. Мысалы, исраилдік егіндігінен кедейлерге масақ қалдырғанда, жатжерліктерге де солай қалдыруы керек еді (Мұс. 3-ж. 19:9, 10). Бүгіндегі мәсіхшілер де осы принципке сай әрекет етіп, өзге ұлт адамдарына сүйіспеншілік көрсетеді (Лұқа 10:30—37). Мысалы, біз тұратын жерде иммигранттар көп шығар. Біз еркек, әйел не бала болсын — олардың барлығына құрметпен қарауымыз керек.

МҰСАНЫҢ 3-ЖАЗБАСЫ 19-ТАРАУДА АЙТЫЛМАҒАН МАҢЫЗДЫ ІС

17, 18. а) Мұсаның 3-жазбасы 19:2 мен Петірдің 1-хаты 1:15-те айтылғандай, біз не істеуіміз керек? ә) Елші Петір бізді қандай маңызды істі атқаруға шақырған?

17 Мұсаның 3-жазбасы 19:2 мен Петірдің 1-хаты 1:15-тегі сөздер Құдайдың халқын киелі болуға шақырады. Мұсаның 3-жазбасы 19-тараудағы тармақтардан нені істеп, ал қандай істерден аулақ болуымыз керектігін білдік. Алайда онда Ехобаның ықыласына ие болуға көмектесетін басқа да тармақтар көп *. Сол тармақтардағы принциптерді бүгінде де қолдануымыз керектігін Грек жазбалары растайды. Бірақ елші Петір істеуіміз керек тағы бір іс жайында айтқан.

18 Біздің атқаратын маңызды рухани істеріміз өте көп. Бірақ елші Петір солардың біреуіне ерекше тоқталып кеткен. Ол бізді киелі болуға шақырмас бұрын: “Ақыл-ойларыңды іс-әрекетке дайын ұстаңдар!”— деген (Пет. 1-х. 1:13, 15). Бұл іс-әрекетке не жатады? Петір Мәсіхтің майланған бауырларын оларды “шақырғанның керемет қасиеттерін барлық жерде жариялауға” талпындырған (Пет. 1-х. 2:9). Бүгінде барлық мәсіхшілер осы ең маңызды іске қатысу мәртебесіне ие. Бұл — адамдарға көп жақсылық әкелетін іс. Сондықтан біз уағыздау мен тәлім беру ісіне киелі халық ретінде жүйелі түрде әрі зор құлшыныспен қатысамыз! (Мар. 13:10). Мұсаның 3-жазбасы 19-тараудағы принциптерді зор ықыласпен орындасақ, Құдайды және өзгелерді жақсы көретінімізді дәлелдейміз. Осылайша “барлық іс-әрекетімізде киелі болғымыз” келетінін көрсетеміз.

111-ӘН Қуануға себеп көп

^ 5-абзац Мәсіхшілер Мұса Заңын ұстануға міндетті емес, десе де олар сол Заңнан өзгелерді сүюге және Құдайға ұнамды болуға қатысты көп сабақ алады. Ендеше, Мұсаның 3-жазбасы 19-тараудан нені істеп, ал нені істемеу керек екенін білейік.

^ 17-абзац Осы және алдыңғы мақалада қарастырылмай кеткен тармақтар алаламау, жала жаппау, қанды жемеу, бал ашпау, сиқыршылық және жыныстық азғындық жасамау туралы (Мұс. 3-ж. 19:15, 16, 26—29, 31; осы журналдағы “Оқырман сауалдарын” қараңыз).

^ 52-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ер бауырлас құлағы естімейтін бауырласқа дәрігермен сөйлесуге көмектесіп жатыр.

^ 54-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Сырлаумен байланысты бизнеспен айналысатын бауырлас жұмысшысына ақысын төлеп жатыр.

^ 56-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Әйел бауырлас саусағын кесіп алғанын тез-ақ ұмытып кетер. Ал үлкендеу жарақат алғанда солай етер ме екен?