Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

29-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Зор алапатқа дайынсыз ба?

Зор алапатқа дайынсыз ба?

“Дайын болыңдар” (МАТ. 24:44).

150-ӘН Құтқарылу үшін Құдайды іздейік

АҢДАТПА a

1. Апатқа неліктен алдын ала дайындалған дұрыс?

 “ҚАМДАНҒАН қапы қалмайды” дейді. Мәселен, төтенше жағдайға алдын ала дайындалып қойған адам өз өмірін аман сақтап қана қоймай, өзгелерге де көмек бере алады. Еуропаның адамдарға гуманитарлық көмек көрсететін бір ұйымының айтуынша, “дайындығымыз жақсы болса, өмірімізді аман сақтап қала аламыз”.

2. Зор алапатқа неге алдын ала дайындалған дұрыс? (Матай 24:44)

2 Төтенше жағдай сияқты, зор алапат та кенеттен басталады (Мат. 24:21). Бірақ бір айырмашылығы, көпшілікпен салыстырғанда, біз оның келетінін білеміз. Сонау екі мыңдай жыл бұрын Иса шәкірттеріне сол күнге дайын болуды ескертіп кеткен (Матай 24:44 оқыңыз). Алдын ала дайын болсақ, сол аласапыран уақытқа төтеп беру өзімізге оңай болады әрі басқаларға да көмектесе аламыз (Лұқа 21:36).

3. Зор алапатқа дайын болу үшін неге табандылық, жанашырлық пен сүйіспеншілік қажет?

3 Мәселен, зор алапатта адамдарға бұршақтай қатты тиетін үкімді айту керек болса, ал олар бізге қарсы шығып жатса, не істейміз? (Аян 16:21). Ехобаның бізді қорғайтынына сеніп, айту керек хабарды айту үшін бізге табандылық қажет болады. Ал егер сол кезде бауырластар дүние-мүлкінен айырылып, түксіз қалса, не істейміз? (Абқ. 3:17, 18). Оларға жәрдем беру үшін бізге жанашыр болу қажет. Одақтасқан халықтар шабуылдап жатқандықтан, бауырластармен тар жерді тамашалап, бір жерде отыруға тура келсе, не істейміз? (Езек. 38:10—12). Ол да оңайға соқпайды, сондықтан бізге берік сүйіспеншілік қажет. Расында да, зор алапатқа дайын болу үшін қазірден бастап бізге осы үш қасиетті жетілдіру керек.

4. Табандылық, жанашырлық пен сүйіспеншілікті жақсарта беруіміз керектігін Киелі кітап қалай көрсетеді?

4 Құдай Сөзі табандылық, жанашырлық пен сүйіспеншілігімізді әрі қарай шыңдай беруге үндейді. Лұқа 21:19-да: “Табанды болуларыңмен жандарыңды сақтап қаласыңдар”,— делінген. Ал Қолостықтарға 3:12: “Жанашырлыққа... бөленіңдер”,— дейді. Салоникалықтарға 1-хат 4:9, 10-да болса: “Бір-біріңді сүюді сендерге Құдай үйретіп жатыр ғой... Бірақ, бауырластар, біз сендерді осы жағынан әрі қарай да жақсара беруге шақырамыз”,— деп жазылған. Бұл сөздерді естіген мәсіхшілер аталмыш қасиеттерді онсыз да танытып жүрген. Сонда да оларға осы жағынан жақсара беру керек еді. Демек, бізге де солай ету керек. Ендеше, I ғасырдағы мәсіхшілер бұл қасиеттерді қалай танытқанын қарастырып өтейік. Сондай-ақ оларды біз қалай таныта алатынымызды және зор алапатқа қалай дайын бола алатынымызды білеміз.

ТАБАНДЫЛЫҒЫҢЫЗДЫ ШЫҢДАЙ БЕРІҢІЗ

5. I ғасырдағы мәсіхшілер ненің арқасында қиыншылықтарға табандылықпен төтеп берді?

5 Неліктен I ғасырдағы мәсіхшілерге табандылық қажет болды? (Евр. 10:36). Барлық адамның басына түсетін ауыртпалықтардан бөлек, олар басқа да қиындықтар көрген. Діни жетекшілер мен Рим үкіметіне қоса, өз туғандары оларға қарсы шығып, қуғындады (Мат. 10:21). Оның үстіне, олар қауымда алауыздық тудырып жүрген жолдантаюшылардың ілімдеріне қарсы тұру керек еді (Ел. іс. 20:29, 30). Бірақ осының барлығына олар табандылықпен төтеп берді (Аян 2:3). Ненің арқасында? Олар Жазбалардағы Әйүп пайғамбар сияқты табандылықтың үлгілері жайлы ой жүгірткен (Жақ. 5:10, 11). Ехобадан күш сұрап дұға еткен (Ел. іс. 4:29—31). Сондай-ақ ақырына дейін табанды болса, мұның қандай жемісін көретіндерін ұмытпаған (Ел. іс. 5:41).

6. Қарсылыққа төтеп берген Меритадан не үйрендіңіз?

6 Біз де Киелі кітаптағы және әдебиеттеріміздегі табандылықтың үлгілері жайлы үнемі оқып-зерттеп, ойлансақ, қиындықтарға төзе аламыз. Мерита есімді албандық әйел бауырласымызға осы көмектескен. Туған-туыстары шындық үшін оны аяусыз ұрып-соққанда, ол қалай төтеп бергенін айтып берді. “Мен Әйүптің табандылығына қайран қалдым! Басына соншама азап түссе де, оның қайдан келіп жатқанын білмесе де, Әйүп: “Өле-өлгенше мінсіздігімнен таймаспын!”— деген (Әйүп 27:5). Онікімен салыстырғанда, менің сынақтарым түк емес қой! Бұл сынақтардың артында кім тұрғанын да мен жақсы білемін”,— дейді ол.

7. Қазір ауыр сынақтан өтіп жатпасақ та, нені үйрене бергеніміз жөн?

7 Табандылығымызды шыңдайтын тағы бір нәрсе — Ехобаға бар уайымымызды ақтарып, жиі-жиі дұға айту (Філіп. 4:6; Сал. 1-х. 5:17). Бәлкім, дәл қазір сізді қатты уайымдатып жатқан ауыр сынақ жоқ шығар. Бірақ көңіліңіз түскенде, не істеріңізді білмей дал болғанда, бірден дұға айтып, Ехобадан ақыл сұрайсыз ба? Күнделікті майда-шүйде мәселеде Ехобаға арқа сүйеп үйренсеңіз, алдағы үлкен сынақта да бірден солай етесіз. Осылайша Ехоба сіз үшін дәл уақытында және дәл керек жолмен әрекет ететініне сенімді боласыз (Зәб. 27:1, 3).

ТАБАНДЫЛЫҚ

Әрбір қиындық келесісіне төтеп бере алатындай мықты қылады (8-абзацты қараңыз)

8. Сынақта табанды тұруды қазірден үйренсек, болашақта да табанды тұратынымызды Мираның мысалы қалай растайды? (Жақып 1:2—4) (Суретті де қараңыз.)

8 Қазірден бастап сынақтарға табандылықпен төтеп берсек, кейін зор алапатта өзімізге анағұрлым жеңіл болады (Рим. 5:3). Мұны көп бауырластар өз басынан өткерген. Олардың айтуынша, әрбір сынақты артта қалдырған сайын, келесісіне төтеп беруге дайын болады екенсің. Қалай? Сынаққа Ехобаның көмегімен төтеп бергенде, табандылығың шыңдалып, Ехоба ешқашан көмексіз қалдырмайтынына сенімің қатаяды. Осындай сенім келесі сынақтарда табанды тұруға көмектеседі (Жақып 1:2—4 оқыңыз). Албанияда тұратын Мира есімді ізашар осыған дейін табанды тұрғанының арқасында әлі де табанды болып келе жатқанын айтып берді. Оған “осы мен ғана қиындықтан көз ашпаймын” деген ойлар келеді екен. Сондайда Мира соңғы 20 жыл бойы Ехоба қалай демеп келе жатқанын есіне алып: “Осыншама жылдар бойы қаншама күресті Ехобамен бірге жеңіп шыққаның зая кетсін демесең, соңына дейін адалдық сақта!”— деп өзін іштей қайрап отырады екен. Сіз де осы уақытқа дейін Ехобаның қалай қолдап-қуаттап келе жатқанын ойлаңыз. Ол сіздің әрбір сынаққа төтеп берген сәтіңізді ұмытпай, міндетті түрде сый беретініне еш күмәнданбаңыз (Мат. 5:10—12). Сонда зор алапат келгенде, табандылығыңыз әбден шыңдалғандықтан, ақырына дейін төтеп беруге тастай бекінесіз.

ЖАНАШЫР БОЛЫҢЫЗ

9. Антиохиядағы қауым жанашырлығын қалай көрсетті?

9 I ғасырда Яһудея жерін қатты аштық жайлаған кезді алайықшы. Бұны білгенде, Сирияның Антиохия қаласындағы мәсіхшілердің аштықта жүрген бауырластарына қатты жаны ашыса керек. Сол кезде олар бауырластарын аяп қана қоймай, мұны іс жүзінде көрсетті, яғни “әрқайсысы өз шамасына қарай Яһудеяда тұратын бауырластарына жәрдем жіберуді шешті” (Ел. іс. 11:27—30). Яһудея тым алыс жер болса да, бауырластарына қол ұшын созуға бұл еш кедергі болмады (Жох. 1-х. 3:17, 18).

ЖАНАШЫРЛЫҚ

Табиғи апатта жанашырлық көрсетуге дайын болайық (10-абзацты қараңыз)

10. Апаттан зардап шеккен бауырластарға жанашырлық танытудың қандай жолдары бар? (Суретті де қараңыз.)

10 Біз де бауырластардың қандай да бір апатқа я төтенше жағдайға ұшырағанын естісек, жанашырлық танытып, көмектесуге асық болайық. Ол үшін ақсақалдарға жолығып, көмектесу шарасына қалай атсалыса аламын деп сұрасаңыз болады немесе дүниежүзілік іске садақа жасасаңыз да, сол бауырластар үшін дұға етсеңіз де болады b (Нақ. с. 17:17). Мысалы, 2020 жылы COVID-19 пандемиясында дүниежүзі бойынша 950-ден аса Төтенше жағдайлар комитеті құрылды. Осы комитетте қызмет ететін бауырластарымыздың ерен еңбегіне алғысымыз шексіз. Жанашырлық қасиеті оларды гуманитарлық көмек пен рухани көмек көрсетуге және үйлерін я ғибадат орындарын жөндеп беруге, тіпті жаңадан соғып беруге талпындырды (Қорынттықтарға 2-хат 8:1—4 салыстырыңыз).

11. Қалайша біздің жанашырлыққа толы істеріміз Ехобаға мадақ әкеледі?

11 Апаттан соң бауырластарға көрсететін жанашырлығымыз сырт көзден таса қалмайды. Бұған Багам аралдарында болған бір оқиға дәлел. 2019 жылы соққан Дориан дауылынан сол жақтағы бір Патшалық сарайы қирап қалады. Бауырластар Патшалық сарайында жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатып, Куәгер емес мердігердің көмегіне жүгінеді. Бұл жұмыстың құны қандай болатынын сұрағанда, әлгі кісі былай деген екен: “Сендердің ұйымдарыңа бір жақсылық істегім келіп тұр. Жұмысым үшін де, құрал-жабдықтар мен материалдар үшін де сендерден ешқандай ақы алмаймын. Себебі бір-бірлеріңе жан аямай көмектесетіндеріңе қатты риза болдым”. Мына дүниеде басым көпшілік Ехобаны білмесе де, оның Куәгерлері жасап жатқан істерді байқайды. Біздің жанашырлығымызды көріп, адамдар “аса мейірімді” Әкемізге жақындап жатса, қандай керемет! (Ефес. 2:4).

12. Зор алапатқа дайын болу үшін неліктен қазірден бастап жанашырлық танытып үйренгеніміз жөн? (Аян 13:16, 17)

12 Ал зор алапатта жанашырлық танытудың маңыздылығы арта түспек. Киелі кітапта айтылып кеткендей, осы дүниенің саясатын қолдамағандар қазірдің өзінде де, зор алапатта да қиындықтар көреді (Аян 13:16, 17 оқыңыз). Зор алапатта бауырластар тіпті тіршілікке ең қажетті нәрселердің өзіне зәру болып қалуы мүмкін. Сондықтан сол кезеңде де барынша жанашыр болғанымыз маңызды. Сонда Патшамыз Иса Мәсіх адамзатты соттауға келгенде, бізді “Патшалығын мұра етуге” лайықты деп табады (Мат. 25:34—40).

СҮЙІСПЕНШІЛІГІҢІЗ АРТА БЕРСІН

13. Римдіктерге 15:7-де айтылғандай, алғашқы мәсіхшілер араларындағы сүйіспеншілікті қалай нығайтып отырған?

13 Алғашқы мәсіхшілер бір-біріне деген ерекше сүйіспеншілігімен танылған. Бірақ бір-бірін сүю оларға оңай болды ма? Ол кездегі қауымдарда әртүрлі бауырластар болғанын ескерсек, оңай болмаған. Мысалы, Римдегі қауымда Мұса Заңының тәрбиесімен өскен яһудилер ғана емес, мүлдем басқа ортадан шыққан өзге ұлт адамдары да болған. Араларында құл мен еріктілер де, құл иеленушілер де болған. Осындай әралуандыққа қарамастан, қалайша олар бір-бірін жақсы көрді? Елші Пауыл оларға “бір-біріңді қабылдаңдар” деп кеңес берген (Римдіктерге 15:7 оқыңыз). “Қабылдау” деп аударылған түпнұсқадағы сөз адамды жылы әрі құшақ жая қарсы алып, үйіңе кіргізуді я өз ортаңа қосуды білдірген. Мысалы, Пауыл Філімонды қашып кеткен құлы Онисымды “жылы қабылдауға” шақырған (Флм. 17). Ал Прискила мен Ақила Аполлосты Құдай жолы туралы білімі аз болса да, “өздерімен бірге алып кетіп”, орталарына қосқан (Ел. іс. 18:26). Демек, алғашқы мәсіхшілер әртүрлі екенбіз деп жік-жікке бөлінбей, қайта бір-бірін жылы қабылдай білген.

СҮЙІСПЕНШІЛІК

Бауырластардың барлығын да сүюіміз керек (15-абзацты қараңыз)

14. Анна бауырлас пен күйеуі қалай сүйіспеншілік көрсетті?

14 Біз де бауырластарды өз ортамызға қабылдап, оларға сүйіспеншілік танытайық. Сонда өзіміз де олардың сүйіспеншілігіне бөленеміз (Қор. 2-х. 6:11—13). Анна бауырластың осыған көзі жетті. Ол күйеуімен Батыс Африкаға миссионер болып тағайындалған соң, артынша COVID-19 пандемиясы басталып кетеді. Жаңа бауырластармен жүзбе-жүз көрісіп, танысуға мүмкіндік болмағандықтан, олар басқа амалын табады. Екеуі бауырластармен бейнеконференция арқылы байланысып, олармен танысуға асық екендерін айтады. Осындай ықыластарына бауырластар қатты риза болып, оларға өздері хабарласып, жазып тұратын болыпты. Миссионерлерді жаңа қауыммен бірінші болып танысуға не талпындырды? Анна былай дейді: “Сүюді мен кезінде бауырластарымнан үйренгенмін. Өмірдің ащы-тұщысында олар маған да, отбасыма да, зор сүйіспеншілік көрсетті. Олардың жақсылықтары жүрегімде мәңгілікке сақтаулы”.

15. Бауырластардың бәрін сүюге қатысты Ванессадан не үйренеміз? (Суретті де қараңыз.)

15 Көбіміз өскен орталары, алған тәрбиелері және болмыстары әртүрлі бауырластармен бір қауымдамыз. Оларға деген сүйіспеншілігіміз нығаю үшін жақсы қасиеттерін көре білгеніміз жөн. Жаңа Зеландияда тұратын Ванесса бауырластың қауымдағы кейбір жариялаушылармен басы піспеген екен. Бірақ кейін сол бауырластардан қаша бермей, жақынырақ араласып көруді шешіпті. Содан, Ванесса оларды Ехоба не үшін сүйетінін көре бастайды. Ол былай дейді: “Күйеуім аудандық бақылаушы болғанда, нағыз саналуандықты сонда көрдік. Бірақ олармен оп-оңай тіл табысып кеттім. Болмысымыздың әртүрлі болғаны қазір маған ұнайды. Бұл Ехобаға да ұнайды, әйтпесе бізді түрлі бауырластардан тұратын қауымға жақындатып тартып, басымызды қоспас еді”. Басқалардың бойынан Ехоба көретінді байқап үйренсек, оларды сүйетінімізді көрсетеміз (Қор. 2-х. 8:24).

Бауырластармен ынтымақ-бірлік сақтасақ, зор алапатта Ехоба бізді қорғап қалады (16-абзацты қараңыз)

16. Неліктен зор алапатта сүйіспеншіліксіз болмайды деп айта аламыз? (Суретті де қараңыз.)

16 Зор алапатта сүйіспеншіліктің қаншалықты маңызды болатынын қарастырайықшы. Зор алапат басталғанда Ехоба бізді қалай қорғайды? Ежелде Бабылға шабуыл жасалғанда, Ехоба сондағы халқына былай деп нұсқау берген: “Халқым, барып, ішкі бөлмелеріңе кіріңдер де, Есіктеріңді жауып алыңдар. Құдайдың қаһары басылғанша, Азғана уақыт жасырына тұрыңдар” (Ишая 26:20). Зор алапатта бізге де дәл осы нұсқауға бағыну қажет болуы мүмкін. Мұндағы “ішкі бөлмелер” қауымдарды білдірсе керек. Демек, қауымдағы бауырластармен бірлік сақтап, иық тіресе қызмет етіп жүрсек, Ехоба зор алапатта бізді аман алып қалады. Сондықтан бауырластарға шыдап-төзіп қана қоймай, қазірден бастап оларды барынша жақсы көруге күш сала беруіміз қажет. Біздің аман қалу-қалмауымыз соған байланысты болып қалуы мүмкін!

ҚАЗІРДЕН ДАЙЫН БОЛЫҢЫЗ

17. Қазірден бастап дайындалсақ, зор алапатта не істей аламыз?

17 “Ехобаның ұлы күні” бүкіл адамзаттың басына ауыр қасірет болып тумақ (Соф. 1:14, 15). Сол кезде оның халқы да біраз ауыртпашылық көреді. Бірақ қазірден бастап дайындалсақ, сабырлы қалпымыздан айнымай, басқаларға да көмектесе аламыз. Қандай қиындық болса да, барлығына табандылықпен төтеп береміз. Бауырластарымыз қиналып қалса, жанашырлық танытып, оларға қол ұшын созамыз. Оларды қазірден бастап сүюге күш салғандықтан, сол кезде де тонның ішкі бауындай боламыз. Сонда Ехоба бізге апат пен алапат дегендер атымен жоқ болатын мәңгілік өмірді сыйлайды (Ишая 65:17).

144-ӘН Зор сыйға назар тігейік

a Зор алапаттың басталатын уақыты таяп қалды. Ешқашан тарихта болмаған сол аласапыран кезеңге дайын болу үшін бізге табандылық, жанашырлық және сүйіспеншілік қасиеттері өте қажет. Сондықтан I ғасырдағы мәсіхшілер бұл қасиеттерді танытуды қалай үйренгенін, біз қалай үйрене алатынымызды әрі осы үш қасиет зор алапатта неге қажет болатынын талқылап өтейік.

b Төтенше жағдайда көмектесу шарасына атсалысамын десеңіз, “Жергілікті жобалау және құрылыс ісінің еріктісі болуға өтініш” (DC-50) қағазын немесе “Ерікті қызметші болуға өтініш” (A-19) қағазын толтырыңыз, сосын жобаға шақырғанын күтіңіз.