12-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
77-ӘН Түнекті жарып шыққан нұр
Түнектен қашық, жарыққа асық болыңыз!
“Кезінде сендер түнек едіңдер, ал енді. . . жарықсыңдар” (ЕФЕС. 5:8).
НЕГІЗГІ ОЙ
Ефестіктерге арналған хаттың 5-тарауындағы “түнек” пен “жарық” деген теңеулерден өзімізге алар сабақтар.
1, 2. а) Ефестіктерге арналған хат қандай жағдайда жазылған? ә) Осы мақалада не талқылаймыз?
РИМДЕ үй қамауында отырғандықтан, елші Пауыл бауырластармен көрісе алмайтын. Бірақ олардың жігерін қайрау мақсатында ол хат жазуды шешті. Солардың бірі — шамамен б.з. 60 я 61 жылдары жазылған Ефестіктерге арналған хат (Ефес. 1:1; 4:1).
2 Содан он жылдай уақыт бұрын Пауыл Ефес қаласында біраз уақыт болып, ізгі хабарды уағыздап, тәлім берген (Ел. іс. 19:1, 8—10; 20:20, 21). Ол сондағы бауырластарды қатты жақсы көрді әрі оларға Ехобаға адалдық сақтауға көмектескісі келді. Бірақ Пауыл сол майланған бауырластарға неге жарық пен түнек туралы жазды? Оның берген кеңесінен барлық мәсіхшілер қандай сабақ алады? Осы сұрақтарды қарастырайық.
ТҮНЕКТЕН ЖАРЫҚҚА ШЫҒУ
3. Ефестіктерге жазған хатында Пауыл қандай теңеулерді қолданған?
3 Пауыл Ефестегі бауырластарға: “Кезінде сендер түнек едіңдер, ал енді. . . жарықсыңдар”,— деген (Ефес. 5:8). Пауылдың “түнек” пен “жарық” деген теңеуді қолданған себебі — бір-біріне қарама-қайшы күйді айтқысы келген. Алдымен, Пауыл ефестіктердің бұрынғы күйін неге түнекке теңегенін білейік.
4. Ефестіктер неге діни қараңғылықта жүрді?
4 Діни қараңғылық. Шындықты біліп, мәсіхші болмас бұрын ефестіктер жалған діннің ілімдері мен ырымшылдықтың құрсауында болған. Ежелде Ефес қаласында әлемнің жеті кереметінің бірі деп дәріптелген әйел тәңір Артемиданың ғибадатханасы орналасқан еді. Ол ғибадатханаға барған адамдар пұттарға табынатын. Бұл қалада Артемиданың кішкентай ғибадатханаларын жасап, сату өте табысты жұмыс болған (Ел. іс. 19:23—27). Қала берсе, онда сиқырлықпен айналысатындар да жетерлік еді (Ел. іс. 19:19).
5. Ефестіктер неге моральдық қараңғылықта жүрді?
5 Моральдық қараңғылық. Ежелде Ефес азғындық пен өрескел қылықтарға белшесінен батқан қала болған. Театр сахналарында, тіпті діни мерекелерде ұятсыз, тұрпайы әңгімелер көп айтылатын (Ефес. 5:3). Қала тұрғындарының көбісі “ұяттан әбден безген” еді. Түпнұсқадағы бұл тіркес сөзбе-сөз “ауруды сезбей қалған” деп аударылады (Ефес. 4:17—19). Демек, ненің шынымен де дұрыс, ал ненің бұрыс екенін білмей тұрғанда, ефестіктердің ар-ұжданы еш мазаламаған және Ехобаның алдында титтей де жауапкершілік сезінбеген. Сондықтан да Пауыл ондай адамдарды “саналарын қараңғылық басып, Құдайдан келетін өмірден шет қалғандар” деп сипаттаған.
6. Пауыл неге ефестіктерге “енді жарықсыңдар” деді?
6 Дегенмен ефестіктердің кейбірі сол түнектен шықты. Пауыл оларға: “Енді Иемізбен бірлікте болғандықтан жарықсыңдар”,— деді (Ефес. 5:8). Себебі бұдан былай олар Ехобаның Сөзінің жарығымен жүретін болды (Зәб. 119:105). Бұл ефестіктер жалған діннің істерін де, азғындықты да тастады. Олар “Құдайға еліктейтін” болды әрі оған ғибадат етіп, ұнамды болу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады (Ефес. 5:1).
7. Біз Ефестегі мәсіхшілерге қай жағынан ұқсаймыз?
7 Олар сияқты біз де шындықты білмес бұрын, діни және моральдық жағынан түнекте жүрдік. Біріміз жалған діннің мейрамдарын тойлап жүрсек, біріміз өнегесіз өмір салтын кештік. Бірақ кейін Ехобаның дұрыс пен бұрысқа қатысты нормаларын білген соң, өмірімізді өзгертіп, оның талаптарына сай өмір сүре бастадық. Осылай етудің көп пайдасын да көрдік (Ишая 48:17). Бірақ күресіміз әлі де жалғасуда. Өйткені бізге бұдан былай да түнектен аулақ жүріп, “жарықтың балаларындай өмір сүру” керек. Ол үшін не істейміз?
ТҮНЕКТЕН ҚАШЫҚ ЖҮРІҢІЗ
8. Ефестіктерге 5:3—5 тармақтарға сай, ефестіктер неден аулақ болу қажет еді?
8 Ефестіктерге 5:3—5 оқыңыз. Моральдық қараңғылыққа жоламау үшін ефестік мәсіхшілер Ехобаға ұнамайтын істерден бойларын аулақ ұстау керек еді. Бұған жыныстық азғындық жасамау ғана емес, тұрпайы сөздер айтпау да жататын. Пауыл оларды осындай істерден аулақ жүрмейтін болса, “Мәсіх пен Құдайдың Патшалығын мұра етпейтінін” ескертті.
9. Азғындық жасауға ықпал ететін кез-келген нәрседен неліктен аулақ жүруіміз керек?
9 Біз де “түнектің пайдасыз істерінің” торына түсіп қалудан барынша сақ болуымыз қажет (Ефес. 5:11). Талай рет дәлелденгендей, өнегесіз, таза емес нәрселерді көретін, тыңдайтын, айтатын адамның күнә жасап қоюы оп-оңай (Мұс. 1-ж. 3:6; Жақ. 1:14, 15). Бір елде бауырластар әлеуметтік желіде топ ашып, көп болып араласа бастайды. Басында олардың көбісі бұл топта рухани тақырыпта әңгімелер айтып жүрді. Бірақ бірте-бірте әңгімелері Ехобаға ұнамсыз тақырыпта өрби бастады. Сосын олардың айтатын сөздері негізінен жыныстық қатынас туралы болып кетті. Кейін сол топтағы бауырластардың біразы осындай лас әңгімелердің ықпалымен түбінде азғындық жасап қойғандарын мойындады.
10. Шайтан бізді қалай алдағысы келеді? (Ефестіктерге 5:6)
10 Шайтанның дүниесі бізді Ехоба азғын және таза емес дейтін істерді жасауда тұрған ештеңе жоқ деп адастырғысы келеді (Пет. 2-х. 2:19). Бұл жаңалық емес, себебі Шайтанның баяғыдан бері қолданатын тәсілі — адамдардың саналарын соқыр қылып, жақсы мен жаманды ажырата алмайтындай ету (Ишая 5:20; Қор. 2-х. 4:4). Көптеген фильм, телебағдарлама, сериалдар мен сайттар Ехобаның әділ нормаларына қайшы көзқарасты насихаттайтыны да сондықтан! Шайтан арам істер мен азғындықты жасауға болады деп қана қоймай, оларды қызықты әрі зиянсыз нәрсе етіп көрсеткісі келеді (Ефестіктерге 5:6 оқыңыз).
11. Анжеланың оқиғасы Ефестіктерге 5:7-дегі кеңеске құлақ асудың маңыздылығын қалай көрсетеді? (Суретті де қараңыз.)
11 Шайтан біздің Ехобаның талаптарын ұстануға кедергі жасайтын адамдармен араласқанымызды қалайды. Сондықтан Пауыл ефестіктерге Құдай алдында дұрыс емес әрекет ететін адамдармен “еш байланыстарың болмасын” деп ескерткен (Ефес. 5:7). Бізге тек жүзбе-жүз араласатын адамдар ғана ықпал етпейтінін есте ұстауымыз керек. Өйткені бізде Ефестегі бауырластарға төнбеген қауіп бар, ол — әлеуметтік желінің ықпалы. Азияда тұратын Анжела a деген бауырлас желінің қаншалықты қауіпті екенін түсінген. Ол былай дейді: “Әлеуметтік желі білдіртпей ойыңды өзгертіп тастайды екен. Бір кездері мен еш ойланбастан желідегі “достарымның” қатарына Ехобаның принциптерін ұстанбайтын адамдарды қоса бердім. Ақырында Ехобаға ұнамсыз жүріс-тұрыстың ешқандай жамандығы жоқ деп ойлай бастадым”. Қуанышқа орай, ақсақалдар сүйіспеншілікпен Анжелаға дұрыс әрекет етуге көмектесті. “Қазір мен санамды әлеуметтік желідегі ойлармен емес, рухани ойлармен толтырамын”,— дейді ол.
12. Ехобаның дұрыс пен бұрысқа қатысты талаптарын берік ұстануға не көмектеседі?
12 Біз азғындықты қалыпты нәрсе дейтін осы дүниенің көзқарасына қарсы тұруымыз қажет. Олардікі дұрыс емес екенін біз жақсы білеміз (Ефес. 4:19, 20). Өзімізді тексеру үшін былай деп ойлансақ болады: “Мен әріптестеріммен, сыныптастарыммен және басқа да Ехобаның талаптарын ұстанбайтын адамдармен қажетсіз араласпауға тырысамын ба? Өзгелер мені көзқарасың тар деп айыптап жатса да, Ехобаның заң-талаптарын батыл ұстанамын ба?” Бұған қоса, Тімөтеге 2-хат 2:20—22 дейінгі ойларды ескере отырып, біз қауымда да жақын достарды мұқият таңдауымыз керек. Өйткені қауымда да кейбіреулер Ехобаға адалдық сақтауымызға кедергі келтіруі мүмкін.
“ЖАРЫҚТЫҢ БАЛАЛАРЫНДАЙ ӨМІР СҮРУ”
13. “Жарықтың балаларындай өмір сүру” нені білдіреді? (Ефестіктерге 5:7—9)
13 Пауыл Ефестегі бауырластарды түнектен аулақ жүруге ғана емес, “бұдан былай да жарықтың балаларындай өмір сүре” беруге шақырды (Ефестіктерге 5:7—9 оқыңыз). Бұл нені білдіреді? Бірауыз сөзбен айтқанда, бұл барлық кезде шынайы мәсіхші болуды білдіреді. Бұл үшін бізге Киелі кітапты және басылымдарымызды мұқият оқып-зерттеу керек. “Осы дүние үшін жарық” болған Исаның үлгісі мен тәліміне ден қойғанымыз әсіресе маңызды (Жох. 8:12; Нақ. с. 6:23).
14. Киелі рух бізге қалай көмектеседі?
14 “Жарықтың балаларындай” әрекет ете беру үшін бізге Құдайдың киелі рухы да аса қажет. Себебі мына азғын дүниеде таза болып қалу қиын (Сал. 1-х. 4:3—5, 7, 8). Киелі рух бізге Құдайдың көзқарасына қайшы келетін осы дүниелік пікірлерге қарсы тұруға көмектеседі. Сонымен қатар осы рухтың көмегімен біз “әртүрлі игі, әділ” істер жасай аламыз (Ефес. 5:9).
15. Киелі рухқа қалай кенелсек болады? (Ефестіктерге 5:19, 20)
15 Киелі рухты алу үшін оны дұғада сұрауымыз қажет. Иса айтып кеткендей, Ехоба “өзінен сұрағандарға киелі рух беретіні еш шүбәсіз” (Лұқа 11:13). Қауым кездесулерінде бас қосып, Ехобаны мадақтағанда да біз киелі рухқа кенелеміз (Ефестіктерге 5:19, 20 оқыңыз). Осылайша киелі рухтың игі әсері бізді Құдайға ұнамды өмір сүруге талпындырады.
16. Дұрыс шешім қабылдау үшін не істесек болады? (Ефестіктерге 5:10, 17)
16 Маңызды шешімдер қабылдар алдында “Ехобаның еркін танып-біліп”, сол бойынша әрекет етуіміз керек (Ефестіктерге 5:10, 17 оқыңыз). Ал сол мәселеге қатысты Ехобаның ой-пікірін білу дегеніміз біздің жағдайымызға сай келетін Киелі кітап принципін табуды білдіреді. Сол принциптерге сай әрекет етсек, дұрыс шешім қабылдай аламыз.
17. Уақытты дұрыс пайдалануға не жатады? (Ефестіктерге 5:15, 16) (Суретті де қараңыз.)
17 Пауылдың ефестік мәсіхшілерге берген тағы бір кеңесі — уақытты дұрыс пайдалану (Ефестіктерге 5:15, 16 оқыңыз). Біздің жауымыз “Зұлым” Шайтан осы дүниенің тірліктерінен қолымыз еш босамай, Ехобаға қызмет етуге уақытымыз қалмасын дейді (Жох. 1-х. 5:19 сілт.). Мәсіхші Ехобаға қызмет етудің мүмкіндіктерін кейінге ысырып, жұмыс, ақша мен білім қуып кетуі мүмкін. Осыған жол бергені — оған осы дүниенің көзқарасы әсер етіп жатқанының белгісі. Негізі, бұл нәрселердің өзі жаман емес. Бірақ олар ешқашан да өміріміздің төріне шығып кетпеу керек. Ендеше “жарықтың балаларындай” өмір сүру үшін, “уақытымызды барынша тиімді пайдаланып”, шын мәнінде маңызды нәрселерге ұмтылайық.
18. Дональд бауырлас уақытын тиімдірек пайдалану үшін не істеді?
18 Ехобаға көбірек қызмет етудің амалын іздеңіз. Оңтүстік Африкада тұратын Дональд бауырласымыз осылай етті. “Мен өзімнің жағдайымды саралап-салмақтап, Ехобаға қызметімді одан да жемісті атқаруға көмектесші деп жалбарындым. Көбірек уағыздауға мүмкіндік беретін жұмыс табайыншы деп сұрадым. Ехобаның арқасында сондай жұмыс тауып алдым да. Сөйтіп, әйелім екеуміз қол ұстасып, толық уақытты қызметті бастап кеттік”,— дейді ол.
19. “Жарықтың балаларындай” өмір сүре беру үшін не істеуіміз қажет?
19 Пауылдың рухтың жетелеуімен жазған хаты ефестіктерге шындық жолынан таймауға көмектескені шүбәсіз. Бұл хаттың біз үшін де маңызы зор. Өйткені ол бізге көңіл көтеру түрін және араласатын ортамызды ақылмен таңдауға көмектеседі. Сондай-ақ Киелі кітапты зерттеудің тұрақты кестесін ұстану арқылы шындықтың шуағына шомыла бергіміз келеді. Бойымызда жақсы қасиеттерді жетілдіру үшін киелі рухқа кенелудің де маңыздылығын түсіндік. Пауылдың кеңесіне құлақ ассақ, даналықпен әрекет ете аламыз, яғни Ехобаның ой қалпына сай келетіндей шешімдер қабылдаймыз. Осыларды істей берсек, мына дүниенің түнегінен аулақ жүріп, жарықта қала береміз!
ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?
-
Ефестіктерге 5:8-дегі “түнек” пен “жарық” нені білдіреді?
-
“Түнектен” қашық болу үшін не істеу керек?
-
“Жарықтың балаларындай өмір сүру” үшін не істеуіміз қажет?
95-ӘН Таң шапағы жарқырай түсуде
a Кейбір есімдер өзгертілген.
b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Елші Пауылдың Ефестіктерге арналған хатының көне көшірмесі.