Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

7-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

51-ӘН Біз Құдайға бағышталдық!

Назирлерден не үйренеміз?

Назирлерден не үйренеміз?

“Ол назир болған уақытының бәрінде Ехобаның алдында қасиетті болып қала беру керек” (МҰС. 4-Ж. 6:8).

НЕГІЗГІ ОЙ

Назирлердің үлгісінен біз Ехоба үшін кейбір нәрселерді құрбан етуге және батыл болуға үйренеміз.

1. Тарих бойы Құдайдың қызметшілері Ехобамен қарым-қатынастарын бағалайтынын қалай көрсетіп келеді?

 СІЗ Ехобамен қарым-қатынасыңызды бағалайсыз ба? Бұған сенімдіміз. Сіз сияқты Ехобамен достығын асылға балайтын адамдар ежелгі заманнан бері өте көп (Зәб. 104:33, 34). Ехобаға қызмет ету үшін олар көп нәрседен бас тартқан. Сондай кісілердің бірі — ежелгі Исраилде өмір сүрген назирлер. Назирлер деген кімдер және олар бізге қандай үлгі қалдырған?

2. а) Назирлер деген кімдер? (Мұсаның 4-жазбасы 6:1, 2) ә) Кейбір исраилдіктер неге назир антын беруді шешкен?

2 Еврей тілінен шыққан “назир” деген сөз “таңдалған”, “бөлектенген”, “бағышталған” деген мағынаны білдіреді. Осы мағынаға сай, назир деп Ехобаға ерекше жолмен қызмет ету үшін кейбір нәрселерден бас тартқан исраилдікті атаған. Мұса Заңы бойынша, ер не әйел адам Ехобаға ерекше ант беріп, қандай да бір уақыт аралығында назир болып жүруді шеше алатын a (Мұсаның 4-жазбасы 6:1, 2 оқыңыз). Осындай ант беретін адам басқа исраилдіктерден талап етілмейтін ережелерді ұстану керек болған. Міндетті болмаса да, кейбір исраилдіктер неге назир антын беремін деп шешкен? Олардың Ехобаға деген ыстық сүйіспеншілігі мен баталарына деген ризашылығы жүректеріне қозғау салған (Мұс. 5-ж. 6:5; 16:17).

3. Бүгінде Құдай халқы қай жағынан назирлерге ұқсайды?

3 Мұса Заңының орнына “Мәсіхтің заңы” келгенде, бұдан былай назир болудың қажеті болмады (Ғал. 6:2; Рим. 10:4). Десе де, назирлер іспетті, бүгінде Ехобаның қызметшілері оған бүкіл жан-тәнімен, бар ақыл-ойымен және бар күш-қуатымен қызмет еткісі келеді (Мар. 12:30). Біз Ехобаға бағышталғанда, осылай қызмет етуге өз еркімізбен ант етеміз. Осы уәдемізге сай өмір сүру үшін біз Ехобаның еркіне бойсұнамыз әрі кейбір нәрселерді құрбан етеміз. Осы мақалада назирлердің өз анттарын қалай берік ұстанғанын қарастыра отырып, өзімізге құнды сабақтар аламыз b (Мат. 16:24).

БАС ТАРТУҒА ДАЙЫН БОЛЫҢЫЗ

4. Мұсаның 4-жазбасы 6:3, 4-ке сай, назирлер неден бас тартқан?

4 Мұсаның 4-жазбасы 6:3, 4 оқыңыз. Назирлер ішімдіктің ешқандай түрін, жүзімнен жасалатын ешқандай өнімді, жүзімнің өзін де, мейізді де аузына алмау керек болған. Ал бұл тағамдар әдетте адамдардың дастарқанынан үзілмейтін және оларды ішіп-жегенде тұрған ештеңе жоқ етін. Киелі кітапта тіпті шарап “пенденің жүрегін қуантатын” Құдайдың сыйы деп айтылған (Зәб. 104:14, 15). Десе де назирлер осылардың рақатын көруден өз еріктерімен бас тартқан c.

Назирлер сияқты сіз де кейбір нәрселерден бас тартуға дайынсыз ба? (4—6 абзацтарды қараңыз)


5. Мадиан мен Марсела нені құрбан етеміз деп шешті және неге?

5 Бүгінде біз де Ехобаға көбірек беру үшін назирлер сияқты кейбір нәрселерді құрбан етеміз. Бұған бір мысал — Мадиан мен Марсела есімді ерлі-зайыпты d. Мадианның жалақысы жоғары болғандықтан, олар қымбат, әдемі пәтерде тұрып жатты. Олардың бар жағдайы жасалған еді. Бірақ бұл бауырластар Ехобаға көбірек қызмет еткісі келді. Сондықтан өмірлерін өзгертуге бекінді. “Біз шығынымызды біртіндеп азайта бастадық. Шағын пәтерге көшіп, көлігімізді сатып жібердік”,— дейді олар. Міндетті болмаса да, көбірек қызмет ете алу үшін олар осы нәрселерден бас тартуды шешті. Осындай шешім қабылдағандарына екеуі қуанышты әрі өмірлерінен қанағат алып жүр.

6. Мәсіхшілер неліктен кейбір нәрселерден бас тартады? (Суретті де қараңыз.)

6 Теократиялық іс-шараларға көбірек атсалысу үшін мәсіхшілер кейбір нәрселерден бас тартуға дайын (Қор. 1-х. 9:3—6). Мысалы, кейбіреулер өздері қалаған жұмыстан я үйден бас тартқан. Көпшілігі неке құруды я балалы болуды кейінге шегерген. Басқалары жақын адамдарынан алыс кетуге тура келсе де, қажеттілік көбірек жерге көшіп кеткен. Ехоба бізден осыларды құрбан ет деп талап етпейді әрі бұл бас тартқан нәрселер жаман деген сөз емес. Бірақ біз Ехобаға ең жақсымызды бергіміз келетіндіктен, осыларды құрбан етуге дайынбыз. Ехобаға қызмет ету үшін жасаған үлкенді-кішілі кез келген құрбандығыңыз ол үшін өте қымбат (Евр. 6:10).

ЕЛДЕН ЕРЕКШЕ БОЛУДАН ҚОРЫҚПАҢЫЗ

7. Назирлерде қандай қиындық болған көрінеді? (Мұсаның 4-жазбасы 6:5) (Суретті де қараңыз.)

7 Мұсаның 4-жазбасы 6:5 оқыңыз. Назирлер шаштарын қимауға ант беретін. Бұл олардың Ехобаға толық мойынсұнатынының көрінісі болған. Егер исраилдік ұзақ уақыттан бері назир болса, оның ұзын шашы өзгелерге бірден байқалатын. Айналасындағылар оның антын қолдап-құрметтесе, назирге жұрттан ерекше болу қиындық тудырмаған. Бірақ, өкінішке қарай, адамдар оларды барлық кезде қолдай бермеген. Мәселен, Амос пайғамбардың тұсында “назирлерге шарап ішкізуді қоймайтын” жолдан тайған исраилдіктер болған. Осылай олар назирлердің антын бұзғысы келген көрінеді (Амос 2:12). Демек, анттарына берік болып, жұрттан ерекшелену үшін назирлерге кейде зор батылдық қажет болған.

Антына берік назир елден ерекшеленуден қорықпаған (7-абзацты қараңыз)


8. Бенджаминнің оқиғасы сізді қалай жігерлендірді?

8 Ұялшақ не жасқаншақ мінезді болсақ та, біз Ехобаның көмегімен батыл бола аламыз, өзгелерден ерекшеленуден қорықпаймыз. Норвегияда тұратын он жасар Бенджамин есімді кішкентай бауырласымыздың оқиғасын алайық. Оның мектебінде соғыс болып жатқан Украинаны қолдау мақсатында бір үлкен іс-шара өткізіледі. Оқушылар Украинаның туы түстес киініп келіп, ән айту керек болды. Бұл шара ұлтшылдықпен байланысты болғандықтан, Бенджамин оған қатыспау үшін өзі бір шетте тұрды. Сонда мұғалім оны дауыстап шақырып: “Мұнда келсеңші, барлығымыз сені күтіп тұрмыз!”— дейді. Бенджамин мұғалімнің қасына келіп, батылдықпен былай дейді: “Мен саяси шерулерге қатыспаймын, бейтараптық сақтаймын. Негізінде, көп Ехоба куәгерлері соғысқа бармағаны үшін түрмеде отыр”. Мұғалімі оған түсінікпен қарап, бұл шарадан босатады. Бірақ сыныптастары “неге қатыспайсың?” деп, оны сұрақ астына алады. Бенджамин сол кезде қатты қобалжып, жылайын деп қалады. Бірақ оларға да әлгі сөздерін қайталап, батыл жауап береді. Бәрі аяқталған соң, Бенджамин ата-анасына Ехоба оған сенімін қорғауға қалай көмектескенін айтып берді.

9. Біз Ехобаның жүрегін қалай қуанта аламыз?

9 Ехобаның еркін орындауға бел буғандықтан, біз айналамыздағы адамдардың арасында ерекше көзге түсеміз. Мектепте я жұмыста “Ехоба куәгерімін” деп айту үшін бізге батылдық қажет. Мына дүниенің көзқарасы мен мінез-құлқы барған сайын құлдырап жатыр. Демек, бізге Киелі кітап принциптерін ұстану және ізгі хабарды айту да қиындай түседі (Тім. 2-х. 1:8; 3:13). Бірақ мынаны ұмытпаңыз: Ехобаға қызмет етпейтін адамдардан ерекшеленуден қорықпасақ, оның “жүрегін қуантамыз” (Нақ. с. 27:11; Малх. 3:18).

ЕХОБАНЫ БАСТЫ ОРЫНҒА ҚОЙЫҢЫЗ

10. Мұсаның 4-жазбасы 6:6, 7-дегі талапты орындау назирлерге оңай болған ба? Түсіндіріңіз.

10 Мұсаның 4-жазбасы 6:6, 7 оқыңыз. Назирлерге мәйітке жақындауға болмайтын. Бұл ережені ұстану, бір қарағанда, қиын емес болып көрінер. Бірақ ол заманда назирдің жақын туысы қайтыс болса, бұл талапты орындау кәдімгідей ауыр сынақ болған. Өйткені жерлеу салты бойынша, адам мәйіттің қасында болу керек болған (Жох. 19:39, 40; Ел. іс. 9:36—40). Бірақ назир болған адам ант бергендіктен, бұндай рәсімдерге қатыса алмайтын. Басына осындай ауыр қайғы түссе де, назирлер антынан таймай, мықты сенім танытқан. Әлбетте, Ехоба бұл адал жандарға күш беріп, қолдаған.

11. Отбасылық мәселелерде мәсіхші нені берік ұстанады? (Суретті де қараңыз.)

11 Біз де Ехобаға бағышталғанда берген антымызға үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Бұл тіпті біздің отбасылық мәселелерде қабылдайтын шешімдерімізге де әсер етеді. Біз отбасылық міндеттерімізді барынша жақсы атқаруға тырысамыз. Дей тұрғанмен үй ішіндегілердің қалауын орындаймыз деп Ехобаның талаптарынан аттамаймыз (Мат. 10:35—37; Тім. 1-х. 5:8). Тіпті Ехобаға ұнамды болу үшін кейде туыстарымызбен тату қарым-қатынасымызды құрбан етуге тура келуі мүмкін.

Ең қиын деген жағдайда да, Ехобаны басты орынға қоюға дайынсыз ба? (11-абзацты қараңыз) e


12. Отбасында қиын жағдай туындағанда, Александру бауырласымыз не істеді және не істемеді?

12 Александру мен Доринаның оқиғасын қарастырайық. Екеуі Киелі кітапты зерттеп жүргеніне бір жылдай болғанда, әйелі бұдан әрі зерттемеймін деп шешеді. Күйеуіне де тоқтатуды айтады. Бірақ Александру сабырмен әрі ілтипатпен әйеліне әрі қарай зерттей беретінін айтады. Бірақ әйелі мұнысын жақтырмай, зерттеуін тоқтатқызу үшін оған күн көрсетпейді. Оңайға соқпаса да, Александру әйелінің әрекеттерін барынша түсінуге тырысады. Әйелі оған шымшып сөйлеп, ауыр сөздер айтқанда, ол зерттеу сабағын тастай салғысы келетін. Десе де ол әрі қарай Ехобаны басты орынға қоя берді. Сөйте тұра, әйеліне махаббаты мен құрметін де көрсете берді. Ақырында, күйеуінің ізгі әрекеттеріне Доринаның жүрегі жібіп, қайтадан зерттеу сабағын бастайды да, шындыққа келеді (jw.org сайтының “Шындық адамның өмірін өзгертеді” деген топтамасынан “Александру мен Дорина Вакар. “Сүйіспеншілік шыдамды да мейірімді” атты бейнероликті қараңыз).

13. Ехобаға деген және отбасымызға деген сүйіспеншілігімізді қалай көрсете аламыз?

13 Отбасының негізін қалаған — Ехоба Құдайдың өзі, әрі ол отбасымыздың бақытты болғанын қалайды (Ефес. 3:14, 15). Сондықтан оның айтқанымен өмір сүрсек қана біз шын бақытты боламыз. Отбасыңыздың қамын жасап, сүйіспеншілік пен құрметке бөлей беріңіз. Осылай ете жүріп, Ехобаға да қызмет етуге күш салып жатқаныңызды ол аса бағалайды (Рим. 12:10).

БІР-БІРІМІЗДІ НАЗИРЛЕРГЕ ЕЛІКТЕУГЕ ШАҚЫРАЙЫҚ

14. Әсіресе кімдерді жігерлендіруіміз қажет?

14 Ехобаға ғибадат етемін деп шешкен жандардың барлығы оны сүйгендіктен кейбір нәрселерді құрбан етуге дайын. Бірақ көргеніміздей, кейде бұл оңайға соқпайды. Бір-бірімізге осындай рух танытуға қалай көмектессек болады? Өзгелердің рухын көтеретін жігерлі сөздер айтайық (Әйүп 16:5). Мысалы, қауымыңызда Ехобаға көбірек қызмет ету үшін тұрмыстарын қарапайым етуге ұмтылып жүргендер бар ма? Мектепте өзгелерден ерекшелену қиын болса да, батылдық танытып жүрген жас бауырластарды білесіз бе? Немесе отбасының қарсылығына қарамастан, адалдық сақтау үшін күресіп жүрген зерттеушілер мен бауырластар бар шығар. Ендеше, әрбір мүмкіндікті пайдаланып, осы аяулы бауырластарымызды жігерлендірейік. Ехоба үшін жасаған істері мен батылдықтары үшін мақтайық! (Флм. 4, 5, 7).

15. Кейбір бауырластар толық уақытты қызметшілерге қалай қолдау көрсетеді?

15 Сөзбен жігерлендіруден бөлек, біз толық уақыт қызмет етіп жүрген бауырластарға көмек қолын соза аламыз (Нақ. с. 19:17; Евр. 13:16). Шри-Ланкада тұратын аяулы қарт әйел бауырласымыз осылай еткен. Зейнетақысы көбейгенде, ол қауымында қаржылай қиындықтарға қарамай ізашар болып жүрген екі қыз бауырласқа жәрдем бергісі келеді. Сөйтіп, телефонға кеткен шығындарын жапсын деп, оларға ай сайын белгілі бір соманы беріп тұрады. Қолдау көрсетудің неткен әсем үлгісі!

16. Ежелде ұйымдастырылған назир антын беру шарасынан не білеміз?

16 Расында да, ежелде өз еріктерімен назир болған кісілерден өте құнды сабақтар алдық. Ал бұл шарадан Ехоба жайлы не білеміз? Ол біздің оған ұнамды болғымыз келетінін әрі бағышталғанда берген антымызға сай, кейбір нәрселерден бас тартуға дайын екенімізді жақсы біледі. Сондай-ақ оған деген сүйіспеншілігімізді білдіруді өз еркімізге қалдырып, бізді құрметке бөлеп отыр (Нақ. с. 23:15, 16; Мар. 10:28—30; Жох. 1-х. 4:19). Бұл шарадан тағы білеріміз — Ехобаға қызмет ету үшін нені құрбан еткенімізді ол байқайды әрі қатты бағалайды. Олай болса, лайым әрі қарай да Ехобаға ең жақсымызды беріп, талмай қызмет ете берелік!

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Назирлер нені құрбан етті және қалай батыл болды?

  • Бір-бірімізді назирлерге еліктеуге қалай талпындыра аламыз?

  • Назир болу шарасынан білгеніміздей, Ехоба бізге қай жағынан сенімді?

124-ӘН Әрдайым адалдық танытайық

a Ехоба бірнеше кісіні өзі назир етіп тағайындаған. Алайда исраилдіктердің басым көпшілігі өз еркімен назир болған (“ Ехоба тағайындаған назирлер” қоршауын қараңыз).

b Кейде біздің басылымдарда толық уақытты қызметшілер назирлерге теңеледі. Ал бұл мақалада біз Ехобаның барлық бағышталған қызметшілері назирлерге қалай еліктей алатынын білеміз.

c Жалпы алғанда, назирлерге анттарын ұстану үшін қандай да бір жұмыс істеу сияқты қосымша міндеттеме жүктелмеген көрінеді.

d jw.org сайтындағы “Ехоба куәгерлерінің бастан кешкен оқиғалары” топтамасынан “Біз өмірімізді қарапайым еттік” деген мақаланы қараңыз.

e СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Отбасы мүшесінен айырылған назир жерлеу салтына шатырдың үстінен қарап тұр. Ехобаға ант бергендіктен, ол жақын бара алмайды.