Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

12-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Өзгенің сезіміне сезімтал болайық

Өзгенің сезіміне сезімтал болайық

“Қайғыға ортақтас... болыңдар” (ПЕТ. 1-Х. 3:8).

90-ӘН Бір-бірімізді жігерлендірейік

АҢДАТПА *

1. Петірдің 1-хаты 3:8-ге сай, сезімдерімізді аялап, қамымызды ойлайтын адамдардың арасында болу бізге неліктен ұнайды?

СЕЗІМДЕРІМІЗДІ аялап, қамымызды ойлайтын адамдардың арасында болғанға не жетсін! Ондай адамдар өздерін өзгенің орнына қойып, олардың не ойлап, не сезінетінін түсінуге тырысады. Мұң-мұқтажымызды сезіп қойып, айтқызбай-ақ қол ұшын созады. Сан түрлі сезімдерімізге ортақтасатын * мұндай жандарға жанымыз риза (Петірдің 1-хаты 3:8 оқыңыз).

2. Жанашырлық таныту үшін неге біраз тер төгу қажет?

2 Мәсіхші болғандықтан, бәріміз жанашырлық танытқымыз-ақ келеді. Алайда бұл оңайлықпен бола қоймайды. Неге? Оның бір себебі — біз кемелсізбіз (Рим. 3:23). Сондықтан өзгеден гөрі өзімізді ойлауға бір табан жақынбыз. Туабітті осы бейімділіктен арылу үшін біраз тер төгу керек. Жанашырлықтан алыстататын тағы бір жайт — біздің тәрбиеміз бен өмірлік жағдайларымыз. Айналамыздағы адамдардың кері әсері де жоқ емес. Соңғы күндері біреу біреудің сезімімен санаса бермейді. “Адамдар тек қара басын ойлайтын” болып кеткен (Тім. 2-х. 3:1, 2). Жанашырлық танытуды тежеп тұратын осы себептерден қалай арылуға болады?

3. а) Өзгелердің сезіміне ортақтасуды қалай ұштасақ болады? ә) Бұл мақалада не қарастырамыз?

3 Сезімдерге ортақтасып, түсіне білетін Ехоба мен Исаға еліктесек, өзіміз де бұл жағынан жақсара түсеміз. Ехоба — сүйіспеншіліктің Құдайы. Ол өзгелердің қамын ойлаудың ең үздік үлгісін көрсетеді (Жох. 1-х. 4:8). Иса болса Әкесінің болмыс-бітіміне мінсіз түрде еліктеген (Жох. 14:9). Ол жерде жүргенде, адам баласы қаншалықты жанашыр бола алатынын паш етті. Бұл мақалада Ехоба мен Иса өзгелердің мұң-мұқтажын қалай сезінгенін білеміз. Сосын осы екі жанашыр тұлғаға қалай еліктей алатынымызды қарастырамыз.

ЕХОБАНЫҢ ЖҮРЕГІ СЕЗІМТАЛ

4. Ехоба өз қызметшілерінің сезімдерін ойлайтыны Ишая 63:7—9 тармақтардан қалай көрінеді?

4 Киелі кітапта Ехоба өз қызметшілерінің сезімдерін ойлайтыны жазылған. Мысалы, ежелде қиын жағдайда қалған исраилдіктерді көргенде, Ехобаның қандай күй кешкенін қарастырайықшы. Киелі кітапта: “Олар азап шеккенде, бұл оның жанына батты”,— делінген (Ишая 63:7—9 оқыңыз). Ал кейінірек Ехоба әлдекім халқына қиянат жасаса, өзіне жасалғандай сезінетінін айтты. “Кім саған тиіссе, сол менің көзімнің қарашығына тиіскені”,— деді ол (Зәк. 2:8). Ехобаның өз халқына деген қамқорлығын бұдан артық суреттеу мүмкін емес шығар!

Ехобаның исраилдіктерге жаны ашығандықтан, Мысырдағы құлдықтан босатты (5-абзацты қараңыз)

5. Жапа шеккен қызметшілеріне Ехоба қалай көмектескенін айтып беріңіз.

5 Ехобаның жапа шеккендерге құр жаны ашып қана қоймаған. Олардың ауыр жағдайларын жеңілдету үшін ол әрекет еткен. Мысалы, исраилдіктер Мысырда құлдықтың тауқыметін тартып жүргенде, Ехоба олардың жан қиналысын түсініп, содан арылтқысы келді. Ол Мұсаға былай деді: “Мен Мысырдағы халқымның тартқан қасіретін көрдім,.. зар илеген дауыстарын естідім. Сондай-ақ олардың қандай азап шегіп жатқанын жақсы білемін. Сондықтан оларды мысырлықтардың қолынан құтқару үшін төмен түсемін” (Мұс. 2-ж. 3:7, 8). Өз халқына жаны ашығандықтан, Ехоба оларды құлдықтан құтқарды. Ғасырлар өткен соң Уәде етілген жердегі исраилдіктерге жаулар шапқыншылық жасап отырды. Соны көрген Ехобаның күйі қандай болды? “Халқы қанаушыларынан жапа шегіп, жәбірлеушілерінің кесірінен күңіренгенде, Ехобаның оларға жаны ашитын”. Сол кезде де Ехобаның аяушылығы халқына жәрдем беруге түрткі салды. Ол исраилдіктерді жау қолынан құтқару үшін билерді жіберді (Би. 2:16, 18).

6. Ехоба ойы дұрыс болмаған қызметшілерінің сезімдерін елеп отыратыны қай оқиғадан көрінеді?

6 Ехоба ойы теріс болған қызметшілерінің де сезімдерін елеп отырады. Соның бір мысалы — Жүніс. Құдай оны Ниневия тұрғындарына үкім хабарын жариялауға жіберді. Сонда халық жаман жолынан қайтып, Ехоба оларды жоймауды шешті. Алайда Жүніске бұл шешім ұнаған жоқ. Оның жариялаған пайғамбарлығы орындалмағандықтан, ол “ренжіп, қатты ашуланды”. Бірақ Ехоба оған шыдаммен қарап, ойын түзетуге көмектесті (Жүніс 3:10—4:11). Уақыты келгенде Жүніс Ехобаның не үйретпек болғанын түсінді. Ехоба тіпті осы жағдайды Жүніске жаздыртып, бізге сабақ болсын деді (Рим. 15:4) *.

7. Ехобаның өз халқына жанашырлықпен қарағаны бізге қандай сенімділік береді?

7 Ехоба ежелде халқына қалай жанашырлықпен қараса, бүгінде де солай қарайтынына еш күмән жоқ. Ол әрбіріміздің күрсінісіміз бен қиналысымызды біледі. “Әр адамның жүрегінде не бары” оған аян (Шеж. 2-ж. 6:30). Ехоба жан баласына көрінбейтін жасырын ойларымызды көріп, жүрек түбіндегі сезімдерімізді сезіп, шама-шарқымыздың шегін біледі. Ол “шамадан тыс сыналуымызға жол бермейді” (Қор. 1-х. 10:13). Бұл уәдесі жанға сая, көңілге қуат емес пе?!

ИСАНЫҢ ЖҮРЕГІ СЕЗІМТАЛ

8—10. Өзгелердің сезімін ойлауға Исаға қандай жағдайлар әсер етті?

8 Жерде өмір сүрген кезде Иса өзге жандар үшін қатты қам жеген. Оның мұндай қалпына, кем дегенде, үш себеп бар. Біріншісі — жоғарыда айтып өткеніміздей, Иса көктегі Әкесінің болмыс-бітімін айны қатесіз танытқан. Әкесі сияқты ол да адамдарды сүйген. Ехобаға жарату ісінде қолғабыс болып, шыққан әр туындыға қуанса да, әсіресе “адам баласын ерекше жақсы көрді” (Нақ. с. 8:31). Осылай жақсы көргені оған өзгелердің сезімін ойлауға себеп болды.

9 Екіншісі — Ехоба сияқты Иса да адам жүрегінде не барын көре алған. Адамның ниетін, не сезініп тұрғанын біле алған (Мат. 9:4; Жох. 13:10, 11). Ол адамдардың жүрегі жаралы екенін көрсе, жаны ашып, жұбатуға дайын тұратын (Ишая 61:1, 2; Лұқа 4:17—21).

10 Үшінші себеп — адамдар кезігетін кей қиындықтарға Исаның өзі де кезіккен. Ол кедей отбасында өсті. Өгей әкесі Жүсіппен бірге жүріп, қара жұмыстың дәмін татты (Мат. 13:55; Мар. 6:3). Жүсіп Исаның қызметі басталмай тұрған уақытта дүниеден өтсе керек. Демек, Иса жақын адамды жоғалтудың қаншалықты ауыр екенін жақсы білген. Діни бөлінген отбасында өмір сүру де оған бейтаныс болмаған (Жох. 7:5). Осы және басқа да жайттар адамдардың нендей қиындықтарға кезігіп, нендей сезім кешетіндерін түсінуге түрткі болды.

Иса саңырау кісіні жұрттан былайырақ алып шығып, сауықтырып жатыр (11-абзацты қараңыз)

11. Исаның жанашырлығы қай кезде ерекше байқалды? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

11 Исаның жанашырлығы кереметтер жасаған кезде ерекше байқалды. Ол өзін міндет санағандықтан емес, қайғырған жандарды “аяп кеткендіктен” керемет жасаған (Мат. 20:29—34; Мар. 1:40—42). Мысалы, саңырау кісіні жұрт арасынан бөлек алып шығып, оның құлағын ашуға немесе бір жесір әйелдің жар дегенде жалғыз ұлын тірілтуге қандай сезімдер қозғау болғанын ойлап көріңізші (Мар. 7:32—35; Лұқа 7:12—15). Олардың қайғысын өз қайғысындай сезінгендіктен, Иса оларға көмекке келді.

12. Исаның Марта мен Мәриямның қайғысына ортақ екені Жохан 11:32—35 тармақтардан қалай көрінді?

12 Иса Марта мен Мәриямның қайғысына ортақтасты. Інілері Елазар қайтыс болып, қанаттары қайырылған әпкелері зар илеп жылағанда, “Иса көзіне жас алды” (Жохан 11:32—35 оқыңыз). Ол жақын досымнан айырылып қалдым-ау деп жоқтап жылаған жоқ. Себебі Елазарды тірілтемін деп келді ғой. Оның көзіне жас толтырған — өзіне ыстық болған достарының қайғы-мұңы еді.

13. Исаның жанашыр екенін білу неге рухымызды көтереді?

13 Исаның жанашыр екенін білгеніміз рухымызды көтеріп тастайды. Біз оның өзгелерге қалай қарағанына тәнті болып, осы үшін оны жақсы көреміз (Пет. 1-х. 1:8). Қазір Исаның Құдай Патшалығының тағында Патша болып отырғанына өте қуаныштымыз. Жуырда ол қайғы-қасірет атаулыны жоқ қылады. Өзі де кезінде адам болып жер басып жүргендіктен, адамзатты Шайтанның билігі салған жаралардан айықтыра алатын ең бірінші жанашырымыз — сол. Әлсіздіктерімізге жаны ашитын осындай билеушіміз бар екені неткен бата десеңізші! (Евр. 2:17, 18; 4:15, 16).

ЕХОБА МЕН ИСАНЫ ҮЛГІ ЕТІҢІЗ

14. Ефестіктерге 5:1, 2 бізді не нәрсеге талпындырады?

14 Ехоба мен Исаның үлгісі жайында ойлансақ, басқалардың сезімін аялап, ортақтас болуға талпынамыз (Ефестіктерге 5:1, 2 оқыңыз). Әрине, біз Ехоба мен Иса сияқты кемелді емеспіз, адамның жүрегінде не барын көре алмаймыз. Бірақ өзгенің сезімдері мен мұң-мұқтажын түсінуге күш салу қолымыздан келеді (Қор. 2-х. 11:29). Өзімшіл адамдар арасында өмір сүрсек те, “тек өз мүддемізді емес, басқалардың да мүддесін ойлауға” талпынамыз (Філіп. 2:4).

(15—19 абзацтарды қараңыз) *

15. Әсіресе кімдер жанашыр болу керек?

15 Әсіресе қауым ақсақалдарының жанашырлық танытқаны маңызды. Олар өздеріне сеніп тапсырылған қойларға қамқор болуға жауапты екендерін біледі (Евр. 13:17). Бір сенімдегі жандарға көмек ұсына алу үшін, ақсақалдарға сезімтал жүрек керек. Өзгенің сезіміне ортақтас екенін олар қалай көрсете алады?

16. Жанашыр ақсақал қандай болады және бұндай болған не үшін маңызды?

16 Жанашыр ақсақал бауырластарына уақыт табады. Ол сұрақтар қойып, сосын мұқият әрі шыдаммен тыңдайды. Құдайдың аяулы отарындағы қойлардың бірі ішіндегісін ақтарғысы келіп, бірақ ойын дұрыс жеткізе алмай жатса, сол қасиеттер аса маңызды (Нақ. с. 20:5). Ақсақал уақыт бөлуге ықыласты болса, бауырластармен достығы, бір-біріне деген сенім мен сүйіспеншіліктері нығаяды (Ел. іс. 20:37).

17. Көп бауырлас үшін ақсақалдардың бойындағы ең бағалы қасиет қандай? Мысал келтіріңіз.

17 Көп бауырластың айтуынша, олар үшін ақсақалдардың бойындағы ең бағалы қасиет — олардың бірге жылап, бірге күлетіні. Аделаида бауырлас былай дейді: “Сен оларға қысылмай жақындап, оңай сөйлесе аласың. Өйткені мол түсінікпен қарайтынын білесің. Олардың саған берген жауабынан сенің сезімдеріңді түсінетінін бірден аңғаруға болады”. Ақсақалдарға ризашылығы мол бір ер бауырлас былай деді: “Өз жағдайымды айтып беріп жатқанда, бір ақсақалдың көзінен жас ақты. Бұл көрініс мәңгілікке көз алдымда қалып кетті” (Рим. 12:15).

18. Бауырластардың сезімдерін ойлауды қалай үйрене аламыз?

18 Әрине, бауырластарға жанашырлық танытып, сезімдерін ойлау тек ақсақалдардың ғана міндеті емес. Бұл қасиетті бойымызда бәріміз де қалыптастыра аламыз. Қалай? Үйдегі жақыныңыз, түздегі бауырласыңыз қандай қиындықта жүргенін түсініп көріңіз. Қауымдағы жасөспірімдерге, науқас, ақ шашты қариялар мен жақынын жоғалтқан жандарға қамқорлық көрсетіңіз. Олардың халін сұраңыз. Жауаптарын ден қойып тыңдаңыз. Жағдайларын шынымен-ақ түсінетініңіз сезіліп тұрсын. Шамаңызға қарай көмек қолын ұсыныңыз. Осылайша сөз жүзінде ғана емес, сүйіспеншілігіңізді іс жүзінде де көрсетесіз (Жох. 1-х. 3:18).

19. Өзгелерге көмектескенде неге икемделе білген жөн?

19 Өзгелерге көмектескенде, икемделе білгеніміз жөн. Өйткені адамдар қиындықты әртүрлі көтереді. Біреулер сезімдерін сөйлеп шығарады, біреулер үнсіз қайғырады. Осыны ескеріп, адамды ыңғайсыз жағдайға қалдыратын сұрақтар қоймағанымыз абзал (Сал. 1-х. 4:11). Олар бізге ашылып сөйлегенде, айтқандарымен іштей келіспейтін шығармыз. Алайда адамның сезімімен санасу керек. Біз тыңдауға жүйрік, сөйлеуге баяу болуға ұмтыламыз (Мат. 7:1; Жақ. 1:19).

20. Келесі мақала не жайында?

20 Қауымда жанашырлық танытуға қалай асықсақ, уағыз қызметінде де осы асыл қасиетті танытуға солай асықпыз. Шәкірт дайындағанда жанашырлықты қалай таныта аламыз? Келесі мақала осы жайында болмақ.

130-ӘН Кешірімді болайық

^ 5-абзац Ехоба мен Иса өзгелердің сезімдеріне бейжайлықпен қарамаған. Олардың үлгісі бізге қай жағынан пайдалы болатыны осы мақалада қарастырылады. Сондай-ақ өзгелердің сезімдерін неліктен елеп-ескеруіміз керектігін және мұны іске асырудың жолдарын білетін боламыз.

^ 1-абзац СӨЗ МӘНІ: Өзгенің сезіміне ортақтасу деген сол адамның сезімдерін түсінуді, іштей оның күйін кешуді білдіреді (Рим. 12:15).

^ 6-абзац Ехоба көңілі құлазыған, қорқынышқа бой алдырған басқа да адал қызметшілеріне жанашырлық танытқан. Олар Ханна (Сам. 1-ж. 1:10—20), Ілияс (Пат. 1-ж. 19:1—18), Әбдімәлік (Ерм. 38:7—13; 39:15—18).

^ 65-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Қауым кездесулерінде бауырластарға жылы сезімдер сыйлауға жақсы мүмкіндік туады. 1) Ақсақал жас жариялаушы мен анасына мейіріммен сөйлеп жатыр; 2) әкесі мен қызы қарт бауырласты көлікке отырғызып жатыр; 3) екі ақсақал кеңес іздеп келген бауырласты мұқият тыңдап отыр.