Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

41-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Зор алапат” кезінде адал болыңыз

“Зор алапат” кезінде адал болыңыз

“Ехобаға адал жандар, бәрің де оны жақсы көріңдер! Ехоба адалдарды қорғайды” (ЗӘБ. 31:23).

129-ӘН Табанды боламыз

АҢДАТПА *

1, 2. а) Жақында әлемдік көшбасшылар қандай хабарды жариялайды? ә) Қандай сұрақтардың жауабын алуымыз керек?

ӘЛЕМДІК көшбасшылар көптен күткен “бейбітшілік пен қауіпсіздік” хабарын жаңа ғана жариялағанын елестетіп көріңізші. Олар жер бетінде бұрын-соңды бұндай бейбіт заман болмады деп әбден мақтануы мүмкін. Сондай-ақ бізді дүниедегі барлық қиындықтарды шешеміз дегенге нық сендіргісі келеді. Бірақ олар одан кейін болатын оқиғаға еш тосқауыл бола алмайды. Неге? Киелі кітаптағы пайғамбарлыққа сай, “олардың жойылатын кезі кенеттен келеді”, “сонда олар еш құтылмайды” (Сал. 1-х. 5:3).

2 Біз мына бір маңызды сұрақтардың жауабын табуымыз керек: “зор алапат” кезінде қандай оқиғалар болады? Сол кезде Ехоба біздің не істегенімізді қалайды? “Зор алапат” кезінде адал болып қалуға қалай дайындалуымыз керек? (Мат. 24:21).

“ЗОР АЛАПАТ” КЕЗІНДЕ НЕ БОЛАДЫ?

3. Аян 17:5, 15—18 тармақтарға сай, Құдай Ұлы Бабылды қалай жояды?

3 Аян 17:5, 15—18 оқыңыз. “Ұлы Бабыл” жойылатын болады. Қалай? “Құдай олардың [яғни әлемдік көшбасшылардың] жүректеріне өз ойын салып, жүзеге асыртады”. Бұл қандай ой? Дүниежүзілік жалған діндер империясын, оның ішінде христиан әлемін жою туралы ой салады *. Құдай өз ойын “ал қызыл жыртқыш аңның” “он мүйізін” бейнелейтіндердің жүрегіне салады. Он мүйіз деген “жыртқыш аңды”, яғни БҰҰ-ны қолдайтын барлық үкіметтерді бейнелейді (Аян 17:3, 11—13; 18:8). Бұл үкіметтер жалған дінге шабуыл жасағанда, зор алапаттың басталғанының белгісі болады. Ол кенеттен келетін, ешкімді айналып өтпейтін үрейлі оқиға болмақ.

4. а) Әлемдік көшбасшылар жалған дінге жасайтын шабуылдарын қандай себептермен түсіндіруі мүмкін? ә) Сол діндердің бұрынғы мүшелері не істейтінге ұқсайды?

4 Әлемдік көшбасшылар Ұлы Бабылға жасайтын шабуылдарын қандай себептермен түсіндіретінін білмейміз. Олар Ұлы Бабыл әлемнің тынышын алып, саясатқа басын сұға береді деуі мүмкін. Немесе еншісіндегі байлығы мен меншігі тым көп деп айтуы мүмкін (Аян 18:3, 7). Осы шабуыл кезінде олар жалған діндердің барлық мүшесін жояды деп айту қисынсыз. Керісінше, олар діндерді жояды деп түсінген қисынды болса керек. Діндер жойылған соң олардың бұрынғы мүшелері діни қызметкерлерге алданғанын түсініп, сол дінге қатысы жоқ адамдай сыңай танытатынға ұқсайды.

5. Ехоба зор алапатқа қатысты нені уәде еткен және неге?

5 Киелі кітапта Ұлы Бабылдың жойылуы қанша уақытқа созылатыны жайлы ештеңе айтылмаған, бірақ бұл салыстырмалы түрде аз уақыттың ішінде болатынын білеміз (Аян 18:10, 21). “Таңдап алғандар” мен шынайы дін жойылып кетпес үшін Ехоба “сол күндерді қысқартатынын” уәде еткен (Мар. 13:19, 20). Бірақ зор алапат басталғаннан Армагеддон соғысына дейінгі уақыт аралығында Ехоба бізден не талап етеді?

ШЫНАЙЫ ДІНДІ ҰСТАНА БЕРІҢІЗ

6. Жалған дінмен кез келген байланысты үзіп қоя салу жеткілікті ме?

6 Алдыңғы мақалада айтқанымыздай, Ехоба өз қызметшілерінің Ұлы Бабылдан шығып кетуін талап етеді. Алайда бұл үшін жалған дінмен кез келген байланысты үзіп қоя салу жеткіліксіз. Біз Ехобаға қызмет етуге де нық бекінуіміз керек. Қазір соның екі жолын қарастырайық.

Тіпті ауыр кездерде де жиналыстарды қалдырмайық (7-абзацты қараңыз) *

7. а) Ехобаның әділ моральдық нормаларын қалай бек ұстана аламыз? ә) Еврейлерге 10:24, 25-те не себепті жиналып тұруымыз керек деп айтылған және неге бұл әсіресе бүгінде маңызды?

7 Біріншіден, біз Ехобаның әділ моральдық нормаларын әрі қарай да бек ұстануымыз керек. Біз осы әлемнің азғын жүріс-тұрыстарын ешқашан құп көрмеуіміз керек. Мысалы, біз кез келген жыныстық өнегесіздікті, сондай-ақ бір жынысты адамдардың некелесуін және басқа да гомосексуалдық әрекеттерді мақұлдамаймыз (Мат. 19:4, 5; Рим. 1:26, 27). Екіншіден, бауырластарымызбен бірге ғибадат етуді доғармауымыз керек. Мүмкін болса Патшалық сарайларында, ал мүмкіндік жоқ болса, бауырластардың үйлерінде я басқа да жерлерде тіпті жасырын кездесе береміз. Қандай жағдай болмасын, біз кездесулерге баруды ешқашан доғармаймыз. “Сол күннің жақын қалғанын білгендіктен” біз “бұрынғыдан да көбірек” жиналуымыз керек (Еврейлерге 10:24, 25 оқыңыз).

8. Болашақта уағыздайтын хабарымыз қалай ауысуы мүмкін?

8 Зор алапат кезінде жариялайтын хабарымыз басқа хабар болатынға ұқсайды. Қазір біз Патшалық жайлы ізгі хабарды уағыздап жүрміз, шәкірт дайындауға ұмтылып жүрміз. Бірақ зор алапат кезінде біз соққыдай тиетін хабарды уағыздауымыз мүмкін. Киелі кітапта сол хабар үлкен бұршақпен салыстырылған (Аян 16:21). Біз Шайтанның дүниесі жақында түптамырымен жойылатыны жайлы уағыздауымыз мүмкін. Хабарымыздың қандай болатынын, оны қалай жариялайтынымызды уақыты келгенде нақты біле жатармыз. Жүз жылдан бері қалай уағыздап, қалай тәлім берсек, сол кезде де тура сол тәсілдерді қолданамыз ба? Әлде басқа тәсілдер бола ма? Бұны уақыт көрсетеді. Қалай уағыздасақ та, біз Ехобаның үкім хабарын батылдықпен уағыздау мәртебесіне ие болатынға ұқсаймыз (Езек. 2:3—5).

9. Әлемдік көшбасшылар біздің хабарымызға қалай қарайды, бірақ біз не нәрсеге күмәнданбасақ болады?

9 Хабарымызды естігенде, әлемдік көшбасшылар біздің аузымызды біржола жауып тастауға тырысуы әбден мүмкін. Бүгінде қызметте Ехобаның көмегіне қалай арқа сүйесек, сол кезде де оның қолдауына тура солай үміт арту қажет болады. Құдай өз еркін орындау үшін бізге қажетті күш дарытатынына еш күмәнданбасақ болады (Миха 3:8).

ШАБУЫЛҒА ДАЙЫН БОЛЫҢЫЗ

10. Лұқа 21:25—28 тармақтарда айтылғандай, зор алапат кезінде болатын оқиғаларды адамдардың басым көпшілігі қалай қабылдайды?

10 Лұқа 21:25—28 оқыңыз. Зор алапат кезінде адамдар өздері сеніп келген, тұрақты болып көрінген саяси, сауда-саттық жүйесі және осы дүниенің басқа да бөліктерінің жойылып жатқанын көргенде, қатты абдырап қалады. Олар “азап” шегетін болады және адамзат тарихындағы ең қайғылы кезеңде өліп кетеміз бе деп қорқатын болады (Соф. 1:14, 15). Сол кезде тіпті Ехобаның халқының өмірі де қиындаса керек. Осы дүниелік болмағандықтан біз кейбір қиындықтарға кезігуіміз ықтимал. Қандай да бір қажет нәрселердің өзіне зәру болуымыз да мүмкін.

11. а) Жалған діндер жойылған кезде неге Ехоба куәгерлері адамдар мен әлемдік көшбасшылардың назарында болады? ә) Неге зор алапаттан қорықпауымыз керек?

11 Сол кездері діндері жойылған адамдар Ехоба куәгерлерінің діні неге әлі жойылмаған деп қатты ашулануы мүмкін. Олар наразылықтарын көрсетіп, шу шығарады. Мысалы, интернет, теледидар, радио арқылы. Әлемдік көшбасшылар мен осы дүниенің билеушісі Шайтан бізді жек көретін болады, өйткені жер бетінде жойылмаған жалғыз дін біз боламыз. Олар жер бетіндегі барлық діндерді жоямыз деген мақсатына қол жеткізе алмай қалады. Сондықтан біз барлығының назарына ілінеміз. Сол шақта әлемдік көшбасшылар Магог жеріндегі Гогқа айналады *. Олар бірге жиналып, Ехобаның халқына аяусыз шабуыл жасайды (Езек. 38:2, 14—16). Біз қазір жағдайды бүге-шігесіне дейін білмегендіктен, зор алапат кезінде не болар екен деп уайымдай бастауымыз мүмкін. Бірақ бір анығы — зор алапаттан қорқудың қажеті жоқ. Ехоба бізге аман қалуға көмектесетін нұсқаулар береді (Зәб. 34:19). Сол кезде біз “еңселерімізді түзеп, бастарымызды көтеріп” тұрамыз, өйткені “құтқарылуымыз жақын” екенін білеміз *.

12. Алда болатын жайттарға дайын болуымызға “адал да ақылды құл” қалай көмектесіп жатыр?

12 “Адал да ақылды құл” зор алапатта адал болып қалуға бізді дайындап жатыр (Мат. 24:45). Мұны әртүрлі жолмен істеп келеді. Соның бір мысалын қарастырайық: бұл — 2016—2018 жылдар аралығында болған уақытылы аймақтық конгрестер. Сол конгрестердегі баяндамалар Ехобаның күнінде аман қалу үшін қажет болатын қасиеттерді ұштай түсуге талпындырды. Қазір сол қасиеттерді еске түсірейік.

АДАЛДЫҚТЫ, ТАБАНДЫЛЫҚ ПЕН БАТЫЛДЫҚТЫ БЕКЕМДЕЙІК

“Зор алапаттан” аман қалу үшін қазірден дайындалыңыз (13—16 абзацтарды қараңыз) *

13. Ехобаға деген адалдығымызды қалай өсірсек болады және неге мұны қазірден істеген жөн?

13 Адалдық. 2016 жылғы аймақтық конгрестің тақырыбы — “Ехоба Құдайға адал болайық!” Сол конгресте Ехобамен қарым-қатынасымыз тығыз болса, оған адалдық сақтау қиын болмайтыны айтылды. Құдайға жақын болу үшін мағыналы дұға ету, жеке зерттеуді тыңғылықты жүргізу өте маңызды екенін де есімізге салды. Бұл бізге таудай кедергілерді жеңуге күш-қайрат береді. Зор алапат жақындағандықтан біздің Құдайға және оның Патшалығына қаншалықты адал екеніміз одан бетер сыналатынын білеміз. Құдайға адалдық сақтағанымыз үшін әлі де талай мазақ болуымыз мүмкін (Пет. 2-х. 3:3, 4). Бұған негізінен біздің Шайтанның дүниесін қолдамай, бейтараптық сақтағанымыз себеп болады. Адалдығымызды бүгіннен бекемдейік, сонда зор алапат кезінде де адалдығымыздан таймаймыз.

14. а) Жетекшілік ететін ер бауырластарға қатысты қандай өзгеріс болады? ә) Сол кезде неге адалдық танытуымыз керек?

14 Зор алапат кезінде жерде жетекшілік ететін ер бауырластар ауысады. Қандай да бір сәтте жерде қалған майланған мәсіхшілер Армагеддон соғысына қатысу үшін көкке жиналады (Мат. 24:31; Аян 2:26, 27). Бұл дегеніміз — Басқарушы кеңес бізбен бірге жерде болмайды деген сөз. Бірақ басқа қойлардың арасында жетекшілікті қолға алатын білікті ер бауырластар болады. Сол кезде Құдайға адалдығымызды сол ер бауырластарды қолдауымызбен, олардың Құдайдан алған нұсқауларына құлақ асуымызбен көрсету қажет болады. Өйткені біздің құтқарылуымыз нұсқауларға мойынсұнғанымызға байланысты!

15. Табандылығымызды қалай шыңдай аламыз және неге мұны қазірден істеген жөн?

15 Табандылық. 2017 жылғы аймақтық конгрестің тақырыбы “Еш берілмейік!” болды. Сол бағдарлама қиындықтарда табанды болуды үйретті. Біздің табандылығымыз жағдайдың қолайлылығына байланысты емес екенін білдік. Біз табандылығымызды Ехобаға арқа сүйеп қана шыңдай аламыз (Рим. 12:12). Исаның мына уәдесін ешқашан есімізден шығармайық: “Соңына дейін табандылық танытқан адам құтқарылады” (Мат. 24:13). Бұл кез келген қиындықтарымызға қарамастан адал болып қалуымыз керек дегенді білдіреді. Әр қиындығымызға бүгіннен табандылықпен төзсек, зор алапат келгенше сеніміміз ұлғайып, тастай берік болады.

16. Бізді не батыл етеді және батылдығымызды қазір қалай бекемдей аламыз?

16 Батылдық. 2018 жылғы аймақтық конгрестің тақырыбы — “Батыл болайық!” Бұл конгресте батылдығымыз қабілеттерімізге қарап анықталмайтынын білдік. Табандылық сияқты нағыз батылдық та Ехобаға арқа сүйегенде пайда болады. Ехобаға одан да көбірек арқа сүйеуді қалай үйрене аламыз? Оның Сөзін күнде оқып, ежелде халқын қалай құтқарғаны жайлы ой жүгіртейік (Зәб. 68:20; Пет. 2-х. 2:9). Зор алапатта әлемдік көшбасшылар бізге шабуылдаған кезде бізге батыл болу керек және Ехобаға ерекше сенім арту керек (Зәб. 112:7, 8; Евр. 13:6). Ехобаға қазір сенім артсақ, Гог шабуылдаған кезде бойымызда қажетті батылдық табылады *.

ҚҰТҚАРЫЛАТЫН КЕЗДІ КҮТІҢІЗ

Жақында Иса мен оның көктегі әскері Армагеддон шайқасында Құдайдың жауларын жою үшін келеді! (17-абзацты қараңыз)

17. Армагеддон соғысынан неге қорықпауымыз керек? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

17 Алдыңғы мақалада айтылып өткендей, көбіміздің өміріміз соңғы күндері өтіп жатыр. Бірақ біз зор алапаттан аман өтуге де үміттенеміз. Армагеддон соғысымен бірге осы дүниенің ғұмыры да бітеді. Алайда бізге еш қорқудың қажеті жоқ. Неге? Өйткені бұл Ехоба Құдайдың шайқасы болады және бізге соғысудың қажеті болмайды (Нақ. с. 1:33; Езек. 38:18—20; Зәк. 14:3). Ехоба бұйрық бергенде, Иса Мәсіх Құдайдың әскерін шайқасқа бастап шығады. Исаның жанында қайта тірілген майланғандар мен сансыз көп періштелер болады. Олар Шайтан мен оның жын-перілеріне және олардың жердегі әскеріне қарсы шайқасады (Дан. 12:1; Аян 6:2; 17:14).

18. а) Ехоба нені уәде етеді? ә) Аян 7:9, 13—17 тармақтар болашаққа сеніммен қарауға қалай көмектеседі?

18 Ехоба: “Саған қарсы жасалған ешбір қару жеңіске жетпейді”,— деп уәде етеді (Ишая 54:17). Ехобаның адал қызметшілерінің “ұлы жамағаты” “зор алапаттан” аман-есен өтеді! Сосын олар Ехобаға деген қызметтерін жалғастыратын болады (Аян 7:9, 13—17 оқыңыз). Киелі кітап болашақта аман қалатынымызға үлкен сенімділік береді! Біз “Ехобаның адалдарды қорғайтынын” білеміз (Зәб. 31:23). Ехобаны жақсы көретіндер мен мадақтайтындар оның киелі есімінің ақталғанын көріп шат-шадыман болады (Езек. 38:23).

19. Бізді қандай керемет болашақ күтіп тұр?

19 Шайтанның ықпалынан ада жаңа дүниедегі адамдар жайлы Тімөтеге 2-хат 3:2—5 тармақтарда не айтылар еді, қалай ойлайсыз? (“ Жаңа дүниедегі адамдардың болмысы” деген қоршауды қараңыз.). Басқарушы кеңестің мүшесі болған Джордж Гангас * бауырлас мұны былай суреттеді: “Жер бетіндегі әрбір адам Ехобаға қызмет еткенде, өмір қандай тамаша болады! Жақында сіздер жаңа дүниеде өмір сүру мәртебесіне ие боласыздар. Ғұмырларыңыз Ехобаның ғұмырындай болады. Иә, біз мәңгі өмір сүретін боламыз”. Бұл неткен керемет үміт!

122-ӘН Берік те мығым бол!

^ 5-абзац Жақында бүкіл адамзаттың басына “зор алапат” төнеді. Сол кезде Ехобаның қызметшілерімен не болады? Ехоба біздің не істегенімізді қалайды? “Зор алапаттың” кезінде адал болып қалу үшін қандай қасиеттерді қазірден шыңдауымыз керек? Бұл мақалада осы сұрақтардың жауабын аламыз.

^ 3-абзац СӨЗ МӘНІ: Христиан әлеміне өздерін мәсіхшіміз деп атайтын, бірақ Ехобаның нормаларына сай ғибадат етпейтін діндер жатады.

^ 11-абзац СӨЗ МӘНІ: Магог жеріндегі Гог (қысқаша атауы Гог) деген тіркес зор алапат кезінде Ехобаға ғибадат ететіндерге қарсы шабуыл жасайтын одақтасқан халықтарға нұсқайды.

^ 11-абзац Армагеддон соғысына дейін не болатынын толығырақ білу үшін “Құдай Патшалығы билік етуде!” кітабының 21-тарауын қараңыз. Магог жеріндегі Гогтың шабуылы жайлы және Армагеддон кезінде Ехоба өз халқын қалай қорғайтыны жайлы көбірек білу үшін “Таза ғибадат қалпына келтірілді” (ағ.) кітабының 17, 18-тарауларын қараңыз.

^ 16-абзац 2019 жылдың “Сүйіспеншілік еш сарқылмайды!” атты аймақтық конгресі Ехобаның қорғанышында ғана қауіпсіздікте бола алатынымызға көзімізді жеткізді (Қор. 1-х. 13:8).

^ 19-абзац “Күзет мұнарасындағы” (ор.) “Істері онымен бірге барады” деген мақаланы көріңіз (1994 жыл, 1 желтоқсан, 31-бет).

^ 65-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Зор алапат кезінде Куәгерлердің шағын тобы батылдық танытып, кездесу өткізу үшін орманда жиналып жатыр.

^ 67-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ехобаның адал қызметшілерінің ұлы жамағаты зор алапаттан аман-есен өтіп, шат-шадыман болып жатыр!