Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

3-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Сіз Ехоба үшін бағалысыз!

Сіз Ехоба үшін бағалысыз!

“Масқара күйде жүргенімізде бізді ұмытпады” (ЗӘБ. 136:23).

33-ӘН Уайымыңды Ехобаға арт

АҢДАТПА *

1, 2. Ехобаның қызметшілерінің көбі қандай жағдайларға кезігуде және бұл оларға қалай әсер етіп жатыр?

МЫНАДАЙ үш жағдайды қарастырып көрейік: жас ер бауырлас күш-қайратынан айыратын ауыр дертке шалдығады. Орта жастағы еңбекқор бір бауырлас жұмыссыз қалып, қанша тырысса да, басқа жұмыс таба алмайды. Қарт әйел бауырлас кәріліктің кесірінен Ехобаға бұрынғыдай қызмет ете алмай қалады.

2 Осындай жағдайдың бірімен кезігіп жүрсеңіз, өзіңізді еш керексіз сезінетін шығарсыз. Бұндай жағдайлар қуанышыңызды қашырып, өзіңізге деген құрметіңізден айырып, басқалармен қарым-қатынасыңызға кері әсер етуі мүмкін.

3. Шайтан мен оған еліктейтіндер адам өміріне қалай қарайды?

3 Осы дүние Шайтан іспетті, адам өмірін бағаламайды. Шайтан ешқашан адамдарды маңызды санаған емес. Ехобаға мойынсұнбаса Хауаның өлетінін білсе де, жауыз Шайтан оған “еркіндікке ие боласың” деп айтты. Ол осы дүниедегі саясат пен дінді, сауда-саттық жүйесін уысында ұстап келеді. Сондықтан да көптеген кәсіпкерлер, саясаткерлер мен дінбасылары адамның өмірін, қадір-қасиетін құрметтеуден жұрдай.

4. Бұл мақалада нені қарастырамыз?

4 Ал Ехоба болса бізді құнды санайды және бұны білгенімізді қалайды. Өзімізді құнсыз сезінген кездері ол бізге көмектеседі (Зәб. 136:23; Рим. 12:3). Бұл мақалада 1) ауырған кезде, 2) экономикалық қиындыққа ұшырағанда, 3) кәріліктің кесірінен Ехоба үшін еш пайдамыз жоқтай сезінгенде, оның бізге қалай көмектесетінін білеміз. Алдымен, Ехоба үшін әрбіріміз бағалы екенімізге неге сенімді бола алатынымызды қарастырайық.

ЕХОБА БІЗДІ ҚҰНДЫ САНАЙДЫ

5. Адамзаттың Ехоба үшін бағалы екеніне не дәлел?

5 Біз жердің топырағынан жаратылған болсақ та, бір уыс топырақтан анағұрлым құндымыз (Мұс. 1-ж. 2:7). Қазір Ехоба үшін бағалы екеніміздің бірнеше ғана себебін көрейік. Ол адамдарды өзінің қасиеттерін таныта алатындай етіп жаратқан (Мұс. 1-ж. 1:27). Осылайша ол бізді жердегі жаратылыстардың барлығынан жоғары қойды және жер мен жануарларды бізге тапсырды (Зәб. 8:4—8).

6. Ехобаның кемелсіз адамдарды бағалайтынына тағы қандай дәлел бар?

6 Адам ата күнә жасағаннан кейін де, Ехоба үшін адамзаттың құны еш кемімеді. Бізді жоғары бағалайтыны сонша, ол өзінің сүйікті Ұлы Исаны біз үшін төлем ретінде берді (Жох. 1-х. 4:9, 10). Төлем құрбандығының негізінде Ехоба Адам атаның күнәсінің салдарынан қайтыс болған адамдарды, яғни “әділдерді де, әділетсіздерді де” қайта тірілтеді (Ел. іс. 24:15). Оның Сөзінде денсаулығымызға, қалтамызға, жасымызға қарамастан Ехоба үшін бағалы екеніміз айтылады (Ел. іс. 10:34, 35).

7. Құдай қызметшілері Ехоба оларды бағалайтынына неге сенімді?

7 Ехоба бізді құнды санайтынына басқа да себептер бар. Ол бізді өзіне жақындатып тартты және ізгі хабарды қалай қабылдағанымызды байқады (Жох. 6:44). Оған жақындаған сайын, ол да бізге жақындай түседі (Жақ. 4:8). Сондай-ақ Ехоба бізге тәлім беру үшін уақыты мен күшін аямайды, осылайша біздің бағалы екенімізді көрсетеді. Ол біздің қандай екенімізді әрі болашақта қандай адам болатынымызды біледі. Ол бізді сүйгендіктен жөнге салады (Нақ. с. 3:11, 12). Бұлар Ехобаның бізді бағалайтынының анық дәлелдері емес пе?!

8. Зәбүр 18:27—29 тармақтардағы сөздер қиындықтарымызға деген көзқарасымызға қалай әсер етеді?

8 Дәуіт патшаны кейбіреулер түкке тұрғысыз деп санаған. Бірақ ол Ехобаның оны жақсы көретінін әрі қолдайтынын білген. Осыны білгені оған өз жағдайына оң көзқараспен қарауға көмектесті (Сам. 2-ж. 16:5—7). Өзімізді қажетсіз сезінгенде не қиындыққа кезіккенде Ехоба жағдайымызға басқаша қарауға және кез келген кедергіні жеңуге көмектеседі (Зәбүр 18:27—29 оқыңыз). Ехоба қолдаса, оған қуанышпен қызмет етуге еш нәрсе кедергі бола алмайды (Рим. 8:31). Қазір Ехобаның бізді жақсы көріп, бағалайтынын есте ұстау қажет болатын үш жағдайды қарастырайық.

АУРУҒА ШАЛДЫҚҚАНДА

Рухтың жетелеуімен жазылған Ехобаның Сөзі аурудың кесірінен туатын жағымсыз сезімдермен күресуге көмектеседі (9—12 абзацтарды қараңыз)

9. Ауруымыздың кесірінен өзімізді қалай сезінуіміз мүмкін?

9 Аурудың кесірінен эмоциялық жағынан қажып, өзімізді ешкімге керексіз сезінуіміз мүмкін. Басқалар біздің ауру екенімізді байқағанда не өзгелердің көмегіне мұқтаж болғанда, ыңғайсызданатын шығармыз. Тіпті өзгелер біздің ауру екенімізді білмесе де, бұрын істеп жүрген істерімізді істей алмай қалғанымызға қысылуымыз мүмкін. Осындай қиын шақтарда Ехоба бізге жігер береді. Қалай?

10. Нақыл сөздер 12:25-ке сай, дертке шалдыққанда бізге не көмектеседі?

10 Ауырғанда “жақсы сөздер” еңсемізді көтереді (Нақыл сөздер 12:25 оқыңыз). Киелі кітапта науқас болсақ та, Ехоба үшін бағалы екенімізді есімізге салатын сөздер жазылған (Зәб. 31:19; 41:3). Егер рухтың жетелеуімен жазылған сол сөздерді оқысақ, тіпті қайта-қайта оқысақ, Ехоба дертіміздің кесірінен туындайтын жаман сезімдерімізбен күресуге көмектеседі.

11. Бір ер бауырлас Ехобаның көмегін қалай көрді?

11 Хорхе есімді жас жігіттің жағдайын қарастырайық. Ол тез ушығып кететін дертке шалдығады. Соның кесірінен ол өзін түкке тұрғысыз сезінеді. “Ауруымның жаныма қатты бататынына дайын болмадым. Адамдар менің науқас екенімді көргенде, сондай қатты ұяламын деп ойламаппын. Ауруым асқынған сайын, өмірім енді не болады деп уайымдадым. Жігерім әбден құм болып, Ехобадан көмек беруін жалбарына сұрадым”,— дейді Хорхе. Ехоба оны қалай демеді? Ол былай дейді: “Ойымды жинақтау қиын болғандықтан, Киелі кітаптан бірнеше тармақ қана оқитынмын. Мен Ехобаның өз қызметшілерінің қамын ойлайтыны туралы жазылған Зәбүр жырларындағы тармақтарды оқыдым. Күн сайын сол тармақтарды қайталап оқып, оларды көңіліме қуат еттім. Кішкене уақыттан кейін өзгелер менің көбірек күле бастағанымды байқапты. Тіпті менің оң көзқарас танытқаным оларға жігер берген екен. Сонда Ехоба дұғаларыма жауап бергеніне көзім жетті! Ол өз-өзіме деген көзқарасымды өзгертуге көмектесті. Мен назарымды оның Сөзіне аудара бастадым. Онда Ехобаның науқас екеніме қарамастан маған қалай қарайтыны жазылған”.

12. Ауруға шалдыққанда Ехобаның қолдауын сезіну үшін не істей аласыз?

12 Қандай да бір дерт жаныңызға батып жүрсе, Ехоба сіздің қандай күй кешіп жүргеніңізді білетініне сенімді болыңыз. Өз жағдайыңызға дұрыс қарауға көмектесуін сұрап, оған жалбарыныңыз. Содан кейін Киелі кітапқа жаздырған Ехобаның жанға жылу берер сөздерін іздеп табыңыз. Ехобаның өз қызметшілерін аса бағалайтынын көрсететін тармақтарға ден қойыңыз. Сонда Ехоба барлық адал қызметшілеріне өте мейірімді екеніне көзіңіз жетеді (Зәб. 84:11).

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚИЫНДЫҚТАР КӨРГЕНДЕ

Ехобаның “қамыңды ойлаймын” деген уәдесін есте ұстағанымыз жұмыссыз қалғанда демеу болады (13—15 абзацтарды қараңыз)

13. Отағасы жұмысынан айырылып қалса, өзін қалай сезінуі мүмкін?

13 Әрбір отағасы өз отбасының қажеттілігін қамтамасыз еткісі келеді. Алайда мына жағдайды елестетіп көрейік. Бір ер бауырлас еш кінәсі болмаса да жұмысынан босатылады. Сөйтіп, қанша тырысса да басқа жұмыс таба алмайды. Сондай кезде ол өзін пайдасыз сезінетін шығар. Осындайда оған Ехобаның уәделеріне көз тіккені қалай көмектеседі?

14. Ехобаның өз сөзінде тұратынына қандай себептер бар?

14 Ехоба әрдайым сөзінде тұрады (Ешуа 21:45; 23:14). Оның бұлай етуінің бірнеше себебі бар. Бір себебі — бұл оның есіміне не абыройына әсер етеді. Ехоба адал қызметшілерінің қамын ойлаймын деп уәде еткен және ол осы сөзінде тұруды өзіне міндет санайды (Зәб. 31:1—3). Бұған қоса, Ехоба өз отбасына жататындардың қамын ойламаса, олардың көңілдері түсетінін біледі. Ол бізге рухани және тәндік жағынан қажетімізді беруді уәде етеді. Оған бұл уәдесін орындауға еш нәрсе кедергі бола алмайды! (Мат. 6:30—33; 24:45).

15. а) Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қандай қиындыққа кезікті? ә) Зәбүр 37:18, 19-дағы сөздер бізге қандай сенімділік береді?

15 Ехобаның не үшін өз сөзінде тұратынын есте ұстасақ, қаржылай қиындықтарға кезіккенде де оның бізге көмектесетініне сенімді боламыз. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің мысалына ден қояйық. Иерусалимдегі қауымдар қатты қуғынға ұшырағанда, “елшілерден басқасының бәрі... бытырап кетті” (Ел. іс. 8:1). Бұл дегеніміз — оларда экономикалық қиындық болды деген сөз. Сол кезде мәсіхшілер баспаналарынан, жұмыстары мен кәсіптерінен айырылғанға ұқсайды. Десе де Ехоба оларды тастаған жоқ, әрі олар да қуаныштарын жоғалтпады (Ел. іс. 8:4; Евр. 13:5, 6; Жақ. 1:2, 3). Ехоба сол адал мәсіхшілерді қолдағаны сияқты, бізді де қолдайды (Зәбүр 37:18, 19 оқыңыз).

КӘРІЛІК ТҰСАУ САЛҒАНДА

Жасымыз ұлғайса да, қолымыздан келетін істерге назар аударғанымыз Ехобаның бізді және адал қызметімізді бағалайтынына көзімізді жеткізеді (16—18 абзацтарды қараңыз)

16. Қай кезде Ехоба біздің қызметімізді бағаламайды деп ойлауымыз мүмкін?

16 Жасымыз ұлғайған сайын, Ехобаға өте аз беріп жатқандай сезінуіміз мүмкін. Дәуіт патша да қартайғанда осындай күй кешкен болар (Зәб. 71:9). Мұндайда Ехоба бізге қалай көмектеседі?

17. Джери бауырластың мысалынан не үйренеміз?

17 Джери есімді бауырластың мысалын қарастырайық. Ол Патшалық сарайында өтетін ғимараттарды күтіп ұстауды үйрететін бір бағдарламаға қатысуға шақырылады. Сонда Джери бауырлас: “Мен кәрі адаммын, жесірмін, қолымнан түк те келмейді, еш пайдам жоқ”,— деп ойлапты. Патшалық сарайына барудан бір күн бұрын ол Ехобаға көңіліндегісін ақтарып дұға етіпті. Ертесіне сол жерге барғанда, ол әлі де “бекер келдім бе” деп ойлап тұрады. Бағдарлама барысында жүргізушілердің бірі біздің ең керемет қабілетіміз — Ехобадан үйренуге деген ықыласымыз екенін ерекше айтып өтеді. Сол кезде Джери бауырласымыз “менде мұндай қабілет бар ғой” деп ойлапты. Ол былай дейді: “Ехобаның дұғама жауап бергенін түсінгенде, жылап жібердім. Ехоба менде де оған бере алатын құнды нәрсе бар екеніне сендірді және ол мені үйретуге дайын болды!” Сол кезді еске алып Джери бауырлас тағы былай дейді: “Мен Патшалық сарайына көңілім түсіп, уайымдап, өзімді еш пайдасыз сезініп барып едім. Бірақ ол жақтан сенімім өсіп, жігерім тасып, өзімді бағалы сезініп қайттым!”

18. Қартайсақ та, Ехоба біздің ғибадатымызды бағалайтынына неге сенімдіміз?

18 Жасымыз ұлғайса да, Ехобаның бізге тапсырар ісі бар екеніне сенімді болсақ болады (Зәб. 92:12—15). Иса айтқандай, істеп жатқан істеріміз өзімізге маңызсыз болып көрінсе де, Ехоба оларды бағалайды (Лұқа 21:2—4). Сондықтан бар назарыңызды қолыңыздан келетін істерге бұрыңыз. Мысалы, сіз Ехоба туралы айта аласыз, бауырластарыңыз үшін дұға ете аласыз және өзгелерді адал болып қалуға талпындыра аласыз. Ехоба сіздің не істей алатыныңызға емес, оған мойынсұнуға деген ықыласыңызға қарап, сізді өзінің қызметтесі деп есептейді (Қор. 1-х. 3:5—9).

19. Римдіктерге 8:38, 39-да бізге сенімділік беретін қандай сөздер жазылған?

19 Қызметшілерін шынымен бағалайтын Құдайымыз Ехобаға ғибадат етуге дән ризамыз! Ол бізді өз еркін орындауымыз үшін жаратты, ал шынайы ғибадат өміріміздің сәнін келтіреді (Аян 4:11). Сонымен, осы дүние бізді түкке тұрғысыз санаса да, Ехоба біз үшін ұялмайды (Евр. 11:16, 38). Ауыр дерттің, экономикалық қиындықтың не кәріліктің кесірінен өзімізді пайдасыз сезінсек, көктегі Әкеміздің сүйіспеншілігінен бізді ештеңе айыра алмайтынын есте ұстайық (Римдіктерге 8:38, 39 оқыңыз).

^ 5-абзац Өзіңізді түкке тұрғысыз, керексіз сезінген кезіңіз болған ба? Бұл мақала Ехобаның сізді қаншалықты жоғары бағалайтынын есіңізге салады, әрі өміріңізде қандай жағдай болса да, өзіңізге деген құрметіңізді жоғалтпауға көмектеседі.

30-ӘН Ехоба, Құдайымсың, адал Досым