Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

26-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Сіз шәкірт дайындап жүрсіз бе?

Сіз шәкірт дайындап жүрсіз бе?

“Құдайдың өзі бойларыңда ықылас оятып, күш беріп отыр” (ФІЛІП. 2:13).

64-ӘН Егін жинауға қуана атсалысу

АҢДАТПА *

1. Ехоба сіз үшін не істеді?

СІЗ қалай Ехоба куәгері болғаныңыз есіңізде ме? Алдымен, сіз ізгі хабарды естідіңіз. Оны ата-анаңыздан, әріптесіңізден, сыныптасыңыздан немесе үйіңізге уағыздап келген Куәгерлерден білген шығарсыз (Мар. 13:10). Кейін бір бауырлас уақыты мен күшін аямай, сізбен Киелі кітапты зерттеді. Зерттей келе сіз Ехобаны қатты жақсы көріп кеттіңіз және оның да сізді жақсы көретінін білдіңіз. Ехоба сізді шындыққа жақындатып тартты. Соның арқасында сіз қазір Иса Мәсіхтің шәкіртісіз және мәңгі өмір сүруге үміттенесіз (Жох. 6:44). Кезінде Ехоба бір жариялаушыны талпындырып, сізге шындықты үйреткеніне және сізді өз қызметшісі еткеніне өте риза боларсыз!

2. Бұл мақалада не қарастырамыз?

2 Сіз шындықты білгеннен кейін, енді өзгелерге де өмір жолына түсуге көмектесе аласыз. Сізге үйме-үй жүріп уағыздау оңай болғанмен, Киелі кітапты зерттеу сабағын ұсынып, оны өткізу қиын шығар. Олай болса, бұл мақаладағы кеңестер сізге көмек болады. Біз қазір шәкірт дайындауға бізді не талпындыратынын білеміз. Сонымен қатар Киелі кітапты зерттеу сабағын бастауға кедергі болатын қиындықтарды қалай жеңетінімізді көреміз. Алдымен, неге біз ізгі хабарды уағыздаушы ғана емес, үйретуші де болуымыз керектігін қарастырайық.

ИСА УАҒЫЗДАУМЕН ҚАТАР, ҮЙРЕТУДІ ДЕ БҰЙЫРДЫ

3. Біз неге уағыздаймыз?

3 Иса жерде болғанда ізбасарларына қос тапсырма берді. Біріншіден, Иса Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды уағыздауды тапсырды және бұл істе өзі үлгі көрсетті (Мат. 10:7; Лұқа 8:1). Иса оларға ізгі хабарды тыңдайтын да, тыңдамайтын да адамдар болатынын ескертті (Лұқа 9:2—5). Сондай-ақ ол ізгі хабардың кең таралып, “барлық халықтарға” уағыздалатынын пайғамбарлық етті (Мат. 24:14; Ел. іс. 1:8). Адамдар хабарды қалай қабылдамасын, шәкірттер Құдай Патшалығы жайлы және оның не істейтіні жайлы уағыздай берулері керек еді.

4. Матай 28:18—20 тармақтарға сай, біз Патшалық жайлы уағыздаумен қатар, не істеуіміз керек?

4 Иса тапсырған екінші іс қандай? Бұл — болашақ шәкірттерге Исаның бұйырғандарының бәрін ұстануды үйрету. Кейбіреулер Иса уағыздау мен үйрету ісін I ғасырдағы ізбасарларына ғана тапсырған деп жатады. Бірақ бұл расында да солай ма? Жоқ. Өйткені Иса бұл істің біздің күнімізге дейін, яғни “осы заман аяқталғанша” жалғасатынын айтқан (Матай 28:18—20 оқыңыз). Иса бұл тапсырманы 500-ден астам ізбасарына көрінген кезде айтса керек (Қор. 1-х. 15:6). Ал кейінірек ол Жоханға берген аянында мәсіхшілердің бәрі де өзгелерге Ехоба жайлы үйрету керектігін анық көрсетті (Аян 22:17).

5. Қорынттықтарға 1-хат 3:6—9 тармақтарда Пауыл уағыздау мен үйретудің байланысын қандай мысалмен көрсетті?

5 Елші Пауыл шәкірт дайындау ісін егін өсіруге теңеген. Ол қорынттықтарға: “Мен ектім, Аполлос суарды, ...Сендер — Құдайдың өңдеп жатқан егіндігісіңдер”,— деген (Қорынттықтарға 1-хат 3:6—9 оқыңыз). Құдайдың егіндігінде жұмыс істеп жүрген біздер тек дән сеуіп қана, яғни уағыздап қана қоймаймыз. Сонымен қатар суарып, қалай өсіп жатқанын қарап отырамыз, яғни үйретеміз (Жох. 4:35). Бірақ дәнді өсіретін Құдай екенін ұмытпаймыз.

6. Тәлімгер ретінде біздің міндетімізге не кіреді?

6 Біз “мәңгі өмірге ыңғай танытқандарды” іздейміз (Ел. іс. 13:48). Олар Мәсіхтің шәкірті болуы үшін біз оларға Киелі кітаптан білгендерін 1) түсінуге, 2) қабылдауға және 3) іс жүзінде қолдануға көмектесуіміз қажет (Жох. 17:3; Қол. 2:6, 7; Сал. 1-х. 2:13). Зерттеуші жалған наным-сенімдері, әдет-ғұрыптары сияқты “бекіністерді талқандау үшін”, тәлімгері оған көп уақыты мен күшін жұмсайтын шығар (Қор. 2-х. 10:4, 5). Зерттеуші осы қадамдарды жасап, кейін шомылдыру рәсімінен өтуіне біраз айлар кетуі мүмкін, бірақ бұл соған тұрады. Сондай-ақ зерттеушіге қауымдағылардың барлығы да көмектесе алады. Мысалы, қауымға келе бастағанда оны жылы қарсы алып, сүйіспеншілік таныту арқылы (Жох. 13:35).

СҮЙІСПЕНШІЛІК ШӘКІРТ ДАЙЫНДАУҒА ҚОЗҒАУ САЛАДЫ

7. Уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне қатысуға бізді не талпындырады?

7 Уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне қатысуымыздың басты себебі қандай? Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз. Біз Ехобаны сүйгендіктен ізгі хабарды уағыздау мен үйрету ісіне барымызды саламыз (Жох. 1-х. 5:3). Өзіңіз жайлы ойлап көріңізші. Үйден-үйге уағыздауға сізді не талпындырған еді? Ехобаға деген сүйіспеншілігіңіз. Бірақ сізге бірден уағыздап кету оңай болмаған шығар. Қызметте алғаш рет біреудің есігін қаққанда, жүрегіңіз тарсылдап, қатты қобалжыған боларсыз. Бірақ бұл істі сізге Иса тапсырғандықтан, сіз оны мойынсұна атқардыңыз. Қазір сізге үйден-үйге уағыздау әлдеқайда жеңіл шығар. Алайда біреумен Киелі кітапты зерттеу жайлы не ойлайсыз? Бұлай етуге қорқасыз ба? Олай болса уайымыңызды Ехобаға артыңыз. Одан Киелі кітапты зерттеу сабағын бастауға батылдық сұраңыз. Сонда Ехоба сіздің шәкірт дайындауға деген ықыласыңызды арттырады.

8. Марқа 6:34-ке сай, адамдарға шындықты үйретуге бізді тағы не талпындырады?

8 Өзгелерге шындықты үйретуіміздің екінші себебі — адамдарға деген сүйіспеншілігіміз. Бірде Иса мен шәкірттері көп уағыздап, қатты шаршап қалады да, біраз тынығып алу үшін оңаша жерге барады. Бірақ қалың жұрт оларды сол жерден де тауып алады. Иса халықты аяп кеткендіктен, оларды “көп нәрсеге” үйрете бастайды (Марқа 6:34 оқыңыз). Неге Иса шаршап-шалдығып тұрса да, өзін аямады? Өйткені ол өзін сол адамдардың орнына қойып, қандай күй кешіп жүргендерін жақсы түсінді. Олардың азап шегіп, қиналып, үмітсіз жүргендерін көрді. Қазіргі адамдар да сондай күйде. Олар сырт көзге бақытты болып көрінгенмен, бағушысы жоқ, адасқан бейшара қойлардай. Елші Пауыл бұндай адамдар жайлы: “Осы дүниеде еш үмітсіз, Құдайды білмей өмір кештіңдер”,— деген (Ефес. 2:12). Сондай-ақ олар “жойылуға апаратын” даңғыл жолда жүргендерін білмейді (Мат. 7:13). Ендеше, аумағымызда тұратын адамдардың рухани күйі жайлы көбірек ойлайық. Сонда сүйіспеншілігіміз оянып, оларға жанымыз ашып, қажетті көмек ұсына аламыз. Ал оларға көмектесудің ең жақсы жолы — Киелі кітап зерттеу сабағын ұсыну.

9. Філіпіліктерге 2:13-ке сай, Ехоба сізге қалай көмектеседі?

9 Киелі кітапты зерттеу сабағына дайындалу және оны жүргізу көп уақытты талап ететіндіктен, біреуге зерттеу сабағын ұсынудан тартыншақтап жүрген шығарсыз. Осы уайымыңызды, сезімдеріңізді Ехобаға ашық айтыңыз. Киелі кітап зерттеу сабағын табуға және оны жүргізуге ықылас сұраңыз (Філіпіліктерге 2:13 оқыңыз). Елші Жохан: “Оның еркіне сай не сұрасақ та, Құдайдың бізге құлақ асатынына кәміл сенеміз”,— деген (Жох. 1-х. 5:14, 15). Сондықтан Ехоба дұғаңызға жауап беріп, шәкірт дайындауға ықыласыңызды оятатынына сенімді болыңыз.

ӨЗГЕ ДЕ ҚИЫНДЫҚТАРДЫ ЖЕҢУ

10, 11. Кейбір жариялаушыларға Киелі кітапты зерттеу сабағын бастау неліктен қиын?

10 Біз шәкірт дайындау өте маңызды іс екенін білеміз. Бірақ оны жан-тәнімізбен атқаруға кейбір қиындықтар кедергі болып жатады. Қазір солардың төртеуін қарастырып, оларды қалай жеңуге болатынын көрейік.

11 Өзіңіз қалағандай қызмет ете алмағанда. Мысалы, сіз жасыңыз келіп қалғандықтан немесе нашар денсаулықтың кесірінен қалағаныңызша қызмет ете алмайтын шығарсыз. Бірақ COVID-19 пандемиясы кезінде бәріміздің мына нәрсеге көзіміз жетті: біз зерттеу сабақтарын электронды құрылғылар арқылы да тиімді өткізе аламыз. Сіз үйіңізде отырып-ақ зерттеу сабағын бастай аласыз. Бұның тағы бір ұтымды жағы бар. Кейбір адамдар Киелі кітапты зерттегілері-ақ келеді. Бірақ жариялаушылар әдетте уағыздайтын уақытта олардың қолдары бос болмайды. Олар тек таңертең не кешкі уақытта үйлерінде болады. Сіз оларға осындай уақытта хабарласып, Киелі кітап зерттеу сабағын ұсына аласыз ба? Иса да Нікөдемге ыңғайлы уақытта, яғни түнде тәлім берген (Жох. 3:1, 2).

12. Жақсы тәлімгер бола алатынымызға қандай себептер бар?

12 Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізу қолымнан келмейді деп ойласаңыз. Сіз біреуді үйрететіндей білімім көп емес, тәлім беру шеберлігім де аз дейтін шығарсыз. Бірақ сенімділігіңізді қатайтатын мына үш жайтқа назар аударыңыз: басқаларды үйретуге сізді “Құдай жарамды етті” (Қор. 2-х. 3:5). Екіншіден, “көк пен жердегі барлық билікті” иемденген Иса бізге тәлім беруге құзыр берді (Мат. 28:18). Ол осылай бізге сенім артады. Үшіншіден, басқа жариялаушылардан көмек сұрасаңыз болады. Иса не айту керектігін Әкесінен үйренгені сияқты, сіз де солай ете аласыз (Жох. 8:28; 12:49). Сондай-ақ топ бақылаушыңыздан, ізашардан не тәжірибелі жариялаушыдан зерттеу сабағын бастап, оны жүргізуге көмектесуін сұрай аласыз. Сіз олар жүргізетін зерттеу сабақтарына қатысу арқылы да сенімділігіңізді нығайтсаңыз болады.

13. Неліктен бейімделгіш болуымыз керек?

13 Жаңа әдістер мен жаңа құралдарға үйрену қиын болғанда. Қазір адаммен Киелі кітапты зерттеу әдісі өзгерді. Біз енді зерттеушілермен “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабы бойынша сабақ өтеміз. Бұл кітап алдыңғы зерттеу құралдарынан ерекшеленетіндіктен, енді сабаққа дайындық та, оны өткізу де басқаша жүреді. Оқылатын абзацтар аз болғандықтан, зерттеу көбінесе әңгіме жүзінде өтеді. Сабақта көп видео көрсетеміз, “JW Library®” сияқты электронды қосымшаларды қолданамыз. Оларды жақсы қолдана алмасаңыз, өзгелерден көмек сұраңыз. “Ауру қалса да, әдет қалмайды” демекші, адамның үйреніп қалған әдетінен арылып, жаңа нәрсеге үйренуі қиын. Десе де Ехобаның және бауырластардың көмегімен өзгерістерге бейімделе аласыз және зерттеу сабағын жаңаша өткізуден де қуаныш таба аласыз. Бір ізашар жаңа зерттеу әдісінің тәлімгерге де, зерттеушіге де жаңа серпін беріп, сергітетінін байқапты.

14. Уағыздау қиын аумақта қызмет еткенде нені есте ұстауымыз керек және Қорынттықтарға 1-хат 3:6, 7 бізге қай жағынан жігер береді?

14 Аймағыңызда зерттеу сабағын бастау қиын болса. Сіз тұратын жерде адамдар ізгі хабарды тыңдамаса, тіпті қарсы шықса, қуанышыңызды жоғалтпауға не көмектеседі? Аумалы-төкпелі мына заманда адамдардың жағдайы күрт өзгеріп кетуі мүмкін екенін ұмытпаңыз. Бір кездері хабарымызды тыңдамаған адам рухани мұқтаждығын мойындай бастауы мүмкін (Мат. 5:3). Бұрын әдебиеттерімізді алмаған адамдардың кейбірі кейіннен Киелі кітапты зерттеуге келіскен. Сондай-ақ егіннің Иесі Ехоба екенін де ұмытпайық (Мат. 9:38). Ол біздің дән сеуіп, суара бергенімізді қалайды. Ал оны өсіруді Ехоба өз мойнына алған (Қор. 1-х. 3:6, 7). Тіпті бірде-бір зерттеу сабағы табылмаса да, Ехоба әкелген жемісімізге емес, еңбегімізге қарай батасын беретінін есте ұстайық *.

ШӘКІРТ ДАЙЫНДАУ ҚУАНЫШЫНА КЕНЕЛІҢІЗ!

Суреттен уағыздау мен үйрету ісі адамға қалай көмектесетінін көреміз (15—17 абзацтарды қараңыз) *

15. Біреу Киелі кітапты зерттей бастап, білгенін өмірде қолданса, Ехоба не сезінеді?

15 Әлдекім шындықты қабылдап, кейін оны басқаларға да уағыздаса, Ехобаның жүрегі қатты қуанады (Нақ. с. 23:15, 16). 2020 қызмет жылына назар аударсақ, жаһандық пандемияға қарамастан, 7 705 765 адам Киелі кітапты зерттеген, ал солардың 241 994-і Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өткен. Бұл жаңа шәкірттер кейін басқа адамдармен зерттеп, тағы да шәкірттер дайындайды (Лұқа 6:40). Сөз жоқ, Ехоба біздің шәкірт дайындау ісіне атсалысып жүргенімізге шат-шадыман болады!

16. Сіз қандай мақсат қоя аласыз?

16 Шәкірт дайындау оңай іс емес екені рас, бірақ Ехобаның көмегімен зерттеушілерді Ехобаны жақсы көруге үйрете аламыз. Сіз кем дегенде бір Киелі кітап зерттеу сабағын бастауды мақсат ете аласыз ба? Бұл үшін кездестірген барлық адамға Киелі кітапты зерттеу сабағын ұсыныңыз. Ехоба талпынысыңызға батасын беріп, мақсатыңызға жеткенде, өзіңіз таңғалып қаласыз.

17. Зерттеу сабағын өткізу бізді қандай сезімге бөлейді?

17 Адамдарға уағыздау да, шындықты үйрету де біз үшін зор мәртебе! Бұл іс бізді шын бақытты етеді. Елші Пауыл Салоникадағы көп бауырласқа Мәсіхтің шәкірті болуға көмектескен. Ол былай деген: “Иеміз Исаның... алдында біздің үмітіміз, қуанышымыз бен мақтаныш тәжіміз сендер болмағанда, кім болмақ? Иә, мақтанышымыз бен қуанышымыз өздеріңсіңдер” (Сал. 1-х. 2:19, 20; Ел. іс. 17:1—4). Бүгінде де көбіміз осындай сезімдеміз. Мысалы, күйеуі екеуі көп адамға шомылдыру рәсімінен өтуге көмектескен Стефани бауырлас: “Адамдарға Ехобаға бағышталуға көмектесуден артық қуаныш жоқ екен”,— дейді.

57-ӘН Барша жанға уағыздайық

^ 5-абзац Ехоба бізге уағыздау мәртебесін беруден бөлек, Исаның бұйырғандарын үйретуді де тапсырды. Бұл істі ынта-ықыласпен атқаруға не көмектеседі? Уағыздау мен шәкірт дайындау ісінде қандай қиындықтар болуы мүмкін? Оларды қалай жеңе аламыз? Бұл сұрақтардың жауабын осы мақаладан білеміз.

^ 14-абзац Қауымдағы әрбір бауырлас шәкірт дайындауға қалай үлес қоса алатыны жайлы көбірек білу үшін, 2021 жылы наурызда шыққан “Күзет мұнарасындағы” “Зерттеушіге шомылдыру рәсімінен өтуге қауым болып көмектесейік!” деген мақаланы қараңыз.

^ 53-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Зерттеу сабағы адамның өмірін қалай өзгерте алатынына назар аударыңыз: Ехобаны білмейтін бір ер кісі мән-мағынасыз өмір кешті. Кейін Куәгерлер оған ізгі хабарды айтып, ол Киелі кітапты зерттеуге келісті. Көбірек білім алған соң, ер кісі бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтті. Уақыт өте ол да өзгелерге шәкірт болуға көмектесе бастады. Кейін бәрі жұмақта бақытты өмір кешті.