ӨМІРБАЯН
Ехоба “жолымды тегістеді”
БІРДЕ жас бауырлас менен: “Сіздің сүйікті тармағыңыз қандай?”— деп сұрады. Мен оған бірден: “Нақыл сөздер 3-тарау, 5, 6-тармақ,— дедім.— Онда былай жазылған: “Ехобаға бар жүрегіңмен сенім арт, Өз ақылыңа сүйеніп жүрме. Барлық ісіңде оны ескер, Сонда ол жолыңды тегістер”. Иә, Ехоба шынымен де менің жолымды тегістеді. Қалай? Айтып берейін.
АТА-АНАМНЫҢ МЕНІ ТУРА ЖОЛҒА БАҒЫТТАУЫ
Менің ата-анам шындықты үйленбей тұрып, 1920 жылдары білді. Мен 1939 жылы дүниеге келдім. Біз Англияда тұрдық. Мен ата-анаммен бірге қауым кездесулеріне қалмай барып жүрдім. Кейін теократиялық қызмет мектебіне жазылдым. 6 жасымда алғаш рет тапсырмамен шыққаным әлі есімде. Пюпитрге бойым жетпегендіктен, бауырластар аяғымның астына қорап қойып берді. Мен қатты қобалжыдым, өйткені залда кілең үлкен кісілер отыр еді.
Уағызға шыққанда, әкем маған бір парақшаға қарапайым ұсыныс жазып беретін. 8 жаста болғанымда мен алғаш рет жалғыз өзім бір есікті қақтым. Үй иесі қолымдағы парақшадағы ұсынысты оқып, “Құдай шыншыл” деген кітапты алды. Бұған қатты қуанғаным сонша — көшеде тұрған әкеме барып айтуға асықтым! Уағыз ісі мен қауым кездесулері маған көп қуаныш сыйлады және бойымда Ехобаға толық уақытты қызмет етуге деген зор ықылас оятты.
Әкем “Күзет мұнарасын” алып тұруым үшін, мені сол журналға жаздырды. Сонда шындық жүрегіме терең ұялай бастады. Мен журналдарды алған бойда құмарта оқып тастайтынмын. Осының арқасында Ехобаға деген сенімім өсіп, оған өмірімді бағыштағым келді.
1950 жылы отбасымызбен Нью-Йоркте өткен “Теократияның өсуі” деген конгреске бардық. 3 тамыз, бейсенбі күннің тақырыбы “Миссионерлер күні” деп аталды. Сол күні кейіннен Басқарушы кеңесте қызмет еткен Кэри Барбер бауырлас шомылдыру рәсіміне арналған баяндаманы айтты. Ол баяндамасының соңында кандидаттарға екі сұрақты қойған кезде, мен де орнымнан тұрып:
“Иә!”— деп жауап бердім. Ол кезде жасым 11-де болса да, бұл қадамым маңызды екенін түсінетінмін. Мен жүзуді білмегендіктен, суға түсуге қорықтым. Сонда әкемнің інісі мені бассейнге ертіп барып, “уайымдама, бәрі жақсы болады” деп тыныштандырды. Бірақ менің аяғым тіпті судың түбіне тиіп үлгермеді. Мен бір бауырластың қолынан екінші бауырластың қолына тез өттім: бірі шомылдыру рәсімінен өткізсе, екіншісі бассейннен тез шығарып алды. Сол елеулі күннен бастап Ехоба менің жолдарымды тегістеп келеді.ЕХОБАҒА СЕНІМ АРТУДЫ ШЕШТІМ
Мектепті бітірген соң, мен ізашар болғым келді. Бірақ мұғалімдерім жоғары оқу орнына түс деп қоймады. Солардың айтқанына көніп, мен университетке түстім. Алайда көп ұзамай-ақ сабағым мен шындықты қатар алып жүре алмайтынымды түсіндім. Бұлай шындықта нық тұра алмайтынымды білгендіктен, университеттен кетем деп шештім. Бұл жайлы Ехобаға дұға еттім де, университеттен шығу туралы өтініш жаздым. Сөйтіп, бірінші курстан кейін оқуымды тастадым. Бұдан соң Ехобаға толық сенім артып, бірден ізашарлық қызметті бастап кеттім.
1957 жылдың шілдесінде Лондондағы Бетел мені Уэллингборо қаласына тағайындады. Сол жерде қызмет ететін Берт Вейзи бауырлас мені көп нәрсеге үйретті. Ол өте құлшынысты жариялаушы болатын, маған да уағыздаудың жақсы кестесін құруға көмектесті. Қауымда алты қарт әйел бауырлас, ал ер бауырластардан Берт екеуміз ғана болдық. Барлық қауым кездесулеріне дайындалып, атсалысқаным Ехобаға көбірек арқа сүйеуге және сенімімді паш етуге көмектесті.
Мен әскерге бармағаным үшін қысқа мерзімге түрмеге отырып шықтым. Шыққан соң, Барбара деген арнайы ізашармен таныстым. Сөйтіп, екеуміз 1959 жылы отау құрдық. Біз кез келген жерде қызмет етуге дайын едік. Біз алдымен Англияның солтүстік-батысындағы Ланкашир қаласына тағайындалдық. Кейін мен 1961 жылы Лондон Бетелінде өткен бір айлық Патшалық қызмет мектебіне шақырылдым. Мектептің соңында мені аралаушы бақылаушы етіп тағайындайды деп күтпедім. Мен екі апта бойы Бирмингем қаласындағы бір аудандық бақылаушыдан үйрендім. Барбараға да менімен бірге баруға рұқсат етті. Үйреніп болған соң, біз Ланкашир мен Чешир ауданындағы өзіміздің тағайындалуымызға қайта оралдық.
ЕХОБАҒА СЕНІМ АРТСАҢ, ЕШҚАШАН ҚАТЕЛЕСПЕЙСІҢ
1962 жылы тамызда біз демалыста жүргенде, филиалдан бір хат келді. Конвертті ашсақ, ішінде Ғалақат мектебіне өтініш қағазы бар екен! Барбара екеуміз Ехобаға дұға етіп, жаңағы өтінішті толтырдық. Сөйтіп, оны дереу Бетелге жөнелттік. Ал бес айдан соң біз Нью-Йорк штатындағы Бруклинге жол тарттық. Ол жерде Ғалақаттың 38-сыныбында оқып, он ай бойы теократиялық білімнен сусындадық.
Ғалақат мектебінде біз тек Құдай Сөзі мен оның ұйымы жайында ғана емес, бауырластық туралы да өте көп білдік. Жасымыз 20-дан енді асса да, сыныбымыздағы студенттерден үйренгеніміз көп болды. Бұдан бөлек, мен оқытушыларымыздың бірі Фред Раск бауырласпен жұмыс істедім, бұл мен үшін зор мәртебе еді. Одан алған бір керемет тәлімім — біреуге кеңес бергенде, оны тек Киелі жазбаларға негіздеп беру. Бізге дәріс оқығандардың арасында Нейтан Норр, Фредерик Френц, Карл Клейн сынды өте тәжірибелі бауырластар болды. Сондай-ақ біз, студенттер, Макмиллан бауырластың кішіпейіл үлгісіне тәнті болдық! Оның аузынан бауырластар 1914 жылдан бастап 1919 жылдың басына дейін кезіккен сын сағатта Ехоба өз халқын қалай жетелегені жайлы естіп білдік.
ТАҒАЙЫНДАЛУЫМЫЗДЫҢ ӨЗГЕРУІ
Мектептің соңына таман Барбара екеумізді Норр бауырлас шақырып алып, Африкадағы Бурунди еліне тағайындалатынымызды айтты. Біз дереу Бетелдің кітапханасына жүгіріп барып, “Жылнамадан” ол жақта қанша жариялаушы қызмет ететінін іздедік. Бір аң-таң болғанымыз — ол жерден жариялаушылар туралы ешқандай сан таппадық! Иә, біз адам аяғы баспаған аумаққа барғалы жатқан едік, бұл құрлық туралы білетініміз де өте шамалы еді. Сондағы жүрегіміз дүрсілдеп, қобалжығанымыз-ай! Бірақ ынты-шынтымызбен дұға айтқан соң, сәл басылдық.
Жаңа тағайындалған жерімізде біз үшін бәрі жаңа еді: климаты да, мәдениеті де, тілі де. Бізге француз тілін үйренуге тура келді. Тұратын жер табу да оңай болмады. Осы елге келгенімізге екі күн болғанда, Замбиядағы қызметіне қайтып бара жатқан Ғалақаттағы сыныптасымыз Харри Арнот бізге пәтер табуға көмектесті. Сөйтіп, бұл пәтер біздің алғашқы миссионерлік үйіміз болды. Қызметімізге енді білек сыбана кіріскенімізде, Ехоба куәгерлерін мүлдем танымайтын жергілікті билік иелері бізге қарсылық көрсете бастады. Олар жұмыс визамыз болмаса, бұл жерде қала алмайтынымызды айтты. Өкінішке орай, бізге ол елден кетіп, жаңа жерге, Угандаға, баруға тура келді.
Біз Угандаға визасыз бара жатқанымызға қорықтық, бірақ Ехобаға сенім арттық. Сол
жерде Угандаға қызмет аясын кеңейтіп келген бір канадалық ер бауырласпен таныстық. Ол көші-қон полициясының қызметкеріне біздің жағдайымызды айтып түсіндірді. Олар бізге елде тұруымызды заңдастыру үшін бірнеше ай берді. Осылай ісіміздің оңға басып жатқанын Ехобаның көмегі деп білдік.Бұл жердегі жағдай Бурундиге қарағанда мүлде өзгеше еді. Угандада уағыз ісі әлдеқашан жүріп жатты, ал бүкіл елде небәрі 28 ғана Куәгер болатын. Аумағымызда ағылшынша сөйлейтіндер көп еді. Бірақ қызығушыларға рухани өсуге көмектесу үшін біз жергілікті көп тілдің бірін меңгеріп алуымыз керектігін түсіндік. Біз Кампала қаласында уағыздай бастадық. Онда көбісі луганда тілінде сөйлейтіндіктен, сол тілді үйренейік деп шештік. Әрине, бұл тілді жақсылап меңгеру үшін бірнеше жыл кетті, есесіне қызметіміз өте жемісті болды! Біз зерттеушілерімізге қандай рухани көмек көрсетуіміз қажет екенін түсіне бастадық. Олар да жүректерін ақтарып, білгендері жайлы өз сезімдерін айтатын болды.
САПАРДАН-САПАР
Шындықты қабылдауға асық момын жандарды тауып жатқанымызға бір қуансақ, бүкіл елге аралаушы бақылаушы болатынымызды естігенде, тағы қуандық. Содан Кения филиалының нұсқауы бойынша, уағыз ісіне есік ашу үшін арнайы ізашарлар баратын жерлерді іздеп табуға кірісіп кеттік. Бұрын Ехоба куәгерлерін көрмеген адамдардың өзі бізге бірнеше рет меймандостық танытты. Олар бізді құшақ жая қарсы алып, алдымызға тіпті дастарқан жайды.
Бұдан кейін біз ат басын түрлі жерлерге бұрдық. Мен Кампаладан екі күн пойызбен жүріп Кениядағы Момбаса портына, ал одан әрі кемемен Үнді мұхитындағы Сейшель аралдарына сапар шектім. Кейінірек, 1965—1972 жылдары, Сейшель аралдарына жасаған сапарларыма Барбара да қосылды. Сол уақытта ондағы екі-ақ жариялаушыдан бір топ, ал сол топтан үлкен қауым құрылды. Бұдан басқа сапарым мені Эритреядағы, Эфиопия мен Судандағы бауырластарға апарды.
Ал Угандадағы саяси жағдай билік басына әскерилер келгенде күрт өзгерді. Содан басталған қиын жылдары “патшанікін патшаға беріңдер” деген принципке құлақ асудың қаншалықты дана екеніне менің көзім жетті (Мар. 12:17). Бірде елдегі шетелдіктердің бәрі үйлеріне ең жақын жердегі полиция бөлімшесіне барып тіркелу керек деген жарлық шықты. Біз бұл жарлыққа бірден құлақ астық. Осыдан бірер күн өткен соң, бір миссионер екеуміз Кампалада көлікпен жүргенде, бізді құпия полиция қызметкерлері тоқтатты. Сонда жүрегіміз аузымызға тығылды! Олар бізді тыңшысыңдар деп айыптап, бас полиция бөліміне алып кетті. Сол жерде біз оларға ешкімге зиянымыз жоқ миссионерлер екенімізді түсіндірдік. Біздің тіркеліп қойдық дегенімізді олар құлақтарына да қыстырмады. Сөйтіп, қаруланған жасақпен бірге бізді үйіміздің жанындағы полиция бөлімшесіне алып барды. Бақытымызға орай, сол жерде біздің тіркелгенімізді көрген полиция қызметкері танып, оларға бізді босатуды айтты!
Сол кездері тосқауыл бекеттерінде қиналып қалатынбыз, әсіресе өлгенше мас болған сарбаздар тоқтатқанда. Бірақ біз үнемі
дұға етіп, жантыныштығын сезінетінбіз. Сөйтіп, аман-есен өтіп кететінбіз. Бір өкініштісі, 1973 жылы бүкіл шетелдік миссионерлер Угандадан кету керек деген бұйрық шықты.Содан біз жаңа елге, Батыс Африкадағы Кот-д’Ивуарға тағайындалдық. Бұл жерде де біраз бейімделуіміз керек болды: мүлдем басқа мәдениетке, қайтадан француз тілінде сөйлеуге және түрлі елден келген миссионерлермен бірге тұруға! Әйтсе де момын, ақжүректі адамдар ізгі хабарды бірден қабылдағанын көргенде, бұл тағайындалу Ехобаның басшылығы екенін түсіндік. Біз Ехобаға сенім артқанымыз қалай жолымызды тегістеп жатқанына куә болдық.
ЖАҒДАЙДЫҢ ӨЗГЕРУІ
Сүйікті жарым Барбараға ойламаған жерден қатерлі ісік деген нақтама қойылды. Емделу үшін Еуропаға қанша рет барсақ та, ол оңалмады. 1983 жылы Африкада бұдан былай қызмет ете алмайтынымызды түсіндік. Бұған екеуіміздің де көңіліміз қатты түсті.
Лондон Бетелінде қызмет етіп жүргенде, Барбараның дерті ушыға түсіп, ақырында дүние салды. Басыма қара бұлт үйірілген сол шақта Бетел отбасы мен үшін таптырмас тірек болды. Маған әсіресе бір ерлі-зайыпты жаңа жағдайға бейімделіп, әрі қарай да Ехобаға сенім артуға көмектесті. Кейінірек мен арнайы ізашар боп қызмет еткен және Бетелге көмектесіп жүрген Анн деген бауырласпен таныстым. Ол Ехобаны өте жақсы көретін рухани бауырлас еді. Екеуміз 1989 жылы үйленіп, содан бері Бетелде қызмет етіп келеміз.
1995—2018 жылдары мен бас басқарманың өкілі ретінде (бұрынғы филиалдарды аралаушы бақылаушы) қызмет етіп, 60 шақты елді араладым. Барған әрбір елде қандай жағдай болмасын, Ехоба өз халқын қамқорлап келе жатқанына куә болдым.
2017 жылы біздің жолымыз Африкаға түсті. Әйелім Аннға Бурундиді көрсетіп әрі сол жердегі өсімді көргенде, кеудемізді қуаныш кернеді! Бір тебірентерлігі, мен 1964 жылы үйме-үй уағыздаған көшеде қазір әдемі Бетел орналасыпты. Бұл Бетел елдегі саны 15 500-ден асып жығылатын жариялаушыға қызмет көрсетуде.
2018 жылы жасайтын сапарымның тізімін көргенде, төбем көкке жетті. Себебі тізімнің ішінде Кот-д’Ивуар да бар еді. Астанасы Абиджанға келгенде, тура бір үйге оралғандай болдым. Біз Бетелдің қонақ бөлмесінде тоқтадық. Бетелдіктердің телефон нөмірі жазылған анықтамалықты қарап едім, Сосу деген ат көзіме ыстық көрінді. Бұрын Абиджанда болғанымда, ол қалалық бақылаушы * боп қызмет ететін. Бірақ мен қателесіппін. Ол басқа Сосу — оның ұлы екен.
Ехоба өз сөзінде тұрды. Басымнан өткерген небір тауқыметтен мына нәрсеге көзім жетті: Ехобаға сенім артсақ, ол шынымен де жолымызды тегістейді. Біз мәңгілікке ұласатын әрі жаңа өмірде одан сайын жарқырай түсетін осы жолмен әрі қарай да жүргіміз келеді! (Нақ. с. 4:18).
^ 33-абзац Қызметтің бұл түрі қазір жоқ.