Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

5-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Әрбір еркектің басы — Мәсіх”

“Әрбір еркектің басы — Мәсіх”

“Әрбір еркектің басы — Мәсіх” (ҚОР. 1-Х. 11:3).

12-ӘН Ұлы Құдай Ехоба

АҢДАТПА *

1. Көптеген ер адамдарға не нәрсе әсер етіп жатады?

СІЗ отбасында басшы болу дегенді қалай түсінесіз? Кейбір ер адамдарға мәдениеті, салт-дәстүрлер, үй ішінде көрген тәрбиесі қатты әсер етеді. Еуропада тұратын Янита есімді әйел былай дейді: “Біз тұратын жерде ер адамдар әйелдерді төмен санап, оларды күң сияқты көреді”. Ал Құрама Штаттарда тұратын Люк есімді ер бауырластың айтуынша, кейбір әкелер ұлдарына “әйелдерді тыңдама, олардың ойлары маңызды емес” деп үйретеді екен. Бірақ Ехоба ер адамдардың әйелдерге бұлай қарағанын қаламайды (Марқа 7:13 салыстырыңыз). Ер адамдар отбасында жақсы басшы болуды қайдан үйрене алады?

2. Жақсы басшы болу үшін ер адам не нәрсені түсіну керек және бұл неге маңызды?

2 Отбасында жақсы басшы болу үшін ер адам нені түсінуі керек? Ол алдымен Ехоба одан нені талап ететінін біліп алуы қажет. Сосын Ехоба кейбір адамдарға не үшін билік бергенін түсініп алуы керек. Сондай-ақ ол Ехоба мен Исадан үлгі алуды үйрену керек. Бұл не үшін маңызды? Отағаларға билікті Ехоба бергендіктен, ол отағалардан сол билікті дұрыс қолдануды да талап етеді (Лұқа 12:48ә).

БАСШЫЛЫҚ ПРИНЦИПІ ДЕГЕН НЕ?

3. Қорынттықтарға 1-хат 11:3-те басшылық принципіне қатысты не айтылған?

3 Қорынттықтарға 1-хат 11:3 оқыңыз. Бұл тармақта басшылық принципі жайлы, яғни Ехобаның көктегі және жердегі балаларына қатысты орнатқан құрылымы жайлы айтылады. Ехоба ең жоғарғы билік иесі болғандықтан, ол басқаларға билік береді және сол билік үшін есеп талап етеді (Рим. 14:10; Ефес. 3:14, 15). Мысалы, Ехоба Исаға қауымдардың үстінен қарауға билік берді. Иса қауымдарға қалай қарайтыны жөнінде Ехобаға есеп береді (Қор. 1-х. 15:27). Ехоба ер адамға да билік берген. Бірақ ер адам әйелі мен балаларына қалай қарайтыны жөнінде Ехобаға да, Исаға да есеп береді (Пет. 1-х. 3:7).

4. Ехоба мен Исаның қандай құқықтары бар?

4 Басшылық принципі бойынша, Ехоба — бүкіләлемдік отбасының Басы. Сондықтан ол заңдар мен ережелер орнатуға және балаларынан солардың орындалуын талап етуге құқылы (Ишая 33:22). Қауымның басы Исаның да заңдар мен ережелер орнатып, солардың орындалуын қадағалауға құқы бар (Ғал. 6:2; Қол. 1:18—20).

5. Отағалардың қандай құқы бар және олардың билігі қай жағынан шектеулі?

5 Ехоба мен Иса сияқты, ер адамның да өз отбасында ережелер орнатуға құқы бар, бірақ оның билігі шектеулі (Рим. 7:2; Ефес. 6:4). Себебі ол өзінің ережелерін Киелі кітап принциптерінің аясында ғана орната алады (Нақ. с. 3:5, 6). Бірақ оның өз отбасынан тыс адамдарға билік етуге құқы жоқ (Рим. 14:4). Сондай-ақ балалары есейіп, үйден кеткенде, ол бұдан былай олардың басы болмайды. Бірақ балалары оны әкесі ретінде құрметтей береді (Мат. 19:5).

ЕХОБА БАСШЫЛЫҚ ПРИНЦИПІН НЕ ҮШІН ОРНАТҚАН?

6. Ехоба басшылық принципін не үшін орнатқан?

6 Ехобаның басшылық принципін орнатқан себебі — отбасын жақсы көреді. Ол өз отбасының тәртіп пен татулықта өмір сүріп, бақытты болғанын қалайды (Қор. 1-х. 14:33, 40). Егер басшылық принципі болмағанда, әлемде бейберекеттік орнап, барлығы жапа шегер еді. Кімнің шешім қабылдап, кімнің сол шешімді жүзеге асыратыны да түсініксіз болар еді.

7. Ефестіктерге 5:25, 28-ге сай, Ехоба күйеулердің өз әйелдеріне қалай қарағанын қалайды?

7 Егер Ехобаның басшылыққа қатысты орнатқан құрылымы тамаша құрылым болса, неге онда әйелдер күйеулерінен жәбір көріп жүр? Мұның себебі — көптеген отағалар Ехобаның отбасына қатысты берген заң-талабына мойынсұнбайды. Олар жергілікті салт-дәстүрлер мен мәдениеттің ықпалына берілген. Ал кейбіреулер әйелдер ер адамның қажеттілігін қанағаттандыру үшін жаралған деп ойлайды. Мысалы, олар өзгелердің алдында “нағыз еркек” болып көріну үшін әйелдеріне өктемдік етеді. Я болмаса “әйелім мені жақсы көрмесе жақсы көрмей ақ қойсын, бірақ менен қорқатын болсын. Сонда оған айтқанымды істете аламын” деп ойлауы мүмкін *. Осындай көзқарастардың кесірінен әйелдердің қадір-қасиеті тапталып жатыр. Бірақ Ехобаның қалағаны — бұл емес (Ефестіктерге 5:25, 28 оқыңыз).

ЕР АДАМ ОТБАСЫНДА ЖАҚСЫ БАСШЫ БОЛУДЫ ҚАЙДАН ҮЙРЕНЕ АЛАДЫ?

8. Ер адам отбасында жақсы басшы болуды қайдан үйренсе болады?

8 Ер адам отбасында жақсы басшы болуды Ехоба мен Исадан үйрене алады. Ехоба мен Иса өз биліктерін қолданған кезде тамаша қасиеттер танытады. Қазір солардың екеуіне ғана тоқталайық. Сол екі қасиетті отағасы өз отбасында қалай танытса болады?

9. Ехобаның кішіпейіл екені неден көрінеді?

9 Кішіпейілділік. Ехоба — әлемдегі ең дана тұлға. Сонда да ол өз қызметшілерінің пікірін тыңдайды (Мұс. 1-ж. 18:23, 24, 32). Кейде тіпті ұсыныстар айтуға мүмкіндік береді (Пат. 1-ж. 22:19—22). Сондай-ақ Ехоба — кемелді тұлға. Бірақ ол кемелсіз пенделерден ешқашан мінсіздікті талап етпейді. Ол өзінің қызметшілеріне кішіпейілділікпен көмектеседі (Зәб. 113:6, 7). Киелі кітапта тіпті Ехоба біздің көмекшіміз екені айтылған (Зәб. 27:9; Евр. 13:6). Мысалы, Дәуіт Ехобаның кішіпейілділікпен көмектескенінің арқасында ғана ұлы істер атқара алғанын айтқан (Сам. 2-ж. 22:36).

10. Исаның кішіпейілділігі неден көрінді?

10 Енді Исаға келер болсақ, ол Ие әрі Ұстаз болған. Соған қарамастан ол шәкірттерінің аяқтарын жуған. Ехобаның бұл оқиғаны Киелі кітапқа жаздырған себебі — ол адамдар, соның ішінде отағалар Исадан үлгі алсын деді. Исаның өзі: “Мен не істесем, сендер де солай істесін деп, үлгі көрсеттім”,— деген (Жох. 13:12—17). Иса — өте жоғары билік иесі. Бірақ ол өзгелерден өзіне қызмет етуді талап етпеген, қайта, өзі басқаларға қызмет еткен (Мат. 20:28).

Кішіпейіл әрі сүюші отағалар үй тірліктеріне көмектеседі және отбасының рухани қажеттілігін қамдайды (11, 13-абзацты қараңыз)

11. Отағалар Ехоба мен Исаның кішіпейілділігінен не нәрсеге үйрене алады?

11 Үйренеріміз. Ехоба мен Исаның кішіпейілділігі отағалар үшін тамаша үлгі. Оларға еліктейтін отағалар әйелі мен балаларынан кемелділікті талап етпейді. Сондай-ақ өзінікіне қайшы болса да, олардың пікірлерін тыңдайды. Осы орайда Марли есімді әйел бауырлас былай дейді: “Күйеуім екеуміздің ойымыз бір жерден шықпайтын кездер де болады. Сондай кездері ол менің пікірімді мұқият тыңдап, бәрін саралап-салмақтап, содан кейін ғана шешім қабылдайды. Сондай кезде оның мені қаншалықты құрметтейтінін көріп, риза болып қаламын”. Кейбір мәдениетте үй шаруасымен айналысу әйелдің тірлігі деп қарастырылады. Бірақ кішіпейілділік танытатын отағасы бұндай істерді атқарудан ұялмайды. Мысалы, Исаның өзі шәкірттерінің аяғын жуып, құлдар атқаратын тірлікті істеген. “Мен туып-өскен жерде ер адам әйеліне көмектесіп, үй жинап, ыдыс жуатын болса, көршілері мен туыстары бірден “мынау еркек емес, әйелінің айтқанынан шыға алмайды” деп жатады”,— дейді Рэйчел есімді әйел бауырлас. Отбасында жақсы басшы болғысы келетін ер адам өзгелердің алдындағы абыройын емес, әйелі мен бала-шағасының бақытын ойлайды. Отағалар Ехоба мен Исадан кішіпейілділіктен бөлек тағы бір қасиетке үйрене алады.

12. Ехоба мен Исаның бізді жақсы көретіні неден көрінеді?

12 Сүйіспеншілік. Ехобаның бізді жақсы көретіні барлық нәрседен көрінеді (Жох. 1-х. 4:7, 8). Ол біздің барлық қажеттіліктерімізді қамдайды. Рухани тоқ жүруіміз үшін Киелі кітапты, өз ұйымын берді. Эмоциялық жағына келсек, көңіліміз тоқ болу үшін бізді жақсы көретінін үнемі білдіріп отырады. Ехоба материалдық қажеттіліктерімізді де қамдап, “біз рақатын көру үшін бәрін молынан қамтамасыз етті” (Тім. 1-х. 6:17). Тіпті қателік жасап қойған кезде де, Ехоба бізді жақсы көре береді. Ол бізді сүйіспеншілікпен түзетеді. Оның бізді жақсы көретіні сонша — өзінің сүйікті Ұлын біз үшін құрбан етті. Ал Исаға келер болсақ, ол өзінің өмірін біз үшін қиюымен бізді қаншалықты жақсы көретінін көрсетті (Жох. 3:16; 15:13). Ехоба мен Исаның сүйіспеншілігінен бізді еш нәрсе де айыра алмайды (Жох. 13:1; Рим. 8:35, 38, 39).

13. Неліктен отағалардың әрбір ісінен өз отбасын сүйетіні көрініп тұру керек? (“ Енді ғана үйленген болсаңыз, әйеліңіздің құрметіне ие болу үшін не істей аласыз?” деген қоршауды да қараңыз.)

13 Үйренеріміз. Отағалардың әрбір ісінен отбасын жақсы көретіні көрініп тұруы керек. Бұл өте маңызды. Себебі Киелі кітапта: “Көз алдындағы бауырласын, [яғни отбасын] сүймейтін кісі көзімен көрмеген Құдайды сүйе алмайды”,— делінген (Жох. 1-х. 4:11, 20). Ехоба мен Исадан үлгі алатын және отбасын жақсы көретін отағалар отбасының рухани, эмоциялық және материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз етеді (Тім. 1-х. 5:8). Сондай-ақ балаларын тәрбиелеп, жөнге салып отырады. Ал шешімдер қабылдаған кезде, отбасының игілігін және Ехобаға мадақ әкелуді ойлайды. Қазір отағалар осы міндеттерін атқарған кезде Ехоба мен Исаға қалай еліктей алатындарын көрейік.

ОТАҒАЛАРҒА ҚАНДАЙ ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЛГЕН?

14. Отағалар отбасының рухани қажеттілігін қамдау үшін не істеу керек?

14 Отбасының рухани қажеттілігін қамдау. Ехоба өз отбасының рухани күйін ойлайтыны сияқты, Иса да ізбасарларының рухани тоқ жүруін қамдаған (Мат. 5:3, 6; Мар. 6:34). Отағалар да бірінші кезекте отбасының рухани қажеттіліктерін қамтамасыз ету керек (Мұс. 5-ж. 6:6—9). Бұл үшін олар отбасы мүшелеріне Киелі кітапты оқып, терең зерттеуге, қауым кездесулеріне баруға, уағызға шығуға және Ехобамен жеке қарым-қатынас дамытуға көмектесу керек.

15. Отбасының эмоциялық қажеттіліктерін қанағаттандырудың бір жолы қандай?

15 Отбасының эмоциялық қажеттілігін қамдау. Ехоба басқалардың көзінше Исаны жақсы көретінін білдіріп отырған (Мат. 3:17). Иса да ізбасарларын жақсы көретінін сөзімен де, ісімен де көрсеткен. Соның арқасында ізбасарлары да Исаны жақсы көретіндерін айтуға қысылмаған (Жох. 15:9, 12, 13; 21:16). Тура сол сияқты, отағалар да әйелі мен балаларын жақсы көретінін ісімен және сөзімен көрсетіп отыру керек. Мысалы, олармен бірге отырып Киелі кітапты зерттесе болады. Сондай-ақ оларды жақсы көретінін, бағалайтынын айтып, орынды болса, өзгелердің алдында мақтаса болады (Нақ. с. 31:28, 29).

Ехобаға ұнамды болғысы келетін отағалар отбасының материалдық қажеттілігін қамдайды (16-абзацты қараңыз)

16. Отағалар тағы не істеу керек және олар неден сақ болулары қажет?

16 Отбасының материалдық қажеттілігін қамдау. Ехоба исраилдіктер қателіктері үшін шөл даланы кезіп жүрген кезде де олардың негізгі қажеттіліктерін қамдаған (Мұс. 5-ж. 2:7; 29:5). Ехоба бүгінде біздің де ең қажет деген нәрселеріміздің болуын қамдайды (Мат. 6:31—33; 7:11). Ал Исаға келер болсақ, ол соңынан ергендерді тамақтандырған (Мат. 14:17—20). Солардың ішінде көптеген ауруларды сауықтырған (Мат. 4:24). Отағалар да Ехоба мен Исаға еліктеп, материалдық жағынан отбасының жағдайын жасау керек. Бірақ олар жұмысқа басымен кіріп кетуден сақ болу керек. Өйткені отбасының рухани және эмоциялық мұқтаждығын сапалы түрде қанағаттандыруға уақыты мен күші қалу керек.

17. Тәлім беріп, жөнге салу жағынан Ехоба мен Иса қандай үлгі көрсетеді?

17 Тәлім-тәрбие беру. Ехоба бізге тәлім беріп, жөнге салған кезде бірінші кезекте біздің қамымызды ойлайды (Евр. 12:7—9). Иса жерде болған кезде, тура Әкесі сияқты әрекет еткен. Ол әрдайым ізбасарларына жұмсақтықпен, сүйіспеншілікпен тәлім берген (Жох. 15:14, 15). Бірақ қажет кезде мейіріммен нақты кеңестер де берген (Мат. 20:24—28). Ол ізбасарларының кемелсіз әрі қателіктер жасап қоюға бейім екенін жақсы түсінген (Мат. 26:41).

18. Отбасында жақсы басшы бола білетін ер адамдар нені ұмытпайды?

18 Ехоба мен Исаға еліктейтін отағалар әйелі мен балаларының кемелсіз екенін ұмытпайды. Олар қателік жасап қойған жағдайда ашуға булығып, дөрекілік көрсетпейді (Қол. 3:19, сілт.). Қайта, өзінің де кемелсіз екенін ескеріп, Ғалаттықтарға 6:1-ге сай, оларды жұмсақтықпен түзетеді. Иса сияқты, отағалар өздері үлгі көрсету керек. Тәлім берудің ең жақсы жолы — осы (Пет. 1-х. 2:21).

19, 20. Отағалар шешім қабылдағанда Ехоба мен Исаға қалай еліктей алады?

19 Өзгелердің пайдасына асатын шешімдер қабылдау. Ехоба шешім қабылдағанда, өзгелердің игілігін ойлайды. Өмірге бастау берген кезде ол біздің игілігімізді ойлап, өмірден ләззат алғанымызды қалаған. Ол өзінің сүйікті Ұлын біздің күнәларымыз үшін құрбан еткенде де өзін емес, біздің қамымызды ойлаған. Иса да шешімдер қабылдағанда бірінші кезекте өзгелерді ойлаған (Рим. 15:3). Бірде ол қатты шаршап тұрғанына қарамай, қалың жұртқа тәлім берген (Мар. 6:31—34).

20 Жақсы отағасы отбасында шешім қабылдау үлкен жауапкершілік екенін түсінеді, сондықтан оған атүсті қарамайды. Ол ойланбастан шешім қабылдай салмайды және шешімдері көңіл-күйіне байланысты болмайды. Ол дана шешімдер қабылдауды Ехобадан үйренеді * (Нақ. с. 2:6, 7). Соның арқасында ол өзіне емес, өзгелерге пайдасы тиетін шешімдер қабылдайды (Філіп. 2:4).

21. Келесі мақала не жайлы болмақ?

21 Ехобаның отағаларға жүктеген жауапкершілігі оңай жүк емес. Сөйтсе де ол отағалардан өз міндеттерін дұрыс атқаруды талап етеді. Бірақ Ехоба мен Исаның үлгісіне еліктейтін отағалар әрдайым жетістікке жетеді. Отбасының бақыты әйелге де байланысты. Ол басшылық принципіне қалай қарау керек? Ол қандай қиындықтарға кезігуі мүмкін? Келесі мақалада біз осы жайлы қарастырамыз.

16-ӘН Ехобаны Патшалығы үшін мадақтаңдар!

^ 5-абзац Ер адам үйленген кезде, өз отбасының басшысына айналады. Осы орайда бұл мақалада біз мынадай сұрақтарды қарастырамыз: басшылық принципі деген не? Оны Ехоба не үшін орнатқан? Отағалар Ехоба мен Исадан қандай үлгі ала алады? Келесі мақалада біз күйеулер мен әйелдер Исадан және Киелі кітап кейіпкерлерінен не нәрсеге үйренетінін көреміз. Ал үшінші мақалада басшылық принципі бойынша ер бауырластарға қауымда қандай билік берілгенін қарастыратын боламыз.

^ 7-абзац Көп адамдар әйелдерге қорлық көрсету, ұрып-соғу жайлы фильмдерден, анекдоттардан, әзіл-сықақ бағдарламаларынан жиі көріп-естиді. Сондықтан ер адамдардың әйелдерге солай қарауына болады деген көзқарас тууы мүмкін.

^ 20-абзац Дана шешімдер қабылдауға қатысты көбірек білу үшін, “Қабылдаған шешімдерің Құдайға мадақ әкелсін” деген мақаланы қараңыз (“Күзет мұнарасы”, 2011 жыл, 15 сәуір, 13—17 беттер).