Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

52-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Еңсені басқан мұңмен күресіңіз

Еңсені басқан мұңмен күресіңіз

“Бар ауыртпалығыңды Ехобаға арт, Ол сені демейді” (ЗӘБ. 55:22).

33-ӘН Уайымыңды Ехобаға арт

АҢДАТПА *

1. Ұнжырғамыз түскенде бізбен не болуы мүмкін?

БІЗ әр күні қиындықтарға кезігеміз және оларды шешуге барымызды саламыз. Бірақ келісетін шығарсыз, ұнжырғамыз түскенде, қиындықтарды еңсеру әлдеқайда қиындап кетеді. Сондықтан біз еңсемізді басқан мұңмен күресуіміз керек. Әйтпесе ол бізді қуаныштан және өз-өзімізге деген сенімділіктен айыруы мүмкін. Нақыл сөздер 24:10-да: “Қиын шақта сағың сынса, Күш-жігерің таусылар”,— делінген. Иә, еңсенің түскені қиындықтармен күресуге жұмсайтын күшімізді де сарқып алуы мүмкін.

2. Ұнжырғаның түсуіне не себеп болуы мүмкін және бұл мақалада біз не қарастырамыз?

2 Ұнжырғаның түсуіне көп нәрсе себеп болуы мүмкін. Мысалы, өзіміз жайлы жағымсыз ойлар, жасап қойған қателіктеріміз, денсаулықтың жоқтығы. Сондай-ақ өзіміз қалаған қызметті атқармағанда, аумағымыздағы адамдар шындыққа құлақ аспағанда ұнжырғамыз түсіп жатады. Бұл мақалада біз еңсемізді басқан мұңмен күресуге көмектесетін Киелі кітаптағы кейбір ойларды қарастырамыз.

ӨЗІМІЗ ЖАЙЛЫ ЖАҒЫМСЫЗ ОЙЛАР МЕН ҚАТЕЛІКТЕРІМІЗ

3. Өзіміз жайлы жағымсыз ойлардың және қателіктеріміздің кесірінен ұнжырғамыз түскенде, бізге не көмектеседі?

3 Санамызды өзіміз жайлы жаман ойлар меңдегенде және қателік жасап қойғанда, біз тез-ақ мұңға батып кетеміз. Сондай кездері “Ехоба менің жұмақта болғанымды қаламайды” деген ойға келуіміз мүмкін. Бұлай ойлау өте қауіпті. Біз өзіміздің қателіктерімізге қалай қарауымыз керек? Киелі кітапта барлық адамның “күнә жасайтыны” айтылған (Рим. 3:23). Бірақ Ехоба — бойымыздан үнемі кемшілік іздейтін, бізден мінсіздікті талап ететін Құдай емес. Қайта, ол — бізге көмектескісі келетін көктегі сүюші Әкеміз. Ол өте шыдамды. Ехоба бізге дұрыс нәрсені істеудің, өзіміз жайлы жағымсыз ойларға берілмеудің қаншалықты қиын екенін көріп жүр. Ол бізге әрдайым көмектесуге дайын (Рим. 7:18, 19).

Ехоба біздің бұрын істеген және қазір істеп жатқан игі істерімізді жақсы біледі (5-абзацты қараңыз) *

4, 5. Жоханның 1-хаты 3:19, 20-ны ескерсек, екі әйел бауырласымызға еңселерін басқан мұңмен күресуге не көмектесті?

4 Дебора мен Мария * есімді бауырластардың оқиғасын алайық. Дебора бала кезінде көп қорлық көрген, мақтау сөздерді де өте сирек естіген. Сондықтан есейген кезде, ол өзі жайлы өте төмен ойда болған. Тіпті болмашы қателік жасап қойған кезде де, ол менің қолымнан түк келмейді деп ойлаған. Марияның да жағдайы осыған ұқсас. Ол туыстарынан көп жәбір көрген. Соның кесірінен ол өзін түкке тұрғысыз сезініп кеткен. Ал шындыққа келген кезде, ол тіпті өзін Құдайдың есімін алып жүруге лайықсыз сезінген.

5 Алайда бұл екі әйел бауырласымыз Ехобаға қызмет етуді доғарған жоқ. Неліктен? Оның бір себебі — олар ыстық дұға етіп, “бар ауыртпалықтарын Ехобаға артты” (Зәб. 55:22). Олар мына бір шындықты түсініп, қабылдай білді: көктегі сүюші Әкеміз өткен өміріміздің, жағымсыз ойларымыздың бізге қалай әсер ететінін өте жақсы біледі. Ехоба бойымыздағы жақсы қасиеттерді, тіпті өзіміз байқай бермейтін қасиеттерді де көреді (Жоханның 1-хаты 3:19, 20 оқыңыз).

6. Жаман әдетін қайталап қойған адам не сезінеді?

6 Бойына сіңіп қалған әдетімен күресіп жүрген адам сол әдетін қайталап қойса, қатты көңілі түсуі мүмкін. Әрине, күнә жасап қойғанда көңіліміздің түсуі кәдімгі нәрсе (Қор. 2-х. 7:10). Алайда өзімізді шектен тыс айыптап, “менен түк шықпайды, Ехоба мені ешқашан кешірмейді” деп ойламауымыз керек. Бұндай ойлар шындыққа жанаспайды, әрі Ехобаға қызмет етуді доғаруымызға әкеп соғуы мүмкін. Нақыл сөздер 24:10-да айтылғандай, ұнжырғамыз түскенде, күшіміз таусылатынын ұмытпаңыз. “Мәселені ортаға салып”, дұға етіңіз және Ехобаның кешірімін іздеңіз (Ишая 1:18). Ол шын өкінгеніңізді көргенде, сізді кешіреді. Сондай-ақ ақсақалдардан көмек іздеңіз, олар сізге қайтадан рухани нығаюға шыдаммен көмектеседі (Жақ. 5:14, 15).

7. Дұрыс нәрсені істеу қиын болып жатса, неге көңіліміз түспеу керек?

7 Францияда тұратын Жан-Люк есімді ақсақал әлсіздіктерімен күресіп жүрген бауырластарға былай дейді екен: “Ехобаның көз алдындағы әділ адам деген ешқашан қателік жасамайтын адамды емес, жасаған қателіктеріне өкініп, барынша өзгеруге тырысатын адамды білдіреді” (Рим. 7:21—25). Қандай да бір әлсіздікпен күресіп жүрген болсаңыз, өзіңізді түкке тұрғысыз сезініп жүрмеңіз. Ешқайсысымыз Құдайдың алдында өз күшімізбен әділ бола алмайтынымызды ұмытпаңыз. Бәріміз де Құдайдың төлем арқылы танытатын рақымына мұқтажбыз (Ефес. 1:7; Жох. 1-х. 4:10).

8. Еңсеміз түскенде кімнен көмек іздесек болады?

8 Бауырластарымыздан — рухани отбасымыздан — жігер іздейік! Қажет кезде олар бізге тыңдайтын құлақ болып, жігерлі сөздерімен жүрегімізді шаттыққа толтыра алады (Нақ. с. 12:25; Сал. 1-х. 5:14). Нигериядағы Джой деген әйел бауырлас бір кездері ұнжырғасы түсіп, қатты қиналған. Ол былай дейді: “Бауырластарым болмағанда мен не істер едім? Бауырластардың арқасында Ехоба менің дұғаларыма жауап беретініне көзім жетті. Мен тіпті олардан көңілі құлазыған жанды қалай жігерлендіруге болатынын үйрендім”. Алайда мынаны да ұмытпайық: бауырластарымыз жігерге мұқтаж екенімізді әрдайым біле бермеуі мүмкін. Сондықтан кейде рухани толысқан бауырласқа өзіміз барып, көмекке мұқтаж екенімізді ашық айтуымыз керек болады.

ДЕНСАУЛЫҒЫМЫЗ НАШАР БОЛҒАНДА

9. Зәбүр 41:3 пен 94:19-дағы сөздер бізді қалай жігерлендіреді?

9 Ехобадан қолдау іздеңіз. Өзімізді нашар сезінгенде, әсіресе созылмалы ауруға шалдыққанда, бізге оң көзқарас сақтау қиын болып жатады. Қазіргі уақытта Ехоба ауруымыздан керемет түрде сауықтырмаса да, ол бізді жұбатып, табандылық танытуымызға қажетті күш береді (Зәбүр 41:3; 94:19 оқыңыз). Мысалы, үй тірліктерін жасауға, керек-жарақтарымызды сатып алуға шамамыз келмей жатса, ол бауырластардың жүрегіне қозғау салып, бізге көмекке жіберуі мүмкін. Сондай-ақ бауырластарымызды бізбен бірге дұға етуге талпындыруы мүмкін. Кейде ол өзінің сөзіндегі жұбаныш беретін ойларды, мысалы жаңа дүниеде еш ауру-сырқаусыз өмір сүреміз деген ғажап үмітімізді, есімізге салады (Рим. 15:4).

10. Исан бауырласқа оқыс оқиғадан кейін еңсесін көтеруге не көмектесті?

10 Нигерияда тұратын Исан есімді ер бауырлас бір оқыс жағдайға ұшыраған. Дәрігер оған бұдан былай ешқашан жүре алмайтынын айтқан. “Сонда мен рухым күйреп, әбден түңіліп кеттім”,— дейді ол. Бірақ ол еңсесін көтере алды. Оған не көмектесті? Ол былай дейді: “Әйелім екеуміз Ехобаға дұға етуді, оның Сөзін зерттеуді еш доғарған емеспіз. Сондай-ақ біз көріп жүрген баталарымызды санап жүруді ұйғардық. Сол баталардың ішінде Құдайдың жаңа дүниесінде өмір сүруге деген үмітіміз де бар”.

Тіпті мүмкіндігі шектеулі бауырластар да қызметте жемісті болып, қуанышқа кенеле алады (11—13 абзацтарды қараңыз)

11. Ауыр дертке шалдыққанда Синдиге қуанышын жоғалтпауға не көмектесті?

11 Мексикада тұратын Синди есімді әйел бауырлас өміріне қауіп төндірген ауыр дертке шалдықты. Ол бұл қиындығымен қалай күресті? Ол ем қабылдап жүрген кезде, күн сайын куәлік беруді мақсат етіп қойыпты. Синди былай деп жазды: “Осының арқасында мен бар назарымды ауруыма, отаға, шегіп жатқан азабыма емес, өзгелерге аудара алдым. Мен дәрігерлермен, медбикелермен сөйлескен кезде, олардың отбасылары жайлы сұрастыратынмын. Сосын, неге осындай қиын мамандық таңдағандары жайлы сұрайтынмын. Сөйтіп, оларға не жайлы сөйлескен қызық болатынын біліп алатынмын. Олардың кейбірі науқастар аурухана қызметкерлерінің жағдайын сұрай бермейтінін айтты. Сондықтан олар жағдайларын сұрағаныма риза болып қалатын. Кейбірі тіпті маған өз мекенжайлары мен телефон нөмірлерін берді. Өмірімнің осы кезеңінде Ехоба маған зор қуаныш сыйлады, сонша қуанғаныма тіпті өзім де таңғалып қалдым!” (Нақ. с. 15:15).

12, 13. Қарт немесе денсаулығы нашар кейбір бауырластарымыз қызметке қалай атсалыса алады және оның нәтижесі қандай болады?

12 Қарт немесе денсаулығы нашар бауырластар қызметте көп іс атқара алмағандықтан, ұнжырғалары түсуі мүмкін. Бірақ сондай кездері де жақсы куәлік берген бауырластар көп. Мысалы, Құрама Штаттарда Лорел есімді әйел бауырлас 37 жыл бойы тыныс алуға арналған темір аппараттың ішінде жатқан. Ол қатерлі ісікпен күресті, оған күрделі оталар жасалды және оның терімен байланысты аурулары да болды. Бірақ осындай өте ауыр жағдайы оған уағыздауға кедергі болмады. Ол үйіне келген медбикелер мен өзге де адамдарға куәлік беретін. Бұның нәтижесі қандай болды? Лорел бауырлас кем дегенде 17 адамға шындыққа келуге көмектесті *.

13 Үйлерінен шыға алмайтын немесе науқастарға күтім көрсетілетін мекемеде жатқан бауырластарға Францияда тұратын Ричард есімді ақсақалдың айтар кеңесі бар. “Мен бұндай бауырластарға қастарына кішігірім әдебиет арбасын әкеп қоюды айтар едім. Бұл адамдардың қызығушылығын оятып, жақсы әңгімеге жол ашуы мүмкін. Осылай үйме-үй уағыздай алмайтын аяулы бауырластарымыз жігер ала алады”,— дейді ол. Үйлерінен шыға алмайтын бауырластар хат жазу арқылы, телефонмен уағыздау арқылы да қызметке атсалыса алады.

ӨЗІМІЗ ҚАЛАҒАН ҚЫЗМЕТКЕ ҚОЛЫМЫЗ ЖЕТПЕГЕНДЕ

14. Дәуіт патша бізге қандай тамаша үлгі қалдырды?

14 Кейде жасымызға, денсаулығымызға және өзге де жайттарға байланысты өзіміз қалаған қызметке қолымыз жетпеуі мүмкін. Осы орайда Дәуіт патша бізге тамаша үлгі қалдырды. Ол Құдайдың ғибадатханасын соғуды қатты қалады. Бірақ Ехоба оған ғибадатхананы соғу үшін басқа адамды таңдағанын айтты. Сонда Дәуіт сол таңдалған адамға барынша қолдау көрсетті. Ол тіпті бұл жобаға арнап молынан алтын-күміс садақа етті. Бұл біз үшін неткен тамаша үлгі десеңізші! (Сам. 2-ж. 7:12, 13; Шеж. 1-ж. 29:1, 3—5).

15. Юг бауырлас еңсесін қалай тіктеді?

15 Францияда тұратын Юг есімді ер бауырлас денсаулығына байланысты әрі қарай ақсақал болып қызмет ете алмайтын болды. Ол тіпті қарапайым үй тірліктерін де атқара алмай қалды. Ол былай деп жазды: “Басында мен әбден түңіліп, өзімді түкке тұрмайтын адамдай сезіндім. Бірақ уақыт өте өз жағдайыма көніп, қолымнан келмейтін нәрселерге көңілімді түсіре бермеуім керектігін түсіндім. Өз мүмкіндігімнің шеңберінде Ехобаға қызмет етуден қуаныш табуды үйрендім. Мен еш берілмеуге белімді бекем будым. Гедеон мен оның қасындағы 300 ер адам сияқты, мен де шаршағаныма қарамай, күресе беремін!” (Би. 8:4).

16. Біз періштелерден не нәрсеге үйренсек болады?

16 Адал періштелер біз үшін керемет үлгі болып табылады. Бірде Ехоба періштелерін жинап, зұлым патша Ахабты қалай алдауға болатынына қатысты олардың ойларын сұрады. Періштелер әртүрлі ұсыныстар айтып жатты. Бірақ Ехоба бір періштені таңдап, ұсынысы іске асатынын айтты (Пат. 1-ж. 22:19—22). Сонда өзге адал періштелер еңселері түсіп, “сонша тырысқаным бекер болды” деп ойлады ма? Әрине, жоқ! Періштелер өте кішіпейіл, олар бар мадаққа Ехобаның ие болғанын қалайды (Би. 13:16—18; Аян 19:10).

17. Өзіміз қалаған қызметті атқармағандықтан көңіліміз түссе, не істеуіміз керек?

17 Ехобаның есімімен аталып, оның Патшалығын жариялаудан асқан зор мәртебе жоқ екенін ұмытпаңыз. Тағайындалулар келеді, кетеді. Біздің Ехоба үшін қаншалықты бағалы екеніміз қандай қызмет атқаратынымызға байланысты емес. Бізді Ехобаның және бауырластардың көз алдында бағалы ететін — қарапайымдылығымыз бен кішіпейілділігіміз. Сондықтан Ехобаға жалбарынып, қарапайым да кішіпейіл болып қалуға көмектесуін сұраңыз. Киелі кітаптағы қарапайымдылық пен кішіпейілділік танытқан Ехобаның қызметшілері жайлы ой жүгіртіңіз. Қолыңыздан келгенше, бауырластарыңызға зор ықыласпен қызмет етіңіз (Зәб. 138:6; Пет. 1-х. 5:5).

АДАМДАР ІЗГІ ХАБАРҒА ҚҰЛАҚ АСПАҒАНДА

18, 19. Аумағыңыз жеміссіз көрінгенде, қуанышыңызды қалай сақтап қала аласыз?

18 Уағыздап жүрген аумағыңыз ешқандай жеміс бермейтіндей көрінгенде, я болмаса адамдар үйлерінде болмағанда, көңіліңіз түскен кездер болған ба? Осындайда қуанышымызды сақтап қалуға я арттыруға не көмектеседі? “ Қызметімізді жемісті етудің жолдары” деген қоршауда біраз тиімді кеңестер жазылған. Сондай-ақ қызметке қатысты оң көзқарас сақтаудың да маңызы зор. Бұл нені білдіреді?

19 Уағыздайтынымыздың ең басты себебі Құдайдың есімі мен оның Патшалығының жариялануы екенін ұмытпаңыз. Иса өмірге апаратын жолды табатындардың аз болатынын нақты айтқан (Мат. 7:13, 14). Біз уағызға шыққан кезде, Ехобаның, Исаның және періштелердің өзімен қызметтесеміз! (Мат. 28:19, 20; Қор. 1-х. 3:9; Аян 14:6, 7). Ехоба өзіне лайықты адамдарды жақындатып тартады (Жох. 6:44). Сондықтан адам ізгі хабарға құлақ аспай жатса, көңіліміз түспесін. Ол хабарымызға келесі келгенімізде құлақ асуы мүмкін.

20. Ұнжырғаның түсуімен күресуге қатысты Еремия 20:8, 9-дан не үйренеміз?

20 Біз Еремия пайғамбардан көп нәрсеге үйрене аламыз. Ол уағыздау қиынға соғатын аумаққа тағайындалған еді. Еремия адамдардан “күнұзаққа қорлық көріп, ұрыс естіген” (Еремия 20:8, 9 оқыңыз). Бірде ұнжырғасы түскені сонша — ол бұдан әрі уағыздағысы келмеді. Бірақ ол уағыздауды тоқтатқан жоқ. Өйткені Еремия жүрегінде оттай жанған “Ехобаның сөзін” ұстап тұра алмады! Егер біз жүрегіміз бен санамызды Құдай Сөзіне толтырсақ, бізбен де солай болады. Бұл — Киелі кітапты күнделікті оқып, ой жүгіртуге тағы бір себеп. Солай етер болсақ, қуанышымыз еселенеді, қызметіміз де жемісті бола түседі (Ерм. 15:16).

21. Ұнжырғаның түсуімен күрескенде, қалай жеңіске жете аламыз?

21 “Еңсемізді басқан мұң Шайтанның қолында мықты қаруға айналуы мүмкін”,— дейді жоғарыда айтылған Дебора. Бірақ Ехоба Құдай Шайтанның өзінен және оның барлық қаруларынан әлдеқайда мықты. Сондықтан ұнжырғаңыз қандай себеппен түспесін, Ехобаға жалбарынып, көмек сұраңыз. Өзіңіз жайлы жағымсыз ойлар меңдегенде я қателік жасап қойғанда, ол сізге берілмей күресуге көмектеседі. Ауырған кезіңізде демеу болады. Тағайындалуларға қатысты дұрыс көзқараста болуға көмектеседі. Сондай-ақ уағыз қызметіне қатысты оң көзқараста болуға көмек береді. Көктегі Әкеңізге дұға етіп, жүрегіңіздегі уайымдарыңызды ақтарыңыз. Оның көмегімен сіз еңсеңізді басқан мұңмен күресіп, жеңіске жете аласыз!

41-ӘН Ести көр мені деп өтінем

^ 5-абзац Барлығымыздың ұнжырғамыз түсетін кездер болады. Бұл мақалада біз сағымыз сынғанда берілмей күресуге көмектесетін кейбір жайттарды қарастырамыз. Алда көретініміздей, біз Ехобаның көмегімен бұл күресте жеңіп шыға аламыз.

^ 4-абзац Кейбір есімдер өзгертілген.

^ 12-абзац 2001 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 желтоқсандағы санын қараңыз (15-б., 10-абз.).

^ 69-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ұнжырғасы түскен қыз бауырлас бұрын атқарған қызметі жайлы ой жүгіртіп, дұға етіп жатыр. Ол бұрын істеген және қазір істеп жатқан игі істерін Ехоба ұмытпайтынына сенімді.