49-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Қайта тірілудің болатынына кәміл сенеміз!
“Құдайдың әділдерді де, әділетсіздерді де қайта тірілтетініне үміттенемін” (ЕЛ. ІС. 24:15).
151-ӘН Ол шақырады
АҢДАТПА *
1, 2. Ехобаның қызметшілерінің қандай тамаша үміті бар?
ҮМІТТІҢ болғаны өте маңызды. Кейбір адамдар бақытты неке құрамын, денсаулығы мықты бала өсіремін немесе ауруымнан айығамын деп үміттенеді. Бұндай қалаулар мәсіхшілерде де бар. Бірақ біздің арқалап жүрген үмітіміз әлдеқайда зор: біз болашақта мәңгі өмір сүруді және өмірден өткен жақындарымызды қайтадан көруді үміт етеміз.
2 Елші Пауыл: “Құдайдың әділдерді де, әділетсіздерді де қайта тірілтетініне үміттенемін”,— деген (Ел. іс. 24:15). Пауыл — қайта тірілу үміті жайлы айтқан алғашқы адам емес. Бұл жайлы әулетбасы Әйүп те айтқан. Ол Құдайдың оны ұмытпайтынына және оған қайтадан өмір сыйлайтынына кәміл сенген (Әйүп 14:7—10, 12—15).
3. Қорынттықтарға арналған 1-хат 15-тарауды қарастырғанымыз неліктен біз үшін пайдалы?
3 “Өлгендердің қайта тірілуі” — мәсіхшілер сенетін негізгі ілімдердің, яғни “бастапқы ілімдердің” бірі (Евр. 6:1, 2). Пауыл Қорынттықтарға арналған 1-хат 15-тарауда қайта тірілуге қатысты жазған. Оның жазғандары I ғасырдағы мәсіхшілерді нығайтқаны сөзсіз. Қайта тірілуге үміттеніп жүргеніңізге қанша жыл болмасын, Қорынттықтарға арналған 1-хат 15-тарау сізді де нығайтып, үмітіңізді жалындатады.
4. Өмірден өткен жақындарымыздың қайта тірілетініне деген үмітіміздің қазығы не?
4 Иса Мәсіхтің қайта тірілгені — өмірден өткен жақындарымыздың қайта тірілетініне деген үмітіміздің қазығы. Иса Мәсіхтің қайта тірілуі Пауыл қорынттықтарға уағыздаған “ізгі хабардың” бір бөлігі болған (Қор. 1-х. 15:1, 2). Пауылдың айтуынша, егер мәсіхші Исаның қайта тірілуіне сенбейтін болса, оның сенімі еш пайдасыз болмақ еді (Қор. 1-х. 15:17). Иә, Исаның қайта тірілуі — біздің үмітіміздің негізі.
5, 6. Қорынттықтарға 1-хат 15:3, 4-тегі сөздердің біз үшін қандай мәні бар?
5 Пауыл қайта тірілу жайлы жазып бастаған кезде, үш шындыққа назар аударды. 1) “Мәсіх біздің күнәларымыз үшін өлді”. 2) “Жазбаларда айтылғандай, жерленді”. 3) Ол “үшінші күні қайта тірілді” (Қорынттықтарға 1-хат 15:3, 4 оқыңыз).
6 Исаның өлгенінің, жерленгенінің және қайта тірілгенінің біз үшін қандай мәні бар? Ишая пайғамбар Мәсіхке қатысты “ол тірілердің жерінен аластатылды”, “зұлымдармен бірге өлді”, оған “қабір берілді” деп пайғамбарлық еткен. Одан да маңыздысы, Ишая пайғамбар Мәсіх “көпшіліктің күнәсін өз мойнына алатынын” айтқан. Иса мұны бізді өлімнен азат ететін төлем құрбандығын ұсыну арқылы істеді (Ишая 53:8, 9, 12; Мат. 20:28; Рим. 5:8). Ендеше, Исаның өлгені, жерленгені және қайта тірілгені — біздің күнә мен өлімнен азат болатынымызға және өмірден өткен жақындарымызбен қайта қауышатынымызға деген үмітіміздің мызғымас тірегі.
ИСАНЫҢ ТІРІЛГЕНІН КӨПТЕГЕН КУӘГЕРЛЕР РАСТАДЫ
7, 8. Мәсіхшілерге Исаның қайта тірілгеніне сенімді болуға не көмектеседі?
7 Біздің қайта тірілуге деген үмітіміз Исаның қайта тірілгенімен тығыз байланысты. Сондықтан біз Исаның қайта тірілгеніне нық сенуіміз керек. Ехобаның Исаны қайта тірілткеніне неліктен толықтай сенімді бола аламыз?
8 Исаның қайта тірілгеніне көп адам куә болған (Қор. 1-х. 15:5—7). Пауыл атап өткен куәгерлердің арасында бірінші болып елші Петір (Кефа) аталған. Петірдің қайта тірілген Исаны көргенін бір топ шәкірт растаған (Лұқа 24:33, 34). Қайта тірілген Исаны “он екі елші” де көрді. Кейін Мәсіх “бір мезгілде 500-ден аса бауырласқа көрінді”. Матай 28:16—20 тармақтарда Ғалилеяда болған осы қуанышты оқиға жайлы айтылса керек. Иса “сонан соң Жақыпқа”, яғни өзінің Мәсіх екеніне сенбеген інісіне көрінді (Жох. 7:5). Жақып Исаның қайта тірілгенін көргенде, оның Мәсіх екеніне көзі жетті. Көңіл қоярлық бір жайт, шамамен б. з. 55 жылы Пауыл осы хатын жазған кезде, Исаның қайта тірілгенін көрген куәгерлердің көбісі тірі болған. Сондықтан Исаның қайта тірілгеніне күмәнданған кез келген адам осы сенімді куәгерлермен сөйлесе алатын.
9. Елшілердің істері 9:3—5 тармақтардағы Пауылмен болған қандай жағдай Исаның қайта тірілгенін одан сайын дәлелдей түсті?
9 Кейін қайта тірілген Иса Пауылдың өзіне көрінді (Қор. 1-х. 15:8). Пауыл (Саул) Дамаскіге бара жатқан жолда аян арқылы көктегі даңққа бөленген Исаны көрді және оның даусын естіді (Елшілердің істері 9:3—5 оқыңыз). Пауылмен болған бұл жағдай Исаның қайта тірілгені ешқандай да аңыз емес екенін одан сайын дәлелдей түсті (Ел. іс. 26:12—15).
10. Исаның қайта тірілгеніне көзі жеткен Пауыл не нәрсеге дайын болды?
10 Пауыл кезінде мәсіхшілерді қудалағандықтан, оның айтқандары кейбір адамдарды таңғалдырған шығар. Исаның қайта тірілгеніне көзі жеткен Пауыл өзгелердің де осы шындыққа көзін жеткізу үшін көп еңбек етті. Ол адамдарға Исаның өліп, қайта тірілгені жайлы шындықты жариялаған кезде, талай таяқ жеді, түрмеге қамалды және кеме апатына ұшырады (Қор. 1-х. 15:9—11; Қор. 2-х. 11:23—27). Пауыл Исаның қайта тірілгеніне сенімді болғаны сонша — өзінің сенімін қорғау үшін өлуге дайын болды. Ертедегі мәсіхшілердің Исаның қайта тірілгенін растағаны сіздің де бұған көзіңізді жеткізеді емес пе?! Сондай-ақ қайта тірілуге деген сеніміңізді де қайрайды, солай ғой?
ПАУЫЛ ҚАТЕ КӨЗҚАРАСТАРДЫ ТҮЗЕДІ
11. Қорынттағы кейбір мәсіхшілер неліктен қайта тірілуге қатысты қате көзқараста болған болуы мүмкін?
11 Гректердің Қорынт қаласында кейбір мәсіхшілер қайта тірілуге қатысты қате көзқараста болған. Кейбіреулер тіпті: “Өлгендер қайта тірілмейді”,— деген. Олардың бұндай көзқараста болуына не себеп болған болуы мүмкін? (Қор. 1-х. 15:12). Гректердің Афина деген тағы бір қаласында пәлсапашылар “Иса қайта тірілді” деген ілімді мазақ еткен. Бұндай көзқарас Қорынттағы кейбір адамдарға, тіпті қауымдағы кейбір мәсіхшілерге әсер еткен болуы мүмкін (Ел. іс. 17:18, 31, 32). Ал тағы біреулер қайта тірілуді бейнелі мағынада түсініп, адам күнәкар кезінде “өлі” саналып, мәсіхші болғанда “қайта тіріледі” деп ойлаған болуы мүмкін. Себептері қандай болмасын, қайта тірілуді мойындамау Исаның қайта тірілгеніне сенбеуді білдірді. Мұндайда олардың сенімі еш пайдасыз болмақ еді. Егер Құдай Исаны қайта тірілтпеген болса, онда төлем ұсынылмай, бүкіл адамзат сол күйі күнәкар болып қалды деген сөз еді. Сондықтан қайта тірілуді мойындамағандардың шынайы үміті болмады (Қор. 1-х. 15:13—19; Евр. 9:12, 14).
12. Петірдің 1-хаты 3:18, 22-ге сай, Исаның қайта тірілуі оған дейінгі болған қайта тірілулерден несімен ерекше болды?
12 Мәсіхтің өлімнен қайта тірілгенін Пауыл өз көзімен көрді. Бұл қайта тірілу бұған дейінгі қайта тірілулерден әлдеқайда ерекше болды. Өйткені Исаға дейінгі тірілген адамдар қайтадан өмірден өткен еді. Пауыл Исаның “өлім ұйқысындағылардың алғашқысы болып тірілгенін” айтқан. Бұл нені білдірді? Иса рухани тұлға болып тіріліп, адамдардың арасынан көкке көтерілген алғашқы адам болды (Қор. 1-х. 15:20; Ел. іс. 26:23; Петірдің 1-хаты 3:18, 22 оқыңыз).
ТІРІЛЕТІНДЕРДІҢ ҚАТАРЫНА ЖАТАТЫНДАР
13. Пауыл Адам ата мен Иса Мәсіхке қатысты қандай айырмашылыққа назар аударды?
13 Қалайша бір адамның өлімі миллиондаған адамға өмір дарыта алады? Пауыл бұл сұраққа нақты жауап берген. Ол Адам ата мен Иса Мәсіх адамзаттың болашағына қалай әсер еткеніне қатысты бір айырмашылыққа назар аударды. Адам атаға қатысты Пауыл: “Өлім адам арқылы келді”,— деп жазған. Адам ата күнә жасаған кезде, өзін де, ұрпағын да өлімге душар етті. Оның мойынсұнбаушылығының ащы зардабын біз әлі де тартып келеміз. Бірақ Құдай Ұлының қайта тірілгенінің арқасында өлгендер қайтадан өмір сүретін болады. Пауыл “қайта тірілу де адам арқылы” яғни Иса арқылы болатынын айтқан. Сосын ол: “Адам атамен байланыстағылардың бәрі өлетініндей, Мәсіхпен байланыстағылардың бәрі тіріледі”,— деген (Қор. 1-х. 15:21, 22).
14. Адам ата тіріле ме? Түсіндіріңіз.
14 Пауыл “Адам атамен байланыстағылардың бәрі өледі” деуімен не айтқысы келді? Ол Адам атадан күнә мен кемелсіздікті мұра етіп, соның салдарынан өлетін бүкіл адамзатты айтқан (Рим. 5:12). “Тірілетіндердің” қатарында Адам ата болмайды. Ол Иса Мәсіхтің төлем құрбандығының игілігін көрмейді, өйткені ол кемелді адам болған, әрі Құдайға саналы түрде мойынсұнбаған. Болашақта “Адам Ұлы” “серкелер” деп табатын адамдардың мәңгілікке жойылатыны сияқты, Адам ата да мәңгілікке жойылды (Мат. 25:31—33, 46; Евр. 5:9).
15. Пауылдың “бәрі тіріледі” деген сөздері кімдерді қамтиды?
15 Байқасақ, Пауыл: “Мәсіхпен байланыстағылардың бәрі тіріледі”,— деген (Қор. 1-х. 15:22). Пауыл бұл хатын Қорынттағы майланғандарға, яғни көктегі өмірге тірілетін мәсіхшілерге жазды. “Мәсіх Исамен байланыстағы” бұл мәсіхшілер “қасиетті етілген” және “қасиетті болуға шақырылған” еді. Пауыл “Мәсіхтің шәкірті ретінде өлім ұйқысына кеткендер” жайлы да айтты (Қор. 1-х. 1:2; 15:18; Қор. 2-х. 5:17). Басқа бір хатында ол: “Мәсіх сияқты өлсек, онда сол сияқты қайта тірілетініміз де сөзсіз, осылай онымен бірлікте боламыз”,— деп жазды (Рим. 6:3—5). Иса рухани тұлға ретінде тіріліп, көкке көтерілген еді. Демек, Мәсіхтің киелі рухпен майланған шәкірттерінің бәрімен де тура солай болады.
16. Пауыл Исаны “алғашқысы” деп атауымен не нәрсеге меңзеді?
16 Пауыл “Мәсіхтің өлім ұйқысындағылардың алғашқысы болып тірілгенін” жазған. Мынаны ұмытпайық: Елазар сияқты қайта тірілген басқа адамдар жердегі өмірге тірілді. Ал Иса өлімнен рухани тұлға болу үшін және мәңгілік өмір сүру үшін тірілген ең алғашқы адам болды. Сондай-ақ Пауыл Исаны “алғашқысы” деп атауымен кейін өзгелер де көктегі өмірге тірілетініне меңзеді. Уақыты келгенде, елшілер мен Мәсіхтің киелі рухпен майланған өзге де шәкірттері Иса сияқты көктегі өмірге қайта тірілмек еді.
17. Мәсіхтің киелі рухпен майланған шәкірттері көктегі сыйларын қашан алмақ еді?
17 Пауыл қорынттықтарға арнап хат жазып жатқан кезде, Мәсіхтің киелі рухпен майланған шәкірттерінің көктегі өмірге тірілуі әлі басталмаған еді. Пауыл бұның болашақта болатынына нұсқап: “Барлығы өз кезегімен: алғашқысы — Мәсіх, сосын Мәсіх осында болатын кезде оның меншігіндегілер тіріледі”,— деген (Қор. 1-х. 15:23; Сал. 1-х. 4:15, 16). Бүгінде біз алдын ала айтылып кеткен “Мәсіх осында болатын кезде” өмір сүріп жатырмыз. Демек, өмірден өткен елшілер мен өзге де киелі рухпен майланған мәсіхшілерге көктегі сыйларын алу үшін әрі Иса сияқты қайта тіріліп, онымен бірлікте болу үшін, оның осында болатын кезін күту керек болды.
ҮМІТІҢІЗ СӨЗСІЗ АҚТАЛАДЫ!
18. а) Неге біз көктегі өмірге қайта тірілуден кейін тағы бір қайта тірілу болады деп тұжырымдай аламыз? ә) Қорынттықтарға 1-хат 15:24—26 тармақтардан көрінетіндей, көкте қандай жағдайлар орын алады?
18 Киелі кітапта Пауыл мен өзге де көкке баратын адамдар “бірінші болып қайта тірілетіндер” деп аталған (Філіп. 3:11). Бұл сөздер кейін тағы бір қайта тірілудің болатынына нұсқайды. Әйүптің өз болашағына қатысты айтқан сөздері де бұны растайды (Әйүп 14:15). “Мәсіх осында болатын кезде” тірілетін “оның меншігіндегілер” Мәсіх “күллі үкімет, барша билік пен күшті жоқ қылған” кезде көкте оның қасында болады. Тіпті “соңғы жау — өлім” де жойылады. Сондықтан көкке тірілгендердің ешқайсысына бұдан былай өлімнің әмірі жүрмейді. Ал көкте Мәсіхпен бірге өмір сүруге үміттенбейтін адал мәсіхшілердің бәрімен не болады? (Қорынттықтарға 1-хат 15:24—26 оқыңыз).
19. Көкте өмір сүруге үміттенбейтіндер не нәрсеге үміттене алады?
19 Көкте өмір сүруге үміттенбейтіндер не нәрсеге үміттене алады? Олар Пауылдың мына сөздерін негізге алып, үмітке ие бола алады: “Құдайдың әділдерді де, әділетсіздерді де қайта тірілтетініне үміттенемін” (Ел. іс. 24:15). Әділетсіз адам көкке бара алмайтындықтан, бұл сөздер болашақта жер бетінде қайта тірілу болатынына нұсқайтыны анық.
20. Қайта тірілуге деген үмітіңіз қаншалықты нығайды?
20 Қайта тірілу міндетті түрде болады! Жер бетінде өмір сүру үшін қайта тірілетіндер мәңгілік өмір сүруге үміттенетін болады. Бұл уәде толықтай сенім артуға тұрарлық. Егер жақындарыңыз өмірден өтіп жатса, сіз үмітіңізден жұбаныш ала аласыз. Олар Мәсіх пен майланғандар “1000 жыл бойы патшалық еткен” кезде өлімнен қайта тіріледі (Аян 20:6). Ал егер мыңжылдық билік басталғанға дейін өзіңіз өмірден өтіп жатсаңыз, қайта тірілетініңізге сенімді болыңыз. Біздің бұл “үмітіміз ақталмай қалмайды” (Рим. 5:5). Үмітіміз бізді қазіргі уақытта мықты ете алады және Құдайға қуанышпен қызмет етуге көмектеседі. Бірақ Қорынттықтарға 1-хат 15-тараудан білетініміз бұл ғана емес. Келесі мақалада бұл тарауды әрі қарай қарастыратын боламыз.
147-ӘН Уәде етілген жұмақ
^ 5-абзац Қорынттықтарға арналған 1-хат 15-тарауда қайта тірілуге назар аударылады. Біз бұл ілімді неліктен маңызды санаймыз? Исаның қайта тірілгеніне неге сенімдіміз? Бұл мақалада осы және қайта тірілуге қатысты басқа да маңызды сұрақтардың жауабын аламыз.
^ 56-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Иса — көкке көтерілген алғашқы адам (Ел. іс. 1:9). Исаның қасына көкке көтерілетіндердің арасында Тома, Жақып, Лүдия, Жохан, Мәриям, Пауыл сияқты шәкірттер болмақ еді.
^ 58-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ер бауырлас ұзақ жыл бірге қызмет еткен сүйікті әйелінен айырылған. Ол әйелінінің қайта тірілетініне нық сеніп, Ехобаға әрі қарай да адал қызмет етіп жүр.