Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ұстамдылық Ехобаның ықыласына бөлейді

Ұстамдылық Ехобаның ықыласына бөлейді

“Нағашы ағаммен ұрысып қалған кезде, оны тамағынан қысып, қылқындыра бастадым. Оны өлтіріп тастағым келді” (Пол).

“Үйде мен болмашы нәрсеге бұрқан-талқан болатынмын. Жиһазды, ойыншықтарды, қолыма түскеннің бәрін қиратып, төңкеріп тастайтынмын” (Марко).

Бәлкім, біз бұншалықты шектен шықпайтын шығармыз. Десе де бәріміздің өзімізді тізгіндеу қиынға соғатын кездеріміз болады. Бұның негізгі себебі — біз түп атамыз Адамнан күнәкар бейімділіктерді мұра еттік (Рим. 5:12). Пол мен Марко сияқты, кейбіреулер өз мінездерін қадағалай алмайды. Өзгелерге болса ойларын қадағалау қиын. Мысалы, олар өздері қорқатын не уайымдайтын нәрселер жайлы ойлай береді. Ал тағы біреулерге жыныстық азғындық жасауға, ішімдікке салыну мен есірткі қабылдауға деген қалауларына қарсы тұру қиын.

Ойларын, қалаулары мен әрекеттерін қадағаламайтын адамның өмірі құрдымға кетуі мүмкін. Бірақ біз бұның алдын ала аламыз. Қалай? Ұстамдылық қасиетін дамыту арқылы. Осы орайда көмек болатын мына үш сұрақты қарастырайық: 1) Ұстамдылық деген не? 2) Бұл қасиет неге аса маңызды? 3) “Киелі рухтың жемісіне” жататын бұл қасиетті қалай дамытсақ болады? (Ғал. 5:22, 23). Сосын ұстамсыздық танытып қойған жағдайларда не істей алатынымыз жайлы білеміз.

ҰСТАМДЫЛЫҚ ДЕГЕН НЕ?

Ұстамды адам бойында туған әрбір сезім мен қалаудың жетегінде кетпейді. Қайта, өзін тізгіндеп, Құдайға ұнамсыз әрекеттер мен сөздерден аулақ болады.

Иса ұстамдылықтың не екенін өз үлгісімен көрсетті

Иса ұстамдылықтың не екенін өз үлгісімен көрсетті. Киелі кітапта былай делінген: “Ол жұрт өзіне тіл тигізгенде, оларды ғайбаттамады; азап шеккенде, жәбірлеушілерін қорқытпады, қайта, өзін әділ Соттаушыға сеніп тапсырды” (Пет. 1-х. 2:23). Қарсыластары бағанада ілініп тұрғанына күлген кезде, Иса осылай ұстамдылық танытқан еді (Мат. 27:39—44). Діни жетекшілер оны сөзден ұстамақшы болған кезде де Иса асқан сабырлық сақтады (Мат. 22:15—22). Ашулы яһудилер оған лақтырмақ болып жерден тас алғанда да ол керемет үлгі көрсетті! Иса олармен өштеспей, “жасырынып, ғибадатханадан шығып кетті” (Жох. 8:57—59).

Біз Исаның үлгісіне еліктей аламыз ба? Белгілі бір шамада еліктей аламыз. Елші Петір: “Мәсіх сендерге бола азап шегіп, оның ізімен тура жүрулерің үшін үлгі қалдырды”,— деп жазған (Пет. 1-х. 2:21). Кемелсіз болсақ та, біз Исаның ізімен жүріп, ұстамдылық таныта аламыз. Бұлай ету неліктен маңызды?

ҰСТАМДЫЛЫҚ НЕГЕ АСА МАҢЫЗДЫ?

Ехобаның ықыласына ие болу үшін ұстамды болуымыз керек. Ехобаға қанша ұзақ уақыт адал қызмет етпейік, ісіміз бен сөзімізді қадағаламасақ, Ехобамен достығымызды бұзып алуымыз мүмкін.

Мысалы, Мұсаны алайық. Ол өз заманында “жер бетіндегі ең момын адам болған” (Мұс. 4-ж. 12:3). Исраилдіктердің күңкіліне жылдар бойы шыдап келген ол бірде өз-өзіне ие бола алмай қалды. Халық су болмағанына қайтадан күңкілдей бастағанда, Мұса ашуланып кетті. Ол халыққа қатты сөйлеп: “Ей, бүлікшілер, тыңдаңдар! Бізге мына жартастан су шығарып бер деп тұрсыңдар ма?”— деді (Мұс. 4-ж. 20:2—11).

Мұса өз-өзін қадағалай алмады. Ол керемет түрде су шығарғаны үшін Ехобаны мадақтамады (Зәб. 106:32, 33). Нәтижесінде Ехоба Мұсаға Уәде етілген жерге кіруге рұқсат етпеді (Мұс. 4-ж. 20:12). Мұса өзінің ұстамдылық танытпағаны үшін өмірінің соңына дейін өкінген болса керек (Мұс. 5-ж. 3:23—27).

Бұл оқиғадан не түйеміз? Шындықта қанша ұзақ жүрмейік, біз қитығымызға тиетін не түзетуді қажет ететін адамдарға әрдайым құрметпен сөйлеуіміз керек (Ефес. 4:32; Қол. 3:12). Рас, жас ұлғайып, денсаулық нашарлағанда, шыдамдылық таныту қиынға соғуы мүмкін. Бірақ Мұсаның оқиғасын естен шығармайық. Бір сәтке ұстамсыздық танытып қойғанның кесірінен Ехобаның алдындағы абыройымыздан айырылып қалғымыз келмес еді. Ал осы аса маңызды қасиетті дамыту үшін не істесек болады?

ҰСТАМДЫЛЫҚТЫ ҚАЛАЙ ДАМЫТСАҚ БОЛАДЫ?

Киелі рух сұрап дұға етіңіз. Бұлай ету неге маңызды? Өйткені ұстамдылық Құдай рухының жемісіне жатады және Ехоба өзінен сұрағандарға киелі рухын береді (Лұқа 11:13). Ехоба киелі рухы арқылы ұстамдылық танытуға қажетті күш береді (Філіп. 4:13). Сондай-ақ ол ұстамдылық қасиетін танытуды жеңілдететін сүйіспеншілік сияқты киелі рух жемісінің басқа да бөліктерін дамытуға көмектеседі (Қор. 1-х. 13:5).

Ұстамдылығыңызды сынға алатын нәрселерден аулақ жүріңіз

Ұстамдылығыңызды сынға алатын нәрселерден аулақ жүріңіз. Мысалы, жаман істер насихатталатын интернет сайттарынан және көңіл көтеру түрлерінен алшақ жүріңіз (Ефес. 5:3, 4). Негізі, біз жаман іске азғыруы мүмкін ешбір нәрсеге жоламауымыз керек (Нақ. с. 22:3; Қор. 1-х. 6:12). Мысалы, азғын нәрселерге оңай елігетін адам романтикалық кітаптар мен фильмдерден мүлдем бас тартуды жөн көруі мүмкін.

Бәлкім, бұл кеңеске құлақ асу бізге қиын болатын шығар. Алайда күш салатын болсақ, Ехоба ұстамды болуымыз үшін қажетті күш береді (Пет. 2-х. 1:5—8). Ол ойларымызды, сөздеріміз бен істерімізді қадағалауға көмектеседі. Бұған дәлел — жоғарыда айтылып кеткен Пол мен Марко. Олар жүгенсіз мінездерін қадағалауды үйренді. Тағы бір бауырластың мысалын көрейік. Ол көлік айдаған кезде ашуға мініп, өзге жүргізушілермен сөзге келіп қалатын болған. Ол өзгеру үшін не істеді? “Мен күнде-күнде ынты-шынтыммен дұға еттім. Ұстамдылық жайлы мақалалар зерттеп, көмек болатын Киелі кітап тармақтарын жаттадым. Жылдар бойы күш салып келе жатсам да, әр күні таңертең сабырлы адам болғым келетінін есіме салып тұрамын. Сондай-ақ асығып-үсігіп жүрмес үшін, баратын жеріме үйден ертерек шығамын”,— дейді ол.

ҰСТАМСЫЗДЫҚ ТАНЫТЫП ҚОЙҒАН ЖАҒДАЙЛАРДА НЕ ІСТЕСЕК БОЛАДЫ?

Бәріміздің ұстамсыздық танытып қоятын кездеріміз болады. Осындай кезде Ехобаға дұға етуге қысылатын шығармыз. Бірақ бұл нағыз дұға ететін кез. Сондықтан бірден Ехобаға дұға етіңіз. Кешірім сұрап жалбарыныңыз, одан көмек сұраңыз, әрі істеген қателігіңізді қайталамауға бекініңіз (Зәб. 51:9—11). Кешірім сұрап, шын жүректен айтқан дұғаңызды Ехоба елеусіз қалдырмайды (Зәб. 102:17). Елші Жохан Құдай Ұлының қаны “бізді барлық күнәдан тазартатынын” айтқан (Жох. 1-х. 1:7; 2:1; Зәб. 86:5). Есіңізде болса, Ехоба өз қызметшілерін бір-бірін қайта-қайта кешіруге шақырады. Сондықтан оның өзі де солай ететініне сенімді болсақ болады (Мат. 18:21, 22; Қол. 3:13).

Мұсаның шөл далада бір сәтке ұстамдылық танытпағаны Ехобаға ұнамады. Бірақ Ехоба оны кешірді. Құдай Сөзінде Мұса сенімнің тамаша үлгісі ретінде сипатталады (Мұс. 5-ж. 34:10; Евр. 11:24—28). Ехоба Мұсаны Уәде етілген жерге кіргізбегенмен, оған жер бетінде орнайтын жұмақта мәңгі өмір сүруге мүмкіндік береді. Аса маңызды қасиет — ұстамдылықты дамытуға күш сала берсек, біз де сондай болашаққа жетеміз! (Қор. 1-х. 9:25).