Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

22-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Зерттеушілерге шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесіңіз

Зерттеушілерге шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесіңіз

“Әрбіріңіз... шомылдыру рәсімінен өтіңіз” (ЕЛ. ІС. 2:38).

72-ӘН Патшалық туралы шындықты жариялайық

АҢДАТПА *

1. Исаның шәкірттері қалың жұртқа не істеуді айтты?

 Б. З. I ғасыры. Иерусалимде түрлі елден келген, түрлі тілде сөйлейтін адамдар абыр-сабыр болып жатыр. Кенет бір топ яһуди сондағы шетелдіктердің тілдерінде сөйлей бастады. Бұл кереметке жұрттың бәрі аң-таң болды! Бірақ олардың, әсіресе елші Петірдің дүйім жұртқа не айтқаны одан да керемет болды. Олар Иса Мәсіхке сенген адам құтқарылатынын айтты. Бұл хабар жұртқа қатты әсер еткені сонша, олар: “Енді біз не істеуіміз керек?”— деп сұрады. Сонда Петір оларға: “Әрбіріңіз... шомылдыру рәсімінен өтіңіз”,— деді (Ел. іс. 2:37, 38).

Ер бауырлас әйелімен бірге жас жігітпен “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” деген кітаппен Киелі кітапты зерттеп жатыр (2-абзацты қараңыз)

2. Бұл мақалада нені қарастырамыз? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

2 Сол күні шамамен 3000 адам шомылдыру рәсімінен өтіп, Мәсіхтің шәкірті болды. Бұл Иса ізбасарларына тапсырған кең көлемдегі шәкірт дайындау ісінің бастамасы еді. Шәкірт дайындау ісі қазіргі XXI ғасырда да жүріп жатыр. Әрине, біз сол кездегідей адамға бір-екі сағаттың ішінде шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесе алмаймыз. Бұған бірнеше ай, тіпті бір жыл не одан көп уақыт кетеді. Егер зерттеу сабағыңыз бар болса, шәкірт дайындау ісінің жатқан еңбек екенін өзіңіз де білетін шығарсыз. Ендеше, зерттеушіге шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесу үшін не істей алатынымызды қарастырып көрейік.

ЗЕРТТЕУШІГЕ АЛҒАН ТӘЛІМІН ӨМІРДЕ ҚОЛДАНУҒА КӨМЕКТЕСІҢІЗ

3. Матай 28:19, 20-ға сай, зерттеуші шомылдыру рәсімінен өту үшін не істеу керек?

3 Шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын адам Киелі кітаптан білгендеріне сай әрекет етуі керек (Матай 28:19, 20 оқыңыз). Сонда ол жерді терең қазып, үйдің іргетасын жартасқа салған “ақылды адамға” ұқсайтын болады (Мат. 7:24, 25; Лұқа 6:47, 48). Зерттеуші Киелі кітаптан білгендерін өмірде қолдануына біз қалай көмектесе аламыз? Қазір мұның үш жолын қарастырайық.

4. Зерттеуші шомылдыру рәсіміне барынша талпына беруі үшін оған қалай көмектессек болады? (“ Зерттеушіге алдына мақсат қойып, соған ұмтылуға көмектесіңіз” деген қоршауды да қараңыз.)

4 Зерттеушіге мақсаттар қоюға көмектесіңіз. Бұның маңыздылығын мынандай мысалмен түсіндіруге болады: сіз алыс сапарға аттанғалы жатырсыз делік. Ұзақ жол шаршатып жібермес үшін, сіз жол-жөнекей әдемі жерлерге тоқтап отырасыз. Сол сияқты, зерттеуші кішігірім мақсаттар қойып, соған жетуді үйренсе, шомылдыру рәсімінен өту мақсатына да жете алатынын түсінеді. Осы орайда зерттеушіге көмектесу үшін “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабындағы “Мақсат” деген қоршауды қолданыңыз. Бұл қоршауға әр сабақтың соңында тоқталып, сонда жазылған мақсат оған оқып-білгенін қолдануға қалай көмектесетінін қарастырыңыз. Ал егер зерттеушінің басқа мақсатқа ұмтылғанын қаласаңыз, оны қоршаудағы “Немесе” деген жерге жазып қойыңыз. Кітаптағы осы қоршауды жүйелі түрде қолданып, зерттеуші үлкен-кіші қандай мақсаттар қоя алатынын талқылап отырыңыз.

5. Марқа 10:17—22 тармақтарда Иса бай жігітке не деді және неліктен?

5 Зерттеушіге өзгеруге көмектесіңіз (Марқа 10:17—22 оқыңыз). Иса бір бай жігітке қатты қиын болатынын білсе де, дүние-мүлкінің бәрін сатып жіберуді айтқан (Мар. 10:23). Неге Иса оған бірден осындай үлкен өзгеріс жасауды айтты? Өйткені оны шын жақсы көрді. Кейде біз адамды әлі дайын емес деп ойлап, алған біліміне сай өзгеруге талпындырмауымыз мүмкін. Әрине, адамның жаман әдеттерден арылып, жаңа болмысқа ие болуы бірден бола қоймайды (Қол. 3:9, 10). Бірақ оған жақсару керек жақтарын неғұрлым ертерек айтсаңыз, ол соғұрлым ертерек өзгере бастайды. Осы тақырыпта ашық сөйлесіп, оның қамын ойлайтыныңызды көрсетіңіз (Зәб. 141:5; Нақ. с. 27:17).

6. Зерттеушінің ойын білетін сұрақтарды қою не үшін маңызды?

6 Зерттеушінің өтіп жатқан тақырыпқа қатысты ойын білу өте маңызды. Бұл үшін сұрақтарды қолданыңыз. Оның ойын білетін сұрақтар қойып, не түсінгенін, неге сенетінін анықтаңыз. Осындай сұрақтарды жиі қолданып тұрсаңыз, онда зерттеушіге қабылдау оңай бола бермейтін тақырыпта да жеңіл сөйлесе аласыз. “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” деген кітапта адамның ойын білуге арналған сұрақтар көп кездеседі. Мысалы, 4-сабақта “Сіз Ехобаның атын айтқанда, ол не сезінеді деп ойлайсыз?” деген сұрақ бар. Ал 9-сабақта “Сіз не жайында дұға еткіңіз келер еді?” деген сұрақ бар. Басында зерттеуші бұндай сұрақтарға бірден жауап бере алмайтын шығар. Сондықтан оған тармақтарды және суретті көрсетіп, ой жүгіртуді үйретіңіз.

7. Зерттеушіге көмектесу үшін өмірден алған мысалдарды қалай қолдансақ болады?

7 Зерттеуші қай жағынан жақсару керектігін түсінгеннен кейін, оған өмірден алынған оқиғалардың көмегімен өзгеруге көмектесіңіз. Мысалы, ол қауым кездесулеріне жүйелі түрде қатыспай жүрсе, оған 14-сабақтағы “Қосымша ізденіңіз” деген бөліктің “Ехоба мені қамқорлады” деп аталатын видеосын көрсетсеңіз болады. Өмірден алынған мысалдар “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабындағы сабақтардың көбісінде бар. Оларды “Тереңірек үңіліңіз” немесе “Қосымша ізденіңіз” деген бөліктерінен таба аласыз *. Бірақ зерттеушіңізге “егер ол адам істей алса, онда сен де істей аласың” деп, оны басқалармен салыстырудан аулақ болыңыз. Мұндай тұжырымға оның өзі келгені дұрыс. Одан да видеодағы кейіпкерге Киелі кітаптан білгенін өмірде қолдануға көмектескен негізгі ойларды айрықшалап кетіңіз. Бәлкім, онда айтылған негізгі тармаққа немесе тиімді кеңестерге көңіл бұрарсыз. Әсіресе, кейіпкерге Ехобаның қалай көмектескеніне назар аударуды ұмытпаңыз.

8. Зерттеушінің Ехобаға деген сүйіспеншілігі арту үшін оған қалай көмектесе аламыз?

8 Зерттеушінің Ехобаға деген сүйіспеншілігін арттырыңыз. Сәті туған кездің бәрінде Ехобаның қасиеттеріне көңіл бұрып отырыңыз. Зерттеуші Ехобаның бақытты Құдай екенін, оны сүйетіндердің бәрін қолдауға әзір екенін түсінсін (Тім. 1-х. 1:11; Евр. 11:6). Оған білгендерін өмірде қолданғаны өзіне пайдалы екенін әрі бұл Ехобаның оған деген сүйіспеншілігі екенін түсіндіріңіз (Ишая 48:17, 18). Сонда оның да Ехобаға деген сүйіспеншілігі тереңдеп, өзгеруге деген ықыласы арта түседі (Жох. 1-х. 5:3).

ЗЕРТТЕУШІҢІЗДІ БАСҚА БАУЫРЛАСТАРМЕН ТАНЫСТЫРЫҢЫЗ

9. Марқа 10:29, 30-ға сай, зерттеушіге құрбандықтарға баруға не көмек болады?

9 Зерттеуші рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өту үшін құрбандықтарға баруы керек. Алдында айтылған бай жігіттің жағдайындағыдай, кейбіреулерге материалдық нәрселерін қиюға тура келер. Зерттеушінің жұмысы Киелі кітап принциптеріне сай келмесе, оған жұмысын ауыстыру керек болар. Кейбір зерттеушілерге Ехобаны жақсы көрмейтін достарымен достықтарын үзу керек болады. Ал басқаларынан Ехоба куәгерлерін жек көретін туыстары теріс айналуы мүмкін. Иса кейбіреулерге осындай құрбандықтарға бару қиын болатынын білген. Бірақ оның ізімен жүрсе, бұған ешқашан өкінбейтінін уәде еткен. Ехоба оларға қамқор рухани отбасын сыйлайды (Марқа 10:29, 30 оқыңыз). Зерттеушіңіз осы сыйдың пайдасын көру үшін оған қалай көмектесе аласыз?

10. Мануелдің сөздерінен не түйдіңіз?

10 Зерттеушімен дос болыңыз. Зерттеуші сіз үшін маңызды адам екенін көрсетіңіз. Бұның қаншалықты маңызды екенін Мексикада тұратын Мануелдің сөздерінен білеміз. Ол былай дейді: “Әр зерттеу сабағының алдында тәлімгерім менің жағдайымды сұрайтын. Оның алдында өзімді еркін сезініп, кез келген тақырыпта ашық сөйлесе беретінмін. Ол үнемі менің қамымды ойлап жүретін”.

11. Зерттеушілермен бірге уақыт өткізгеніміздің олар үшін қандай пайдасы бар?

11 Иса шәкірттерімен уақыт өткізгені сияқты, сіз де зерттеушіңізбен уақыт өткізіңіз (Жох. 3:22). Зерттеуші рухани қадамдар жасап бастаса, оны үйге шайға не тамаққа, я болмаса Бродкастинг бағдарламасын бірге көруге шақырарсыз. Әсіресе мейрам күндері шақырсаңыз болады, өйткені оның сенуші емес отбасы мейрам тойлап жатқанда ол өзін жалғыз сезінуі мүмкін. Угандада тұратын Казибве деген бауырлас былай дейді: “Мен зерттеу сабағында ғана емес, тәлімгеріммен бірге уақыт өткізгенде де Ехоба жайлы көп нәрсе білдім. Сондай-ақ Ехобаның халқы қаншалықты бақытты екенін, Ехоба олардың қамын ойлайтынын түсіндім. Сол халықтың арасында мен де болғым келді”.

Зерттеуге әртүрлі бауырластарды апарсаңыз, зерттеуші қауым кездесулеріне баруға қиналмайды (12-абзацты қараңыз) *

12. Зерттеу сабағына неліктен әртүрлі бауырласпен барған жөн?

12 Зерттеу сабағына әртүрлі жариялаушыларды алып барыңыз. Бізге зерттеу сабағына өзіміз ғана барған немесе үйреніп қалған бір бауырласпен барған ыңғайлы шығар. Алайда әртүрлі бауырласпен барғанымыз зерттеушіге көбірек пайдалы. “Әр жариялаушы сабақты әртүрлі жолмен түсіндіретін. Соның арқасында мен үшін тақырып әр қырынан ашылатын. Осылай көп бауырласпен танысқандықтан, қауымға алғаш барғанымда аса қысылып-қымтырылмадым”,— дейді Молдовада тұратын Дмитрий.

13. Зерттеушіге қауым кездесулеріне баруға көмектескеніміз неліктен маңызды?

13 Зерттеушіге қауым кездесулеріне баруға көмектесіңіз. Бұл неліктен маңызды? Себебі Ехоба өз қызметшілерінен бірге жиналуды талап етеді, бұл — ғибадатымыздың бір бөлігі (Евр. 10:24, 25). Сондай-ақ бауырластарымыз — біздің рухани отбасымыз. Олармен қауымда бас қосқан кезде, отбасы болып бірге ас ішкендей боламыз. Қауым кездесулеріне қатысу — зерттеушіні шомылдыру рәсімінен өтуге жетелейтін маңызды қадам. Бірақ бұл қадамды жасау көбісіне қиын болуы мүмкін. Осы орайда “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабы қалай көмектесе алады?

14. Зерттеушіні қауым кездесулеріне баруға қалай талпындырсақ болады?

14 Зерттеушіңізді қауымға баруға талпындыру үшін “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының 10-сабағын қолданыңыз. Бұл кітап жарық көрмес бұрын, тәжірибелі жариялаушылар бұл сабақты сынақтан өткізіп көрді. Нәтижесінде олар көп зерттеушіге қауымға келуге көмектесе алды. Бірақ бізге 10-сабаққа дейін күтіп отырудың қажеті жоқ. Зерттеушіні қауым кездесулеріне мүмкіндігінше ерте бастан және үзбей шақыра беріңіз. Негізі, әр зерттеушінің қиындығы әртүрлі. Сондықтан сіздің зерттеушіңізге қауымға баруға не кедергі болып жатқанын байқап, оған қажетті көмек ұсыныңыз. Ол бірден қауымға келмесе, көңіліңіз түспесін. Шыдамды болыңыз, бірақ табанды болыңыз.

ЗЕРТТЕУШІГЕ ҚОРЫҚПАУҒА КӨМЕКТЕСІҢІЗ

15. Зерттеушілер неден қорқуы мүмкін?

15 Кезінде сіз Ехоба куәгері болуға қорыққансыз ба? Бәлкім, сіз “адамдарға уағыздау ешқашан қолымнан келмейді” деген шығарсыз немесе отбасыңыз, достарыңыз сізге қарсы болады деп қорыққан шығарсыз. Ендеше, сіз зерттеушіңіздің де қандай қорқынышы бар екенін жақсы түсіне аласыз. Иса кейбіреулердің оның ізбасары болуға қорқатынын білген. Бірақ Иса оларды қорқынышқа бой алдырмай, Ехобаға қызмет ете беруге талпындырған (Мат. 10:16, 17, 27, 28). Ол ізбасарларына қорқыныштарын жеңуге қалай көмектесті? Ал сіз оған қай жағынан еліктесеңіз болады?

16. Зерттеушіні сенімі жайында айтуға қалай дайындасақ болады?

16 Зерттеушіні сенімі жайында айтуға дайындаңыз. Иса шәкірттерін уағыздауға жібергенде, олар біраз қобалжыған шығар. Бірақ Иса оларға кімдерге уағыздау керектігін және не айту керектігін үйретті (Мат. 10:5—7). Біз одан қандай үлгі аламыз? Зерттеушіге кімдерге уағыздауға болатынын айтыңыз. Мысалы, одан: “Киелі кітаптағы осы шындық сен білетін адамдардың ішінде кімге пайдалы болар еді?”— деп сұраңыз. Сосын оған сол шындықты қарапайым түрде қалай жеткізуге болатынын көрсетіңіз. Қажет болса, “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабындағы “Кейбіреулердің айтатыны” және “Кейбіреулер сұраса” деген жаттығуларды қолданыңыз. Жаттығу барысында зерттеушіні Киелі кітапты қолданып, қарапайым жауап беруге және ізетпен сөйлеуге үйретіңіз.

17. Зерттеушіге Ехобаға арқа сүйеуді үйрету үшін, Матай 10:19, 20, 29—31 тармақтарды қалай қолдансақ болады?

17 Зерттеушіге Ехобаға арқа сүйеуді үйретіңіз. Иса шәкірттеріне Ехоба оларды жақсы көретінін, сондықтан оларға әрдайым көмектесетінін айтқан (Матай 10:19, 20, 29—31 оқыңыз). Сіз де зерттеушіңізге Ехоба оған көмектесуге дайын екенін айтыңыз. Мысалы, онымен бірге дұға еткенде оның мақсаттары жайында айтып, Ехобаға арқа сүйеуді үйретіңіз. Польшада тұратын Франчишек бауырлас былай дейді: “Менімен зерттеген бауырлас дұғасында менің мақсаттарым жайында айтып отыратын. Ехоба сол дұғаларға жауап берген кезде мен де дұға ететін болдым. Мысалы, қауым кездесулері мен конгреске бару үшін жұмыстан сұрану керек болғанда, Ехоба маған күшті көмектесті”.

18. Ехоба еңбек етіп жүрген тәлімгерлерге қалай қарайды?

18 Ехоба Киелі кітапты зерттеп жүрген адамдарды жақсы көреді және қамдарын ойлайды. Сондай-ақ Ехоба оларға көмектесіп жүрген тәлімгерлерді де қатты жақсы көреді. Өйткені олар зерттеушілердің Ехобаға жақындаулары үшін көп тер төгеді (Ишая 52:7). Ал егер сізде Киелі кітап зерттеу сабағы болмаса, зерттеу сабақтары бар жариялаушылармен қызметтесіңіз. Осылайша сіз де зерттеушінің шомылдыру рәсімінен өтуіне көмектесе аласыз.

60-ӘН Аман қалсын бәрі

^ 5-абзац Бұл мақалада Иса адамдарға өзінің шәкірті болуға қалай көмектескенін және біз де шәкірт дайындаушы ретінде одан не үйрене алатынымызды білеміз. Сондай-ақ “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” деген жаңа кітаптың кейбір ерекшеліктеріне тоқталып кетеміз. Осы кітап арқылы зерттеушілерге рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесе аламыз.

^ 7-абзац Өмірден алынған мысалдарды оқу үшін “Ехоба куәгерлерінің ізденіс құралындағы” Тақырыптар/Киелі кітап/Іс жүзіндегі пайдасы/Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді (“Күзет мұнарасының” айдары) дегенге немесе JW Library® қосымшасындағы Медиа/Сұхбаттар мен өмірде болған оқиғалар дегенге кіріңіз.

^ 62-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Ер бауырлас әйелі екеуі бір жігітпен зерттеп жатыр. Келесі сабақтарға ер бауырлас басқа да бауырластарды шақырды.