45-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Өзгелерге Мәсіхтің бұйырғандарын ұстануды үйретіңіз
“Барыңдар да... шәкірттер дайындап... мен сендерге бұйырғандардың бәрін ұстануды үйретіңдер” (МАТ. 28:19, 20).
89-ӘН Құдайға құлақ асып, батаға кенел
АҢДАТПА *
1. Матай 28:18—20 тармақтарда Иса өзінің шәкірттеріне қандай бұйрық берді?
ИСА қайта тірілгеннен кейін, Ғалилеяда жиналған шәкірттеріне көрінді. Иса оларға маңызды бір бұйрық берді. Ол қандай бұйрық? Бұл жайлы Матай 28:18—20 (оқыңыз) тармақтарда жазылған.
2. Біз қандай сұрақтарды қарастыратын боламыз?
2 Исаның шәкірт дайындау жайлы бұйрығы Құдайдың бүгіндегі әрбір қызметшісіне де қатысты. Сондықтан Исаның бізге берген тапсырмасына байланысты үш сұрақты қарастырайық. Біріншісі, жаңадан шәкірт болғандарға Құдайдың талаптарын үйретуден бөлек, тағы не істей аламыз? Екіншісі, қауымдағы әрбір жариялаушы зерттеушінің рухани өсуіне қалай үлес қоса алады? Үшіншісі, уағыздамай жүрген бауырластар шәкірт дайындау ісіне қайтадан атсалысу үшін, оларға қалай көмектессек болады?
ОЛАРҒА МӘСІХТІҢ БҰЙЫРҒАНДАРЫН ҰСТАНУДЫ ҮЙРЕТІҢІЗ
3. Иса бұйрық берген кезде, қандай нақты нұсқау айтты?
3 Иса нақты нұсқау берген. Біз адамдарға оның бұйырғандарын үйретуіміз керек. Бірақ біз маңызды бір жайтты ұмытпауымыз қажет. Иса: “Мен сендерге бұйырғандардың бәрін үйретіңдер”,— демеген. Ол: “Мен сендерге бұйырғандардың бәрін ұстануды үйретіңдер”,— деген. Осы нұсқауға сай әрекет ету үшін, біз зерттеушілерге білім беріп қана қоймай, оларға бағыт-бағдар да беріп отыруымыз керек (Ел. іс. 8:31). Неліктен бұл маңызды?
4. Зерттеушіге Мәсіхтің бұйырғандарына мойынсұнуды қалай үйрете алатынымызды мысалмен түсіндіріңіз.
4 Бұйырғандарды “ұстану” дегеніміз оларға мойынсұнуды
білдіреді. Адамға Мәсіхтің бұйырғандарын ұстануды не оларға мойынсұнуды қалай үйрету керектігін түсіну үшін бір мысал келтірейік. Оқытушы көлік жүргізуді үйренгісі келетін адамға жол ережелерін ұстануды қалай үйретеді? Алдымен, ол сыныпта отырып жол ережелерін қарастырады. Бірақ оқытушы адамға осы ережелерді ұстануды үйрету үшін, тағы бір нәрсе жасайды. Ол сол адаммен бірге жолға шығып, көлік айдайды және оған бағыт-бағдар беріп, жол ережелеріне сай әрекет етуді үйретеді. Біз бұл мысалдан не нәрсеге үйренеміз?5. а) Жохан 14:15-ке және Жоханның 1-хаты 2:3-ке сай, біз зерттеушіге не істеуді үйретуіміз керек? ә) Зерттеушіге қалай бағыт-бағдар бере алатынымызға мысал келтіріңіз.
5 Адаммен Киелі кітапты зерттеген кезде, оған Құдайдың бізден нені талап ететінін түсіндіреміз. Бірақ біз тек мұнымен ғана шектелмеуіміз керек. Біз зерттеушіге білгендерін күнделікті өмірде қолдануды үйретуіміз керек (Жохан 14:15; Жоханның 1-хаты 2:3 оқыңыз). Зерттеушіге Жазбалардағы негізгі принциптерді мектепте, жұмыста, демалыста қалай қолдануға болатынын өз үлгімізбен көрсетсек болады. Сондай-ақ оған өмірімізден оқиғалар келтіріп, Киелі кітаптағы кеңестің бізді жаман әрекеттен қалай сақтап қалғанын немесе дана шешімдер қабылдауға қалай көмектескенін айтып берсек болады. Зерттеушінің қасында болған кезде, Ехобаға дұға етіп, оған киелі рухымен бағыт-бағдар беруін өтініңіз (Жох. 16:13).
6. Өзгелерге Исаның бұйырғандарын ұстануды үйретуге тағы не кіреді?
6 Өзгелерге Исаның бұйырғандарын ұстануды үйретуге тағы не кіреді? Біз зерттеушілердің шәкірт дайындауға деген ықыласын оятуымыз керек. Кейбір зерттеушілер уағыздау деген ойдың өзінен шошуы мүмкін. Зерттеуші түсінігі бірте-бірте тереңдеп, білгендері жүрегіне жетіп, өзі уағыздауға талпыну үшін, шыдамды болуымыз қажет. Зерттеушінің бойында ізгі хабарды айтуға деген ықылас ояту үшін не істесек болады?
7. Зерттеушінің бойында ізгі хабарды уағыздауға деген ықылас ояту үшін не істей аласыз?
7 Зерттеушіңізге мынадай сұрақтар қойып көріңіз: “Патшалық жайлы ізгі хабар өміріңді қай жағынан жақсартып жатыр? Осы ізгі хабарды басқалар да есту керек деп ойлайсың ба? Оларға сен қалай көмектесе аласың?” (Нақ. с. 3:27; Мат. 9:37, 38). Оған “Тәлім беру құралдарының” ішінен буклеттерді көрсетіңіз. Сосын, оның туыстарына, достарына, әріптестеріне қызықты болады-ау дегендерін таңдатыңыз. Кейін буклетті қалай ілтипаттылықпен ұсынуға болатынын көрсетіп, бірге жаттығыңыз. Әрине, зерттеушіңіз шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болған кезде, өзіңіз онымен бірге уағызға шығып, қасында бағыт-бағдар беріп жүресіз (Уағ. 4:9, 10; Лұқа 6:40).
ҚАУЫМДАҒЫЛАР ЗЕРТТЕУШІНІҢ РУХАНИ ӨСУІНЕ ҮЛЕС ҚОСА АЛАДЫ
8. Зерттеушілердің Құдайға және өзгелерге терең сүйіспеншілік дамытқаны неліктен маңызды? (“ Зерттеушіңізге Құдайды жақсы көре түсуге көмектесіңіз” деген қоршауды да қараңыз.)
8 Есімізде болса, Иса өзгелерге ол бұйырғандардың “бәрін ұстануды үйретуіміз” керектігін айтқан. Әрине, бұған Құдайды және өзгелерді сүюге қатысты ең басты екі заң да кіреді. Бұл екі заң уағыздаумен және шәкірт дайындау ісімен тығыз байланысты (Мат. 22:37—39). Қалай? Құдайға және өзгелерге деген сүйіспеншілік бойымызда уағыздауға деген ықылас оятады. Әрине, кейбір зерттеушілер уағыздауға қорқуы мүмкін. Бірақ біз олардың бойына сенімділік ұялатып, Ехобаның көмегімен адам алдындағы қорқыныштан бірте-бірте арыла алатындарын айтуымыз керек (Зәб. 18:1—3; Нақ. с. 29:25). Осы мақаладағы қоршауда зерттеуші Құдайды жақсы көре түсу үшін біз қандай қадамдар жасауымыз керектігі айтылған. Бұған қоса, қауымдағылар да жаңадан шәкірт болған адамның Құдайға және өзгелерге деген сүйіспеншілігін арттыруға көмектесе алады. Қалай?
9. Көлік жүргізуді үйреніп жүрген адам маңызды жайттарды қалай үйренеді?
9 Көлік жүргізуді үйреніп жүрген адам жайлы мысалға қайта оралайық. Өзінің оқытушысымен бірге жолда көлік айдаған кезде, ол оқытушысын тыңдау арқылы және өзге әдепті жүргізушілерді бақылау арқылы маңызды жайттарды үйренеді. Мысалы, оқытушы алдындағы көлікке ізетпен жол беріп жатқан жүргізушіні көрсетуі мүмкін. Я болмаса басқа жүргізушілердің көзіне жарық қатты түспес үшін, көлігінің жарығын бәсеңдетіп жатқан жүргізушіге назар аударуы мүмкін. Осылайша адам көлік жүргізгенде қолдануға болатын маңызды жайттарды түйіп отырады.
10. Зерттеушіге рухани өсуге не көмектеседі?
10 Сол сияқты, өмір жолына аяқ басқан зерттеуші өзінің тәлімгерінен ғана емес, Ехобаның өзге де қызметшілерінен көп нәрсеге үйрене алады. Ендеше, зерттеушінің рухани өсуіне не нәрсе зор көмек болады? Қауым кездесулеріне бару. Неге олай дейміз? Қауым кездесуінде білгендері оның білімін тереңдетеді, сенімін нығайтады және Құдайға деген сүйіспеншілігін арттырады (Ел. іс. 15:30—32). Оның үстіне, тәлімгер қауымда зерттеушісін онымен ортақ нәрселері көп бауырластармен таныстыра алады. Зерттеуші қауымда сүйіспеншілік танытып жүрген бауырластарды көреді. Қазір келесі жағдайларға назар аударайық.
11. Зерттеушілер қауымда қандай бауырластарды кездестіреді және бұл оларға қалай әсер етеді?
11 Киелі кітапты зерттеп жүрген жалғызбасты ана қауымда балаларын жалғыз тәрбиелеп жүрген әйел бауырласты көреді. Сол бауырластың кішкентай балаларымен бірге Патшалық сарайына келу үшін соншалықты көп күш салатыны зерттеушіге қатты әсер етеді. Темекісін тастай алмай жүрген тағы бір зерттеуші қауымда осы әдетін жеңген ер бауырласпен танысады. Бауырлас оған Ехобаға деген сүйіспеншілігі артқан кезде, бұл оны Құдайдың заңдарын орындауға талпындырғанын айтып береді (Қор. 2-х. 7:1; Філіп. 4:13). Бауырлас өзінің оқиғасын айтып бергеннен кейін, зерттеушіге: “Темекіні тастау сенің де қолыңнан келеді!”— дейді. Бұл сөздер зерттеушіге жігер беріп, бойына сенімділік ұялатады. Ал Киелі кітапты зерттеп жүрген жас қыз қауымда мәсіхшілік өмірінен шын қуаныш алып жүрген және өзгелерге көмектесуге дайын жас қыз бауырласты байқайды. Сонда зерттеуші бұл қыз бауырластың қуанышты болып жүруінің себебін білгісі келіп кетеді.
12. Неліктен қауымдағы әрбір бауырлас зерттеушіге көмектесе алады дей аламыз?
12 Қауымда әртүрлі адал бауырластарды жақын таныған кезде, зерттеуші олардың үлгісіне қарап, Құдай мен өзгелерді сүю туралы Мәсіхтің бұйрығына мойынсұнудың не екенін түсінеді (Жох. 13:35; Тім. 1-х. 4:12). Бұған қоса, жоғарыда айтып кеткеніміздей, зерттеуші өзінікіндей қиындықтарды бастан кешкен бауырластардан көп нәрсеге үйрене алады. Зерттеуші сол бауырластардың үлгісіне қарап, Мәсіхтің шәкірті болу үшін қажетті өзгерістерді жасау оның да қолынан келетінін түсінеді (Мұс. 5-ж. 30:11). Қауымда әр бауырлас зерттеушінің рухани өсуіне түрлі жолмен үлес қоса алады (Мат. 5:16). Ал сіз қауымыңызға келіп жүрген зерттеушіні жігерлендіру үшін өз тарапыңыздан не істеп жүрсіз?
УАҒЫЗДАМАЙ ЖҮРГЕНДЕРГЕ ҚАЙТАДАН УАҒЫЗДАУҒА КӨМЕКТЕСІҢІЗ
13, 14. Жігерлері жасыған елшілеріне Иса қалай қарады?
13 Біз уағыздамай жүрген бауырластарға көмектескіміз келеді. Олардың қайтадан Мәсіхтің шәкірт дайындау туралы бұйрығын орындай бастағанын қалаймыз. Жігері жасыған елшілеріне Исаның қалай қарағаны — бүгінде біз үшін жақсы үлгі.
14 Исаның жердегі қызметі аяқталып, өлетін шағы таяп қалғанда, елшілердің “бәрі оны тастап, қашып” кетті (Мар. 14:50; Жох. 16:32). Уақытша әлсіздікке бой алдырған елшілеріне Иса қалай қарады? Қайта тірілгеннен кейін көп ұзамай Иса кейбір ізбасарларына: “Қорықпаңдар! Бауырластарыма барып, [қайта тірілгенімді] жеткізіңдер”,— деген (Мат. 28:10а). Иса өзінің елшілерінен теріс айналмады. Өзін тастап кетсе де, Иса оларды “бауырластарым” деп атады. Ехоба сияқты, Иса да мейірімді әрі кешірімді болды (Пат. 2-ж. 13:23).
15. Біздің уағыздамай кеткен бауырластарға деген көзқарасымыз қандай?
15 Біз де қауымда уағыздамай кеткен жандар үшін қам жейміз. Олар біздің бауырластарымыз. Біз оларды жақсы көреміз. Сол бауырластардың бұрында сүйіспеншілікпен атқарған еңбектері әлі есімізде, олардың кейбірі ондаған жылдар бойы еңбек еткен (Евр. 6:10). Біз оларды қатты сағынып жүрміз! (Лұқа 15:4—7). Исаға еліктей отырып, осы бауырластар үшін қам жейтінімізді қандай жолдармен көрсетсек болады?
16. Уағыздамай жүрген бауырластар үшін қам жейтінімізді қалай көрсетсек болады?
16 Оларды шын жүректен шақырыңыз. Уағыздамай жүрген бауырластарды жігерлендірудің бір жолы — оларды қауым кездесулеріне шақыру. Иса да жігері жасыған елшілерінің рухын көтеру үшін оларды кездесуге шақырған (Мат. 28:10ә; Қор. 1-х. 15:6). Әрине, біз бұл бауырластар қауым кездесуіне келу үшін, оларды бірнеше рет шақыру қажет болуы мүмкін екенін түсінеміз. Олар қауымға келгенде, қуанышымызда шек болмайды! Елшілері шақыруын қабыл алғанда, Исаның да қуанғанында дау жоқ (Матай 28:16 және Лұқа 15:6 салыстырыңыз).
17. Уағыздамай жүрген бауырлас Патшалық сарайына келген кезде не істеуіміз керек?
17 Оларды құшақ жая қарсы алыңыз. Шәкірттерімен кездескен кезде, Иса олардың өздерін жайлы сезінуіне жағдай жасады, ол шәкірттеріне бірінші болып сөйледі (Мат. 28:18). Уағыздамай жүрген бауырлас Патшалық сарайына келген кезде не істеуіміз керек? Біз бірінші болып қадам жасап, оны жылы қарсы алуымыз керек. Басында оған не айтамын деп уайымдайтын шығармыз. Бірақ жай ғана оны көруге қуанышты екенімізді айтсақ болады. Десе де мұны ол ыңғайсыз жағдайға қалмайтындай етіп істеуіміз қажет.
18. Уағыздамай жүрген бауырластардың бойына қалай сенімділік ұялата аламыз?
18 Олардың бойларына сенімділік ұялатыңыз. Бәлкім, Исаның шәкірттері “бүкіл дүниежүзінде уағыздау туралы тапсырманы орындай алмаймыз” деп Мат. 28:20). Бұл сөздер оларға көмектесті ме? Иә. Олар көп ұзамай “ізгі хабарды жариялауға және тәлім беруге” құлшына кірісіп кетті (Ел. іс. 5:42). Біз де уағыздамай жүрген жариялаушылардың бойына сенімділік ұялатуымыз керек. Олар қайтадан уағыз ісіне қатысудан тартыншақтауы мүмкін. Біз сол бауырластарға олардың жалғыз уағыздамайтынын айтайық. Кейін олар қайтадан уағыздай бастаған кезде, олармен бірге қызметке шықсақ болады. Қайтадан ізгі хабарды уағыздай бастаған кезде қастарынан табылғанымыз үшін олардың риза болатынында дау жоқ. Уағыздамай кеткен жариялаушыларға бауырластарымыз деп қарасақ, олар қауымға қайта оралып, бүкіл қауымға қуаныш сыйлауы мүмкін.
уайымдаған шығар. Иса өзінің ізбасарларына сенімділік беріп: “Әр күні сендермен біргемін”,— деген (ӨЗІМІЗГЕ СЕНІП ТАПСЫРЫЛҒАН ІСТІ АЯҚТАҒЫМЫЗ КЕЛЕДІ
19. Біз не істеуге бел будық және неге?
19 Біз шәкірт дайындау ісін қашанға дейін атқарамыз? Заманның ақыры келгенге дейін (Мат. 28:20; “Заманның ақыры” деген түсіндірмені қараңыз). Біз Исаның тапсырған ісін сол уақыт келгенше атқара аламыз ба? Иә! Біз солай етуге бел буғанбыз. “Мәңгі өмірге ыңғай танытқандарды” табу үшін уақытымызды, күшімізді, қаражатымызды құрбан етуге дайынбыз (Ел. іс. 13:48). Осылай біз Исаның үлгісіне еліктейміз. Ол: “Менің тамағым — өзімді жіберген Құдайдың еркін орындау және оның тапсырған ісін аяқтау”,— деген (Жох. 4:34; 17:4). Бұл — біздің де қалауымыз. Біз өзімізге сеніп тапсырылған істі аяқтағымыз келеді (Жох. 20:21). Біз өзгелердің де, соның ішінде уағыздамай жүрген бауырластардың да, осы істі бізбен бірге табандылықпен атқарғанын қалаймыз (Мат. 24:13).
20. Філіпіліктерге 4:13-ке сай, неге Исаның тапсырған ісін атқару қолымыздан келеді дей аламыз?
20 Әрине, Исаның тапсырған ғаламат ісін атқару оңай емес. Бірақ біз жалғыз емеспіз. Иса әр күні бізбен бірге болатынын уәде еткен. Оның үстіне, шәкірт дайындау ісін атқарған кезде, біз “Құдаймен қызметтес” боламыз (Қор. 1-х. 3:9). Сондықтан бұл істі атқару қолымыздан келеді. Біз бұл істі атқаруды және оны өзгелерге де атқаруға көмектесуді зор мәртебе санаймыз, әрі содан қуаныш аламыз (Філіпіліктерге 4:13 оқыңыз).
79-ӘН Оларға берік тұруды үйретіңдер
^ 5-абзац Иса өзінің ізбасарларына шәкірттер дайындап, оларға өзінің бұйырғандарын ұстануды үйрету жайлы нұсқау берген. Бұл мақалада біз Исаның осы нұсқауын қалай орындай алатынымызды қарастырамыз. Бұл мақаладағы мәліметтер 2004 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 шілдедегі санында жарық көрген мақалаға негізделген (14—19 б.).
^ 66-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Зерттеу сабағын жүргізіп жатқан әйел бауырлас зерттеушісіне Құдайға деген терең сүйіспеншілік дамыту үшін не істеу керектігін түсіндіріп жатыр. Кейін зерттеуші тәлімгерінің кеңесіне құлақ асып, сол үш қадамды жасап жатыр.