Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

4-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Бауырластарыңызды туған бауырдай жақсы көріңіз

Бауырластарыңызды туған бауырдай жақсы көріңіз

“Бір-біріңді туған бауырлардай жақсы көріңдер” (РИМ. 12:10).

109-ӘН “Бір-біріңді барынша жақсы көріңдер”

АҢДАТПА *

1. Бүгінде адамдардың бауырмалдықтан жұрдай екені неден көрінеді?

КИЕЛІ КІТАПТА соңғы күндері адамдардың “бауырмалдықтан жұрдай” болатыны айтылған (Тім. 2-х. 3:1, 3). Бүгінде біз осы пайғамбарлықтың орындалып жатқанына куәміз. Мысалы, ажырасудың кесірінен миллиондаған отбасылар ойран болуда, ерлі-зайыптылар бір-біріне ашулы, ал балалары сүйіспеншілік сезінбейді. Тіпті бір үйде өмір сүретін отбасылар бір-біріне бөтен адамдар секілді. Бір отбасылық кеңесші былай дейді: “Ата-аналар мен балалар бір-біріне емес, компьютерге, планшетке, смартфонға не бейнеойындарға байланған. Бұндай отбасылар бір шатырдың астында өмір сүрсе де, бір-бірін жақсы білмейді”.

2, 3. а) Римдіктерге 12:10-ға сай, біз кімдерді туған бауырдай жақсы көруіміз керек? ә) Біз бұл мақалада не қарастырамыз?

2 Біз сүйіспеншіліктен жұрдай осы заманның өмір салтын үлгі еткіміз келмейді (Рим. 12:2). Біз тек ет жақын туыстарымызға ғана емес, бір сенімдегі бауырластарымызға деген сүйіспеншілігімізді де арттыруымыз керек (Римдіктерге 12:10 оқыңыз). Біз бауырластарымызды қаншалықты жақсы көруіміз керек? Рухани отбасымыз болып табылатын оларды туған отбасымызды жақсы көргендей жақсы көруіміз керек. Солай етсек, арамыздағы бірлікті сақтап қаламыз. Ал бірлік — шынайы ғибадаттың маңызды бөлігі (Миха 2:12).

3 Қазір Ехоба мен оның қызметшілерінің үлгісінен не нәрсеге үйрене алатынымызға назар аударайық. Бұл бізге бауырластарды туған бауырдай жақсы көруге көмектеседі.

ЕХОБА — “АЙНЫМАС СҮЙІСПЕНШІЛІГІ МОЛ” ҚҰДАЙ

4. Зәбүр 103:8, 11-ден көрінетіндей, Ехоба бізді қаншалықты жақсы көреді?

4 Киелі кітапта Ехобаның тамаша қасиеттері жайлы айтылады. Мысалы, онда “Құдай — сүйіспеншілік” екені айтылған (Жох. 1-х. 4:8). Осы сөздердің өзі бізді Ехобаға жақындатады. Бірақ Киелі кітапта Ехобаның “айнымас сүйіспеншілігі мол” екені де айтылған (Зәбүр 103:8, 11 оқыңыз). Зәбүр жыршысының сөздері Ехобаның бізге деген сүйіспеншілігінің қаншалықты терең екенін тамаша сипаттайды!

5. Ехоба қалай мейірімділік танытады және біз оған қалай еліктей аламыз?

5 Байқасақ, Зәбүр 103:8-де Ехобаның айнымас сүйіспеншілігімен қатар, бізді оған жақындатып тартатын тағы бір қасиеті айтылған. Бұл — мейірімділік қасиеті (Мұс. 2-ж. 34:6). Ехоба бізге әртүрлі жолмен мейірімділік танытады. Солардың бірі — ол біздің қателіктерімізді кешіреді (Зәб. 51:1). Киелі кітапқа сай, мейірімділік кешіруден де көп нәрсені қамтиды. Мейірімділік деген біреудің қиналып жатқанын көргенде адамның ішінде туындайтын күшті сезім және бұл сезім сол адамды көмектесуге талпындырады. Ехоба өзінің бізге көмектесуге деген ықыласын ананың балаға деген сезімінен де күшті деп сипаттаған (Ишая 49:15). Біз қиындыққа кезіккен кезде, мейірімділік қасиеті Ехобаны бізге көмектесуге талпындырады (Зәб. 37:39; Қор. 1-х. 10:13). Біз де бауырластарымыз көңілімізді қалдырып жатса, оларға өкпе-реніш сақтамай, кешірімді болайық. Осылай біз оларға мейірімділік танытамыз (Ефес. 4:32). Алайда мейірімділік танытудың негізгі жолы — бауырластарымыз қиындыққа кезіккен кезде оларға көмектесу. Сүйіспеншілігіміз өзгелерге мейірімді болуға талпындырған кезде, біз өзгелерді жақсы көріп, бауырына тартатын Ехобаға еліктейміз (Ефес. 5:1).

“ЖОНАТАН МЕН ДӘУІТ АЙНЫМАС ДОС БОЛДЫ”

6. Жонатан мен Дәуіттің бір-бірін туған бауырдай жақсы көретіні неден көрінді?

6 Киелі кітапта бір-бірін туған бауырдай жақсы көрген кемелсіз адамдардың оқиғалары бар. Мысалы, Жонатан мен Дәуітті алайық. Киелі кітапта: “Жонатан мен Дәуіт айнымас дос болып, Жонатан оны жанындай жақсы көріп кетті”,— делінген (Сам. 1-ж. 18:1). Дәуіт Саулдан кейін патша болу үшін майланған еді. Бірақ Саул Дәуітті көре алмай, оны өлтірмекші болды. Ал Жонатан болса Дәуітті өлтіргелі жүрген әкесін мүлдем қолдамады. Жонатан мен Дәуіт айнымас дос болып, бір-біріне әрдайым қолдау көрсететіндерін айтып серттесті (Сам. 1-ж. 20:42).

Жас айырмашылығы Жонатан мен Дәуітке бір-бірін туған бауырдай жақсы көріп, дос болуға тосқауыл болған жоқ (6—9 абзацтарды қараңыз)

7. Жонатан мен Дәуіттің дос болуына қандай жайттардың кедергі болуына болар еді?

7 Жонатан мен Дәуіттің дос болуына кедергі боларлықтай жайттардың болғанын ескерсек, олардың бір-бірін туған бауырдай жақсы көргені одан сайын таңғалдырады! Мысалы, Жонатан Дәуіттен шамамен 30 жасқа үлкен еді. Жонатанның “өмір көрмеген бұл бозбаламен ортақ нем бар” деуіне болар еді. Бірақ Жонатан олай ойламады, ол Дәуітке зор құрмет танытты.

8. Жонатан ненің арқасында Дәуітпен жақын дос бола алды?

8 Жонатанның Дәуітке қызғанышпен қарауына болар еді. Саул патшаның ұлы болғандықтан, оның “таққа отыратын заңды мұрагер менмін” деп тұрып алуына да болар еді (Сам. 1-ж. 20:31). Бірақ Жонатан кішіпейіл әрі Ехобаға адал болды. Сондықтан ол Дәуітті болашақ патша етіп таңдаған Ехобаның шешімін толықтай қолдады. Әкесінің ашуын тудырса да, Жонатан Дәуітке де адал болды (Сам. 1-ж. 20:32—34).

9. Жонатанның Дәуітпен бақталаспағанын қайдан білеміз?

9 Жонатан Дәуітті бауырындай жақсы көріп кетті, сондықтан онымен бақталасуға тырыспады. Жонатан шебер садақшы әрі батыл жауынгер болатын. Халық Жонатан мен оның әкесі Саулды қыраннан ұшқыр, арыстаннан күшті адамдар ретінде танитын (Сам. 2-ж. 1:22, 23). Сондықтан Жонатанның өз ерліктерін айтып мақтануына болар еді. Алайда ол бақталасып, Дәуіттен асып түсуге тырыспады. Қайта, Дәуіттің батылдығы мен Ехобаға деген сенімділігіне тәнті болды. Негізі, Дәуіт Ғолиятты өлтіргеннен кейін, Жонатан оны жанындай жақсы көре бастаған болатын. Біз де Жонатанға еліктеп, бауырластарымызды туған бауырдай жақсы көретінімізді қалай көрсете аламыз?

БІР-БІРІМІЗДІ ТУҒАН БАУЫРДАЙ ЖАҚСЫ КӨРЕТІНІМІЗДІ КӨРСЕТЕЙІК

10. “Бір-біріңді барынша жақсы көріңдер” деген нені білдіреді?

10 Киелі кітап бізді “бір-бірімізді барынша жақсы көруге” шақырады (Пет. 1-х. 1:22). Бұл орайда Ехобадан үлгі алсақ болады. Оның бізді барынша жақсы көретіні сонша — біз оған адал болған жағдайда, оның сүйіспеншілігінен бізді еш нәрсе айыра алмайды (Рим. 8:38, 39). Тармақтағы “барынша” деп аударылған грек сөзі “созу”, тіпті “керу” деген мағынаны білдіреді. Кейде бауырластарды туған бауырдай жақсы көру үшін, сүйіспеншілігімізді созуға, керуге тура келуі мүмкін. Өзгелер көңілімізді түсірген кезде, мына кеңеске сай әрекет ете беруіміз керек: “Сүйіспеншілікпен бір-біріңе төзімділік танытыңдар, өзара тату болып, киелі рух арқылы иемденген бірліктеріңді сақтап қалуға барынша ұмтылыңдар” (Ефес. 4:1—3). Егер “бірлік сақтауға” барынша күш салатын болсақ, бауырластарымыздың қателіктеріне қадалып қалмаймыз. Оларға Ехобаның көзімен қарауға барымызды саламыз (Сам. 1-ж. 16:7; Зәб. 130:3).

Пауыл Еуодия мен Синтихені бір-бірімен дос болуға шақырды. Бүгінде бізге де бауырластармен тіл табысу кейде қиын болып жатады (11-абзацты қараңыз)

11. Неге бауырластарды туған бауырдай жақсы көру кейде қиын болу мүмкін?

11 Бауырластарды туған бауырдай жақсы көру үнемі оңай бола бермейді, әсіресе олардың қателіктерін біліп тұрсақ. Бұндай қиындық І ғасырдағы кейбір мәсіхшілердің арасында да болған көрінеді. Мысалы, Еуодия мен Синтихеге Пауылмен бірге “ізгі хабар үшін иық тіресе” қызметтесу қиынға соқпаса керек. Бірақ қандай да бір себептермен олар бір-бірімен тіл табыса алмаған. Сондықтан Пауыл оларды “Иеміздің жолында жүргендер ретінде бір ойда болуға” шақырған (Філіп. 4:2, 3).

Жас ақсақалдар мен жасы үлкен ақсақалдар бір-бірімен жақын дос бола алады (12-абзацты қараңыз)

12.Бауырластарды туған бауырдай жақсы көре түсу үшін не істесек болады?

12 Бүгінде біз бауырластарымызды туған бауырдай жақсы көре түсу үшін не істей аламыз? Бір сенімдегі бауырластарды жақсырақ тани түссек, оларды түсіну де, туған бауырдай жақсы көру де жеңілірек болады. Сізге бауырластармен дос болуға олардың жасы мен шыққан ортасы кедергі болмасын. Есіңізде болса, Жонатан Дәуіттен 30 жастай үлкен еді. Сонда да олар жақын дос болды. Сіз де қауымда өзіңізден үлкен не кіші бауырласпен дос бола аласыз ба? Егер дос болсаңыз, “барлық бауырластарды сүйетініңізді” көрсетесіз (Пет. 1-х. 2:17).

12-абзацты қараңыз *

13. Неге біз қауымда барлығына бірдей жақын болмауымыз мүмкін?

13 Бауырластарды туған бауырдай жақсы көру деген қауымдағылардың барлығына бірдей жақын болуымыз керек дегенді білдіре ме? Жоқ, өйткені бұл мүмкін емес. Басқаларға қарағанда ортақ нәрселеріміз көп адаммен жақын болу кәдімгі нәрсе. Иса барлық елшілерін “достары” деп санаса да, Жоханды ерекше жақсы көрген (Жох. 13:23; 15:15; 20:2). Бірақ Иса өзгелерді бөліп-жарып, Жоханды бәрінен артық көрмеген. Мысалы, Жохан мен оның бауыры Жақып Құдай Патшалығында басты орындарға отырғызуды сұрағанда, Иса оларға: “Менің оң не сол жағыма кім отыратынын мен шешпеймін”,— деген (Мар. 10:35—40). Біз де Исаға еліктеп, алалаушылық танытып достарымызды өзгелерден артық көрмеуіміз керек (Жақ. 2:3, 4). Солай етсек, біз қауымда жікке бөлінушіліктің емес, бірліктің болуына үлес қосамыз. Ал мәсіхшілер қауымында жікке бөлінушілікке ешқандай орын жоқ (Яһд. 17—19).

14. Філіпіліктерге 2:3-ке сай, бізге бақталастық рухынан аулақ болуға не көмектеседі?

14 Егер бір-бірімізді туған бауырдай жақсы көретін болсақ, қауымда бақталастық рухы болмайды. Мысалы, Жонатан Дәуітпен бақталасып, таққа таласқан жоқ. Жонатан барлығымыз үшін тамаша үлгі! Бауырластарыңыздың қабілеттерін қызғанып, олармен бақталасып жүрмеңіз, қайта, “кішіпейілділікпен басқаларды өзіңізден жоғары қойыңыз” (Філіпіліктерге 2:3 оқыңыз). Әрбір бауырлас қауымға өз үлесін қосатынын естен шығармаңыз. Егер біз кішіпейіл болып қалатын болсақ, бауырластардың жақсы жақтарын байқап, олардан үлгі ала аламыз (Қор. 1-х. 12:21—25).

15. Таняның отбасымен болған жағдайдан не түйдіңіз?

15 Біз күтпеген жерден қиындықтарға кезіккенде, Ехоба бізді бауырластар арқылы жұбатады. Олар бізді туған бауырдай жақсы көріп, іс-жүзінде көмек көрсетеді. Мысалы, бір отбасымен болған жағдайды алайық. Олар Құрама Штаттарда өткен 2019 жылғы “Сүйіспеншілік еш сарқылмайды” деген халықаралық конгреске барды. Олар сенбі күнгі бағдарламадан қайтып келе жатқан кезде бір оқыс жағдай болды. Үш баланың анасы Таня былай дейді: “Біз көлікпен қонақ үйімізге қайтып келе жатқан едік. Сол кезде бір жүргізуші көлігін игере алмай, бізге кеп соқты. Бұдан ешкім зардап шеккен жоқ. Бірақ біз зәре-құтымыз қалмай, көліктен шығып, жолда тұрдық. Жолдың шетінде біреу қол бұлғап, бізді көлігіне шақырып жатты. Бұл енді ғана конгрестен шыққан біздің бір бауырласымыз екен. Бірақ бізді көріп тоқтаған бұл бауырлас қана емес еді. Швециядан келген бес делегат та тоқтады. Солардың арасындағы бірнеше әйел бауырлас қызым екеумізді құшақтай кетті. Бұдан өзімізді сондай жақсы сезініп қалдық! Мен оларға бізбен бәрі жақсы болатынын айтсам да, олар бізді қалдырып кеткен жоқ. Олар бізге медициналық көмек көрсетілгеннен кейін де қасымызда болып, қажетіміздің бәрі барына көз жеткізді. Осы бір қиын шақта біз Ехобаның сүйіспеншілігін сезіндік. Осы жағдайдан кейін, біздің бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз артты. Ехобаға деген де сүйіспеншілігіміз бен ризашылығымыз тереңдей түсті”. Мұқтаж болған кезіңізде бауырластар сізді туған бауырдай жақсы көріп, көмек көрсеткен кездер есіңізде ме?

16. Бір-бірімізді туған бауырдай жақсы көруге қандай себептер бар?

16 Бір-бірімізді туған бауырдай жақсы көретін болсақ, бұның нәтижесі қандай болатынын көрейік. Бастарына күн туғанда бауырластарға жұбаныш береміз. Құдай халқының арасындағы бірлікті нығайтамыз. Сондай-ақ Исаның шәкірттері екенімізді дәлелдейміз. Бұны көріп, ақжүрек адамдар шынайы ғибадатқа тартылатын болады. Бәрінен бұрын, “қайырымы мол Әке және жұбаныш атаулының қайнар көзі” Ехобаны қуантамыз (Қор. 2-х. 1:3). Ендеше, бәріміз де бір-бірімізді туған бауырдай жақсы көре берейік!

130-ӘН Кешірімді болайық

^ 5-абзац Иса шәкірттерінің өзара сүйіспеншіліктерімен танылатынын айтқан. Барлығымыз осы талапқа сай өмір сүруге тырысамыз. Бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз нығаю үшін, оларды туған отбасымыздай жақсы көруді үйренуіміз қажет. Бұл мақала бізге бір сенімдегі бауырластарымызды туған бауырдай жақсы көре түсуге көмектеседі.

^ 55-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жас ақсақал тәжірибелі жасы үлкен ақсақалдан үйренгендеріне сүйеніп, сөз сөйлеп жатыр. Жасы үлкен ақсақал үйіне әйелімен қонаққа келген сол жас ер бауырласты құшақ жая қарсы алып жатыр. Екі отбасы бір-біріне сүйіспеншілік пен жомарттық танытып жатыр.