Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

40-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Өзіңе сеніп тапсырылғанды аман сақта”

“Өзіңе сеніп тапсырылғанды аман сақта”

“Тімөте, балам, өзіңе сеніп тапсырылғанды аман сақта” (ТІМ. 1-Х. 6:20).

29-ӘН Атымызға затымыз сай болсын

АҢДАТПА *

1, 2. Тімөтеге 1-хат 6:20-ға сай, Тімөтеге қандай сыйлар сеніп тапсырылды?

БІЗ жиі бағалы нәрселерімізді біреуге сеніп тапсырып жатамыз. Мысалы, ақшамызды банкке салып қоямыз. Ондай кезде, ақшамыз ұрланбайды, жоғалмайды деп сенеміз. Біз бағалы нәрсені біреуге сеніп тапсырудың не екенін білеміз.

2 Тімөтеге 1-хат 6:20 оқыңыз. Елші Пауыл Тімөтенің Құдайдан бағалы сый алғанын есіне салды. Бұл Құдайдың адамзатқа қатысты ниеті жайлы тура білім еді. Тімөтеге “ізгі хабардың уағыздаушысы болу” сыйы да сеніп тапсырылды (Тім. 2-х. 4:2, 5). Пауыл Тімөтені Құдайдан алған сыйларын қорғауға талпындырды. Тімөте сияқты, біз де Құдайдан бағалы сыйлар алдық. Бұл қандай сыйлар? Оларды неге қорғауымыз керек?

БІЗГЕ БАҒА ЖЕТПЕС ШЫНДЫҚТАР СЕНІП ТАПСЫРЫЛДЫ

3, 4. Неге Киелі кітаптағы шындықтар бағалы?

3 Ехобаның зор рақымының арқасында біз оның Сөзі Киелі кітаптағы бағалы шындықтар жайлы тура білімге ие болдық. Бұл шындықтар расымен де бағалы, өйткені олар Ехобамен жақсы қарым-қатынаста болуды үйретеді, әрі шынайы бақытқа қол жеткізудің сырын ашады. Егер осы шындықтарға сеніп, өмірде қолданатын болсақ, біз жалған ілімдердің құрсауынан босаймыз және моральдық жағынан таза өмір сүреміз (Қор. 1-х. 6:9—11).

4 Киелі кітаптағы шындықтарды бағалы ететін тағы бір нәрсе — Ехоба оларды “мәңгі өмірге ыңғай танытқан” кішіпейіл адамдарға ғана ашады (Ел. іс. 13:48). Бұндай кішіпейіл адамдар бүгінде Ехоба Киелі кітаптағы шындықтарды түсіндіру үшін адал да ақылды құлды қолданатынын мойындайды (Мат. 11:25; 24:45). Біз бұл шындықтарды өздігімізден түсіне алмас едік, сондықтан олардан құнды ештеңе жоқ! (Нақ. с. 3:13, 15).

5. Ехоба бізге тағы нені сеніп тапсырды?

5 Ехоба бізге өзі және өзінің ниеті жайлы шындықты өзгелерге айтуды да сеніп тапсырды (Мат. 24:14). Біз айтып жүрген хабар өте құнды, өйткені ол адамдарға Ехобаның отбасына қосылуға және мәңгілік өмірге ие болуға көмектеседі (Тім. 1-х. 4:16). Уағыз ісіне қосып жатқан үлесіміз аз не көп болсын, біз бүгінде ең маңызды іске атсалысудамыз (Тім. 1-х. 2:3, 4). Құдайдың өзімен қызметтес болу неткен мәртебе! (Қор. 1-х. 3:9).

АЛҒАН СЫЙЫҢЫЗДЫ ҚОРҒАҢЫЗ

Өзгелер шындықты тастап кеткенде, Тімөте шындықта нық тұрды (6-абзацты қараңыз)

6. Сыйларын аман сақтамаған кейбір адамдармен не болды?

6 Тімөтенің замандастарының кейбірі Құдаймен қызметтес болу мәртебесін бағаламай кеткен. Мысалы, Димас осы дүниені жақсы көргендіктен, Пауылмен қызметтесуден бас тартқан (Тім. 2-х. 4:10). Фигел мен Ермоген де қызметтерін тастап кеткен, олар Пауыл сияқты қуғынға ұшыраймыз деп қорықса керек (Тім. 2-х. 1:15). Ал Именей, Ескендір мен Філет жолдантаюшыға айналып, шындықтан кетіп қалған (Тім. 1-х. 1:19, 20; Тім. 2-х. 2:16—18). Кезінде бұл адамдардың бәрі рухани мықты болған. Бірақ кейіннен олар ненің шынымен бағалы екенін ажыратудан қалды.

7. Шайтан бізге қарсы қандай тәсілдер қолданады?

7 Шайтан бізді Ехоба берген бағалы сыйлардан айыру үшін не істеуге тырысады? Шайтан қолданатын кейбір тәсілдерді қарастырайық. Ол теледидарды, фильмдерді, интернетті, кітап-журналдарды қолданып, ой-санамыз бен жүріс-тұрысымызға ықпал еткісі келеді. Осылайша бірте-бірте бізді шындықтан айыруға тырысады. Сондай-ақ ол уағыздамай қоюымыз үшін құрдастарымыздың қысымы мен қуғын-сүргін арқылы бізді қорқытқысы келеді. Бұған қоса, ол шындықты тастап кетуіміз үшін жолдантаюшылардың “жалған білімін” тыңдауға азғырады (Тім. 1-х. 6:20, 21).

8. Даниялдың мысалынан не үйрене аламыз?

8 Егер абай болмасақ, бірте-бірте шындықтан қол үзіп қалуымыз мүмкін. Бейнеойындарды жақсы көрген Даниялдың * жағдайын көрейік. Ол былай дейді: “Мен бейнеойындарды он жасымнан бастап ойнадым. Алғашында ойнаған ойындарым аса жаман емес еді. Бірақ бара-бара қатыгездікпен және спиритизммен байланысты ойындарға көштім”. Ақырында, Даниял күніне 15 сағаттай ойнайтын болды. “Ойнаған ойындарым мен оған көп уақыт жұмсағаным мені Ехобадан алшақтатып жатқанын іштей түсінетінмін. Бірақ мен өзімді Киелі кітапқа қайшы ештеңе істеп жатқан жоқпын деп сендірдім”,— деп қосты Даниял. Ойын-сауық түрлері жасырын ықпал етіп, бізді бірте-бірте шындықтан ажыратуы мүмкін. Бұған жол берсек, бұл біздің Ехоба берген бағалы сыйлардан айырылып қалуымызға әкеп соғуы мүмкін.

ШЫНДЫҚТЫ ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙ АЛАМЫЗ

9. Тімөтеге 1-хат 1:18, 19-ға сай, Пауыл Тімөтені не істеуге талпындырды?

9 Тімөтеге 1-хат 1:18, 19 оқыңыз. Пауыл Тімөтені сарбазға теңеп, оны “ізгі күрес жүргізуге” шақырды (Тім. 2-х. 2:3). Бұл кәдімгі күрес емес, рухани күрес еді. Сарбаздарға теңелген мәсіхшілер қай мағынада шайқасқа қатысады? Мәсіхтің сарбаздары ретінде біз қандай қасиеттер дамытуымыз керек? Қазір Пауылдың мысалынан үйренуге болатын бес жайтты көрейік, олар бізге шындықты қорғауға көмектеседі.

10. Құдайға шын берілгендік деген не және бұл қасиет бізге не үшін қажет?

10 Құдайға шын берілгендік дамытыңыз. Жақсы сарбаз адал болады. Ол жақсы көретін адамдарын не бағалайтын нәрселерін қорғау үшін аянбай күреседі. Пауыл Тімөтені Құдайға шын берілгендік дамытуға талпындырған. Құдайға шын берілгендік дегеніміз — Құдайды терең қастерлеп, оған адал болу (Тім. 1-х. 4:7). Құдайды жақсы көріп, оған шын берілген сайын, шындықты қорғауға деген ықыласымыз да арта түседі (Тім. 1-х. 4:8—10; 6:6).

Ауыр жұмыс күнінен кейін, өзімізді қауымға баруға күштеуге тура келуі мүмкін. Бірақ солай етсек, батаға кенелеміз! (11-абзацты қараңыз)

11. Неге біз өз-өзімізді тәртіпке салуымыз керек?

11 Өз-өзіңізді тәртіпке салыңыз. Сарбаз үнемі шайқасқа дайын жүру үшін, өз-өзін қадағалап, тәртіпке салуы қажет. Тімөте рухани мықты болып қалған, себебі ол Пауылдың кеңесіне құлақ асып, бұрыс қалаулардан аулақ болған, Құдайға ұнамды қасиеттер дамытқан және бір сенімдегі бауырластармен араласқан (Тім. 2-х. 2:22). Бұлай ету үшін ол өз-өзін тәртіпке салды. Біз де тәндік қалауларымызбен күресте жеңіп шығу үшін өз-өзімізді тәртіпке салуымыз керек (Рим. 7:21—25). Ескі болмысымыздан арылып, жаңа болмысқа ие болу үшін де өзімізді тәрбиелеуіміз қажет (Ефес. 4:22, 24). Кейде күннің соңында қатты шаршап тұрған кезде, қауымға бару үшін өз-өзімізді күштеуге тура келуі мүмкін (Евр. 10:24, 25).

12. Киелі кітапты шебер қолданып үйренудің жолдары қандай?

12 Сарбаз қаруын шебер қолдана білу керек. Бұл үшін ол үнемі жаттығуы қажет. Сол сияқты, біз де Киелі кітапты шебер қолданып үйренуіміз керек (Тім. 2-х. 2:15). Біз бұған қатысты қауым кездесулерінде біраз тәлім аламыз. Бірақ Киелі кітап шындықтарының бағалы екеніне өзгелердің көзін жеткізу үшін, өзіміз де Киелі кітапты жүйелі түрде зерттеуіміз керек. Біз Құдай Сөзін бойымызда сенім дамыту үшін қолдануымыз қажет. Бірақ бұл оны тек оқып қана қоюды білдірмейді. Біз оқығандарымыз жайлы ой жүгіртіп, әдебиеттерімізді қолданып ізденіс жасауымыз керек. Сонда ғана Жазбаларды дұрыс түсініп, оны өзгелерге түсіндіріп бере аламыз (Тім. 1-х. 4:13—15). Осылайша өзгелерге Құдай Сөзін қолданып тәлім беруге қабілетті боламыз. Бұл жағдайда да тармақты оқып қоя салу жеткіліксіз. Біз адамдарға тармақты және оның оларға қандай қатысы бар екенін түсінуге көмектескіміз келеді. Киелі кітапты жүйелі түрде жеке зерттейтін болсақ, өзгелерге Құдай Сөзін қолданып тәлім беруде жақсара түсеміз (Тім. 2-х. 3:16, 17).

13. Нақыл сөздер 22:3-ке сай, неге парасатты болуымыз керек?

13 Парасатты болыңыз. Сарбаз қауіптің алдын алу үшін, оны алыстан көре білу керек. Біз де зиянды және қауіпті жағдайларды айналып өту үшін, жағдайға баға беруді үйренуіміз керек (Нақыл сөздер 22:3 оқыңыз; Евр. 5:14). Мысалы, демалыс пен ойын-сауық түрлерін таңдауға келгенде, дана әрекет етуіміз керек. Телебағдарламалар мен фильмдерде жиі азғын жүріс-тұрыс насихатталады. Мұндай жүріс-тұрыс Ехоба үшін жиіркенішті, әрі бұл міндетті түрде өзімізге де, өзгелерге де зиянын тигізеді. Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді бірте-бірте әлсірететіндіктен, мұндай ойын-сауық түрлеріне жоламауымыз керек (Ефес. 5:5, 6).

14. Парасаттылық Даниялға қалай көмектесті?

14 Ақырында, жоғарыда айтылған Даниял жағдайға баға беріп, қатыгездікпен және спиритизммен байланысты ойындардың дұрыс емес екенін түсінді. Осы қиындықпен күресу үшін ол “Күзет мұнарасының кітапханасын” қолданып, ізденіс жүргізді. Бұл оған қалай әсер етті? Ол жаман бейнеойындарды ойнауды доғарды, басқа ойыншылармен де байланысын үзді. Даниял: “Бейнеойындар ойнаудың орнына, сыртта басқа істермен айналысатын болдым және қауымдағы достарыммен уақыт өткізе бастадым”,— дейді. Қазір ол тұрақты ізашар және ақсақал болып қызмет етеді.

15. Жалған әңгімелер несімен қауіпті?

15 Тімөте сияқты, біз де парасатты болып, жолдантаюшылар тарататын жалған мәліметтің қаупін көре білуіміз қажет (Тім. 1-х. 4:1, 7; Тім. 2-х. 2:16). Мысалы, олар бойымызға күмән ұялату үшін бауырластар мен Ехобаның ұйымына қатысты жалған әңгімелер таратуы мүмкін. Мұндай жалған ақпараттар сенімімізді шайқалтуы ғажап емес. Біз оларға алданып қалудан сақ болуымыз керек. Себебі бұндай әңгімелерді “ой-санасы бүлінген, шындықтан алыс адамдар” таратады. Олардың бар мақсаты — “дауласу”, “айтысып-тартысу” (Тім. 1-х. 6:4, 5). Олар біздің өтіріктеріне иланып, бауырластарымызға сенуден қалғанымызды қалайды.

16. Біз не нәрселерге алаңдап кетуден сақ болуымыз керек?

16 Алаңдап кетуден сақ болыңыз. Тімөте материалдық және осы дүниелік нәрселерге алаңдамай, “Мәсіх Исаның жақсы сарбазы ретінде” бар назарын қызметіне аударған (Тім. 2-х. 2:3, 4). Біз де Тімөтеге еліктеп, көбірек байлық қалап кетуден аулақ болуымыз керек. “Алдамшы байлық” бізді Ехобаға деген сүйіспеншілігімізден, Құдай Сөзіне деген ризашылығымыздан және уағыздауға деген ықыласымыздан айыруы мүмкін (Мат. 13:22). Біз қарапайым өмір сүріп, уақытымыз бен күшімізді “Құдай Патшалығын... бірінші орынға қоюға” жұмсауымыз керек (Мат. 6:22—25, 33).

17, 18. Ехобамен қарым-қатынасымызды қорғау үшін не істеуіміз керек?

17 Бірден әрекет етуге дайын болыңыз. Сарбаз қауіп төнгенде қалай әрекет ететінін алдын ала ойластырып алуы қажет. Біз Ехоба сеніп тапсырған сыйларды қорғағымыз келсе, қауіпті көрген бойда бірден әрекет етуіміз керек. Бұл орайда бізге не көмектеседі? Біз қауіп төнгенде қалай әрекет ететінімізді алдын ала ойластырып алуымыз керек.

18 Мысалы, көптеген мекемелерде қауіпсіздік шаралары бойынша нұсқаулықтар жүргізіліп, адамдар төтенше жағдайда ғимараттан қалай тез арада шығып кетуге болатынын үйренеді. Тура сол сияқты, біз де күтпеген жағдайларда, мысалы интернеттен, фильмнен не телебағдарламадан азғын бейне, ашық зорлық-зомбылық не жолдантаюшылардың ақпараттары пайда бола қалғанда қалай тез арада “шығып” кететінімізді алдын ала ойластырып қоюымыз қажет. Біз болып қалуы мүмкін жағдайларға алдын ала дайындалатын болсақ, Ехобамен қарым-қатынасымызға кесірін тигізетін жайттардан тез арада қашып кете аламыз. Осылайша Ехобаның көз алдында таза болып қаламыз (Зәб. 101:3; Тім. 1-х. 4:12).

19. Ехоба сеніп тапсырған сыйларды қорғайтын болсақ, қандай баталарға кенелеміз?

19 Біз Ехоба сеніп тапсырған сыйларды — Киелі кітаптағы құнды шындықтар мен өзгелерге тәлім беру мәртебесін — қорғауымыз керек. Сонда ар-ұжданымыз таза болады, өміріміз мән-мағынаға толады және өзгелерге Ехоба жайлы үйретуден қуаныш аламыз. Ехобаның көмегімен біз ол сеніп тапсырған сыйларды қорғай аламыз (Тім. 1-х. 6:12, 19).

127-ӘН Қандай адам болуым керек?

^ 5-абзац Ехоба бізге баға жетпес сыйлар берді: біз шындықты білеміз және оны өзгелерге үйретеміз. Бұл мақала Ехобаның бізге берген сыйларын қорғап, ешқашан жоғалтып алмауға көмектеседі.

^ 8-абзац Есімі өзгертілген.