Келіспеушіліктің шешімін сүйіспеншілікпен табайық
“Өзара татулық сақтаңдар” (МАРҚА 9:50).
ӘНДЕР: 39, 77
1, 2. Мұсаның 1-жазбасында қандай араздықтар жайлы айтылған және олардың бізге қандай қатысы бар?
КИЕЛІ КІТАПТА адамдар арасында туындаған араздық жайлы біраз оқиға жазылғанын байқағансыз ба? Мысалы, Мұсаның 1-жазбасының алғашқы тарауларын ғана алайық: Қабыл Әбілді өлтіреді (Мұсаның 1-жазбасы 4:3—8); Ләмех өзіне қол көтерген жас жігітті өлтіреді (Мұсаның 1-жазбасы 4:23); Ыбырайым мен Лұттың қойшыларының арасында дау-жанжал туады (Мұсаның 1-жазбасы 13:5—7); Ажар Сараға менсінбей қарайды, осы үшін Сара Ыбырайымға ренжиді (Мұсаның 1-жазбасы 16:3—6); Ысмағұл бәріне, ал бәрі оған қарсы шығады (Мұсаның 1-жазбасы 16:12).
2 Киелі кітапта мұндай келіспеушіліктер не себепті жазылған? Біз сол кемелсіз адамдардың мысалынан сабақ ала аламыз. Біз де кемелсізбіз, солардың басынан өткен қиындықтар біздің де басымызға түсіп жатады. Сондықтан осыған қатысты Жазбаларда айтылған адамдардың жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренгіміз келеді (Римдіктерге 15:4). Бұл бізге басқалармен тату-тәтті өмір сүруге көмектеседі.
3. Бұл мақалада нені қарастырамыз?
3 Бұл мақалада біз келіспеушіліктерді шешудің неге маңызды екенін әрі оларды қалай шеше алатынымызды қарастырамыз. Сондай-ақ арамызда туындайтын мәселелерді шешуге және Құдаймен де, өзгелермен де жақсы қарым-қатынас сақтауға көмектесетін Киелі кітаптағы кейбір принциптерді талқылаймыз.
КЕЛІСПЕУШІЛІКТЕРДІ ШЕШУ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?
4. Дүниежүзі бойынша қандай көзқарас кең таралған әрі мұның салдары қандай болуда?
4 Адамдардың жік-жікке бөлініп, араларында араздықтың көптеп туындауына басты себепкер — Шайтан. Неге бұлай деуге болады? Едем бағында Шайтан әрбір адам Құдайдан тәуелсіз болып, өзі үшін ненің жақсы, ненің жаман екенін шеше алатынына меңзеген (Мұсаның 1-жазбасы 3:1—5). Бірақ мына дүниеге қарап, мұндай көзқарастың тек жағдайды ушықтыратынын көруге болады. Адамдардың көбісі “не істесем де, өзім білемін” деген қағидамен жүреді. Олар өркөкіректік, өзімшілдік және бақталастық рухын танытады, өз шешімдерінің өзгелерге қалай әсер ететінін ойланып жатпайды. Осының кесірінен адамдар арасында ұрыс-керіс болып жатады. Ал Киелі кітап бізді ашуға тез бой алдырсақ, өзгелермен көп келіспеушілік туындап, нәтижесінде, көп күнә жасауымыз мүмкін екенін ескертеді (Нақыл сөздер 29:22).
5. Иса адамдарға дау-жанжалды шешуді қалай үйреткен?
5 Иса, керісінше, адамдарды өзгелермен тату болуға үйреткен, тіпті бұдан өздеріне залал келген күнде де солай етуге талпындырған. Ол Таудағы уағызында дау-жанжалды шешуге не оның алдын алуға қатысты тамаша кеңестер берген. Мысалы, шәкірттерін жұмсақ болуға, татуластырушы болуға, ашу-ызадан арылуға, мәселені тез шешуге және жауларын жақсы көруге шақырған (Матай 5:5, 9, 22, 25, 44).
6, 7. а) Неге келіспеушіліктерді тез арада шешкен дұрыс? ә) Құдайдың қызметшілерінің бәрі қандай сұрақтар жайлы ойланғаны жөн?
6 Бүгінде біз дұға ету, уағыздау және қауым кездесулеріне бару сияқты істерімізбен Ехобаға ғибадат етеміз. Алайда бауырластарымызбен тату болмасақ, Ехоба ғибадатымызды қабыл алмайды (Марқа 11:25). Оның досы болғымыз келсе, біз өзгелердің қателіктерін кешіре білуіміз қажет (Лұқа 11:4; Ефестіктерге 4:32 оқыңыз).
Бауырластарымды кешіруге асықпын ба?
7 Ехоба өз қызметшілерінің бәрінен кешірімшіл болып, басқалармен тату тұрады деп күтеді. Осы орайда: “Бауырластарымды кешіруге асықпын ба? Мені ренжітсе де, олармен араласа беремін бе?”— деп ойлансақ болады. Егер кешірімшілдікті әлі де дамыта түсу керектігін байқасақ, Ехобаға дұға етіп, жақсаруға көмектесуін сұрайық. Кішіпейілділікпен айтылған мұндай дұғаларды көктегі Әкеміз тыңдап, міндетті түрде жауап береді (Жоханның 1-хаты 5:14, 15).
РЕНІШКЕ МӘН БЕРМЕЙ, КӨЗ ЖҰМА АЛАСЫЗ БА?
8, 9. Біреу ренжітіп жатса, не істегеніміз дұрыс?
8 “Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ” демекші, біреу болмаса біреу Уағыздаушы 7:20; Матай 18:7). Осындай кезде не істейміз? Мына бір жағдайды алайық. Бір әйел бауырлас отырыста екі ер бауырласпен амандасады. Бірақ ер бауырластың бірі оның өзімен қалай амандасқанын ұнатпай, ренжіп қалады. Екі ер бауырлас оңаша қалғанда, ренжіген бауырлас қасындағысына өкпесін айтып, шағымдана бастайды. Бірақ екіншісі оған әлгі әйел бауырластың көптеген қиындықтарға қарамастан, Ехобаға 40 жыл бойы адал қызмет етіп келе жатқанын және оның ренжітейін деген ойы болмағанына сенімді екенін айтады. Сонда бірінші бауырлас сәл ойланып: “Иә, дұрыс айтасың”,— дейді. Сөйтіп, ол болған жайтты ұмытуды жөн көреді.
бізді ісімен не сөзімен ренжітуі әбден мүмкін (9 Бұл жағдайдан неге үйрене аламыз? Әлдекім бізді өкпелетсе, оған қалай қарайтынымыз өзімізге байланысты. Бауырын жақсы көретін адам кешірімшіл келеді (Нақыл сөздер 10:12; Петірдің 1-хаты 4:8 оқыңыз). Кінәға мән бермей, кешіргенде, Ехоба бізге сүйсініп қарайды (Нақыл сөздер 19:11; Уағыздаушы 7:9). Олай болса, келесі жолы біреу-міреу көңіліңізге тиіп жатса, былай деп ойланып көріңіз: “Мен бұған мән бермей, көз жұма аламын ба? Бұл бас қатырып, ойлануға тұрарлық нәрсе ме?”
10. а) Бір бауырласымыз өзгелердің өзін сөз еткеніне бастапқыда қалай қарады? ә) Оған жантыныштығын сақтауға Киелі кітаптағы қандай ой көмектесті?
10 Өзгелер біз туралы жағымсыз бірдеңе айтса, бұған көз жұма салу оңай болмауы мүмкін. Ләззат есімді бір ізашар бауырласпен не болғанын көрейік [1] (8-беттегі сілтемені қараңыз). Қауымдағы кейбір бауырластар оның қызметінің сапасын және уақытын қалай жұмсайтынын айтып, оны сөз етеді. Бұл оның көңіліне қатты тиеді. Сөйтіп, ол толысқан ер бауырластардан ақыл-кеңес сұрайды. Сонда бауырластар Киелі кітаптан кеңес беріп, өзгелердің жағымсыз пікірлері жайлы тым көп ойламай, Ехоба туралы көбірек ойлауға талпындырады. Матай 6:1—4 (оқыңыз) тармақтардағы сөздер Ләззатқа қатты жігер береді. Бұл тармақтар ең маңыздысы Ехобаның жүрегін қуанту екенін есіне салады. Содан ол жағымсыз сөздерге мән бермеуді шешеді. Қазір ол өзгелер өзін сөз етсе де, қуанышын жоғалтпайды, өйткені бірінші кезекте Ехобаға ұнамды болу үшін барын салып жүргенін біледі.
РЕНІШКЕ КӨЗ ЖҰМА АЛМАҒАН ЖАҒДАЙДА
11, 12. а) Бауырласының өзіне “реніші бар екенін” білген мәсіхші не істеуі керек? ә) Ыбырайымның дау-жанжалды шеше білгенінен не нәрсеге үйренеміз? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)
11 “Бәріміз де көп сүрінеміз” (Жақып 3:2). Мысалы, қандай да бір бауырласты сөзімізбен я ісімізбен ренжітіп қойғанымызды білдік делік. Мұндай кезде не істеуге болады? Иса мынадай кеңес берген: “Егер құрбандық ошағына сый-тартуыңды алып келгенде, бауырласыңның саған реніші бар екені сол жерде есіңе түссе, сыйыңды сонда қалдыр да, барып, алдымен онымен татулас. Содан кейін ғана қайтып келіп, сый-тартуыңды ұсын” (Матай 5:23, 24). Осы сөздерге сай, бауырласымызға барып, сөйлесуіміз қажет. Сондағы біздің мақсатымыз татуласу болу керек. Оны кінәламай, өз қателігімізді мойындауымыз қажет. Біз үшін ең маңыздысы — бауырластармен ынтымақта болу.
Біздің мақсатымыз татуласу болу керек
12 Киелі кітаптан Құдайдың қызметшілері кикілжің туындаған жағдайда қалай татулық сақтай алғандарын көруге болады. Мысалы, Ыбырайым мен немере інісі Лұттың қыруар малы болды. Малдарының көптігінен жер тарлық етіп, екеуінің малшыларының арасында дау-жанжал туды. Сонда татулық сақтағысы келген Ыбырайым Лұтқа ең жақсы жерді бірінші болып таңдауға жол берді (Мұсаның 1-жазбасы 13:1, 2, 5—9). Неткен керемет үлгі! Жомарттық танытқаны үшін Ыбырайым көп нәрсе жоғалтты ма? Жоқ. Осы оқиғадан кейін Ехоба бірден оған уәде беріп, жоғалтқанынан әлдеқайда көп нәрсемен жарылқайтынын айтты (Мұсаның 1-жазбасы 13:14—17). Бұдан қандай ой түйеміз? Тіпті өзімізге залал келген күнде де, келіспеушіліктерді сүйіспеншілікпен шешуге тырыссақ, Ехоба бізге батасын береді [2] (8-беттегі сілтемені қараңыз).
13. Өзіне бір бауырлас қатты-қатты сөйлегенде, бақылаушы не істеді және бұл мысалдан неге үйрене аламыз?
13 Біздің күнімізде болған бір мысалды қарастырайық. Конгресс бөлімінің жаңа бақылаушысы бір ер бауырласқа қоңырау соғып, оған сол бөлімде қызмет етуді ұсынады. Бірақ ол қатты-қатты сөйлеп, тұтқаны қоя салады, өйткені бұрынғы конгресс бақылаушысына әлі ашулы еді. Жаңа бақылаушы оған ренжімейді, бірақ бұған көз жұмып та қарай алмайды. Бір сағаттан кейін ол әлгі бауырласқа хабарласып, кездесуді ұсынады. Келесі аптада бұл бауырластар Патшалық сарайында кездесіп, дұға еткеннен кейін, бір сағаттай сөйлеседі. Сонда бауырлас бұрынғы бақылаушымен қандай жағдай болғанын айтып береді. Жаңа бақылаушы оны мейіріммен тыңдап, кейбір жазба орындарын бірге талқылайды. Нәтижесінде, екеуі тіл табысып, конгресте иық тіресе қызметтеседі. Бақылаушының мейіріммен, жұмсақ түрде сөйлескені үшін бұл бауырлас риза болады.
АҚСАҚАЛДАРҒА ЖҮГІНУ КЕРЕК ПЕ?
14, 15. а) Матай 18:15—17 тармақтардағы кеңесті қандай жағдайда қолдану керек? ә) Иса қандай үш қадамды атап өткен және оның кеңесін қолданғанда нені көздеуіміз керек?
14 Екі мәсіхші араларында туындаған мәселелердің көбісін өзара шеше алады және шешуі керек те. Бірақ Иса кейбір жағдайларда өзгелердің көмегі қажет болуы мүмкін екенін айтқан. Мұны Матай 18:15—17 (оқыңыз) тармақтардан көруге болады. Егер күнә жасаған адам бауырласымен, куәгерлермен және жауапты ер бауырластармен сөйлескеннен кейін де өз ісіне өкінбесе, не болмақ еді? Иса оның “басқа ұлт адамындай немесе салықшыдай болатынын” айтқан. Бүгінде бұл қауымнан шығарылуды білдіреді. Осыған қарағанда, Иса “күнә” деуімен мәсіхшілердің арасында болып тұратын кішігірім келіспеушіліктер жайлы айтпаған. Мұндай “күнәға” алаяқтық пен жала жабу сияқты істер кіруі мүмкін. Бірақ бұған неке адалдығын бұзу, гомосексуализм, жолдантаюшылық, пұтқа табынушылық сияқты ауыр күнәлар жатпайды. Бұндай күнәлар міндетті түрде ақсақалдар қарастыратын мәселелер.
15 Иса осы кеңесті бауырласымызға сүйіспеншілікпен көмектесу керектігін көрсету үшін берген (Матай 18:12—14). Бұл кеңесті қалай қолдана аламыз? 1) Біз ешкімді араластырмастан, бауырласымызбен өзіміз татуласуға тырысуымыз керек. Бұл үшін онымен бір емес, бірнеше рет сөйлесуге тура келетін шығар. Бірақ бәрібір татулық орнамаса ше? Ондай кезде 2) болған жағдаймен таныс не жағдайға тура баға бере алатын бауырласпен бірге барып, әлгі бауырласпен сөйлесуіміз керек. Осыдан кейін мәселе шешілсе, “онда бауырласымызды дұрыс жолға қайтарғанымыз”. Ал егер татуласуға біраз күш салғаннан кейін де, ештеңе өзгермесе, 3) бұл мәселе жайлы ақсақалдарға айту керек.
16. Исаның кеңесіне құлақ асудың тиімділігі әрі сүйіспеншілікке жататыны неден көрінеді?
16 Көп жағдайда Матай 18:15—17 тармақтардағы үш қадамның бәрін жасаудың керегі болмайды. Бұл бізді жігерлендіреді. Өйткені күнә жасаған адам жиі қателігін мойындап, жағдайды түзетіп жатады. Сол себепті оны қауымнан шығарудың қажеті болмайды. Ал өкпесі бар бауырлас болса татулық сақтау үшін бауырласын кешіріп жатады. Демек, Исаның кеңесінен көретініміздей, бірден ақсақалдарға барудың қажеті жоқ. Біз оларға алғашқы екі қадамды жасағаннан кейін әрі бауырластың күнә жасағанына нақты дәлел болған жағдайда ғана жүгінуіміз керек.
17. Татулыққа ұмтылсақ, қандай баталарға кенелеміз?
17 Осы дүниенің соңы келгенше кемелсіз болып қала беретіндіктен, біз әлі де бір-бірімізді ренжітіп алуымыз мүмкін. Шәкірт Жақып: “Кімде-кім сөзден сүрінбесе, ол — бүкіл денесін ауыздықтай алатын кемелді адам”,— деген (Жақып 3:2). Туындаған келіспеушіліктерді шешу үшін біз барынша “татулық жолын іздеп, соған ұмтылуымыз” керек (Зәбүр 34:14). Әрі қарай да татулыққа ұмтылсақ, бауырластармен жақсы қарым-қатынасымызды сақтап, қауымның ынтымақ-бірлігін нығайтамыз (Зәбүр 133:1—3). Ең бастысы, біз “тыныштық сыйлайтын Құдай” Ехобамен тығыз қарым-қатынаста боламыз (Римдіктерге 15:33). Келіспеушіліктің шешімін сүйіспеншілікпен таба білсек, осы баталардың бәріне кенелеміз.
^ [1] (10-абзац) Есімі өзгертілген.
^ [2] (12-абзац) Дау-жанжалды шешіп, татуласа білудің басқа да мысалдары: Жақып Есаумен тіл табысты (Мұсаның 1-жазбасы 27:41—45; 33:1—11), Жүсіп ағаларымен табысты (Мұсаның 1-жазбасы 45:1—15), Гедеон ефремдіктермен татуласты (Билер 8:1—3). Бәлкім, сіз Киелі кітаптан осыған ұқсас басқа да мысалдарды білетін шығарсыз.