Жастар, Ібіліске тойтарыс беріңдер!
“Ібілістің зымиян іс-әрекеттеріне тойтарыс бере алуларың үшін, Құдай берген сауыт-сайманмен түгел жабдықталыңдар” (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 6:11).
1, 2. а) Жастар ненің арқасында Шайтанмен және жындармен шайқаста жеңіске жетуде? (Мақаланың басындағы суретті қара.) ә) Не жайлы талқылайтын боламыз?
ЕЛШІ ПАУЫЛ мәсіхшілерді сарбаздарға теңеген. Біз соғыста жүрміз, әрі дұшпандарымыз шынында да бар! Біз адамдармен емес, Шайтанмен және жындармен соғысамыз. Мыңдаған жыл бойы шайқаста жүрген олар өте мықты қарсыластар. Сондықтан осы соғыста бізге, әсіресе жас болсақ, жеңіске жету мүмкін еместей көрінетін шығар. Жастар осындай күшті жаулармен соғыста жеңіп шыға ала ма? Иә, жеңе алады! Олар жеңіп те жүр! Ненің арқасында? Ехобадан алған күштің арқасында. Бұған қоса, олар жақсы шыныққан сарбаздар іспетті, “Құдай берген сауыт-сайманмен түгел жабдықталған”. Осылайша шайқасқа сақадай сай бола алады (Ефестіктерге 6:10—12 оқы).
2 Пауыл бұл мысалды келтірген кезде римдік сарбаздардың сауыт-сайманын ойға алған болуы мүмкін (Елшілердің істері 28:16). Осы мақалада сол керемет мысалды талдайтын боламыз. Мұнымен қатар рухани сауыт-сайманымыздың әрбір бөлігін киіп жүрудің қиындықтары мен пайдасы туралы жастар не дейтінін қарастырамыз.
“ШЫНДЫҚТЫ БЕЛДІК ЕТІП ТАҒЫҢДАР”
3, 4. Қай мағынада Киелі кітаптағы шындық римдік сарбаздың белдігіне ұқсайды?
3 Ефестіктерге 6:14 оқы. Римдік сарбаздың жалпақ металл тақтайшалары бар белдігі оның белін қорғайтын және ауыр сауытын өз орнында ұстап тұратын. Сондай-ақ кейбір белдіктердің семсер мен қанжарды іліп қоятын жері болатын. Белдігі бекем буылған сарбаз шайқасқа сенімділікпен аттанатын.
Құдай Сөзінен білетін шындықтар бізді жалған ілімдерден қорғайды
4 Белдік сияқты, Құдай Сөзінен білген шындықтар бізді жалған ілімдерден қорғайды (Жохан 8:31, 32; Жоханның 1-хаты 4:1). Киелі кітаптағы шындықтарды жақсы көре түссек, бізге Құдайдың әділ принциптері бойынша өмір сүру, яғни “сауытымызды” киіп жүру оңай болады (Зәбүр 111:7, 8; Жоханның 1-хаты 5:3). Бұған қоса, осы шындықтарды жақсырақ түсінген сайын, оларды жауларымыздан одан бетер жақсырақ қорғай аламыз (Петірдің 1-хаты 3:15).
5. Неге әрқашан да шындықты айтуымыз керек?
5 Құдай Сөзіндегі шындықтар біз үшін маңызды болғандықтан, ондағы айтылғандарға мойынсұнып, әрдайым шындықты айтамыз. Өтірік — Шайтанның ең тиімді қаруларының бірі. Өтірік адамның өзіне де, оған сенген адамға да залалын тигізеді (Жохан 8:44). Сондықтан кемелсіз пенде болсақ та, ешқашан өтірік айтпауға барынша тырысамыз (Ефестіктерге 4:25). Бұл оңай бола қоймайтын шығар. 18 жастағы Абигейл былай дейді: “Кейде шындықты айту тиімсіз көрінуі мүмкін. Әсіресе өтірік айтып, қиын жағдайдан сытылып шығуға болатын кездері”. Олай болса, ол неге әрқашан да шындықты айтуға тырысады? “Шыншыл болсам, Ехобаның алдында ар-ұжданым таза болады. Ата-анам мен достарым да маған сенім арта алады”,— дейді ол. Ал 23-тегі Виктория болса былай деді: “Шындықты айтып, өз сеніміңді қорғап сөйлеген кезде басқалар саған жабылып, тиісе бастауы мүмкін. Бірақ сен әрдайым мұның керемет жемісін көресің: өз-өзіңе сенімділігің артады, Ехобаға жақындай түсесің және жақындарыңның құрметіне бөленесің”. Әрдайым “шындықты белдік етіп тағып” жүрудің неліктен маңызды екенін түсінесің бе?
“ӘДІЛДІКТІ САУЫТ ҚЫЛЫП КИІҢДЕР”
6, 7. Неге әділдік сауытқа теңеледі?
6 Римдік сарбаздың сауыты жиі көлденең қиылған темір жолақтардан жасалған. Олар сарбаздың кеудесін айналдыра жауып тұратындай етіп майыстырылатын. Темір жолақтарды өзара біріктіру үшін, оларға ілмектер мен тоғалар арқылы былғары баулар байланатын. Иығындағы темір жолақтарын да осы былғары бөлшектер ұстап тұратын. Сауыт киген сарбаз еркін
қимылдай алмайтын және оған үстіндегі темір жолақтардың өз орнында тұрғанын жиі тексеріп тұру керек болатын. Бірақ бұл сауыт оның жүрегі мен басқа да мүшелерін қорғап, семсердің жүзі мен жебенің ұшынан қалқалап тұратын.7 Ехобаның әділ принциптері, яғни орнатқан нормалары осындай сауытқа ұқсайды. Олар біздің “жүрегімізді” яки ішкі болмысымызды қорғайды (Нақыл сөздер 4:23). Сарбаз өзінің темір сауытын әлсіздеу металдан жасалған сауытқа ешқашан айырбастамас еді. Дәл солай, біз ешқашан да Ехобаның дұрыс пен бұрысқа қатысты нормаларын өзіміздің жеке ой-пікірімізге айырбастамаймыз. Өз жүрегімізді қорғауға біздің ақыл-парасатымыз жетпейді (Нақыл сөздер 3:5, 6). Сол себепті “сауытымыз” жүрегімізді қорғап тұрғанын жиі тексеріп отыруымыз қажет.
8. Ехобаның нормаларына неге мойынсұнуымыз керек?
8 Кейде саған Ехобаның нормалары еркіндігіңді шектеп, қалаған нәрсеңді істеуге кедергі ететіндей көріне ме? 21 жасар Дэниел былай дейді: “Мұғалімдерім мен сыныптастарым Киелі кітап нормаларын ұстанатынымды мазақ ететін. Содан өз-өзіме деген сенімділігім шайқалып, еңсем түсіп кеткен кездер болды”. Ал қазір оның көзқарасы қандай? “Бірақ түбінде Ехобаның нормаларын ұстанудың қаншалықты дұрыс екеніне көзім жетті. Құрдастарымның кейбірі есірткі қабылдай бастады, басқалары мектепті тастап кетті. Осындай күйге жеткендері өте өкінішті. Ехоба бізді расында да қорғап жүреді”,— дейді Дэниел. Ал Мэдисон есімді 15 жастағы қыз: “Маған Ехобаның нормаларын ұстанып, өзім қатарлы жастар күшті, қызықты деп санайтын нәрселерден бас тарту қиын”,— дейді. Оған не көмектеседі? “Ехобаның есімін алып жүргенімді есіме салып тұрамын, әрі азғырулар Шайтанның маған қарай атқан жебелері екенін есімде сақтаймын. Әрбір күресті жеңіп шыққан кезде іштей өзіме қатты риза боламын”,— дейді ол.
“АЯҚКИІМДЕРІҢДІ КИІП, ТАТУЛЫҚ ТУРАЛЫ ІЗГІ ХАБАРДЫ УАҒЫЗДАУҒА ДАЙЫН БОЛЫҢДАР”
9—11. а) Мәсіхшілер қандай бейнелі аяқкиім киеді? ә) Қиналмай уағыздауға бізге не көмектеседі?
9 Ефестіктерге 6:15 оқы. Римдік сарбаз соғысқа аяқкиімсіз аттана алмайтын. Табаны бірнеше қабат былғарыдан жасалған бұл аяқкиімдер өте мықты болған, әрі өте ыңғайлы еді. Соның арқасында сарбаз нық қадам басып, аяқтары тайғанамайтын.
10 Римдік сарбаздың аяқкиімі жақсы шайқасуға көмектескен болса, біздің бейнелі аяқкиіміміз “татулық туралы ізгі хабарды уағыздауға” көмектеседі (Ишая 52:7; Римдіктерге 10:15). Десе де кейде уағыздау үшін зор батылдық қажет. Жасы 20-ға келген Бо былай дейді: “Бұрын сыныптастарыма, ұялғандықтан болар, уағыздауға қорқатынмын. Бірақ сол кезде не үшін ұялғанымды түсінбеймін. Қазір мен өзім сияқты жастарға қуана-қуана уағыздаймын”.
11 Көптеген мәсіхші жастар алдын ала дайындалып алғанда, уағыздауға қиналмайтынын байқаған екен. Сен қалай дайындала аласың? 16 жастағы
Джулия былай дейді: “Мектепке барарда сөмкеме әдебиеттер салып аламын. Сыныптастарымның ой-пікірін, не нәрсеге сенетіндерін мұқият тыңдаймын. Сосын оларға қалай көмектесуге болады деп ойланамын. Осылай дайын жүрсем, оларға нақты пайдасын тигізетін тақырыпта сөйлесе аламын”. 23 жасар Маккензи былай дейді: “Жылы шырай танытып, өзгелерді мұқият тыңдайтын болсаң, құрдастарыңның қандай қиындықтарға кезігіп жүргенін біле аласың. Мен жастарға арнап шығарылған барлық мәліметтерімізді оқып отырамын. Сонда Киелі кітаптан не jw.org сайтымыздан оларға пайдалы болатын мәліметті көрсете аламын”. Уағыздауға жақсы дайындалатын болсаң, бұл аяғыңа шақ келетін ыңғайлы “аяқкиім” киіп жүргенмен бірдей болады.“СЕНІМНІҢ ҮЛКЕН ҚАЛҚАНЫ”
12, 13. Шайтанның қандай “отты жебелері” бар?
12 Ефестіктерге 6:16 оқы. Римдік сарбаздың үлкен тік төртбұрыш пішіндес қалқаны болған. Ол оны иығынан тізесіне дейін жауып, семсер, найза мен жебелерден қорғайтын.
13 Шайтан саған қандай “отты жебелерін” атуы мүмкін? Бәлкім, ол саған Ехоба туралы өтірікті жаудыратын шығар. Ол сенің “Ехоба мені жақсы көрмейді” немесе “менімен ешкімнің шаруасы жоқ” деп ойлағаныңды қалайды. 19 жастағы Ида былай дейді: “Ехоба менен алыс, ол менімен дос болғысы келмейді” деген ойлар санама жиі келеді”. Сондай кезде ол не істейді? Ол былай деп сөзін жалғайды: “Қауым кездесулері сенімімді қатты нығайтады. Бұрын қауымда отырып, ешқандай түсініктеме бермейтінмін. Өйткені менің не айтатыным ешкімді қызықтырмайды деп ойлаушы едім. Бірақ қазір кездесулерге дайындалып барамын және екі-үш рет жауап беруге тырысамын. Бұл мен үшін оңай емес, бірақ түсініктеме берген соң өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін. Бауырластар да мені қатты жігерлендіреді. Әрбір кездесуден кейін Ехобаның мені жақсы көретініне көз жеткізіп қайтамын”.
14. Иданың жағдайынан не нәрсеге үйренеміз?
14 Сарбаздың қалқанының көлемі ешқашан өзгермейтін. Алайда Иданың жағдайынан білгеніміздей, сенім ондай емес. Сеніміміз молая ма, әлде азая ма, нығая ма, әлде әлсірей ме — бұл өзімізге байланысты (Матай 14:31; Салоникалықтарға 2-хат 1:3). “Сеніміміздің қалқаны” бізді қорғау үшін, оны молайтып, нығайта беруіміз керек!
“ҚҰТҚАРЫЛУДЫҢ ДУЛЫҒАСЫ”
15, 16. Үмітіміз бен дулығаның қандай ұқсастығы бар?
15 Ефестіктерге 6:17 оқы. Римдік сарбаздың дулығасы оның басын, мойны мен бетін қорғап тұратын. Кейбір дулығалардың қолда ұстап жүруге арналған ұстағышы болған.
16 Сарбаздың миын қорғайтын дулыға іспетті, “құтқарылуға деген үмітіміз” ой-санамызды қорғайды (Салоникалықтарға 1-хат 5:8; Нақыл сөздер 3:21). Үміт бізге назарымызды Құдайдың уәделерінен тайдырмауға әрі қиындықтарымызға бола еңсемізді түсірмеуге көмектеседі (Зәбүр 27:1, 14; Елшілердің істері 24:15). Алайда үмітіміз бізді қорғасын десек, ол біз үшін шынайы болу керек. “Дулығамызды” қолда ұстап жүрмей, басымызға киіп алуымыз қажет!
17, 18. а) Шайтан қалай бізді алдап, дулығамызды шешкізіп тастауы мүмкін? ә) Шайтанға алданбайтынымызды қалай көрсете аламыз?
17 Шайтан қалай бізді алдап, дулығамызды шешкізіп тастауы мүмкін? Ол Исаны қалай азғырғанын еске түсірейікші. Шайтан Исаның болашақта адамзатқа билік ететінін білген. Бірақ алдымен Иса азап шегіп, өлу керек еді. Сосын Патша болу үшін Ехоба белгілеген уақытты күту керек болатын. Ал Шайтан оған билікке ертерек қол жеткізудің жолын ұсынды. Егер Иса бір рет қана табынса, Шайтан оны сол мезетте әлемнің билеушісі етуге уәде берді (Лұқа 4:5—7). Шайтан Ехобаның жаңа дүниеде бізді керемет баталарға кенелтуді уәде еткенін де біледі. Бірақ бізге бұның жүзеге асуын күту керек, әрі сол аралықта көп қиындық көруіміз мүмкін. Сондықтан Шайтан бізге қазір-ақ тыныш та жайлы өмір кешуді ұсынады. Ол біздің бірінші кезекте өз ыңғайымызды ойлап, Құдай Патшалығын екінші орынға ысырғанымызды қалайды (Матай 6:31—33).
18 Шайтанға алданбайтын мәсіхші жастар көптеп табылады. Мысалы, 20 жасар Киана: “Барлық қиындықтарымызды шеше алатын тек Құдай Патшалығы екенін білемін”,— дейді. Үміті оның ойы мен өмір салтына қалай әсер етеді? Бұл оған осы дүниедегі нәрселердің бәрі де уақытша екенін есіне салып тұрады. Бар күшін осы дүниеде мансап қууға сарп етпей, Киана уақыты мен күшін Ехобаға қызмет етуге арнап жүр.
“РУХТЫҢ СЕМСЕРІ” — ҚҰДАЙ СӨЗІ
19, 20. Құдай Сөзін қолданудағы шеберлігімізді қалай арттыра аламыз?
19 Римдік сарбаздардың семсерінің ұзындығы шамамен 50 см болатын. Олар семсерлерін шебер қолданатын, себебі онымен күн сайын жаттығатын.
20 Елші Пауыл Құдай Сөзін семсерге теңеген. Оны бізге Ехоба берген. Бірақ нанымдарымызды қорғай білу үшін және өз ой қалпымызды түзету үшін оны шебер қолдануды үйренуіміз керек (Қорынттықтарға 2-хат 10:4, 5; Тімөтеге 2-хат 2:15). Сен шеберлігіңді қалай арттыра аласың? 21 жастағы Себастьян былай дейді: “Киелі кітаптан оқыған әр тараудан бір тармақ жазып отырамын. Осылай сүйікті тармақтарымның тізімін жасап жүрмін”. Бұлай істегені оған Ехобаның ой қалпын жақсырақ түсінуге көмектесуде. Дэниел болса былай деп қосты: “Киелі кітапты оқығанда, мен қызметте адамдарға пайдалы болатын тармақтарды іздеймін. Байқағаным, адамдар Киелі кітап жайлы шабыттана сөйлегеніңді және оларға көмектесу үшін барыңды салып тұрғаныңды көрсе, сені жақсы тыңдайды”.
21. Шайтан мен жын-перілерден неге қорықпауымыз керек?
21 Осы мақаладағы жастардың мысалынан көргеніміздей, Шайтан мен жын-перілерден қорқудың еш қажеті жоқ. Олардың күші зор екені рас, бірақ Ехобадан күшті емес. Бұған қоса, олар мәңгілік бойы тіршілік етпейді. Болашақта тұңғиыққа қамалып, Мәсіхтің мыңжылдық патшалығы кезінде ешбір жанға зиян келтіре алмайды. Ал содан соң жойылады (Аян 20:1—3, 7—10). Біз жауымызды, оның айла-амалдары мен көздеген мақсатын білеміз. Ехобаның көмегімен, біз оған тойтарыс бере аламыз!