Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба қиындық көрген кезіміздің бәрінде жұбатады

Ехоба қиындық көрген кезіміздің бәрінде жұбатады

“[Құдай] — жұбаныш атаулының қайнар көзі. Ол бізді қиындық көрген кездің бәрінде жұбатады” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 2-ХАТ 1:3, 4).

ӘНДЕР: 38, 56

1, 2. Қиындық көргенімізде Ехоба қалай жұбатады және оның Сөзінде қандай уәде жазылған?

ЖАС ЕР БАУЫРЛАС Қорынттықтарға 1-хат 7:28-дегі “некеге тұрғандар өмірлерінде жаңа қиындықтарға кезігеді” деген сөздер жайлы ойланып жүреді. Сөйтіп, ол өзінен үлкен бір үйленген ақсақалдан: “Мұнда “жаңа қиындықтар” деп нені айтып тұр? Егер отбасын құрсам, олармен қалай күресемін?”— деп сұрайды. Сұрағына жауап бермес бұрын, ақсақал оған елші Пауыл айтқан басқа бір жайтты, атап айтқанда, Ехобаның “жұбаныш атаулының қайнар көзі” екенін әрі “ол бізді қиындық көрген кездің бәрінде жұбататыны” жайлы ойлануды айтады (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4).

2 Ехоба бізді жақсы көретіндіктен, басымызға күн туғанда жұбатуға асық. Сірә, Ехоба сізді өз Сөзі арқылы демеп, жөн сілтеген кездері есіңізде шығар. Ол бізге тек жақсылық тілейтініне нық сенсек болады. Мұны ежелгі қызметшілерінің өмірінен анық көреміз (Еремия 29:11, 12 оқыңыз).

3. Осы мақалада қандай сұрақтардың жауабын білеміз?

3 Әдетте, көрген қиыншылықтарымыздың себебін білсек, оларға төзу оңайырақ болады. Ендеше, некемізде я отбасымызда қиыншылықтар не себептен туындауы мүмкін? Бұл орайда Киелі кітап жазылған замандағы және бүгінгі таңдағы қандай мысалдар жанымызға жұбаныш береді? Осы сұрақтардың жауабын тауып, қиындықтарымызға қалай төзе алатынымыз жайлы білейік.

НЕКЕДЕГІ ҚИЫНДЫҚТАР

4, 5. Ерлі-зайыптылар қандай қиындықтарға кезігуі мүмкін?

4 Ехоба алғашқы әйелді жаратқан соң, оны еркекке алып келіп, тұңғыш некені құрды. Сонда Ехоба: “Еркек әке-шешесін қалдырып, әйеліне қосылады, сөйтіп, екеуі біртұтас болады”,— деді (Мұсаның 1-жазбасы 2:24). Бүгінде, өкінішке қарай, жер бетінде мінсіз жан жоқ (Римдіктерге 3:23). Сол себептен ер мен әйел отау тіккенде, некесі қиындықсыз болмайтынын біледі. Мысалы, тұрмысқа шықпай тұрғанда, әдетте қыз бала ата-анасына бойсұнып келеді. Ал келін боп түскенде, Құдай Сөзі бойынша, енді оның басы күйеуі болады (Қорынттықтарға 1-хат 11:3). Күйеуіне де бастапқыда әйеліне басшылық беру оңайға соқпайтын шығар. Әйеліне болса бұдан былай отбасының шылбыр-тізгінін әке-шешесі емес, жұбайы ұстайтынын мойындау керек болады. Бұған қоса, жас жұбайлар үшін ата-енесімен және туыстарымен тіл табысудың да өзіндік қиындығы болуы мүмкін.

5 Ал перзентті болатындарын білгенде, ерлі-зайыптылардың бойын қуаныш пен уайым қатар билейді. Оларды жүктілік мерзімі қалыпты өте ме, нәрестенің денсаулығы қалай болар екен деген ойлар мазалайтын шығар. Шығындары көбейе түсетіні де мәлім. Бала дүние есігін ашқан соң, ерлі-зайыптыға басқа да өзгерістер жасауға тура келеді. Анасының көп уақыты мен зейіні сәбиіне ауатындықтан, жұбайлар бір-біріне бұрынғыдай көңіл бөле алмауы мүмкін. Әкесінің де мойнына көбірек жауапкершілік түсіп, оған зайыбы мен баласының жайын қамдау керек болады.

6—8. Балалы бола алмайтын ерлі-зайыптылар не сезінуі мүмкін?

6 Кей ерлі-зайыптыларға ауыр тиетін тағы бір жайт бар. Олар қанша қалағанмен, бала сүйе алмайтын шығар. Сәбилі бола алмағаны әйелдің жанына қатты батуы мүмкін (Нақыл сөздер 13:12). Киелі кітап жазылған заманда бедеулік әйел үшін масқара болған. Міне, содан да Жақыптың әйелі Рахила әпкесі сияқты бала көтере алмағанына қатты күңіренген (Мұсаның 1-жазбасы 30:1, 2). Кейбір елдерде “балалы үй базар” деп, үбірлі-шүбірлі болуды маңызды санайды. Осындай елдерде қызмет етіп жүрген миссионерлерден жұрт неге балалары жоқ екенін жиі сұрайды. Олар тіпті ілтипатпен себебін айтып бақса да, кейбірі: “Өйбу, сендер үшін дұға етеміз!”— деп жатады.

7 Мысалы, Англияда тұратын бір әйел бауырлас балалы болуды қатты аңсайтын. Осы дүниеде бұл арман-тілегі орындалмайтынын білгенде, оның қабырғасы қайысты. Сосын күйеуі екеуі бала асырап аламыз деп ұйғарды. Сөйткенмен де ол былай деді: “Бәрібір де кеудемді біраз уақыт бойы қайғы-мұң басып жүрді. Өйткені бала асырап алғаныңмен, бұл өз перзентіңді туғанға жетпейтінін білдім”.

8 Киелі кітапта мәсіхші әйелдің “бала тапқаны оны аман сақтайтыны” айтылған (Тімөтеге 1-хат 2:15). Бірақ бұл оның балалы болғаны үшін ғана мәңгі өмірге ие болатынын білдірмейді. Сонда нені білдіреді? Ана болған соң, әйелдің бала-шағасы мен үй-жайының күйін күйттеуден қолы босамайды. Осылайша ол өсек айту не басқалардың ісіне араласу сияқты істерден аулақ болады (Тімөтеге 1-хат 5:13). Дегенмен отбасылық өмірде ол қиыншылықтарға кезікпей қоймайды.

Ехоба қиын шақта жанымызға жұбаныш беретін көптеген уәделер берген

9. Некеге тұрғандар тағы қандай қиындық көруі мүмкін?

9 Некеге тұрғандар үшін өте ауыр соққы — өмірлік жарының дүниеден озуы. Әрине, бұлай болады деп ешқашан ойламаса да, көбісіне осы тауқыметті тартуға тура келген. Мәсіхшілер қайта тірілудің болатынына берік сенеді әрі бұдан зор жұбаныш табады (Жохан 5:28, 29). Әкеміз Ехоба өз Сөзінде бізге қиын шақтарда жұбаныш болатын көп уәде берген. Қазір Ехобаның кейбір қызметшілері қалай осындай жұбанышты сезініп, пайдасын көргені жайлы білейік.

Өмірлік серігіңіз көз жұмса, жұбанышты қайдан таба аласыз? (9, 12-абзацты қараңыз)

ЖАНЫМЫЗ ҚИНАЛҒАНДА АЛАТЫН ЖҰБАНЫШ

10. Ханна қалай жұбанды? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

10 Елқананың сүйікті жары Ханнамен болған оқиғаны еске алайық. Ол балалы болуды қатты аңсағанмен, арманы орындала қоймады. Ал күйеуінің өзге әйелі Пәнананың болса бала-шағасы көп болды (Самуилдің 1-жазбасы 1:4—7 оқыңыз). Пәнананың “жылда” оның бедеулігін бетіне салық қылғаны да жығылғанға жұдырық болып тиді. Бұған іштей әбден мүжілген Ханна қалай жұбаныш тапты? Ол мәселесін Ехобаның алдына жайып салды. Иә, ол киелі шатырға барып, “Ехобаға ұзақ дұға етті”. Ханна Ехобадан ұл сұрады әрі оның жауап беретініне сенді де. Дұға етіп болған соң оның жаны жеңілдеп, “жүзінен қайғының нышаны байқалмайтын болды” (Самуилдің 1-жазбасы 1:12, 17, 18). Ханна Ехобаның өзіне ұл сыйлайтынына не басқа бір жолмен жұбататынына сенімді болды.

11. Дұға бізге қалай жұбаныш сыйлайды?

11 Тұла бойымыз кемелсіз болып тұрғанда және Шайтанның уысындағы дүниеде жасап жатқанда, біз қиыншылықтан құтыла алмаймыз (Жоханның 1-хаты 5:19). Алайда Ехобаның “жұбаныштың қайнар көзі” екенін білу қандай жақсы! Жеке қиындықтарымызбен күресуде дұғаның көмегі зор. Ханна Ехобаға ішін ақтарып дұға етті, көмек сұрап жалынды. Сол сияқты, қасірет шеккенде біз Ехобаға қиындықтарымызды айтып қана қоймай, оған жалбарынып, нендей күй кешіп жатқанымызды жеткізуіміз керек (Філіпіліктерге 4:6, 7).

12. Қиындығына қарамастан Аннаға қуанышты болуға не көмектесті?

12 Балалы бола алмағандықтан, я болмаса жан жарымыздан айырылғандықтан көңіліміз мұң жамылып жүрген шығар. Әйткенмен біз жұбаныш сезіне аламыз. Исаның күндерінде Анна деген пайғамбар әйелдің күйеуі небәрі жеті жылдан кейін көз жұмады. Оның ешқандай баласы болмаған көрінеді. Аннаға не демеу болды? “Үнемі ғибадатханада болғаны”. 84 жасқа келсе де, ол Ехобаның үйіне барып, оған сиынып, мінажат етіп жүрді (Лұқа 2:37). Аннаның жұбанышы да, қуанышы да осы еді.

13. Жақындарымыз көңілімізге қаяу салса, нағыз достарымыз бізді қалай жұбата алады?

13 Қауымдағы бауырластармен тығыз аралассақ, жанымызға жалау болатын нағыз достар мен жора-жолдастар таба аламыз (Нақыл сөздер 18:24). Пауланың бар-жоғы 5 жасында анасы шындықтан кетіп қалады. Бұл оған ауыр тиеді. Қиындыққа төтеп беру ол үшін оңай болмайды. Бірақ Паулаға қауымдағы Энн есімді ізашар жігер беріп, көңіл бөліп жүреді. “Энн туысым болмаса да, маған қолғанат болуымен баға жетпес көмек көрсетті,— дейді Паула.— Бұл Ехобаға қызмет ете беруіме жәрдемдесті”. Уақыт өте анасының қауымға қайта оралғаны Пауланың қуанышына қуаныш қосты. Энн де Паула үшін рухани ана бола алғанына риза.

14. Басқаларды жұбатқанда, мұның қандай игілігін көреміз?

14 Басқа адамдарға жақсылық жасаудан талмасақ, жиі өз қиыншылықтарымызды ұмытып, жеңілдеп қаламыз. Мысалы, көп әйел бауырластар, некеге тұрған не салтбасты болсын, ізгі хабарды өзгелерге айтып, Құдаймен бірге еңбектенуден әрі оның еркін орындаудан зор қуаныш табады. Қызметке қатысу кейбіреулердің жанына тіпті шипа іспетті. Негізінде, бәріміз де аумағымыздағы адамдардың және бауырластардың қамын ойлауымызбен қауымның ішінара жақын болуына ұйытқы бола аламыз (Філіпіліктерге 2:4). Бұл орайда елші Пауыл жақсы үлгі қалдырған. Ол Салоникадағы қауым үшін “баласын мәпелеген анадай” еді. Сондай-ақ оларға баласын жұбатып, демеу берген әкедей болды (Салоникалықтарға 1-хат 2:7, 11, 12 оқыңыз).

ОТБАСЫНДАҒЫ ЖҰБАНЫШ

15. Балаларға Ехоба туралы үйрету міндеті кімге жүктелген?

15 Қауымдағы отбасыларға қалай жұбаныш бере аламыз? Кейде жаңа жариялаушылар толысқан мәсіхшілерден балаларына Ехоба туралы үйретуге көмектесуін, тіпті олармен Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізуін сұрауы мүмкін. Жазбалар бойынша, балаларына тәлім-тәрбие беру — ата-ананың міндеті (Нақыл сөздер 23:22; Ефестіктерге 6:1—4). Кей жағдайда өзгелердің көмегі қажет болғанмен, ата-ана бұл жауапкершілікті өздері атқарғаны дұрыс. Олар балаларымен үнемі сөйлесіп отырулары керек.

Ата-аналар балаларымен үнемі сөйлесіп отырулары керек

16. Балаларға көмектескенде, нені есте ұстауымыз керек?

16 Егер қандай да бір ата-ана бізден балаларымен Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізуді өтінсе, ата-ананың міндетін өз қолымызға алмауымыз керектігін есте ұстағанымыз жөн. Кейде біз тіпті ата-анасы шындықта емес балалармен зерттейтін шығармыз. Өзге біреудің баласымен зерттегенде, сабақты оның үйінде, ата-анасы не басқа бір толысқан мәсіхші сол жерде болғанда, өткізгеніміз жөн болар еді, я болмаса зерттеуді көпшілік орнында өткізгеніміз дұрыс болар. Сонда ешкімде жаңсақ пікір туындамайды. Уақыт өте ата-анасы балаларына Ехоба жайлы өздері үйрете алатын шығар.

17. Балалар өз отбасына қалай жұбаныш бола алады?

17 Ехобаны жақсы көруді үйренген жастар отбасы мүшелеріне жұбаныш болып, дем бере алады. Қалайша? Ата-аналарын сыйлап, оларға іс жүзінде қолғабыс етулерімен. Бұған қоса, балалардың Ехобаға адалдық сақтағаны да бүкіл үй ішінің рухын көтереді. Мысалы, Топан судың алдында Ехобаға ғибадат еткен Ләмех баласы Нұх туралы: “Ехобаның қарғысына ұшыраған жерде еңбек етіп, азап шегіп жүрген бізге ол жұбаныш әкеледі”,— деген. Бұл пайғамбарлық Топан судан соң Ехоба жер бетін қарғыстан арылтқанда орындалды (Мұсаның 1-жазбасы 5:29; 8:21). Бүгінде шынайы ғибадатты берік ұстанатын балалар да отбасындағылары үшін жұбаныштың көзі болып табылады. Олар үйіндегілерге қазіргі және келешектегі қиындықтарға төтеп беруге көмектесе алады.

18. Кез келген қиындыққа қайсарлықпен төтеп беруімізге не көмектеседі?

18 Дұға ету, Киелі кітаптағы мысалдар жайлы ой жүгірту және бауырластармен тығыз араласу бүгінде Құдай халқына қиындық көрген кездерінің бәрінде жұбаныш табуға көмектесуде (Зәбүр 145:18, 19 оқыңыз). Ехобаның сарқылмас жұбаныштың қайнар көзі екенін білгеніміз қазір де, болашақта да кез келген қиындыққа қайсарлықпен төтеп беруімізге күш беретіні сөзсіз!