Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жастар, қалай шомылдыру рәсіміне дайындала аласыңдар?

Жастар, қалай шомылдыру рәсіміне дайындала аласыңдар?

“Өзіңнің еркіңді орындауға құштармын, уа, Құдайым” (ЗӘБҮР 40:8).

ӘНДЕР: 51, 58

1, 2. а) Шомылдыру рәсімінен өту неге жауапты қадам? ә) Шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын, не нәрсеге сенімді болуың керек?

СЕН шомылдыру рәсімінен өтуді ойлап жүрген жастардың бірісің бе? Егер солай болса, бұл — өмірдегі ең зор мәртебе! Алдыңғы мақалада айтылғандай, шомылдыру рәсімі — жауапты қадам. Ол басқаларға өзіңді Ехобаға бағыштағаныңды, яғни оған мәңгі бақи қызмет етіп, бірінші кезекте оның еркін орындауды уәде еткеніңді паш етеді. Бұл өте маңызды уәде болғандықтан, шомылдыру рәсімінен тек толысқан адам болғаныңда, мұны басқалар емес, өзің қалағанда, сондай-ақ Құдайға бағышталудың не екенін жете түсінгенде ғана өтуің керек.

2 Алайда өзіңді шомылдыру рәсімінен өтуге әлі дайын емеспін деп ойласаң ше? Я болмаса сен дайын болғанмен, ата-анаң әлі де есейіп, өмірлік тәжірибе жинағанша күте тұрғаныңды қаласа ше? Бұндай кезде не істеуің керек? Ең бастысы, еңсеңді түсірме. Қайта, осы уақытты пайдаланып, әрекеттер жаса, сонда көп ұзамай шомылдыру рәсімінен өтуге дайын бола аласың. Мысалы, келесі үш салаға қатысты мақсаттар қойып көр: 1) нанымдарыңа; 2) жүріс-тұрысың мен 3) ризашылық сезіміңе қатысты.

НАНЫМДАРЫҢ

3, 4. Жастар Тімөтенің үлгісінен неге үйрене алады?

3 Келесі сұрақтарға қалай жауап берер едің: Құдайдың бар екеніне неліктен сенемін? Киелі кітап Құдайдан келгеніне неге сенімдімін? Неге осы дүниенің өнегелік нормаларына емес, Құдайдың талаптарына сай өмір сүремін? Бұл сұрақтар саған елші Пауылдың “Құдайдың ізгі де ұнамды әрі кемелді еркіне не жататынына көз жеткізіңдер” деген кеңесіне құлақ асуға көмектеседі (Римдіктерге 12:2). Бұлай ету неліктен маңызды?

Тімөте білгендері жайлы ой жүгіртіп, көзін жеткізгендіктен шындықты қабылдаған

4 Осы ретте Тімөтеден үлгі алсаң болады. Ол Киелі жазбаларды жақсы білген, өйткені анасы мен әжесі оларды құлағына құйып өсірген. Сонда да Пауыл оған: “Сен үйренген әрі көзің жеткен нәрселерді бұдан былай да ұстана бер”,— деген (Тімөтеге 2-хат 3:14, 15). Мұндағы “көзің жеткен” деген сөз түпнұсқа тілде “бір нәрсенің шындық екеніне сенімді болу” дегенді білдіреді. Демек, Тімөтеге Жазбаларда шындық жазылғанына көз жеткізу керек болған. Ол шындықты анасы мен әжесі айтқандықтан емес, білгендері жайлы ой жүгіртіп, көзін жеткізгендіктен қабылдаған (Римдіктерге 12:1 оқыңыз).

5, 6. Неліктен ерте бастан “ақыл-ойыңды іске қосып” үйренгенің маңызды?

5 Ал сен ше? Бәлкім, сен де шындықты ұзақ уақыттан бері білетін шығарсың. Солай болса, нанымдарыңа неліктен сенетінің жайлы ойлануды мақсат ет. Бұл саған сеніміңді нығайтуға көмектеседі. Сондай-ақ сені құрбы-құрдастарыңның қысымына, осы дүниенің үгіт-насихатына, тіпті өз сезімдеріңе беріліп, дұрыс емес әрекет етуден сақтайды.

6 Жас кезіңнен бастап “ақыл-ойыңды іске қосып” үйренсең, құрбы-құрдастарыңның келесідей сұрақтарына жауап бере аласың: Құдайдың бар екенін қайдан білесің? Құдай бізді жақсы көрсе, неге жамандыққа жол беріп отыр? Құдай бәрін жаратқан болса, оның өзін кім жаратты? Егер Киелі кітапты зерттеуді әдетке айналдырсаң, мұндай сұрақтар санаңда күмән тудырмайды, керісінше, сеніміңді нығайтады.

7—9. Сайтымыздағы “Киелі кітап неге үйретеді?” топтамасы нанымдарыңның дұрыстығына көз жеткізуге қалай көмектесетінін түсіндір.

7 Киелі кітапты жеке мұқият зерттегенің әртүрлі сұрақтарға жауап беруге, кез келген күмәннан арылуға және нанымдарыңның шындық екеніне көз жеткізуге көмектеседі (Елшілердің істері 17:11). Бұл орайда бізде жақсы құралдар бар. Мысалы, көбісі “Тіршіліктің бастауы. Бес маңызды сұрақ” және “Тіршілік өздігінен пайда болды ма?” деген кітапшалардың көп пайдасын көрген. Сондай-ақ көптеген жастарға jw.org сайтындағы “Киелі кітап неге үйретеді?” топтамасы көмектескен. Бұл топтаманы КИЕЛІ КІТАП ТӘЛІМДЕРІ деген бөлімнен таба аласың. Топтамадағы зерттеуге арналған әрбір тақырып Киелі кітап ілімдерінің дұрыстығына көзіңді жеткізе түседі.

8 Киелі кітаппен таныс болғандықтан, топтамада кездесетін кейбір сұрақтардың жауабын білетін де шығарсың. Бірақ соларға өзің сенесің бе? Топтамадағы тапсырмалар әртүрлі тармақтар жайлы ой жүгіртіп, кейін ойларыңды жазып қоюға талпындырады. Осының арқасында өзгелерге нанымдарыңды қалай түсіндіру керектігін білесің. Сайтымыздағы “Киелі кітап неге үйретеді?” топтамаларына кіруге мүмкіндігің болса, оларды жеке зерттеу кезінде пайдалан. Бұл нанымдарыңа деген көзқарасыңды берік ету үшін зор көмек болады.

9 Нанымдарыңның шындық екеніне көз жеткізіп алуың керек. Бұл саған шомылдыру рәсімінен өтуге дайын болуға көмектеседі. Бір жасөспірім қыз былай деді: “Шомылдыру рәсімінен өтуді шешпес бұрын, мен Киелі кітапты зерттеп, мұның шынайы дін екеніне көз жеткіздім. Бұл сенімділігім күн сайын артқан үстіне артуда”.

ЖҮРІС-ТҰРЫСЫҢ

10. Шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхші неліктен сенімін іс-әрекетімен көрсету керек?

10 Киелі кітапта: “Іс-әрекетсіз болса, сенім де өлі”,— делінген (Жақып 2:17). Егер нанымдарыңа деген сенімің берік болса, оны іс-әрекетіңмен көрсетесің. Киелі кітапта айтылғандай, сенің “жүріс-тұрысың қасиетті, ал іс-әрекетің Құдайға шын берілген адамдарға тән болады” (Петірдің 2-хаты 3:11 оқыңыз).

11. “Жүріс-тұрысың қасиетті” болсын деген нені білдіретінін түсіндір.

11 “Жүріс-тұрысың қасиетті” болу үшін өнегелік жағынан таза болуың қажет. Мұны қалай тексере аласың? Мысалы, соңғы алты айыңды есіңе түсірші. Дұрыс емес нәрсені істеуге еліктірілген кезіңде, “жаман мен жақсыны ажырата алдың” ба? (Еврейлерге 5:14). Қандай да бір азғырылуға не құрбы-құрдастарыңның қысымына қарсы тұра білген нақты жағдайлар есіңде ме? Мектепте өзгелерге жақсы үлгі көрсетесің бе? Келеке-мазақ етпесін деп, сыныптастарың сияқты әрекет етуге тырысасың ба, жоқ әлде Ехобаға адалдық сақтайсың ба? (Петірдің 1-хаты 4:3, 4). Әрине, бәріміз де пендеміз. Кейде тіпті Ехобаға жылдар бойы қызмет етіп келе жатқандардың өзі басқаларға уағыздауға қысылып, ұялуы мүмкін. Бірақ Құдайға бағышталған адам өзінің Ехоба куәгері екенін мақтан тұтады, әрі мұнысын жақсы жүріс-тұрысымен көрсетеді.

12. “Құдайға шын берілген адамдарға тән” іс-әрекетке не жатады және оларға қалай қарауың керек?

12 Ал “іс-әрекетің Құдайға шын берілген адамдарға тән болу керек” деген нені білдіреді? Мұндай іс-әрекетке кездесулерге бару, уағыздау сияқты қауым істері жатады. Сондай-ақ бұған өзгелер көрмейтін істер, мысалы, Ехобаға айтқан жеке дұғаларың мен жеке зерттеуің де кіреді. Өмірін Ехобаға бағыштаған адам бұларды ауыртпалық деп есептемейді. Қайта, “өзіңнің еркіңді орындауға құштармын, уа, Құдайым” деген Дәуіт патшанікіндей көзқарас танытады (Зәбүр 40:8).

Дұғаларың қаншалықты нақты әрі олардан Ехобаны жақсы көретінің көріне ме?

13, 14. “Іс-әрекетің Құдайға шын берілген адамдарға тән болу” үшін саған қандай құрал көмектесе алады және кейбір жастар оның қандай пайдасын көрді?

13 “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” (ор.), 2-томының 308, 309-беттерінде саған мақсаттар қоюға көмектесетін арнайы жұмыс парағы бар. Онда келесідей сұрақтарға жауап жазып қойсаң болады: Дұғаларың қаншалықты нақты әрі олардан Ехобаны жақсы көретінің көріне ме? Жеке зерттеу кезінде қандай мәліметтерді қарастырасың? Ата-анаң қызметке шықпаса да, сен шығасың ба? Сондай-ақ жұмыс парағында дұғаларыңа, жеке зерттеуің мен уағызға қатысты қойғың келген мақсаттарды жазуға арналған арнайы орын бар.

14 Шомылдыру рәсімі жайлы ойланып жүрген көптеген жастарға бұл жұмыс парағы баға жетпес құрал болды. Тильда есімді қыз бауырлас былай деді: “Мен мақсаттар қою үшін осы жұмыс парағын қолдандым. Сол мақсаттарға біртіндеп қол жеткізіп отырдым. Сөйтіп, бір жылдан кейін шомылдыру рәсімінен өтуге дайын болдым”. Патрик есімді жас бауырлас та бұл құралдың пайдасын көрген. “Мен қандай мақсаттарым бар екенін білетінмін. Бірақ қағаз бетіне түсіргенім оларға қол жеткізу үшін мені одан сайын күш салуға талпындырды”,— деді ол.

Ата-анаң Ехобаға қызмет етуді доғарса, сен әрі қарай да қызмет ете бересің бе? (15-абзацты қараңыз)

15. Шомылдыру рәсімінен өту неге сенің жеке шешімің болу керек? Түсіндір.

15 Жұмыс парағында кездесетін сұрақтардың бірі мынадай: Ата-анаң не достарың Ехобаға қызмет етуді доғарса, сен әрі қарай да қызмет ете бересің бе? Өміріңді бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткен кезде, сен Ехобамен жеке қарым-қатынаста боласың. Сондықтан Ехоба үшін не істейтінің ата-анаңа не басқа біреулерге байланысты болмау керек. Сенің қасиетті жүріс-тұрысың мен Құдайға шын берілген адамдарға тән іс-әрекетің шындықты тапқаныңа көз жеткізгеніңді және Құдайдың талаптарына сай өмір сүргің келетінін көрсетеді. Осылай сен көп ұзамай шомылдыру рәсімінен өтуге дайын боласың.

РИЗАШЫЛЫҚ СЕЗІМІҢ

16, 17. а) Адамды мәсіхші болуға не талпындыру керек? ә) Төлемге ризашылық білдіру керектігін қандай мысалмен түсіндіруге болады?

16 Бірде Мұса Заңын жетік білетін бір кісі Исадан: “Мұса Заңындағы ең басты заң қайсысы?”— деп сұрады. Сонда Иса оған: “Ехоба Құдайыңды бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!”— деп жауап берді (Матай 22:35—37). Исаның бұл сөздерінен адамды шомылдыру рәсімінен өтіп, мәсіхші болуға Ехобаға деген сүйіспеншілік талпындыру керектігін көруге болады. Ехобаға деген сүйіспеншілігіңді арттырудың бірден-бір жолы — Құдайдың адамзат үшін берген керемет сыйы, яғни төлем құрбандығы жайлы терең ой жүгірту (Қорынттықтарға 2-хат 5:14, 15; Жоханның 1-хаты 4:9, 19 оқыңыз). Осылай етсең, Құдайдың бұл керемет сыйына ризашылық білдіргің келері сөзсіз.

17 Төлемге ризашылық білдіру керектігін түсіну үшін келесідей мысалды көрейік: Суға батып бара жатқан кезіңде, біреу сені құтқарып қалды делік. Сонда сен жай ғана үйіңе барып, үстіңді құрғатып, әлгі адамның не істегенін ұмытып кетесің бе? Әрине, жоқ! Өзіңді құтқарғаны үшін оған өмір бойы риза болып өтпес пе едің?! Тура сол сияқты, біз де Ехоба мен Исаға төлем құрбандығы үшін шексіз риза болуымыз керек. Біз оларға өміріміз үшін қарыздармыз! Өйткені олар күнә мен өлімге батып бара жатқан бізді құтқарып қалды. Олардың осындай сүйіспеншілігінің арқасында жер бетінде орнайтын жұмақта мәңгі өмір сүруге үмітіміз бар.

18, 19. а) Ехобаға тиесілі болудан неге қорқудың қажеті жоқ? ә) Ехобаға қызмет ету қалайша өміріңді жақсартады?

18 Ехобаның сен үшін не істегеніне ризасың ба? Егер солай болса, бағышталып, шомылдыру рәсімінен өту — сен жасай алатын ең дұрыс қадам. Есіңде болса, бағышталу дегеніміз — Құдайға мәңгілік бойы қызмет етемін деп ант беру. Сен мұндай ант беруге қорқуың керек пе? Жоқ! Ехоба саған дүниедегі ең жақсыны тілейді, әрі ол “өзін шын жүректен іздейтіндерге сый береді” (Еврейлерге 11:6). Құдайға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өткенде, өмірің қиындамайды, керісінше жақсара түседі! Бала кезінде шомылдыру рәсімінен өткен 24 жастағы бір ер бауырлас былай дейді: “Үлкенірек болғанымда, әрине, түсінігім тереңірек болар еді, бірақ өзімді Ехобаға бағыштауды шешкенім мені осы дүниеде мансап қуудан қорғады”.

Шайтан өзін ғана ойлап, сені пайдаланып қалуды көздейді

19 Ехоба сені ойлап, бар жақсыны тілесе, Шайтан өзін ғана ойлап, сені пайдаланып қалуды көздейді. Өзінің соңынан ергендерге оның беретін жақсы ештеңесі де жоқ. Ол өзінде жоқ нәрсені қайдан берсін?! Шайтанда айтатын ізгі хабар да, беретін үміт те жоқ. Оның саған бар берері — қараңғы болашақ, өйткені оның өзін осындай болашақ күтіп тұр! (Аян 20:10).

20. Бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтуге дайын болу үшін жастар не істей алады? (“Рухани алға баса бер” деген қоршауды да қараңыз.)

20 Сонымен, Ехобаға бағышталу өміріңдегі ең керемет шешім болмақ. Осындай шешім қабылдауға дайынсың ба? Дайын болсаң, Құдайға ант беруге қорықпа. Ал әлі дайын емеспін деп ойласаң, осы мақаладағы кеңестерді қолданып, алға баса бер. Пауыл філіпіліктерді: “Неге қол жеткізсек, сол бағыттан ауытқымай өмір сүре берейік”,— деп шақырған (Філіпіліктерге 3:16). Осы кеңеске құлақ түрсең, көп ұзамай Ехобаға өміріңді бағыштап, шомылдыру рәсімінен өтуге дайын боласың.