Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Түзетуді қабылда, сонда дана боларсың”

“Түзетуді қабылда, сонда дана боларсың”

Түзетуді қабылда, сонда дана боларсың(НАҚЫЛ СӨЗДЕР 19:20).

ӘНДЕР: 64, 120

1. Даналыққа қалай ие бола аламыз және мұның қандай пайдасы бар?

ЕХОБА — даналықтың Қайнар көзі. Ол оны өзгелерге жомарттықпен береді. Жақып 1:5-те былай делінген: “Қайсыбіреуіңе даналық жетпей жатса, жомарттықпен әрі еш жазғырмай бере салатын Құдайдан сұрай берсін”. Даналыққа ие болудың бір жолы — Құдайдың түзетуін қабылдау. Бұл бізді теріс қылықтан сақтайды әрі Ехобамен жақын қарым-қатынаста болып қалуымызға септігін тигізеді (Нақыл сөздер 2:10—12). Бұған қоса, мәңгілік өмір сүруге деген керемет үмітіміз болады (Яһуда 21).

2. Құдайдың түзетуін жақсы көруді қалай үйрене аламыз?

2 Кемелсіздігіміздің не көрген тәрбиеміздің әсерінен кейде түзетуді қабылдау немесе бұған оң көзбен қарау қиын болып жатады. Әйтсе де Құдайдың түзетуінің игілігін көргенде, оның бізді қаншалықты сүйетінін ұғамыз. Нақыл сөздер 3:11, 12-де: “Балам, Ехоба жөнге салғанда, бас тартпа... Ехоба кімді жақсы көрсе, соны түзетеді”,— деп жазылған. Ехоба бізге бар жақсыны тілейтініне сенімді болсақ болады (Еврейлерге 12:5—11 оқыңыз). Құдай бізді өте жақсы біледі, сондықтан әрқашан да орынды әрі тиісінше түзетеді. Бұл мақалада біз түзетуге қатысты төрт жайтты қарастырамыз: 1) өз-өзімізді түзету, 2) ата-ананың баланы жөнге салуы, 3) қауымда берілетін түзету, 4) жөнге салудан да ауыр тиетін жайт.

ӨЗ-ӨЗІМІЗДІ ТҮЗЕТУ — ДАНАЛЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ

3. Қалай бала өз-өзін түзетуді үйренеді? Мысал келтіріңіз.

3 Өз-өзімізді түзету жүріс-тұрысымыз бен ой-санамызды қадағалауды білдіреді. Өз-өзімізді түзете білу қасиеті туа бітпейді, алайда оған үйренуіміз керек. Мысалы, кішкентай бала велосипед айдауды үйреніп жатқанда, әкесі не анасы велосипедті құламайтындай етіп ұстап жүреді. Уақыт өте келе баласы тепе-теңдік сақтауды үйренгенде, ата-анасы оны арасында бірер сәтке жіберіп тұрады. Ал баласы өзі айдай алатынына көз жеткізген соң, оны біржола жібереді. Сол сияқты, ата-аналар балаларын шыдамдылықпен “Ехоба айтқандай тәрбиелеп, оның ақыл-кеңесін беріп” өсірсе, оларды өз-өзін түзете білуге және даналыққа баулиды (Ефестіктерге 6:4).

4, 5. а) Неге өз-өзімізді түзете білу “жаңа болмыстың” маңызды қыры? ә) Қателік жасаған күнде де, неге салымыз суға кетпеу керек?

4 Ересек шағында Ехобаны танып-біле бастаған адамдармен де солай. Олар қандай бір шамада өз-өздерін тәрбиелеген болса да, әлі толысқан мәсіхші емес. Бірақ “жаңа болмысқа” ие бола бастағанда және Мәсіхке ұқсауға тырысқанда, олар толыса түседі (Ефестіктерге 4:23, 24). Өз-өзімізді түзете білгеніміздің арқасында Құдайға “ұнамсыз жүріс-тұрыстан және осы дүниелік құмарлықтардан бас тартуға, сондай-ақ осы заманда есті, әділ әрі оған шын беріліп өмір сүруге үйренеміз” (Титке 2:12).

5 Не дегенмен бәріміз де күнәкармыз (Уағыздаушы 7:20). Егер қателік жасап қойсақ, бұл өз-өзімізді жеткілікті шамада түзетпей жатқанымызды не мүлде түзетпегенімізді білдіре ме? Олай болмауы мүмкін. Нақыл сөздер 24:16-да: “Әділ жан жеті рет құласа да, қайтып тұрар”,— делінген. Бізге “қайтып тұруға” не көмектеседі? Өз күшіміз емес, Құдай рухы (Філіпіліктерге 4:13 оқыңыз). Бұл рухтың жемісіне ұстамдылық қасиеті кіреді. Ол өзін-өзі түзету қасиетіне өте ұқсайды.

6. Құдай Сөзін жақсырақ оқып-зерттеуді қалай үйренсек болады? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

6 Дұға ету, Киелі кітапты зерттеу мен ой жүгірту де өз-өзімізді түзетуді үйренуге көмектеседі. Ал Киелі кітапты оқып-зерттеу сіз үшін қиын болса немесе зерттеу жүргізуді ұнатпайтын болсаңыз ше? Еңсеңіз түспесін. Егер өзіңіз жол берсеңіз, Ехоба өз Сөзіне “құштар болуға” жәрдемдеседі (Петірдің 1-хаты 2:2). Киелі кітапты оқып-зерттеуге уақыт бөлу үшін Ехобадан өз-өзіңізді тәртіпке салуға көмек сұраңыз. Мүмкін басында зерттеуге бірер минут бөле алатын шығарсыз. Бірте-бірте зерттеу жүргізу оңайырақ әрі қызықты бола бастайды. Тыныш жерде отырып, Ехобаның аса құнды ойлары жайлы ой жүгіртуді әлі-ақ жақсы көріп кетесіз (Тімөтеге 1-хат 4:15).

7. Өз-өзімізді түзете білгеніміз рухани мақсаттарға жетуге қалай көмектеседі?

7 Өз-өзімізді түзете білгеніміз Ехобаға деген қызметімізбен байланысты мақсаттарға қол жеткізуге көмектеседі. Мысалы, отбасылы бір ер бауырлас қызметтегі құлшынысы бәсеңдеп бара жатқанын байқап, тұрақты ізашар болуды мақсат етеді. Өз-өзін жөнге салғаны оған қалай көмектесті? Ол журналдарымыздан ізашарлық қызмет жайлы мақалаларды оқып, осы жайында дұға етеді. Осының арқасында Ехобамен қарым-қатынасы нығаяды. Сондай-ақ жағдайы келгенде қосалқы ізашар ретінде қызмет етіп тұрады. Ол ештеңенің өзіне бөгет болуына жол бермей, қойған мақсатынан еш айнымайды. Біраз уақыттан соң ол тұрақты ізашарлық қызметті бастайды.

БАЛАЛАРЫҢЫЗДЫ ЕХОБА АЙТҚАНДАЙ ЖӨНГЕ САЛЫҢЫЗ

Балалар жақсы мен жаманның не екенін біліп туылмайды, сондықтан оларға тәлім-тәрбие беріп, үйрету керек (8-абзацты қараңыз)

8—10. Ата-аналарға балаларын Ехобаның қызметшісі болатындай етіп тәрбиелеуге не көмектеседі? Мысал келтіріңіз.

8 Ехоба ата-анаға баласын өзі “айтқандай тәрбиелеп, өзінің ақыл-кеңесін беріп өсіру” міндетін жүктеген (Ефестіктерге 6:4). Алайда қазіргі дүниеде бұл өте қиын (Тімөтеге 2-хат 3:1—5). Балалар жақсы мен жаманның не екенін біліп туылмайды, әрі ар-ұждандары да машықтанбаған. Бұл үшін оларға тәрбие мен түзету қажет (Римдіктерге 2:14, 15). Киелі кітапты зерттейтін бір ғалым түсіндіргендей, “түзету” не “жөнге салу” деп аударылған грек сөзінің мағынасы “баланы жетілдіруді” немесе баланы жауапкершілігі мол адам етіп өсіруді қамтиды.

9 Егер ата-ана сүйіспеншілікпен түзетсе, бала қорғаныш сезінеді. Олар еркіндіктің де өз шегі бар екенін, сондай-ақ жасаған әрбір әрекетінің салдары болатынын біледі. Сондықтан мәсіхші ата-аналардың бала тәрбиесінде Ехобаның даналығына жүгінгендері өте маңызды. Тұратын жерімізге қарай, баланы тәрбиелеуге қатысты пікірлер әртүрлі болып келеді әрі олар өзгеріп тұрады. Дегенмен Құдайға құлақ асатын ата-аналарға баламды қалай тәрбиелесем екен деп дал болудың не адамдардың пікірлері мен тәжірибелеріне сүйенудің қажеті жоқ.

10 Бұл ретте Нұхтан үйренсек болады. Ехоба оған кеме соғуды айтқанда, ол кемені қалай соғатынын білмеді. Оған Ехобаның көмегіне жүгіну қажет еді. Сөйтіп, Ехоба қалай айтса, ол “дәл солай” істеді (Мұсаның 1-жазбасы 6:22). Нәтижесі қандай болды? Кеменің арқасында Нұх отбасымен бірге аман қалды! Сонымен қатар Нұх жақсы әке болған, өйткені Құдай даналығына сенім артқан. Топан судың алдындағы зұлым заманда бала тәрбиесі қиынға соқса да, Нұх балаларына жақсы тәлім-тәрбие беріп, өзі де оларға үлгі-өнеге болған (Мұсаның 1-жазбасы 6:5).

11. Неге ата-ана баласына тәлім-тәрбие беру үшін бар күшін салу керек?

11 Сіздің де балаларыңыз бар болса, “дәл солай” істеу үшін сізге не қажет? Ехобаға құлақ асу. Балаларыңызды тәрбиелеуде оның көмегіне жүгініңіз. Құдайдың Сөзі мен ұйымында берілетін кеңестерге сай әрекет етіңіз. Сірә, бұл үшін балаларыңыз кейін сізге алғысын жаудырады! Бір ер бауырлас: “Ата-анамның берген тәрбиесіне ризашылығым шексіз. Жүрегіме әсер ету үшін олар қолдарынан келген бар жақсыны аямады”,— деп жазды. Өзі айтқандай, оған Ехобаға жақындай түсуге көмектескен — әке-шешесі. Бірақ ата-анасы қанша тәлім-тәрбие берсе де, баласы бәрібір Ехобаны тастап кетуі мүмкін. Ондайда қолынан келгеннің бәрін жасаған ата-ана ар-ұжданы таза болып, балалары әйтеуір бір күні Ехобаға оралатынына үміт артса болады.

12, 13. а) Балалары қауымнан шығарылған ата-аналар Құдайға мойынсұнатындарын қалай көрсетеді? ә) Бір ата-ананың Ехобаға мойынсұнғаны олардың отбасына қандай пайдасын тигізді?

12 Баласы қауымнан шығарылғанда, кейбір ата-ана үшін мойынсұнушылық таныту қиынның қиыны. Қауымнан шығарылып, үйінен кеткен бір қыздың анасы: “Қызыммен және немереммен уақыт өткізе алуым үшін басылымдардан іліп алар сылтау іздейтінмін”,— деп мойындады. Бірақ күйеуі оған енді қыздары үшін өздерінің жауапты емес екенін және Ехобаға адал болулары керектігін түсінуге мейірімділікпен көмектесті.

13 Бірнеше жылдан соң, қыздары қауымға қайта қабылданды. Анасы былай дейді: “Қазір ол маған күнде-күнде қоңырау шалып не хабарлама жазып тұрады! Құдайға мойынсұнып келгеніміз үшін ол бізді қатты құрметтейді. Қазіргі қарым-қатынасымыз тамаша”. Егер ұлыңыз не қызыңыз қауымнан шығарылған болса, “Ехобаға бар жүрегіңізбен сенім артасыз” ба? Оған “өз ақылыңызға сүйенбейтініңізді” көрсетесіз бе? (Нақыл сөздер 3:5, 6). Есіңізде болсын, Ехобаның жөнге салуы оның зор даналығы мен сүйіспеншілігін дәлелдейді. Ол өз Ұлын күллі адамзат үшін, оның ішінде сіздің балаңыз үшін де, құрбан еткенін еш ұмытпаңыз! Құдай әрбір адамның мәңгілік өмір сүргенін қалайды (Петірдің 2-хаты 3:9 оқыңыз). Ендеше, ата-аналар, мойынсұнғыш болу ауыр тисе де, Ехобаның түзетуі мен басшылығы дұрыс екеніне сенім арта беріңіздер. Құдайдың түзетуіне қарсы шықпай, қайта оны қабылдай білгейсіздер.

ҚАУЫМДА БЕРІЛЕТІН ТҮЗЕТУ

14. Ехобаның “адал басқарушы” арқылы беретін нұсқауының қандай пайдасын көреміз?

14 Ехоба мәсіхшілік қауымды қамқорлауды, қорғауды және тәлім беруді уәде еткен. Ол мұны бірнеше жолмен істейді. Мысалы, ол қауымға қамқорлық ету үшін Ұлын тағайындады. Ал Иса “адал басқарушыны” тағайындап, оған бізге адалдық сақтауға көмектесетін рухани ас-сумен қамтамасыз етуді тапсырды (Лұқа 12:42). Бұл “басқарушы” бізге өте құнды нұсқау береді яки түзетеді. Тыңдаған қандай да бір баяндама не журналдарымыздан оқыған мақала ойыңызды я іс-әрекетіңізді өзгертуге қозғау салғаны есіңізде болар. Соған сай өзгеріс жасаған болсаңыз, қуаныңыз! Себебі Ехобаның сізді жөнге салуына жол беріп жатырсыз (Нақыл сөздер 2:1—5).

15, 16. а) Ақсақалдар атқаратын қызметтің пайдасын көру үшін не істей аламыз? ә) Ақсақалдар өз жұмысын қуана атқару үшін өз тарапымыздан не істесек болады?

15 Сондай-ақ Мәсіх қауымға қамқор болсын деп ақсақалдарды берген. Киелі кітапта олар “сый ретінде берілген адамдар” деп аталған (Ефестіктерге 4:8, 11—13). Ақсақалдар атқаратын қызметтің пайдасын көру үшін не істей аламыз? Біз олардың сенімі мен үлгісіне еліктей аламыз, әрі Киелі кітаптан берген ақыл-кеңестеріне құлақ ассақ болады (Еврейлерге 13:7, 17 оқыңыз). Ақсақалдар бізді жақсы көреді және Құдаймен жақын қарым-қатынаста болғанымызды қалайды. Егер қауымнан қалып жүргенімізді не құлшынысымыздың бәсеңдегенін байқаса, олар бірден көмектесуге тырысады. Мұндайда олар бізді құлақ қойып тыңдайды, сосын сүйіспеншілікпен жігерлендіріп, Киелі кітаптан дана кеңес береді. Олардың көрсеткен көмегін Ехобаның сізді жақсы көретінінің белгісі деп қарастырасыз ба?

16 Ақсақалдарға бізге кеңес беру оңай болмауы мүмкін екенін ұмытпайық. Қалай ойлайсыз, ауыр күнәсін жасыруға тырысқан Дәуіт патшамен сөйлесу керек болғанда, Натан пайғамбар өзін қалай сезінді? (Самуилдің 2-жазбасы 12:1—14). Ал елші Пауыл ше? 12 елшінің бірі болған Петірге яһуди мәсіхшілерді өзге ұлттан шыққан мәсіхшілерден артық көргені үшін кеңес беру оған оңайға соқты ма? Пауылға батылдық керек болғаны шүбәсіз (Ғалаттықтарға 2:11—14). Олай болса, ақсақалдарға сізге кеңес беру оңайырақ болу үшін өз тарапыңыздан не істей аласыз? Кішіпейіл, ризашыл және тыңдауға асық болыңыз. Олардың көмегіне Құдай сүйіспеншілігінің белгісі деп қараңыз. Сонда сіз де пайдасын көресіз, ақсақалдар да өз жұмысын қуана атқарады.

17. Ақсақалдар бір әйел бауырласқа қалай көмектесті?

17 Бір әйел бауырластың айтуынша, бұған дейін басынан өткен жайттардың кесірінен оған Ехобаны жақсы көру қиын болған әрі жаны қатты күйзелген. Ол былай дейді: “Ақсақалдармен сөйлесуім керектігін түсіндім. Олар мені сөгіп не сынап-мінеген жоқ, қайта жігерлендіріп, нығайтты. Әрбір қауым кездесуі біткен соң, істері қанша көп болса да, олардың кем дегенде біреуі келіп, халімді сұрап тұратын. Өткен өмірімнің кесірінен өзімді Құдайдың сүйіспеншілігіне лайықсыз сезіндім. Бірақ Ехоба қауым мен ақсақалдар арқылы маған деген сүйіспеншілігін қайта-қайта дәлелдеп отырды. Ехоба сені ешқашан тастап кетпейінші деп жалбарынамын”.

ЖӨНГЕ САЛУДАН ДА АУЫР ТИЕТІН ЖАҒДАЙ

18, 19. Қандай жағдай жөнге салудан да ауыр тиеді? Мысал келтіріңіз.

18 Жөнге салу ауыр тиетін шығар, бірақ оны қабылдамаудың салдары одан да ауыр тиеді (Еврейлерге 12:11). Біз Қабыл мен Седекия патшаның оқиғасынан сабақ алсақ болады. Құдай Қабылдың інісіне деген жеккөрінішін әрі оны өлтіргісі келетінін көргенде, оған былай деп ескертті: “Неге сонша ашуланып, түрің бұзылды? Егер жақсылыққа бет бұрсаң, менің ықыласыма ие боласың ғой. Ал жақсылыққа бет бұрмасаң, онда біліп қой, босағаңды күнә жағалап жүр, ол сені иемденуді көксейді. Бірақ одан үстем болар ма екенсің?!” (Мұсаның 1-жазбасы 4:6, 7). Қабыл Ехобаның түзетуін қабылдамай, бауырының қанын төкті, сосын бұның ауыр зардабын өмірінің соңына дейін тартты (Мұсаның 1-жазбасы 4:11, 12). Құдайдың тілін алғанда, Қабыл соншалықты азап көрмес еді.

19 Седекия жігерсіз де зұлым патша болған. Оның билігі тұсында Иерусалим мүшкіл күйде еді. Еремия пайғамбар оған жүріс-тұрысын өзгерту керектігін қайта-қайта ескертумен болды. Бірақ ол Ехобаның түзетуін қабылдамай қойды. Содан ол мұның өте қайғылы салдарын көрді (Еремия 52:8—11). Расында да, Ехоба біздің бостан-босқа азап шеккенімізді еш қаламайды! (Ишая 48:17, 18 оқыңыз).

20. Құдайдың түзетуін қабылдайтындармен не болады, ал қабылдамайтындармен ше?

20 Бүгінде мына әлемдегі көп адам Құдайдың түзетуін келеке-мазақ етіп, немқұрайды қарайды. Бірақ жуық арада Құдайдың түзетуін қабылдамайтындардың бәрі мұның ащы зардабын тартады (Нақыл сөздер 1:24—31). Сондықтан “түзетуді қабылдайық, сонда дана боламыз”. Нақыл сөздер 4:13-те айтылғандай, “тәлім-тәрбиені берік ұстап, одан ажырамайық. Оны сақтайық, ол — біздің өміріміз”!