Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Адамның сыртына қарап тон пішпеңіз

Адамның сыртына қарап тон пішпеңіз

“Адамға сырт көрінісіне қарап үкім айтуды қойыңдар, әділ үкім айтыңдар” (ЖОХАН 7:24).

ӘНДЕР: 142, 123

1. Ишая Иса туралы қандай пайғамбарлық айтты және бұл неге біздің жанымызға жай береді?

ИШАЯ Иса жайлы былай деп пайғамбарлық еткен: “Ол тек көргеніне сай төрелік етпейді, Тек естігеніне сай түзетпейді. Қайта, жарлыға әділ үкім шығарады” (Ишая 11:3, 4). Бұл пайғамбарлық біздің жанымызға жай беріп, үміт сыйлайды. Неге олай дейміз? Өйткені біз өмір сүріп жатқан дүние алалаушылыққа толы. Адамдар тек көргеніне сүйеніп, өзгелерге баға беруге бейім. Сол себепті біз адамның сырт көрінісіне қарап үкім шығармайтын кемелді Төрешіге мұқтажбыз.

2. Иса бізге қандай бұйрық берді және осы мақалада не жайлы талқылаймыз?

2 Біз күн сайын өзгелерге қарап, олар туралы белгілі бір ой түйеміз. Бірақ Иса сияқты кемелді емеспіз, сондықтан ой-пікіріміз әрқашан дұрыс бола бермейді. Біз көзбен көрген нәрсенің ықпалына беріліп қалуға бейімбіз. Бірақ Иса былай деп бұйырған: “Адамға сырт көрінісіне қарап үкім айтуды қойыңдар, әділ үкім айтыңдар” (Жохан 7:24). Иса біздің өзіне ұқсап, өзгелердің сырт көрінісіне қарап үкім айтпағанымызды яки сыртынан тон пішпегенімізді қалайды. Бұл мақалада ой-пікірімізге ықпал ететін үш жайтты қарастырамыз: адамның ұлты, тұрмыс деңгейі мен жасы. Осы жайттарды қарастыру барысында Исаға мойынсұнып, өзгелердің сырт көрінісіне қарап тон пішпеуді үйренеміз.

АДАМНЫҢ ҰЛТЫНА ҚАРАП ТОН ПІШПЕЙІК

3, 4. а) Петірдің басқа ұлт адамдарына қатысты көзқарасы неге өзгерді? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.) ә) Ехоба Петірге қандай жаңа шындықты ашты?

3 Елші Петір бала кезінен басқа ұлт адамдарының бәрі таза емес деп есептеп келген. Бірақ бір күні оған Кесарияда тұратын Корнел есімді басқа ұлттан шыққан адамға бару тапсырылды. Сол кезде ол не сезінді деп ойлайсыз? (Елшілердің істері 10:17—29). Десе де кейбір жайттар Петірдің көзқарасын өзгертті. Мысалы, дәл осы жағдайдың алдында ол Құдайдан аян алған еді (Елшілердің істері 10:9—16). Бұл аянда Петір көктен мата іспетті нәрсенің түсіп келе жатқанын көрді, ал матада арам деп есептелген алуан түрлі жануарлар бар еді. Содан кейін: “Петір, орныңнан тұр да, сойып же!”— деген дауысты естіді. Бірақ Петір еш келіспеді. Сонда дауыс: “Құдай тазалағанды енді арам деп айтпа”,— деді. Бұл аяннан кейін Петір дауыстың не айтқысы келгенін бірден ұқпады. Осылай ойланып отырғанда, Корнел жіберген кісілер келеді. Сонда киелі рух Петірге Корнелдің үйіне баруды тапсырады да, Петір әлгі кісілермен бірге жолға шығады.

4 Егер Петір “сырт көрініске қарап үкім айтқанда”, ол ешқашан Корнелдің үйіне бармас еді. Ол кезде яһудилер өзге ұлт адамдарының үйіне аттап баспайтын. Ендеше, Петір неге ол үйге барды? Жаңағы көрген аяны мен киелі рухтың берген басшылығына сүйене отырып, Петір теріс пікірін өзгертті. Корнелдің әңгімесін тыңдап болғаннан кейін ол: “Құдай ешкімді алаламайтынын енді шынымен біліп алдым. Ол өзінен қорқатын және әділ әрекет ететін әрбір адамды, қай ұлттан шықса да, қабыл алады”,— деді (Елшілердің істері 10:34, 35). Бұл жаңа түсінік Петірді қайран қалдырды, әрі болашақта барлық мәсіхшілерге әсер етпек еді. Қалайша?

5. а) Ехоба барлық мәсіхшілердің нені түсінгенін қалайды? ә) Бұл шындықты білгеніміз ешкімді алаламайтынымызды білдіре ме? Түсіндіріңіз.

5 Петір арқылы Ехоба ешкімді бөліп-жармайтын Құдай екенін барлық мәсіхшілерге түсіндірді. Ол адамның нәсілі мен ұлтына, руы мен тіліне қарамайды. Одан қорқатын әрі дұрыс нәрсені істеп жүрген адамдардың бәрі оған ұнамды (Ғалаттықтарға 3:26—28; Аян 7:9, 10). Бәлкім, бұл сізге жаңалық емес шығар. Бірақ алалаушылық тұрып жатқан еліңіздегі адамдардың я үй ішіндегілердің қанына сіңіп кеткен болса ше? Сіз “мен ешкімді алаламаймын” деп ойласаңыз да, алалаушылықтың жұрнағы бойыңызда қалып қоюы мүмкін. Тіпті Құдайдың бет-жүзге қарамайтынын өзгелерге түсіндіргеннен кейін де, Петір әлі де алалаушылықтан толықтай арылмағаны байқалған (Ғалаттықтарға 2:11—14). Ендеше, Исаның бұйрығына сай, өзгелердің “сырт көрінісіне қарап үкім айтуды қою” үшін не істей аламыз?

6. а) Алалаушылықтан толық арылуға не көмектеседі? ә) Бір жауапты бауырластың хатынан не байқалды?

6 Бойымызда алалаушылықтың жұрнағы қалып қоймағанын білу үшін өз-өзімізді тексеруіміз керек. Біздің көзқарасымыз Құдай Сөзінен алған білімімізбен сәйкес пе, жоқ па — соны анықтауымыз керек (Зәбүр 119:105). Сондай-ақ досымызбен сөйлесіп, бойымыздан алалаушылықтың нышанын байқаған-байқамағанын сұрасақ болады. Себебі мұны өзіміз байқамауымыз мүмкін (Ғалаттықтарға 2:11, 14). Рас, алалаушылықтың адам бойына сіңіп кететіні сонша, оны өзіміз де аңғармай қаламыз. Дәл осындай жағдай бір жауапты бауырласпен болған. Ол толық уақытты қызметте жүрген бір ерлі-зайыпты жайлы филиалға есеп жібереді. Бұл отбасының отағасы көпшілік төмен санайтын ұлттың өкілі екен. Сонымен әлгі жауапты бауырлас ол жайлы біраз жақсы сөздер жазып, бірақ соңынан былай деп толықтырады: “Ол [осы ұлттан] шықса да, өте әдепті, өмір салты да үлгілі. Негізі, [бұл ұлттан] шыққандардың көбісі лас, әрі тұрмыс деңгейі өте нашар келеді. Бірақ өзгелер бауырласымызға қарап, [осы] ортадан шыққан адам міндетті түрде сондай өмір кешеді дегенді білдірмейтінін көре алады”. Бұдан біз қандай сабақ аламыз? Ехобаның ұйымында қандай жауапты қызмет атқармайық, бойымызда алалаушылықтың жұрнағы қалуы мүмкін. Сондықтан өз-өзімізді тексеріп, өзге біреудің көмегін қабыл алуымыз қажет. Тағы не істеуге болады?

7. “Жүрегімізді айқара ашудың” қандай жолдары бар?

7 Егер “жүрегімізді айқара ашсақ”, алалаушылықтың орны сүйіспеншілікпен толады (Қорынттықтарға 2-хат 6:11—13). Сіз тек өз ұлтыңыздан, руыңыздан шыққан адамдармен не өз тіліңізде сөйлейтіндермен ғана араласқанды ұнатасыз ба? Солай болса, басқалармен де араласуға тырысыңыз. Әртүрлі ортадан шыққан бауырластарды қызметке шақырыңыз. Я болмаса оларды қонақ қылыңыз (Елшілердің істері 16:14, 15). Уақыт өте жүрегіңіз сүйіспеншілікке толатыны сонша — алалаушылық дегенге орын қалмайды. Бұдан бөлек, адамның “сырт көрінісіне қарап үкім айтуға” итермелейтін тағы бір жайт бар. Соны қарастырайық.

АДАМНЫҢ ТҰРМЫС ДЕҢГЕЙІНЕ ҚАРАП ТОН ПІШПЕЙІК

8. Мұсаның 3-жазбасы 19:15-ке сай, бізде қандай бейімділік бар?

8 Біз адамдарды тұрмыс деңгейіне қарап бөліп-жаруымыз мүмкін. Мұсаның 3-жазбасы 19:15-те былай делінген: “Кедейге алалаушылық танытпаңдар, байға да орынсыз құрмет көрсетпеңдер, бәрін әділ соттаңдар”. Әлдекімнің қалтасының қалың-жұқалығы біздің оған деген көзқарасымызға қалай ықпал етуі мүмкін?

9. Сүлеймен қандай ащы шындықты жазып қалдырған және онда біз үшін қандай ескерту бар?

9 Сүлеймен рухтың жетелеуімен мына бір ащы шындықты жазып қалдырған: “Кедейді тіпті жақын адамы жек көрер, Ал байдың достары көп болар” (Нақыл сөздер 14:20). Бұл нақыл сөзде қандай ескерту бар? Абай болмасақ, бақуатты бауырластармен достасқымыз келіп, қарапайым тұратын бауырластардан қашқақтай бастауымыз мүмкін. Адамдарды дүние-мүлкіне қарап бөліп-жару неге қауіпті?

10. Жақып мәсіхшілерге қандай ескерту айтқан?

10 Егер бауырластарды дүние-мүлкіне қарап бөліп-жаратын болсақ, қауымның жік-жікке бөлінуіне себепші болуымыз мүмкін. Осындай жағдай бірінші ғасырдағы кейбір қауымдарда болған, сондықтан Жақып оларды ескерткен (Жақып 2:1—4 оқыңыз). Біз де қауымдағы бауырластардың жікке бөлінуіне жол бермеуіміз керек. Олай болса, адамдардың тұрмыс деңгейіне қарап тон пішуден қалай аулақ бола аламыз?

Бойымызда алалаушылықтың бар-жоғын анықтау үшін, өзге біреудің көмегін кішіпейілділікпен қабыл алуымыз қажет

11. Адамның Ехобамен қарым-қатынасы дүние-мүлкіне байланысты ма? Түсіндіріңіз.

11 Біз бауырластарға Ехобаның көзімен қарауымыз керек. Ехоба адамды байлығына не кедейлігіне қарап бағаламайды. Біздің Ехобамен қарым-қатынасымыз қалтамыздың қалыңдығына я дүние-мүлкімізге байланысты емес. Рас, Иса “бай адамның Көк Патшалығына кіруі қиын болатынын” айтқан, бірақ ол мұны мүмкін емес деген жоқ (Матай 19:23). Исаның тағы: “Жарлылар, сендер бақыттысыңдар, өйткені Құдай Патшалығы сендерге тиесілі”,— дегені де бар (Лұқа 6:20). Бірақ бұл сөздері кедей-кепшіктердің барлығы Исаны тыңдап, ерекше батаға кенелетінін білдірмеді. Өйткені Исаның соңынан ермеген кедей адамдар көп болған. Сонымен, көріп отырғанымыздай, адамның дүние-мүлкіне қарап, оны Құдайға жақын не алыс деп айта алмаймыз.

12. Киелі кітапта байларға да, кедейлерге де қандай кеңес берілген?

12 Ехобаның халқының арасында бай бауырластар да, қарапайым тұратын бауырластар да бар. Бірақ олардың бәрі Ехобаны жақсы көреді, оған бар жүрегімен қызмет етеді. Киелі кітап бай адамдарды “үміттерін тұрақсыз байлыққа емес”, Құдайға артуға талпындырады (Тімөтеге 1-хат 6:17—19 оқыңыз). Сондай-ақ онда Ехобаның барлық қызметшілеріне — байына да, кедейіне де — ақшақұмарлықтың қауіпті екені ескертілген (Тімөтеге 1-хат 6:9, 10). Бауырластарымызға Ехобаның көзімен қарайтын болсақ, оларды дүние-мүлкінің бар-жоқтығына қарап алаламаймыз. Ал адамның жасы туралы не деуге болады? Жасқа қарап тон пішу дұрыс па?

АДАМНЫҢ ЖАСЫНА ҚАРАП ТОН ПІШПЕЙІК

13. Қарт адамдарды сыйлауға қатысты Киелі кітапта не делінген?

13 Қарт кісілерді құрметтеуіміз керектігі Киелі кітаптың біраз жерінде айтылған. Мысалы, Мұсаның 3-жазбасы 19:32-де: “Ақ шашты қарияның алдында түрегеліңдер, қарт кісіге құрмет көрсетіңдер. Құдайдан қорқыңдар”,— делінген. Ал Нақыл сөздер 16:31-де: “Ақ шаш — әсем тәж, Әділ жолмен жүрген соған қол жеткізер”,— деген сөздер бар. Сондай-ақ Елші Пауыл Тімөтеге: “Үлкен кісіге қатты сөйлеме, қайта, өз әкеңдей көр”,— деген (Тімөтеге 1-хат 5:1, 2). Тімөте үлкен жастағы бауырластарға басшылық беруге құзырлы болса да, оларға әрдайым жанашырлық пен құрмет таныту керек болған.

14. Жасы үлкен адамды қай кезде түзету керек болады?

14 Ал егер үлкен жастағы кісі біліп тұрып күнә жасаса немесе Ехобаға ұнамсыз нәрсені насихаттап жүрсе ше? Ехоба біле тұра күнә жасаған адамның жасы үлкен не сыйлы екен деп күнәсіна көз жұма салмайды. Ишая 65:20-да жазылған принципке көңіл бөлейікші. Онда: “Күнәкарды, тіпті жүзге келсе де, қарғыс атады”,— делінген. Езекиел алған аяннан да осы сияқты принципті байқауға болады (Езекиел 9:5—7). Демек, Ежелден бар Тәңір Ие Ехобаны құрметтеу бәрінен де маңызды (Даниял 7:9, 10, 13, 14). Ехобаны құрметтегеніміз бізге батылдық береді. Сонда біз шалыс қадам басқан адамды, жасы үлкен болса да, түзете аламыз (Ғалаттықтарға 6:1).

Жасы кіші ер бауырластарға құрмет танытасыз ба? (15-абзацты қараңыз)

15. Жас ер бауырластарды құрметтеуге қатысты елші Пауылдан не үйренеміз?

15 Ал жас ер бауырластар жөнінде не деуге болады? Оларды жассынып, құрметтемеу дұрыс па? Жоқ. Пауыл Тімөтеге: “Ешкімнің өзіңді жассынып, менсінбей жүруіне жол берме. Қайта, адал болып жүргендерге сөзіңмен, жүріс-тұрысыңмен, сүйіспеншілігіңмен, сеніміңмен және пәк тазалығыңмен үлгі көрсет”,— деген (Тімөтеге 1-хат 4:12). Пауыл бұл сөздерді жазғанда, Тімөтенің жасы отыздарда болса керек. Соған қарамастан, Пауыл оған өте маңызды жауапкершіліктер тапсырған. Бұдан қандай ой түйеміз? Жас ер бауырластарды жастығына қарап менсінбеу дұрыс емес. Өзіңіз ойлап көріңізші, Иса 33 жасқа келгенге дейін қаншама іс атқарды?!

16, 17. а) Ақсақалдар ер бауырластың қызмет көмекшісі немесе ақсақал болуға лайық я лайық емес екенін қалай анықтайды? ә) Жергілікті әдет-ғұрыптар мен жеке пікіріміз қалай Киелі жазбаларға қайшы келуі мүмкін?

16 Кейбір халықтардың мәдениетінде жас жігіттерге құрметпен қарамайды. Соның әсерінен кейбір ақсақалдар қауымдағы жас ер бауырлас қызмет көмекшісіне немесе ақсақалға қойылатын талаптарға сай келсе де, оны сол қызметке ұсынбауы мүмкін. Бірақ ер бауырлас қызмет көмекшісі не ақсақал болып тағайындалу үшін белгілі бір жаста болу керек деп Киелі кітаптың еш жерінде айтылмаған (Тімөтеге 1-хат 3:1—10, 12, 13; Титке 1:5—9). Егер ақсақал өз мәдениетінің ықпалымен осыған қатысты ереже орнататын болса, оның бұл әрекеті Құдай Сөзіне сай емес. Ақсақалдар жас ер бауырласқа қатысты шешім қабылдағанда, өз пікіріне я сол жердің салтына емес, Құдай Сөзіндегі талаптарға жүгіну керек (Тімөтеге 2-хат 3:16, 17).

17 Егер ақсақалдар қызмет көмекшісін я ақсақалды тағайындауға қатысты Киелі кітаптағы талаптарды елемесе, олар тағайындалуға лайық болып тұрған бауырласты ұсынуға асықпауы мүмкін. Бір елде болған жағдайды алайық. Бір қызмет көмекшісі қауымдағы өз міндеттерін жақсы атқарып жүреді. Ақсақалдар оның Жазбалардағы талаптарға сай келетінімен келіседі. Бірақ бәрібір ақсақал ретінде тағайындауға ұсынбайды. Өйткені кейбір жасы үлкен ақсақалдар ол тым жас көрінеді деген ойда болады. Өкінішке қарай, бұл бауырлас түріне бола ақсақал болып тағайындалмайды. Бұндай көзқарас дүниежүзіндегі көптеген елдерде кездесетін сияқты. Біз өз пікірімізге я жергілікті әдет-ғұрыпқа емес, Киелі кітапқа жүгінуге тиіспіз. Сонда біз Исаға мойынсұнып, өзгелердің сыртына қарап тон пішпейтін боламыз.

“ӘДІЛ ҮКІМ АЙТЫҢДАР”

18, 19. Бауырластарға Ехобаның көзімен қарауға не көмектеседі?

18 Біз кемелсіз болсақ та, Ехобаға еліктеп, адамды алаламауды үйрене аламыз (Елшілердің істері 10:34, 35). Сол үшін біз әрдайым Құдай Сөзіндегі ескертулерге ден қойғанымыз жөн. Ондағы кеңестерді қолдану арқылы Исаның “сырт көрініске қарап үкім айтуды қойыңдар” деген бұйрығын орындаймыз (Жохан 7:24).

19 Жуырда Патшамыз Иса Мәсіх бүкіл адамзатқа үкім айтатын болады. Сонда ол өзінің үкімін көргеніне я естігеніне емес, Құдайдың әділ талаптарына негіздейді (Ишая 11:3, 4). Біз сол тамаша кезеңді көруге асықпыз!