Сіз білгенсіз бе?
Иса неге ант беруді айыптаған?
МҰСА ЗАҢЫ бойынша, адамдар “мен саған Ехобаның атымен ант етемін” деген сияқты сөздер айтып серт бере алатын. Бірақ Исаның заманына қарай ант беру кәдімгі құбылыс болып кеткені сонша — исраилдіктер әрбір сөзін дерлік антпен бекіте берген. Олар өз сөзіне сендіру үшін солай ететін. Алайда Иса мәні жоқ бұл әдетті екі рет айыптаған. Ол былай деп тәлім қалдырды: “Сендердің “иә” дегендерің “иә”, ал “жоқ” дегендерің “жоқ” болсын” (Матай 5:33—37; 23:16—22).
Бір анықтамада айтылғандай, Талмудқа қарап, біз исраилдіктердің арасында ант беру қатты белең алып кеткенін көреміз (“Theological Dictionary of the New Testament”). Өйткені Талмудта қандай анттарды орындау керек болғаны, ал қандай анттарды бұзуға рұқсат етілгені бүге-шігесіне дейін түсіндіріледі.
Бұл бұрыс әдетті айыптаған тек Иса емес еді. Мысалы, еврей тарихшысы Иосиф Флавий ант бермейтін бір яһудилік секта жайлы жазған. Бұл сектаның мүшелері ант беру өтірік айтудан да сорақы іс деп сенген. Өйткені олар егер әлдекім өзгелерді сөзіне сендіру үшін ант беруге мәжбүр болса, оның суайт болғаны деп қарастырған. Осы тектес көзқарас Серах ұлы Ешуаның нақыл сөздері атты апокрифтік бір кітапта (23:11) да жазылған: “Ант беруге құмар адамның тұла бойы заңсыз”. Иса болмашы мәселелерде ант беруді айыптаған. Егер әрдайым шындықты айтар болсақ, сөзімізге сендіру үшін ант етудің еш қажеті болмайды.